Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті |
1920-30 жылдарындағы Қазақстан әдебиеті мен өнері
[ Скачать с сервера (65.3 Kb) ] | 28.11.2012, 18:32 |
Кеңестік әдебиеттің қалыптасуы Республикада алғашқылардың бірі болып ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту және насихаттау ісімен айналысқан Түркістан өлкесіндегі «Талап» қоғамы. Басқарманың құрылтайшысы және жетекшілері жазушы М.Әуезов, этнограф Ә.Диваев, профессорлар Х.Досмұхамедов, А.Шмидт, Н. Архангельский, М. Тынышпаев, М. Есболов, И. Тоқтыбаев, Қ. Тыныстановтар болды. Қоғам Жарғысының жобасын Түркістан ағарту ісі жөніндегі халық комиссариаты мемлекеттік ғалымдар кеңесі бекітті. 1923 жылы 4 желтоқсандағы «Талап» қоғамының мақсаты мен қызмет шеңбері төмендегідей болды: қазақ әдеби тілінің, терминологиясы мен орфографиясы, т.б. мәселелерін қарастыру; І ұлттық өнерді зерттеу; қазақ халқының тарихы мен тұрмысын зерттеу; қазақ мектептерінде оқыту мәселелерін қарастыру; қазақ ғылыми қызметкерлері мен қазақ өнері қайраткерлеріне көмек көрсету. Қоғам құрамына А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М Дулатұлы, Қ.Кемеңгеров, т.б. енді. Осы кезеңде жаңа кеңестік әдебиет қалыптаса бастайды. Оның Қазақстандағы өкілдері С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Ізтөлин жөнө т.б. болды. Олардың шығармашылығы айқын социалистік реализм және пролетарлық интернационализм ұстанымына негізделді. Сәкен Сейфуллин 1925 жылғы 18 мамырда Қазақстанда Пролетар-шаруа жазушылардың Қазақ ассоциациясы (ҚазАПП) құрылды. ҚазАПП жаңа социалистік әдебиет жасау ісін қолға алды. Мәдениеттегі кез келген құбылыс таптық, пролетарлық күрес тұрғысынан бағаланды. Халық шығармашылығының көптеген түрлері, мысалы, «Едіге», «Қобыланды батыр» реакцияшыл, ұлтшылдық көзқарастағы шығарма деп жарияланды. А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы қуғынға ұшырады. Абай шығармалары талқылауға түсті. Басқа жанрлардың арасында бірінші орынға саяси лирика шығарылды. Кеңестік жарқын шындықты жабырқау өткен өмірмен салыстыру тәсілі кең қолданысқа енді. ҚазАПП қызметінде қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті дәстүрлерін жоққа шығару көзқарасы барған сайын белең ала бастады. Қазақ көркем әдебиетіндегі осы екі ағым арасында 1922—1923 жылдары, содан соң 1926-1928 жылдары қызу пікірталас болып өтті. 20-жылдардың ортасы мен соңында қазақ әдебиетіне Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Орманов секілді талантты жастар келіп, кеңес адамдарының — ауыл және қала еңбеккерлерінің бейнесін жасады. Қазақ кеңес ақын-жазушыларының шығармашылығында В.И.Ленин бейнесі жеке тақырыпқа айналды. 1934 жылы 12—18 маусым күндері Қазақстан жазушыларының I съезі өтіп, онда идеялық тәрбие жүргізудегі қуатты құрал кеңестік әдебиет болуы керек екендігі баса айтылды. Қазақ кеңес әдебиеті фольклор дәстүріне сүйенді. Мәселен, Жамбыл Жабаев (1846—1945 жылдары) шығармаларында ел өмірінің айтулы оқиғалары көрініс тапты. Жаңа өмір мен кеңес адамдарын ақын Нүрпейіс Байғанин (1860—1945 жылдары) өзінің эпостық жырларына арқау етті. Иса Байзақов (1900—1946 жылдары) шығармашылығы нағыз халықтық мәнге ие болды.
