Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих |
[ Скачать с сервера (328.5 Kb) ] | 30.07.2014, 00:05 |
КІРІСПЕ Қайып хан және әулиетінің өмірбаяны Тақырыптың өзектілігі. Республиканың тәуелсіздік тізгінін өз қолына алып, егемен ел болуы төл тарихымызды жаңаша зерделеуге мүмкіндік берді. Осыған орай бүгінде еліміздің тарихында өзіндік терең із қалдырған тарихи тұлғаларға ұлттық мүдде тұрғысынан лайықты баға беру жолында көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашыла түсуде. Себебі кез келген өркениетті елде тарих ғылымы сол елдің, халықтың жүріп өткен жолын, әсіресе күрделі тарихи кезеңдер мен сол кезеңдерде өзінің қоғамдық қызметімен тарихта терең із қалдырған жеке тарихи тұлғалардың өмір жолын зерттеу арқылы өзінің гуманистік міндетін орындап отырған. Оның үстіне әр кезеңде тарихи тағдырлары үздіксіз бұрмаланып келген жеке тұлғалар туралы тарихи шындықты қалпына келтіру бүгінгі ұлттық тарихымыздың қалпына келуі үшін де аса қажет. Өйткені тарихи тұлғаларға ұлттық көзқарас ұстану жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді қалыптастыратыны белгілі. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ қоғамындағы тарихи тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметін бағалау белгілі дәрежеде патшалы Ресей, Кеңестік заманда да қолға алынып, тарихи зерттеу еңбектерінде көрініс тапты. Бірақ қай заманда да үстем еткен билік тарихи тұлғаларды өз ыңғайына қарай зерттеуді ұйымдастырып отырды. Патшалы Ресей үшін, қазақ елінің хан, сұлтандары, би-батырлары орыс үкіметі жақтастары мен екінші топ «қарақшы», «барымташы», «жабайы» атауларымен анықталды. Бұл дәстүр кейін кеңестік тарихнамада да жалғасын тапты. Соның ішінде хан, сұлтандардың қоғамдық-саяси қызметтері, көзқарастары ашық бұрмалаушылыққа ұшырады. Кенесары тарихын зерттеген көрнекті тарихшы Е.Бекмаханов қудалауға ұшырады. Осыдан соң қазақ хандары мен сұлтандарының қызметтеріне оң баға берілмей, олардың тарихын толыққанды танып білу мүмкін болмады. Ал бүгінде тәуелсіз елдің алға қарыштап дамуы тарихи шындықты мейлінше тереңдетіп зерттеуді, халқымыздың өзіндік жолы бар тарихын жаңа табылған деректерге сүйеніп зерттеуді талап етеді. Міне, осындай зерттеуді қажет ететін мәселелердің бірі – кезінде қазақ қоғамында билеуші топ болып есептелген Шыңғыс хан тұқымынан шыққан тарихи әулеттердің тарихы. Қазақ тарихындағы Шыңғыс хан әулеті туралы «Қазақ мемлекетінің іргетасын төре тұқымының өкілдері қалады. Қазақ қоғамында жоғары мәртебе иесі сұлтандар, яғни Шыңғыс ханның еркек кіндікті ұрпақтары – шыңғысзадалар болды. Олар қазақ қоғамындағы ең бір ықпалды күшке айналды. Шыңғыс тұқымының балалары туғаннан-ақ сұлтан атағын иемденіп, осынау әлеуметтік топтың тұқым қуалайтын мүшесі ретінде құқыққа ие болды. Әрбір шыңғысзада Шыңғыс хан ұрпақтарының қай әулетіне жататынына қарамастан хан тағына таласқа түсуге хақылы болды. Сондықтан да, қазақ шыңғысзадалары біресе қарақалпақтар мен қырғыздардың падишахы, біресе Хиуа мен Бұқар ханы міндетін атқарды» деп пікір білдірген Елбасы Н.Ә.Назарбаев әрі қарай «Біздің сан ғасырлық тарихымыздағы биліктің дәстүрлі институттарына баға бергенде, біз селдіреген ағаштың арғы жағындағы қара орманды да көре білуіміз керек. Бүгінде дүние жүзінің ең ірі мемлекетінің қатарына кіріп отырған Қазақстан- ның ұлан-байтақ жер көлемін сақтап қалуы қатардағы қолбасы батырлардың ерлігі арқасында ғана мүмкін болған нәрсе емес. Бұл қазақ хандары мен сұлтандарының даналығы мен көрегендігінің де жемісі болатын. Сонау алыс-жақын ғасырлардың өн бойында дала билеушілері аса қуатты империялардың қысымына және ішкі алауыздықтың дүмпуіне төтеп бере жүріп, ең басты байлығымызды – ұлттық тұтастық пен ұлттық жер аумағын сақтап қала алды. Тарихтағы өз рөлдерін түйсіне білген олар ұлттық мүдде үшін өлшеусіз қызмет етіп, пайдалы іс тындырып кетті» [1, 209-210, 227-228 бб.], - деу арқылы қазақ хандары мен сұлтандарының Отандық тарихтағы орнына жоғары баға берді. Қазақ тарихындағы тарихи әулеттерді зерттеу қажеттігін алға тартып, оны Қазақстан тарихнамасының өзекті мәселелері қатарына жатқызып, алдағы уақытта бұл мәселелерді жүйелі түрде таразылап, шешу керектігіне тоқталған академик М.Қ.