Жамбыл Жабаев
20—30-жылдар қазақ кеңес әдебиетінде проза, драматургия және әдеби сын сияқты жаңа жанрлар дамыған кезең болды. І.Жансүгіров «Жолдастар» романын жазды, С.Мұқанов «Байдың ұлы», «Достар», «Ботагөз» романдарын тудырды. Қазақ драматургиясын дамытуда Мұхтар Әуезовтің рөлі зор. Қазақ театр өнерінің дамуы оның есімімен тығыз байланысты. Ресми билік құптаған негізгі тақырып — кеңестік қоғамның құрылуы және дамуы, қазақтардың туған өлкесін түлетуге қосқан үлесі, жергілікті халықтың социалистік еңбектегі ерлігі, т.б. болып саналды. 1934 жылы республикада Қазақ әдебиеті баспасы ашылды. Баспадан социалистік реализм рухындағы әр түрлі жанрдағы шығармалар жарық көре бастады. Бұл кезде Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері — И.Шухов, П.Кузнецов, Г.Шарипов, т.б. жазушылар көпшілікке танылды. Д.Снегиннің «Шығыстан соққан жел», «Жетісу» жөне «Менің қалам» атты жинақтары жарық көрді. Латиф Ансари жас ұйғыр ақындарының «Таңғы сәуле» атты өлеңдер жинағын құрастырды. Сонымен бірге Коммунистік партия тарапынан идеологиялық бақылаудың күшеюіне байланысты көптеген әдебиет өкілдері қудалауға түсе бастады. 1937—1938 жылдардағы қуғын-сүргін барысында қазақ әдебиеті өзінің бетке ұстар өкілдерінен айырылды. Қазақ әдебиетінің ұлттық ағымының өкілдері — Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердіұлы, Ө.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, т.б. қуғын-сүргінге ұшырады. Осы жылдары қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілдері — С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, т.б. да қудаланған болатын. Саяси қуғын-сүргін қазақ әдебиеті мен тілінің дамуына айтарлықтай зиянын тигізді. [өңдеу] Қазақстан бейнелеу өнері Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары елге көрнекі үгіт аса қажет болды. 1920 жылы Верныйда басты міндеті — саяси плакаттар шығаруға арналған көркемөнер шеберханалары ашылды. Көркемөнер плакаттар түрінде көшелерге ілініп, адамдарды революциялық рухта болуға үндеді. Н.Хлудов, А.Пономарев сияқты суретшілердің шығармашылығы көпшілікке кең танымал болды. 1928 жылы Қазақ АКСР Ағарту халкомы Қазақстан, Сібір және Урал суретшілерінің жылжымалы көрмесін ұйымдастырды. 1932 жылы жарық көрген «Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулыға сәйкес республикада 1933 жылы Суретшілер одағы құрылды. 1934 жылы 8 мамыр күні Мәскеудегі Шығыс мәдениеті мұражайында «Кеңестік Қазақстан өнері» көрмесі ашылды. Онда Н.Крутильников, Қ.Қожықов, Ө.Исмаилов, т.б. суретшілердің шығармалары қойылды. 1935 жылы «Қазақстандағы Кеңес өкіметіне 15 жыл» көрмесінің базасында Қазақ мемлекеттік Көркем өнер галереясы құрылды. Әбубәкір Исмаилов қазақ бейнелеу өнерінің алғашқы өкілдерінің бірі. 1927 жылы ол Бейсембай Сәрсенбаев екеуі Омбыдағы Врубель атындағы көркем өнер училищесінің жанынан қазақ жастары үшін ашылған біржылдық студияға түседі. Келесі жылы ол Мәскеуге оқуға жіберіледі. XX ғасырдың 20-жылдарының соңына қарай Әбілхан Қастеевтің де шығармашылық жолы басталады. Ол алғашқы кәсіптік дағдыларын Н.Г.Хлудовтан оқып-үйрену арқылы алған. Бейнелеу өнері саласында маман кадрлар даярлау ісімен Алматыдағы театр-көркемөнер училищесі айналысты. Қазақстанның суретшілері өз шығармаларында өткен өмір суреттерін бейнелеуге ұмтылды. Ә.Қастеев революцияға дейінгі Қазақстандағы әлеуметтік жанжалдар төркінін ашып көрсетуге тырысқан суреттер сериясын жасады. «Қызды зорлықпен әкету», «Садақа жинаған молла», «Құрғақшылықта тасаттық беру», «Кәрі байдың құда түсуі» суреттері әйелдердің бас еркі жоқтығын, қарапайым халықты, алдап-арбау көріністерін көз алдыға әкелді. Бейнелеу өнерінің шеберлері өздері өмір сүріп жатқан кезең, әсіресе 30-жылдар тақырыбына көбірек мән бергені байқалады. Суретшілер кеңес адамын, олардың ерлігі мен коммунистік идеяға адалдығын бейнелеуге көңіл бөле бастады. Бұл жылдары партиялық идеологияның Қазақстан суретшілері шығармашылығына әсері анық байқалды. Музыка өнері Тіпті азамат соғысы жылдарында-ақ музыка жаңа тақырыптармен толыға түскен еді. Алғашқы революцияшыл қазақ әндері туды. Ақындар мен әншілер Кеңес өкіметі идеяларын насихаттауда маңызды рөл атқарды. Әсіресе С.Сейфуллиннің «Жас қазақ марселъезасы» атты революциялық рухтағы әні кең таралды. Азамат, жүнжіме, жүрме бос Қол ұстас, бірігіп тізе қос! Ту ұстап дұшпанға барайық, Теңдіктің ұранын салайық. Тізесін батырған залымнан Күн туды біз теңдік алайық! Қазақстанның уездік орталықтарында жергілікті органдар Музыкалық мекемелерді ұйымдастыруға баса көңіл бөлді. Бұл халықты саяси ағарту міндеттеріне байланысты еді. 1919 жылы Ақмолада музыкалық мектеп, ал келесі жылы театр, музыка және би үйірмелері бар Халық үйі ашылды. Осы жылы Верныйда жергілікті гарнизонның мәдени ағарту коллегиясы жанынан П.М.Виноградовтың бастамасымен Қызыл әскерлер хоры ұйымдастырылды. Ұзамай-ақ қалада әскер пәлімдері мен парктерде ойнайтын симфониялық оркестр жұмыс істей бастады. 1920 жылы Орынборда музыка мектебі мен музыка кітапханасы, сондай-ақ халық аспаптары оркестрлері үшін көркемдік репертуар құрастыратын комиссия ұйымдастырылды. Петропавлда осы жылы халықтық консерватория ашылды. Бұл жылдары ұйымдастырылған музыкалық мекемелер радио мен теледидардың орнына халыққа идеологиялық тәрбие беруде маңызды рөл атқарды. Халық арасынан талантты орындаушыларды іздеп тауып, кеңестік музыкалық ұжымдарға тарту үшін слеттер мен байқаулар өткізіле бастады. Қазақстанның көптеген аудандары мен облыстарында әншілер, ақындар, музыканттар байқауы тұрақты өткізіліп тұрды. 1922 жылы Қарқаралыда өткен байқауда бірінші орынды талантты әнші Ғаббас Айтпаев иеленді. 1924 жыды Петропавлда ірі ақын, сазгер әрі әнші Ыбырай Сандыбаев қатысқан слет өтті. 1923 жылы Мәскеуге Ә.Қашаубаев, И.Байзаков, Е.Өмірзақов, Ғ.Айтпаева, Қ.Байжанов, Қ.Жандарбеков, т.б. қазақ әншілері мен музыканттары шақырылып, концерт қойды. 1925 жылы жаңа астана Қызылордада Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Елубай Өмірзақов, т.б. қатысуымен қазан халық музыкасының үлкен концерті өтті. Қазақ музыка мәдениетін зерттеу және насихаттау ісінде қазақ музыка фольклорын қажымай жинаушы сазгер Александр Викторович Затаевичтің (1869—1936 ) рөлі үлкен. Орынборға 1920 жылы келген ол 3 жыл ішінде 1500-ден астам қазақ әндері мен күйлерін жазып алды. Республика үкіметі А.