Қозыбаевтың: «Қазақ элитасының тарихы – тарихи шежірелік деңгейде жеке жанр болып қалыптаспай келеді. Қазақстанда бар тарихи әулеттер Уәлихановтар, Шормановтар, Бөкейхановтар, Кенесариндер шежіреленбей зерттеледі. Олардың әлеуметтік салттары, дәстүрлері қазақ халқының дамуына қосқан үлестері тереңнен зерттелсе, XVIII-XIX ғасырларда белгілі бір региондарда болған тарихи оқиғаларды толықтыра түсер еді» [2, 286 б.], - деуі тарихи әулеттерді зерттеудің бүгінгі күн үшін аса маңызды екендігін айғақтай түседі. Сонымен біз зерттеп отырған Қазақстанның батыс өңіріндегі Батырұлы Қайып хан мен оның әулеті де жоғарыдағыдай тарихи әулеттердің қатарынан орын алады. Оның үстіне Қайып хан мен оның әулетінің тарихы XVIII-XIX ғасыр-лардағы Батыс Қазақстан өңірінің тарихымен тығыз байланысты болып табылады. Ол кезең орыс империясының Қазақстанды отарлап, оны күштеп бағындыруға жанталасып, мемлекеттік басқару жүйесін жойып, қазақ игілерін жік-жікке бөліп, бір-біріне айдап салып, неше түрлі қулық сұмдықты жүзеге асырған заман болатын. Мұның өзі тақырыптың өзектілігін арттыра түседі. Батыр хан тұсынан бастап бұл әулетке сенімсіздікпен қараған орыс үкіметі хандыққа бекітпегенімен Сыр бойы халқының ақ киізге көтеріп хан сайлауы олардың халық қолдауына ие болғандығын дәлелдей түседі. Кезінде Хиуаны билеп, одан соң Кіші жүз руларын басқарған, Сырым көтерілісі тұсында халық қолдауына ие болған Қайып хан, кейін Сырымды қолдаған Қайып хан ұлдары Әбілғазы хан, Бұрқан, Шерғазы сұлтандар, ХІХ ғасырда тарих сахнасына көтеріліп, қазақ елін біріктіруге ұмтылған Арынғазы хан, Хиуа хандығы бағытын ұстана отырып орыс отаршылдығына қарсы күрескен Жанғазы, Бөрі сұлтандар және Кіші жүзде хандық билік жойылуынан кейін енгізілген орыстық басқару жүйесіне тартылған Қайып хан ұрпақтары қазақ тарихындағы тарихи тұлғалар қатарынан сөзсіз орын алады. Оған олардың Ресей, Парсы, Қытай мемлекеттерімен және Хиуа, Бұхара хандықтарымен түрлі деңгейдегі байланыстарын қоссақ, тарихи әулеттің қадір-қасиеті, ел үшін сіңірген еңбегі, тарихтағы орны айқындала түседі. Сонымен бірге Батырұлы Қайып ханның қоғамдық-саяси қызметінің бүгінге дейін арнайы зерттелмеуі мен Қайып хан әулетінің тарихын Кіші жүз тарихымен сабақтастыра саралау тақырыптың өзектілігін одан әрі күшейте түсері анық. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихы өздері өмір сүрген кезден-ақ қағаз бетіне түсіп, мұрағат құжаттарында жинақтала бастаған. Өйткені кез келген тұлғаның тарихы өзі өмір сүріп отырған кезеңмен тікелей байланысты болуына орай, Қайып хан әулетінің зерттелу тарихы XVIII-ХІХ ғасырлардан бастау алады. Алдымен сол дәуірдегі орыс зерттеушілері еңбектерінің маңыздылығын атап өтпекпіз. Батыр, Қайып хандар туралы алғашқы мәліметтерді П.И.Рычков, Н.П.Рычков, И.П.Фальк, И.Г.Андреев еңбектерінен [3] кездестіреміз. П.И.Рычков «Орынбор губерниясының топографиясында» «Мұнда (Кіші жүзде – Ж.И.) олардан басқа сұлтандар бар, ал олардың арасында ерекше әйгілісі Батыр сұлтан, оның ұлы Қайып Хиуада бірнеше жылдан бері хан болып келеді», «қазіргі Хиуалық Қайып хан қазақ билеушілерінен, ол мұрагерлік жолмен емес, Хиуалықтардың қабылдауымен хандық құруда» десе, келесі «История Оренбургская» еңбегінде «Хиуалық Қайып ханның әкесі Батыр сұлтан Кіші жүзде айрықша ұлысқа ие» деу арқылы оның ордадағы ықпалын мойындап және Батыр, Қайып хандардың Кіші жүздегі Әбілқайыр, Нұралы хандармен арадағы өзара байланысына тоқталады. Сонымен бірге Батыр, Қайып хандардың 1750 жылы Орынборға елшілік жібергенін баяндайды. 1771 жылы қалмақ көшу кезінде қазақ даласына келген капитан Н.П.Рычковтың күнделік жазбаларында қалмаққа қарсы күреске Қайып ханның өз әскерлерімен қатысқандығы және кезінде Қайыпты Нәдір шахқа елші қылып жіберген Кіші жүз ханы Әбілқайыр екендігі көрсетілген. Капитан пікірінше, Кіші жүздің кейбір руларын басқарған Қайып хан Нұралы ханнан тәуелсіз болған. 1768-1774 жылдары академиялық экспедиция құрамында болған швед дәрігері И.П.Фальк өз еңбегінде Хиуаны билеген қазақ сұлтандарын «қырғыз ханзадалары» дей отырып, «Нұралы ханнан кейін Хиуаны қазақ сұлтаны Батырдың ұлы Қайып хан басқарды» деп пайымдайды. 1785 жылы Орта жүзге қатысты мәліметтер жинаған капитан И.Г.Андреев «Алшын болысында айрықша хан Қайып бар. Ол Нұралы, Уәли хандармен тең және олардың ешқандай билігінде емес» деп сипаттады. Сонымен Қайып ханның көзі тірісінде мәлімет қалдырған Н.П.Рычков, И.Г.Андреев жазбалары Қайып хан беделінің Кіші жүз ханы Нұралымен және Орта жүз ханы Уәлимен тең дәрежеде болып, олардан тәуелсіз билік құрғанын дәлелдейді. Мұның өзі Қайып ханның Кіші жүз тарихындағы орнын нақты айқындай түсуге көмектесері сөзсіз. ХІХ ғасырда Ресей үкіметі Қазақстан тарихын зерттеуді мемлекеттік тұрғыдан қолға алды. Алдымен отарланушы объект ретінде Қазақстан жан-жақты анықталып, содан соң үкімет саясаттарын батыл жүргізу мақсатында арнайы зерттеу тапсырмалары берілді. Осы бағытта А.И.Левшиннің [4] іргелі еңбегі жарық көрді. Онда Батыр, Қайып, Әбілғазы хандардың қызметтері сөз етіледі. Батыр, Қайып хандардың Әбілқайыр, Нұралы хандармен арадағы өзара байланысына тоқталған зерттеуші «Батыр өз әкесінің Әбілқайырға деген жек көрушілігін жалғастырып, оның билігін ешқашан мойындаған жоқ және Ресеймен ұзақ уақыт ешқандай байланыс жасамады» деген біржақты көзқарас түйеді. Сырым батыр көтерілісі кезінде Қайыптың Кіші жүзге хан болуға екі рет ұсынылғанын көрсете отырып, патша үкіметінің Қайыпты хандыққа бекітпеу себептеріне талдау жасады. А.