В.Затаевичтің еңбегін жоғары бағалап, оған 1923 жылы 9 тамызда Қазақ АКСР-нің Халық әртісі атағын берді. Ол барлығы — 2300 шығарма жазып алған, оның ішінде ұйғыр, дүнген, өзбек, қарақалпақ, татар, кәріс ұлттық музыкалары да бар. «Қазақ халқының 1000 әні» деген алғашқы жинағы 1925 жылы Орынборда, ал «Қазақ халкының 500 әні мен күйі» деген екінші жинағы 1931 жылы Алматыда жарық көрді. Ол жинаған қазақ халқының бай музыкалық қазынасы дүние жүзі елдерін Қазақстанның өзіндік музыка өнерімен таныстырды. 1926 жылы Қызылордада қазақ театры ашылып, Қазақстанның музыкалық орталығына айналды. Ол өзінің алғашқы онжылдығы бойында негізінен музыкалық театр болды. Қазақ көрермендерін тарту үшін театрда спектакльден кейін концерт берілетін. 1931 жылы Алматыда қуатты радио тарату станциясы жұмыс істей бастады. Радиоорталықта түңғыш қазақ кәсіпқой хоры ұйымдастырылды. Ұлттық өнер кадрларын даярлау үшін Алматыда 1932 жылы театр-музыка техникумы ашылды. Бұл республикадағы тұңғыш өнер оқу орны еді, сондықтан онда жұмыс істеу үшін қазақ тілін білетін және музыкадан теориялық білімі бар жігерлі адамдар қажет болды. Сондай мамандардың бірі — Ахмет Қуанұлы Жұбанов еді. 1933 жылы 29 сәуірде ғылыми-зерттеу кабинеті мен Алматы музыкалық-драмалық техникумының музыкалық-тәжірибелік шеберханасына музыкалық фольклорды зерттеу және қазақ халық аспаптарының үнін жетілдіру міндеті жүктелді. Жұмысқа А.Жұбанов басшылық жасап, Е.Брусиловский және ағайынды Прокофий мен Эмануэль Романенколар сияқты мамандар тартылды. Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Тәттімбет, Қазанғап, Ықылас, Сармалай, Сейтек, т.б. күйшілердің көптеген күйлері жазылып алынады. А.Жұбанов кәсіби музыкалық білім жүйесінде домбырада және қобызда нотамен ойнауды үйрету қажеттігі жөнінде мәселе көтерді. Жемісті еңбек нәтижесінде көлемі және дыбысталуы әр түрлі домбыралар квартетін: прима, тенор, альт және бас домбыраларын жасап шығарды. А.Жұбановтың басшылығымен техникумның 11 студенті кішігірім домбыра оркестрін құрды. 1934 жылы маусымда халық өнер қайраткерлерінің I слеті болды. Домбыра ансамблін есепке ала отырып, Қазақ ОАК-нің төралқасы «Ағарту халкомы жанынан халық өнері қайраткерлерінің I слетіне қатысушылардан халық аспаптарының ұлттық оркестрін құру... Оркестрді республикалық бюджеттен қаржыландыруға қосу туралы» қаулы қабылдады. Оркестр құрамына техникум студенттерімен катар халық музыкасының шеберлері енгізілді. Дирижері және көркемдік жетекшісі А.Жұбанов болды. 1935 жылы осы оркестрдің негізінде Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылды. Филармония республикадағы музыкалық-концерттік жұмыстың ұйымдастырушы орталығы болды. 1935 жылдың жазында халық аспаптары оркестрі Қазақстан бойынша тұңғыш гастрольге шықты. Оркестрдің репертуарындағы Кұрманғазының «Сарыарқа», «Серпер», «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйлерін халық жылы қабылдады. 1936 жылы мамырда Мәскеуде Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті. 23 мамырда Үлкен театрда өткен қорытынды концертте партия мен үкімет басшылары қатысты. А.Жұбанов басқарған оркестр өзінің ең таңдаулы шығармаларын орындады. 1936 жылы 3 қарашада Қазақ АКСР ОАК-нің қаулысымен А.Жұбановқа және солист әншілер У.Қабиғожин мен Л.Мұхитовқа республикаға еңбек сіңірген әртіс атағы берілді. А.Жұбанов оркестрге орыс және шетел классикасын, М.И.Глинканың «Руслан мен Людмила», П.И.Чайковскийдің «Қарғанын мәткесі», Ф.Шуберттің «Музыкалық сәт» операларынан үзінділер енгізді. 1938 жылдың қазан айынан бастап оркестрге Латиф Хамиди жетекшілік етті. Сөйтіп, 30-жылдардың соңына дейін Қазақстанның көсіпқой музыка өнері даму үстінде болды. Білімді қорландыру, дарынды орындаушыларды анықтау, музыкалық ұжымдар үшін талантты жастарды таңдап алу жұмыстары жүргізілді. 30-жылдардың соңына қарай республикада қалыптасқан кәсіпқой музыкалық мәдениетте Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетінің өзіндік белгілері әлі де сақталған болатын. Театр өнері 20-жылдардың басында Қазақстандағы мәдени революция міндеттерін шешу барысында көркемөнерпаздар ұжымдары, халықтық театрлар өмірге келе бастады. Тұңғыш кәсіпқой қазақ театрын ұйымдастыру мәселесі 1925 жылы каңтарда Орынбор қаласында өткен I Жалпықазақтық съезде көтерілді. 1925 жылы сәуір айында Қазақстан Кеңестерінің V съезінде Қазақстанда тұңғыш кәсіпқой театр ашу туралы шешім шығарылды. Қазақ театрының бірінші труппасы студенттік көркемөнерпаздар үйірмесі мүшелерінен және белгілі халық өнері көсіпқой орындаушыларынан құрылды. Бұлар — Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков және т.б. Театр Алматыға көшкеннен кейін труппаға Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебековтер қосылды. 1926 жылы 13 қаңтар күні М.Әуезовтің «Еңлік—Кебек» спектаклінен үзінді қойылып, одан кейін концерт берілді. Театрдың алғашқы режиссері Жұмат Шанин еді. Ұзақ уақыт бойы театрдың айқын шығармашылық бейнесі болған жоқ, спектакльдер концерттермен және халық шығармашылығы кештерімен аралас өткізіліп отырды. 1927 жылы 3 наурызда кеңес тақырыбына жазылған бірінші пьеса — «Зарлық» пьесасы қойылды. 1926 жылы Денсаулық сақтау халкомының тапсырысы бойынша Н.Анов жазған «Жарадан арылу» пьесасы қойылды. Пьеса арасында дәрігердің дәріс оқуы беріліп отырды. Бұл қазақ сахнасында қойылған бірінші орыс авторының шығармасы еді. Спектакльдер адамдарды жаңа өмірге бейімдеуге, социалистік құрылыс міндеттеріне лайықты болуы міндеттелді. Алматыға ауысқаннан кейін театр жанынан көркемөнерпаздар студиясы ашылып, онда әртістер музыкалық сауаттарын ашып, рояль мен оркестрге қосылып ән айту дағдысына жаттықты, актерлік шеберліктерін шыңдады. «Еңлік—Кебек» спектакліне музыканы сазгер Дмитрий Дмитриевич Мацуцин жазды. Верныйда дүниеге келген ол қазақ тілінде сөйлейтін, қазақ халқының дәстүрлері мен шығармашылығын жақсы білетін. Д.Мацуциннің М.Әуезовтің «Еңлік—Кебек» драмасына музыка жазуы қазақ спектаклін әнмен және оркестрмен музыкалық көркемдеудің бірінші тәжірибесі болды. Материал ретінде сазгер халық әндері мен күйлерін кеңінен пайдаланды. 