И.Левшин Батыр, Қайып, Әбілғазы хандардың орыс үкіметі бекіткен хандар тізіміне жатпайтындығына айрықша көңіл бөледі. XVIII ғасыр мен XIX ғасыр басындағы Кіші жүздегі саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдай жөнінде пікір білдірген зерттеуші еңбегінен орыс үкіметінің саясатын байқауға болады. ХІХ ғасырда Ресейдің Орта Азиялық Хиуа, Бұхара хандықтарын зерттеудің нәтижесінде дүниеге келген Н.Н.Муравьев, Е.К.Мейендорф, Г.И.Данилевский, В.Я.Ханыков [5] еңбектерінде Қайып хан мен оның ұрпақтарының тарихына қатысты ой-пікірлер кездеседі. 1819 жылы қарашада келіссөздер үшін Хиуада болған капитан Н.Н.Муравьев Шерғазы хан (Қайып хан ұлы – Ж.И.) басқарған қазақтардың жыл сайын Хиуа ханы Мұхаммед Рахимға алым-салық төлейтінін және сол тұста Шерғазының Хиуада қайтыс болғанын, содан соң Хиуа ханы Шерғазы орнына, оның ұлдарының бірін мұрагерлікке тағайындағанын жазады. 1820 жылғы Бұхара сапары негізінде жарық көрген монографиясында капитан Е.К.Мейендорф Нәдір шах замандасы Бұхар ханы Әбілпейіздің қызы Хиуа ханы Қайыпқа тұрмысқа шыққанын, Қайыптың қазақ тегінен екендігін баяндады. Бірақта орыс елшісі Хиуа ханы Мұхаммед Рахимды (1806-1825 жж.) Қайып ұрпақтарының бірі деген қате қорытындыға келген. Қайып хан немересі Арынғазы хан ауылында болып, онымен жеке танысқан Е.К.Мейендорф алғаш рет Арынғазының тарихи бейнесін жасап, оның қазақтар арасындағы қадір-қасиетінің, беделінің ерекше жоғарылығын көрсетті. XIХ ғасырдың 50-70 жылдары В.В.Вельяминов-Зернов, В.В.Григорьев, Л.Мейер, И.Казанцев, Л.Костенко, Н.Веселовский [6] еңбектері жарық көрді. 1748-1765 жылдардағы қазақ еліндегі саяси ахуал мен Ресейдің Орта Азиямен байланысына арнаған еңбегінде В.В.Вельяминов-Зернов Қайып ханның Хиуа хандығындағы қызметіне қатысты материалдарды жариялады. Автор Орынбор мұрағат деректері негізінде Кіші жүзде Әбілқайыр хан өлімінен кейін 1748 жылы 15 қазанда Батыр сұлтанның хан сайланғанын, Батыр, Қайып хандар мен Нұралы хан арасындағы және Қайыптың Хиуада хан болған кезіндегі орыс-хиуа, қазақ-хиуа арасындағы қарым-қатынастар тарихын баяндады. Бас штаб офицері Л.Мейер еңбегі Қайып хан әулеті тарихының біз зерттеп отырған кезеңін толық саралауымен ерекшеленеді. Оның зерттеуінен орыс үкіметінің Кіші жүздегі саясатына, Қайып хан ұрпақтарына қатысты мол деректер кездестіреміз. Л.Мейер еңбегінің ерекшелігі сол – ол алғаш рет Қазақстанның батыс өңірінің қоғамдық-саяси өмірінде өз іздерін қалдырған көптеген Қайып хан ұрпақтарының ХІХ ғасырдың 60-жылдарына дейінгі кезеңдегі қызметтеріне қатысты тарихын жарыққа шығарды. Еңбектен Қайып ұрпақтарының бір бөлігінің Кіші жүздегі орыс үкіметі саясатын қолдаса, екіншілерінің Орта Азия хандықтары бағытын ұстанғандығын байқаймыз. Алайда автор көзқарасының сол кездегі орыс үкіметі ұстанымынан алшақ кетпегендігі аңғарылады. «Шерғазы Қайыпұлының бабалары әрқашан Хиуа және Бұхара иеліктеріне жақын жерде тұрақтады, ал оның әкесі тіпті біраз уақыт Хиуаны басқарды» деп пайымдаған И.Казанцев Шерғазыны 1822 жылы өлген деп қате қорытынды жасады. Сонымен бірге автор Арынғазы Әбілғазыұлы, Жұма Құдаймендіұлы, Жантөре Жиһангерұлы, Ахмет Жантөреұлы туралы өз ой-пікірлерін білдіреді. Бас штаб капитаны Л.Костенко өз еңбегінде «1770 жылы Хиуа хандығына тағы бір орыс боданы, қазақ ханы Қайып шақырылды» деп жазады. Біздіңше автор Қайыпты баласы Жиһангер сұлтанмен шатастырған. Себебі, біріншіден, Қайып Хиуаны 1747-1758 жылдар аралығында басқарса, екіншіден, 1770 жылы Хиуада Қайыптың ұлы Жиһангер хан болды. Шығыстанушы Н.Веселовскийдің Хиуа хандығын басқарған хандарға арнаған еңбегінен Қайып хан мен оның әулетінің тарихына қатысты мәліметтерді кездестіреміз. Қайып хан мен оның ұрпақтарының қызметін саралауда автор өзіне дейінгі зерттеушілердің көзқарастарын қайталаумен шектеледі. Сонымен қатар еңбекте Қайып хан тарихына қатысты кейбір жаңсақ пікірлерде орын алғандығын баса көрсетеміз. Қайып хан мен оның әулетінің тарихы ХІХ ғасырдың 90 жылдары А.И.Макшеев, Ф.И.Лобысевич, В.Н.Витевский, И.И.Крафт [7] зерттеулерімен толықты. А.И.Макшеев Батыр, Қайып және оның ұрпақтары туралы өз пікірін білдірді. Ол Айшуақ хан тұсында Әбілқайыр ұрпақтарына бағынудан бас тартқан қазақтар Сырдың төменгі бойына кетіп сұлтан Әбілғазы Қайыпұлын өздерінің ханы ретінде мойындады десе, оның ұлы Арынғазыны «әділ және адал адам» ретінде бағалайды. Сонымен бірге еңбекте Хиуа хандығы бағытын ұстанған Қайып хан немерелері Жанғазы Шерғазыұлы мен Бөрі Тәукеұлының орыс үкіметіне қарсы күрескені туралы мағлұматтар кездеседі. Ф.