1933 жылы Алматыда қазақ опера театрын даярлау үшін мемлекеттік музыкалық студия ашылып, оның негізінде кейін Абай атындағы академиялық опера және балет театры өмірге келді. Студия даярлаған «Айман-Шолпан» музыкалық пьесасы Айман рөлінде Күләш Байсейітова) тұңғыш қазақ опералары «Қыз Жібек» пен «Жалбырды» қоюға даярлық есебінде болды. «Қыз Жібек» операсын халық музыкасы негізінде Е.Брусиловский, либреттосын Ғ.Мүсірепов жазды. «Қыз Жібек» операсының басты ерекшелігі сол, ол театрдың белді әртістерінің тікелей қатысуымен жасалды. «Қыз Жібектің» мазмұнына ежелгі халық аңызы негіз болса, «Жалбыр» 1916 жылғы тарихи окиғаны арқау етіп алған. Театр Қазақстан бойынша гастрольдік сапарға шығып, барлық жерде көрермендер қазақ өнерінде пайда болған жаңа жанрды қуана құптап қарсы алды. Репертуарды көбейту қажеттігі байқалды. Бірінші қазақ балеті «Қалқаман—Мамырды» сазгер В.В.Великанов М.Әyезовтің либреттосы бойынша жазып, ол 1938 жылы қойылды. Қазақстан балет өнерінің бастауындағы белгілі қазақ бишісі Шара Жиенқұлованың өнері жарқын еді. Қазақ опера және хореографиялық өнерімен бірге қазақ драма өнері де өркендеді. 1933 жылдың күзінен Қазақ драма театры жеке ұжымға айналды. Театр режиссері болып М.Г.Насонов тағайындалды. Онда Қалкен Әділшынов, Сәбира Майқанова, Сейфолла Телғараев, Шәкен Айманов, Жағда Өгізбаев жұмыс істей бастады. Театрда Л.Хамиди мен С.Шабельскийдің басқаруымен кішігірім аспаптық оркестр құрылды. Шәкен Кенжетайұлы Айманов 1933 жылы М.Әуезовтің «Еңлік—Кебек» спектаклінің жаңа редакциясы қойылды. Осы жылы орыс кеңес драматургтерінен аударылған — В.Кирмонның — «Нан», Н.Погодиннің — «Менің досым», Й.Пруттің «Батыл Мстислав» пьесалары қойылды. 1937 жылы 27 акпанда театрға академиялық театр атағы берілді. Орыс драма театры 1933 жылы 5 қыркүйекте ұйымдастырылды. Шығармашылық ұжым алдымен Семейде іске кірісіп, содан кейін астанаға ауысты. Театрдың тұңғыш қойылымы — К.Треневтің «Любовь Яровая» пьесасы. Театрдың бірінші көркемдік жетекшісі Ю.Л.Рутковский. Театрды құрушылар қатарында Е.Б.Кручинина, З.М. Морская, С.П.Ассуиров, А.Каменская, П.Каранов, т.б. болды. 1935 жылы Д.Фурмановтың романы бойынша «Чапаев» спектаклі қойылды. Спектакльдің қоюшы режиссері әрі басты рөлде ойнаушы Г.Юровский болды. Қазақ АКСР-ның 15 жылдығына орай театр ұжымы Д.Фурмановтың және С.Поливановтың «Бүлік» спектаклін дайындады. 1935 жылы 23 қазандағы премьера нағыз мерекеге айналды. Дмитрий Андреевич Фурманов 1937 жылы орыс сахнасында тұңғыш қазақ пьесасы М.Әуезовтің «Түнгі сарын» пьесасының қойылуы айтулы оқиға болды. Қоюшы режиссер Ю.Рутковскийге осы спектакль үшін Республиканың Еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. 1938 жылы театр Республикалық орыс драма театры болып өзгертілді. Ұйғыр театр өнерінің бастауында 1919—1920 жылдары Жаркентте жұмыс істеген көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері тұрды. Кәсіпқой ұйғыр ұлттық театры 1933 жылы күзде Алматыда құрылды, Театрдың шығармашылық ұжымына Х.Илиева, Ө.Шәмиев, Р.Тохтанова, С.Саттарова және Ә.Әкбәровтар кірді. Ж.Асимов пен А.Садировтың «Анархан», И.Саттаров пен В.Дьяковтің «Ғерип-Сәнәм» пьесалары эпостық және тарихи аңыздар мен әндердің сахналану көрінісі болды. Спектакльдерді музыкамен көркемдеуде К.Г.Ланге, Л.Поливанов, М.М.