И.Лобысевич Қайыпты ықпалды қазақ сұлтандарының бірі Батырдың ұлы деп анықтап, оның Нәдір шах өлімінен кейін Хиуада хан болғанына тоқталды. Ал «Киргизская степь Оренбургского ведомоства» еңбегінде 1812 жылы хан болған Әбілқайыр ұрпағы Шерғазы сұлтанды қазақтар жек көрді және ол көп ұзамай Арынғазы сұлтанмен ауыстырылды деп қорытты. Орынбор өлкесінің 1742-1758 жылдардағы басшысы И.И.Неплюевке арнаған монографиясында В.Н.Витевский Әбілқайыр өлімінен кейін Шекті, Шөмекей, Төртқара, Қарасақал руларының Батыр сұлтанды ақ киізге көтеріп хан сайлағанын, Хиуада хан болған ұлы Қайыптың беделіне сүйене отырып Батырдың И.И.Неплюевпен байланысқа шыққанын жазады. Оның пікірінше, И.И.Неплюев ордада Батыр ықпалының бірінші болуын қаламаған, өйткені Нұралы оның қалауы бойынша хан сайланған. Батыр ханды Нұралының «ең зұлым да қауіпті жауы» ретінде бір жақты сипаттаған автор Қайып хан тұсындағы орыс-хиуа, қазақ-хиуа қатынастарына назар аударады. И.И.Крафт Қазақстанға қатысты патша үкіметінің жарлықтары, заңдары мен қазақ хан-сұлтандарына жазылған хаттары негізіндегі жинақты жарыққа шығарды. Жинақта патша үкіметінің Батырды хан ретінде бекітпеу мен Қайып хан тұсындағы Хиуа хандығына қатысты саясатын анықтайтын бірнеше жарлықтары бар. Жоғарыдағы пікірлерді ХХ ғасырдың басында А.И.Добросмыслов, И.С.Иванов, М.А.Терентьев, С.В.Жуковскийлар [8] дамыта түсті. А.И.Добросмыслов еңбегі көлемі жағынан алдындағы зерттеушілерге қарағанда қомақты болғанымен, бұрынғы қорытындылардан аса алмай Батыр, Қайып хандарға қатысты өзіне дейінгі орыс зерттеушілерінің көзқарастарын қайталады. Оның пайымдауынша Қайыптың Хиуада хан болған кезіндегі Ресейге қатысты жағымсыз әрекеттерімен танысқаннан кейін ІІ Екатерина оны Нұралыдан гөрі сенімсіздеу деп есептеуіне байланысты хандыққа бекітпеген. Еңбекте Қайып хан ұрпақтары туралы мәліметтер келтірілгенімен, кейбір фактологиялық қателіктер орын алғандығын атап өтеміз. 1901 жылы «Астраханский листок» газетінің бірнеше санында жарық көрген И.С.Ивановтың Бөкей Ордасының құрылуының жүзжылдығына арнаған мақаласы Қайып хан мен оның ұрпақтарына қатысты біраз мәлімет береді. М.А.Терентьев Хиуада хан болған Батырдың ұлы Қайып хан Бековичтің әскерін жойған Хиуа ханы Шерғазының туысы (жиені – Ж.И.) деп сипаттады. Зерттеуші 1794 жылы хан сайлауда халықтың барлығы Қайыпұлы Әбілғазыны қалағанымен жаңа губернатор мұндай сайлауды құптамады деп жазды. М.А.Терентьев пікірінше, П.К.Эссен Кіші жүз ханы Шерғазыны Арынғазымен ауыстырғысы келген, бірақ бұған Сыртқы істер министрлігі мен сол кездегі канцлер К.В.Нессельроде келіспеген. Сонымен бірге 1841 жылы Аллақұл ханның шақыруымен Хиуада болған құпия кеңеске Қайып хан немересі Жанғазы сұлтанның қатысқандығын саралады. Ал С.В.Жуковский еңбегінде Батырдың хан сайлануы, Қайыптың Хиуадағы қызметі және Батыр – Нұралы, Қайып – Нұралы арасындағы қарым-қатынастар төркіні тілге тиек етілген. Жалпы алғанда төңкеріске дейін шыққан еңбектердің басым көпшілігі патшалық Ресейдің қазақ даласында жүргізген отаршылдық саясаты мен іс-қимылдарын ақтау, ұлы державалық көзқарастарды білдіретін сарында жазылды. Қайып хан бабалары шежіресіне қатысты деректер қазақ зиялылары Ш.Уәлиханов, Қ.Халид, Ш.Құдайбердіұлы [9] еңбектерінен табылады. ХХ ғасырдың басында қазақ тарихнамасы Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы [10] еңбектерімен толыға түсті. Бұл зерттеулер XVIII – XIX ғасыр-лардағы қазақ қоғамындағы саяси жағдайды, Ресей отаршылдығына қарсы болған ұлт-азаттық көтерілістер тарихын қамтыды. Қайып хан тарихына қатысты Қ.Кемеңгерұлы өз пікірін былай білдірді: «Қара халық өзінің азаттығы, тыныштығы болмағандығын Әбілқайыр балаларының өзара таласуынан көріп, Әбілқайыр тұқымынан хан сайланбасын деді. Сонда да ел хансыз тұра алмаймыз деп, екі жарылып, бір бөлегі Хиуа ханы Қайыпты қалап, екінші бөлігі Нұралының өзін қалады. ...Үкімет хан сайлауға айналған соң, 1790 жылдан бастап Сырым батыр үкіметке ашық қарсы болып, 1791 жылы құрылтай шақырды. «Орыс сайлаған ханның бізге керегі жоқ»,-деп, Қайып балаларына қосылып кетті». 1920-1940 жылдар аралығында А.Ф.Рязанов, А.П.Чулошников, В.В.Бартольд, С.Асфендиаров, М.Тынышпаев [11] зерттеулері жарық көрді. А.Ф.Рязанов XVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихына қатысты бірнеше еңбек жазды. Ғалымның «Сорок лет борьбы за национальную независимость казахского народа» атты еңбегі мұрағат деректеріне негізделген алғашқы сүбелі зерттеу еді. Аталмыш еңбек Қайып хан ұрпақтары Шерғазы Қайыпұлы, Арынғазы Әбілғазыұлы, Арду Әбілғазыұлы, Мәненбай Шерғазыұлына қатысты бұрын беймәлім болып келген материалдарды жариялауымен құнды. Зерттеуші Қайып хан ұрпақтары арасындағы байланысқа назар аударғанымен, оны толық ашуға, тарихи оқиғаларды жазуда бірізділікті сақтауға, деректі сыни бағалауға мән бермеген. Орынбор мұрағатындағы құжаттарды толықтай тарихи талдау жасамай сол күйінде жариялауына байланысты кейін М.П.Вяткин А.Ф.Рязанов еңбегіне орынды сын айтқанды. Қайып ханның Хиуадағы қызметіне қатысты мәліметтерді Орта Азиялық жазба деректерді пайдаланған академик В.В.Бартольд еңбегінен табамыз. Ғалым Қайыптың Хиуада басқаларға қарағанда тақты ұзақ иеленгенін атап көрсетеді. Дегенмен Батырұлының хандық биліктің маңызын қайта қалпына келтіру әрекетінің сәтсіз аяқталғанын, одан кейін хандыққа түрікше Қарабай есімін иеленген, Қайыптың інісі Абдолла отырғанын баяндады. М.Тынышпаев, С.Асфендиаров зерттеулері мемлекеттік қызметте жүріп жүзеге асты. М.Тынышпаев қазақ шежіресіне, қазақ хандығының құрылуына, хандар шежіресіне, XVIII ғасыр басында қалыптасқан жағдайға талдау жасады. С.Асфендиаров болса алғаш рет Қазақстанның көне заманнан 1917 жылға дейінгі тарихын жазып шықты. ХХ ғасырдың 40-жылдары Қазақстан тарихы бойынша Е.Бекмаханов пен М.П.Вяткиннің [12] сүбелі еңбектері жарық көрді. М.П.Вяткиннің «Сырым батыр» монографиясы Қайып хан әулетіне қатысты тарихи пайымдауларымен құнды. Ғалым тікелей Қайып ханның Кіші жүздегі қоғамдық-саяси қызметіне қатысты өз ой-пікірін білдірді. Еңбектегі Батыр, Қайып, Әбілғазы хандар, Шерғазы сұлтан туралы пікірлердің маңыздылығын атап өтеміз. М.П.Вяткин пікірінше Батыр, Қайып, Әбілғазы хандар Ресейге бағынған емес. Дегенмен, ғалым деректерді пайдалануда кейбір қателіктер жіберді. Мәселен, Қайыптың Хиуадан Кіші жүзге 1756 жылы емес, 1758 жылдың басында оралғанын, Батырұлы Бөрі сұлтанның қарақалпақтар қолынан 1762 жылы емес, 1758 жылдың қысында өлгендігін мұрағат құжаттары дәлелдейді. Е.Бекмаханов еңбегінде ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстандағы саяси жағдай жан-жақты талданды. Ғалым сол кезеңдегі Ресей империясы мен Орта Азия хандықтарының Қазақстанға жүргізген ықпалын анықтады. Қайып хан немересі Арынғазыны ХІХ ғасырдың басындағы аса ірі саяси қайраткерлерінің бірі ретінде бағалады. Сонымен бірге зерттеуші Қайып хан шөбересі, Кіші жүздің Шығыс бөлігінің билеуші сұлтаны Ахмет Жантөриннің орыс әскерлерімен бірге Кенесары көтерілісін басу үшін жасалған жорықтарға қатысқанын баяндады. Е.Бекмаханов монографиясына арнайы ұйымдастырылған шабуылдан кейін қазақ қоғамындағы ақсүйектердің рөлін төмендету, оларды халқынан бөліп қарау, сұлтандар бастаған қозғалыстар «ішкі тартыстар», «керітартпа оқиғалар» ретінде түсіндіріліп, Қазақстанның Ресейге қосылуының прогрестігі баса көрсетілді. Мұндай партиялық талап пен таптық принципке негізделген бағыт-бағдарға қарамастан, Қазақстан тарихы жаңа зерттеулермен толыға түсті. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары, Қазақстанның қоғамдық-саяси құрылымы Н.Г.Аполлова, Е.Б.Бекмаханов, С.Е.Толыбеков, С.З.Зиманов, Н.Е.Бекмаханова, А.Сабырханов, Б.С.Сүлейменов, В.Я.Басин, Т.Шойынбаев, Ж.Қ.Қасымбаев, Р.Б.Сүлейменов, В.А.Моисеев [13] зерттеулерінің негізгі арқауы болды. Қайып хан әулетіне қатысты деректер сол кездері жарық көрген Қазақстан мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастары тарихына арналған П.П.Иванов, У.Х.Шәлекенов, Н.А.Халфин, С.Камалов, Ж.Уббиниязов, А.Кощанов [14] зерттеулерінде де кездеседі. Қазақстан тарих ғылымының жаңаша даму кезеңі, бұрынғы еңбектерді ой-елегінен өткізіп талдау жасау, оған жаңаша көзқарас егемен ел болудан басталды. Осы уақыттан бастап қазақ қоғамындағы тарихи тұлғаларға ерекше назар аударылып, ұлттық тарихымыздың өткен-кеткені жан-жақты қарастырыла бастады. Тың деректердің ғылыми айналысқа енуі, тарихи ой-пікірдің жаңаша өрбітілуі төл тарихымызды толықтыра түсті. М.Қ.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, З.А.Алдамжар, К.Л.Есмағамбетов, И.Н.Кенжалиев, Ж.Қасымбаев, М.Әбдіров, С.Мадуанов, С.М.Мәшімбаев, М.У.Шәлекенов, Ж.О.Артықбаев, В.З.Галиев, Е.Ж.Валиханов, И.В.Ерофеева, Ж.М.Тулибаева, А.Б.Абдуалиев [15], т.б. отандық тарихшыларымыздың жаңа еңбектері ұлт тарихының көп ғасырлық болмысын тереңдеп зерделей бастады және ХVIIІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ қайраткерлері тарихын жаңа биікке көтерді. Соңғы уақытта Батыс Қазақстан өңірінің әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерін, тарихи тұлғаларының қоғамдық-саяси қызметтерін кешенді зерттеу дамып келеді. Тарихшылар Т.З.Рысбеков, Б.Қ.Бірімжаров, М.Н.Сдықов, Ә.Қ.Мұқтар, Ғ.Е.Қарабалин, Ұ.Т.Ахметова, А.Қ.Ахмет еңбектері мен С.Б.Құрманалин, Г.Б.Ізбасарова, Ж.Ж.Жақсығалиев, А.Қ.Қарамурзина диссертациялары [16] соның дәлелі. Әсіресе ХVIIІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ мемлекет қайраткерлерінің саяси-тарихи кескіндемелерін қайта сомдауда тарихшы Ә.Мұқтардың еңбегі елеулі. Ғалым отандық, ресейлік мұрағаттардан аталмыш кезеңдегі саяси тұлғалардың қыр сырының бұған дейін беймәлім болып келген нақты деректерін тауып, жүйелеумен қоса, оларды сараптап, бағалауда аса тың, әділ пайымдаулар мен соны көзқарастар ұсынып келеді. Қайып хан әулетін зерттеуде Ұ.Ахметованың кандидаттық диссертациясы негізінде жарық көрген «Арынғазы хан» еңбегінің орны ерекше. Қайып хан немересінің тарихына қалам тербеген зерттеушінің «Отандық тарихнамадағы олқылықтың бірі – Батыр хан ұрпақтарының ел басқарудағы рөлін төмендете көрсету ұстанымы тың тұжырым, өткенге жаңаша көзқарас тұрғысынан қайта қаралуы тиіс» [16, 38 б.] дегенді алға тартуы Қайып хан әулеті тарихын зерттеу қажеттілігін одан әрі айқындай түседі. Қорыта келгенде, қазіргі уақытқа дейін Батырұлы Қайып ханның жеке басы, оның қоғамдық-саяси қызметі арнайы зерттеуге айналмаған. Жоғарыдағы зерттеулерде Қайып хан жөніндегі бұрыннан белгілі, қалыптасқан пікірлер қайталанады. Оның үстіне ХVIIІ-ХІХ ғасырларда Қазақстанның батыс өңірінде терең із қалдырған Қайып хан ұрпақтарының тарихы кешенді әрі жеткілікті түрде зерттелмеген болатын. Сондықтан біздің жұмысымыздың басты мақсаты да Қайып хан мен оның әулетінің Қазақстан тарихындағы орнын анықтап, олар туралы аз да болса жарияланған мәліметтердің өзін тәуелсіз ел талабымен, жаңаша саралап, бұрын беймәлім болып келген, ғылыми айналымға түспеген мұрағат құжаттары арқылы зерттеу болып табылады. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Соңғы жылдары қазақ тарихында айрықша із қалдырған тарихи тұлғалар тарихы мен тағдырын, қоғамдық-саяси қызметі мен іс-әрекетін, бүгінгі егемендігімізге қосқан үлесін зерделеуге ерекше назар аударылуда. Осыдан туындайтын қажеттілік XVIII ғасырдың 40-жылдары мен ХІХ ғасырдың 60-жылдары аралығындағы Қайып хан әулетінің тарихын зерттеу арқылы осы әулеттің қазақ қоғамындағы орны мен ролін саралау біздің мақсатымыз болып отыр. Ол үшін алдымызға мынадай міндеттерді қойдық: - Қайып ханның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына әсер еткен ата-бабасының қазақ тарихындағы орны мен ролін жаңаша ой елегінен өткізу және XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы Кіші жүздің Ресейге қосылу кезіндегі Қайып әкесі Батыр сұлтанның көзқарасын анықтау; - Қайыптың Хиуа хандығындағы қызметін, Хиуа ханы ретінде оның Нұралы ханмен, Ресеймен арадағы қарым-қатынастарын жаңаша пайымдап, тың мұрағат деректері арқылы толықтыра, салыстыра отырып, заман талабына сай қорыту; - Қайыптың Хиуадан Кіші жүзге оралуынан кейінгі өмірі мен қызметі, Батыр хан қайтыс болғаннан кейін Сыр бойы қазақтарын басқаруы, Сырым көтерілісі кезінде Кіші жүз старшындарының Қайыпты Кіші жүз хан тағына көтеруін, олардың дәстүрлі хандық басқаруды сақтауға ұмтылысын, Қайып ханның Кіші жүздің белді тұлғаларымен және Орынбор, Астрахань әкімшілігімен арадағы байланыстарын соны мұрағат құжаттарымен саралау; - Қайып ханнан кейінгі оның ұрпақтары Әбілғазы, Шерғазы т.б. сұлтандардың қызметтерін жаңаша саралап, олардың Ресей, Хиуа, Бұхарамен және Нұралы хан ұрпақтарымен арадағы қатынастарын анықтау арқылы тарихи тұлғалар ролін бағалау; - Қайып хан ұрпақтарының Ресей империясы бағытындағы ұстанған саясатына талдау жасау арқылы, олардың қазақ мемлекеттігін біріктіру мен дәстүрлі хандық басқаруды сақтап қалу жолындағы қызметтерін және Қайып хан ұрпақтарының тарихы арқылы ХІХ ғасырдағы қазақ елінің дамуын Ресеймен, Хиуамен, Бұхарамен байланыстырып, аталған елдердің алдына қойған жоспарларын, оның жүзеге асуы деңгейін айқындау; - Хандық биліктің жойылуынан кейінгі Батыс Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістерді анықтау арқылы Қайып хан ұрпақтарының орыс саясаты негізінде құрылған басқару жүйесіне тартылуын және олардың өлкедегі қызметтерін ашып көрсету; - Қайып хан ұрпақтарының Хиуа хандығы бағытындағы қызметтеріне жаңаша талдау жасау және олардың Қазақ даласына тереңдей енген отаршыл орыс саясатына қарсы жүргізген күресін зерделеу арқылы қазақ елінің өз тәуелсіздігі үшін жанқия күрескен жылдарынан тарихи оқиғаларды айқындай түсу; Аталған міндеттердің барлығы таңдап алынған зерттеуіміздің маңыздылығын айғақтап қана қоймай, сонымен бірге XVIII-XIX ғасырлардағы ұлттық тарихымызды толықтыра түседі. Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері: Қайып ханның тарих сахнасына көтерілген 1745 жылдан бастап оның әулетінің 1860-шы жылдарға дейінгі аралықтағы тарихын қамтиды. Себебі патша үкіметі 1867-1868 жыл-дардағы реформаға сәйкес сұлтандық билікті жою арқылы Шыңғыс ұрпақтарын қазақ даласындағы ел билеу құқықтарынан айырған болатын. Қайып хан мен оның ұрпақтарының қызметі Кіші жүз, Орта жүз, Хиуа, Бұхара, Ресей мемлекеті территорияларында өрбіді. Аталған жылдары көрсетілген ұлан-ғайыр аймақта Ресейдің отарлау саясаты қарқынды дамып, хандық басқаруды күштеп жоюмен, оған қарсы ұлт-азаттық қозғалыстардың өрбуімен және Ресейдің ол жерлерді толық отарлап, өзіне қосып алуымен ерекшеленеді. Зерттеу жұмысының негізгі нысаны: Қайып хан мен оның әулетінің тарихы арқылы XVIII-ХІХ ғасырлардағы белгілі қазақ азаматтарының мемлекеттілік, елдің бірлігі мен болашағы жөніндегі саяси қимылдарын саралау және олардың Ресей, Парсы, Қытай, Хиуа, Бұхара мемлекеттерімен байланысын жаңа деректер арқылы зерделеу. Осындай бағытта ғана Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихы тұтастай бір жүйеге келеді. Зерттеу жұмысының методологиялық негізі: Диссертацияда алға қойылған мәселелердің мәнін жан-жақты ашу үшін тарих ғылымындағы әлемдік және осы заманғы зерттеу методологиясының ғылыми әдістері пайдаланылды. Объективтілік, тарихилық, жүйелілік, салыстырмалық және талдау, жинақтау, даму сияқты ғылыми таным принциптері басшылыққа алына отырып, зерттеу тақырыбы бойынша мұрағат құжаттарын, жарық көрген әдебиеттерді сыни тұрғыдан сараладық. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: Батырұлы Қайып ханның қоғамдық-саяси қызметі арнайы зерттеуге айналған емес. Әр жерде жарық көрген, өзара қайталанып жүрген мәліметтер тарихи тұлғаның бейнесін толық негізде ашпайды. Оның үстіне Қайып хан әулетінің тарихы XVIII-ХІХ ғасыр-лардағы Қазақстан тарихындағы ақтаңдақ беттерінің бірі екені даусыз. Себебі патшалы Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатының басталуы, кейін ішкерілеп енуі, дәстүрлі хандық басқару жүйесін жоюы, халық азаттық қозғалыстар, Қазақстанның толықтай отар елге айналуының барлығы сол кезеңде болғанды. Осындай қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайда Қайып хан ұрпақтарының бірі Ресей, екіншілерінің Орта Азия хандықтары бағытын ұстанғандығы тарихи деректер негізінде соны көзқарастармен анықталды. Қайып хан әулетімен қазақ қоғамындағы белді ел игілерінің арасындағы қарым-қатынас төркіні жаңаша зерделенді. Сонымен бірге Отандық тарихнамада аты аталмай, қызметтері белгісіз болып келген кейбір Қайып хан ұрпақтарының тарихы ғылыми тұрғыдан талдауға алынып, мол мұрағаттық құжаттар арқылы сараланып, ғылыми айналымға алғаш рет енгізілді. Мұның барлығын өзара байланыстырып, жүйелеп, кешенді түрде зерттеу тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Зерттеу жұмысының деректік негіздері: Диссертациялық жұмысты жазу барысында, Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихына қатысты алдымызға қойған мақсат-міндеттерімізді орындау үшін бүгінге дейін жарық көрген, зерттеу жұмысымызға тікелей қатысы бар деректер пайдаланылды. Қазақстан тарихына қатысты деректерді жинау, оны жариялау тарихы патшалы Ресей заманында басталғанымен, кең түрде дамуы, тақырыбымызға байланысты мұрағат құжаттарын жинақтау кешегі Кеңестік жүйеде жүзеге асырылды. Сонымен қатар бүгінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген деректерде қолданысқа енді. Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихын саралауда біз үшін төмендегі құжаттар мен материалдар жинақтары айтарлықтай көмек жасады. 1869 жылы жарық көрген «Архив государственного совета» жинағында Қайып хан мен оның ұлдары Әбілғазы, Шерғазы қызметтеріне қатысты құнды деректер бар [17]. 1908-1915 жылдар аралығында Ташкентте полковник А.Г.Серебренниковтың құрастыруымен басылып шыққан «Сборник материалов для истории завоевания Туркестанского края» жинағының І-VII томдарында Қайып хан ұрпақтары Жанғазы Шерғазыұлы, Бөрі Тәукеұлы, Алланазар Жанғазыұлы, Алтынғазы Нұрымұлының Хиуа хандығымен және Ресеймен арадағы байланыстарын анықтайтын деректер жарияланды [18]. 1935 жылғы «Материалы по истории Каракалпаков» жинағында ХІХ ғасырда Әбілғазы хан мен қарақалпақтар арасындағы байланысты, Хиуа ханы Мұхаммед Рахимның Әбілғазы, Арынғазы хандар иелігіне жасаған шабуылдары туралы мәліметтер берілген [19]. 1936 жылы жарық көрген «Материалы по истории Башкирской ССР» жинағында Қайыптың атасы Қайып хан тарихына қатысты құжаттар бар. Жинақта Тәуке ханның қайтыс болуынан соң Қайыптың хан сайланғаны, оның Ресеймен жүргізген байланыстары көрсетілген [20]. Шығыс деректері негізінде 1938 жылы жарияланған «Материалы по истории туркмен и Туркмении» жинағында Хиуада хан болған Қайып ұлдарының қызметі мен XVIII ғасырдағы Кіші жүз бен Хиуа арасындағы қатынастар туралы деректер кездеседі [21]. 1940 жылғы «Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.)» жинағында басылған және жанында кейбір араб тілдеріндегі түпнұсқалары қоса берілген 151 құжаттың 43-і Қайып хан мен оның ұрпақтары Әбілғазы, Шерғазы, Арынғазы т.б. қызметтеріне тікелей қатысы бар маңызды деректер болып табылады [22]. 1948 жылы «Материалы по истории Казахской ССР (1741-1751 гг.)» жинағы Мәскеу мұрағатында сақтаулы 140 құжатты жариялады. Құжаттың 22-і Батыр мен Қайып хандардың қызметтерін саралауда құнды дерек көздеріне жатады. Онда Батырдың Кіші жүздегі қызметі, хан сайлануы, Қайыптың Хиуадағы қызметі, Батыр, Қайып хандардың Әбілқайыр, Нұралы хандармен және Орынбор әкімшілігімен арадағы байланыстары көрініс табады [23]. 1960 жылғы «Материалы по истории политического строя Казахстана» жинағындағы 137 құжаттың 7-і Батыр сұлтан, Қайып хан және Жұма Құдаймендіұлының тарихынан сыр шертеді [24]. 1961 жылы жарияланған «Казахско-русские отношения XVI-XVIII веках» жинағындағы 276 құжаттың 49-ы Қайып (Хұсырауұлы – Ж.И.), Батыр, Қайып хандардың және Батырұлы Бөрі сұлтанның қызметтеріне қатысты маңызды тарихи мұралар бола алады [25]. 1964 жылы жарық көрген «Казахско-русские отношения XVIІІ-XIХ веках» жоғарыдағы жинақтың жалғасы болды. Ол 1771 жылдан бастап 1867 жылдар аралығындағы Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Алматы қалаларындағы мұрағат қорларынан алынған материалдарды баспадан шығарды. 353 құжаттың 16-ы Қайып хан мен оның ұрпақтары Жантөре Жиһангерұлы, Ахмет Жантөреұлы, Жанғазы Шерғазыұлы, Бөрі Тәукеұлы және Нұрым Әбілғазыұлының қызметтеріне арналған [26]. 1963 жылы шыққан «Русско-туркменские отношения в ХVIIІ-ХІХ вв.» жинағында Батырханұлы Қарабай, Қайыпұлы Шерғазы сұлтандар және қазақ-түрікмен, қазақ-хиуа байланыстары туралы материалдар бар [27]. Парсы, түрік деректері негізінде 1969 жылы жарық көрген «Материалы по истории Казахских ханств» жинағында Батыр, Қайып хандардың және Қайып ұлдарының Хиуадағы іс-әрекеттеріне қатысты мәліметтер келтірілген [28]. 1998 жылы жарияланған қытай деректері негізіндегі «100 құжат» жинағында Батыр, Қайып хандардың Қытаймен байланыс жасап, Пекин сарайына елшілер жібергендігін дәлелдейтін деректер жарияланды [29]. 1996 жылы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа, 2002 жылы Бөкей Ордасы тарихына арналып жарық көрген жинақтарда да Қайып хан ұрпақтарына қатысты мәліметтер кездеседі [30]. 2005 жылы жарияланған «История Казахстана в персидских источниках» [31] жинағында Қайып хан генеалогиясына қатысты деректер келтірілсе, ал «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков» [32] жинағынан Батыр, Қайып хандарға және олардың ұрпақтарына қатысты материалдарды табамыз. Міне, осындай мол құжаттар мен материалдар көрсетілген жинақтарда жарық көргенімен, бүгінге дейін ғылыми айналысқа түспеген мұрағат деректері баршылық. Олар негізінен Мәскеу, Орынбор, Астрахань, Ташкент, Алматы мұрағаттарында сақтаулы. 1. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағаты (ҚРОММ) – №4 Орынбор қырғыздарының облыстық басқармасы қорында Қайып хан әулетінің тарихына қатысты көптеген құжаттар бар. 2. Ресей Империясының Сыртқы Саясат Мұрағаты (РИССМ) – №122 Қырғыз-қайсақ істері, №125 Ресейдің Хиуамен қатынасы, №109 Ресейдің Бұхармен қатынасы қорларында Батыр, Қайып хандардың және олардың ұрпақтарының тарихы туралы маңызды материалдар сақталған. 3. Ресей Мемлекетінің Әскери-Тарихи Мұрағаты (РМӘТМ) – №52 Г.А.Потемкин, №231 П.П.Сухтелен, №483 Орта Азияға әскери қимылдар, №846 ВУА қорларында Қайып хан мен оның ұрпақтарының қоғамдық-саяси қызметтеріне қатысты деректер мол. 4. Ресей Мемлекетінің Көне Актілер Мұрағаты (РМКАМ) – ІІ Екатерина кабинетінің №10, П.А.Зубовтың №193, Сарай бөлімінің №1239 қорларында Қайып хан мен оның ұрпақтарына қатысты мәліметтерді кездестіреміз. 5. Ресей Федерациясының Орынбор облыстық Мемлекеттік Мұрағаты (РФОрОММ) – №1 Орынбор экспедициясының, №2 Орынбор комиссиясының, №3 Орынбор губерниясы канцеляриясының, №4 Симбирск және Уфа генерал-губернаторы канцеляриясының, №5 Орынбор шекаралық істері экспеди-циясының, №6 Орынбор генерал-губернаторы канцеляриясының, №166 Г.Ф.Генс қолжазбаларының қорларында Батыр, Қайып хандар және олардың ұрпақтарының қызметтеріне қатысты көптеген құнды деректер сақталған. 6. Ресей Федерациясының Астрахань облыстық Мемлекеттік Мұрағаты (РФАОММ) – №1 Астрахань азаматтық губернаторы канцеляриясының, №394 Астрахань губерниясы канцеляриясының қорларында Қайып ханның Астрахань қаласына аттандырған елшілігі туралы құжаттар бар. 7. Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағаты (ӨР ОММ) – №И-715 Г.Сереберенниковтың Орталық Азияны жаулауға байланысты жинастырған құжаттары қорынан Қайып хан немересі Жанғазы Шерғазыұлының өміріне қатысты деректер алынды.
| |
Просмотров: 2209 | Загрузок: 545 | |
Всего комментариев: 0 | |