Шанов-Сокольский айтарлықтай көмек көрсетті. Ұйғыр көсіпқой хореографиясының дамуына өзбек бишісі Әли Ардобус,КСРО Халық әртісі Тамара ханум үлеен рөл атқарды. 1937 жылдың соңында театрдың бас режиссері мен көркемдік жетекшісі болып В.И.Дьяков тағайындалды. Ол ұйғыр әртістерін Станиславский жүйесімен таныстырды. Театр ұжымы қазақ сахнасы шеберлерінің көмегімен «Қозы Көрпеш—Баян сұлу» пьесасын қойып, ол үлкен табыспен өтті. 1932 жылы 9 қыркүйекте Владивостокта Қиыр Шығыс өлкелік Корей драма театры ұйымдастырылды. 1937 жылы корей халқын жер аударуына байланысты театр Қызылордаға ауысты. Бұған дейін театр бірнеше ұлттық пьеса қойып, кеңестік корейлер өміріндегі жаңалықтарды бейнелеген еді. Алайда театр өнері саласындағы бірегейлендіруге орай театр ұжымы бұл жылдары орыс және кеңес авторларының шығармаларын қоюға көшті. 1937 жылы К.Треневтің — «Любовь Яровая», 1938 жылы М.Горькийдің — «Жаулар», В.Гусевтің — «Даңк», 1939 жылы Л.Шейнин мен ағайынды Турлардың «Отты ставка» спектаклдерін қойып, соғысқа дейінгі жылдары театр актерлік өнердің Станиславскийлік жүйесін барынша игерді. Кинематография Қазақстандағы тұңғыш кино түсіру жылнамасына 1925 жыл жатады. Бұл жылы киноға Қызылорда каласында өткен Қазақстан кеңестерінің I съезі түсірілген. Осы жылы «Қазақ АКСР-і құрылуының бес жылдығы» деп аталатын екінші деректі фильм көрсетілді. Ол кезде бүкіл республика бойынша Ағарту халкомының көшпелі киносы болды - Ақтобе, Қызылорда, Темір және Шымкентте, 1928 жылы астана Қызылордадан Алматыға көше бастады. Сол кезде Мәскеуден жаңа астанаға «Востоккино» тресінің өкілдері келіп, республикада өз бөлімшелерін ашуға кірісті. 1928 жылы бірінші «Алматы және оның төңірегі» деп аталған деректі фильм түсіріліп, жергілікті жерде зертханасы болмағандықтан, фильмді өңдеу жөне монтаждау Мәскеуде жүргізілді. 1929 жылы республика экрандарында «Соңғы жаңалықтар» киножурналы көрсетіле бастады. Қазақстан жайлы тұңғыш көлемді деректі-көркем фильм «Түрксіб» деп аталды. Сценарий авторы мен режиссері В.Турин. Осыдан кейін «Востоккино» Қазақстан туралы тағы үш фильм түсірді: «Дала әні» (1930 жыл), режиссері А.Лемберг, «Жұт» (1931 жыл), режиссері А.Коростин, «Қаратау құпиялары» (1933 жыл), режиссері А.Дубровский. 1935 жылы басқа республикалардағы сияқты Қазақстанда да қажетті материалдық базасымен қоса деректі киностудия ашылды. 1935 жылы маусымда «Кеңестік Қазақстан» киножурналының алғашқы нөмірлері шыға бастады. Қазақстан тақырыбына түсірілген алғашқы көркем фильм Д.Фурмановтың романы бойынша режиссер С.Тимошенко 1929 жылы «Ленфильмде» түсірген «Бүлік» фильмі. 1935 жылы қазақстандық жазушы И.П.Шуховтың романы бойынша «Мосфильм» киностудиясы «Жау соқпағы» фильмін түсірді. 1938 жылы «Ленфильм», «Амангелді» фильмін түсірді. Ол Қазақ академиялық драма театрының әртістері күшімен қазақ және орыс тілдерінде түсірілді. Фильм режиссері М.Левин, сценарийін В.Иванов пен Ғ.Мүсірепов жазды. Фильмдегі басты рөлдерді Е.Өмірзақов, Ш.Жиенқұлова ойнады. Фильмнің музыкасын А.Жұбанов жазған. 1940 жылы М.Левин М.Әуезовтің сценарийі бойынша «Райхан» көркем фильмін түсірді. Музыкамен көркемдеген сазгер В.Великанов болатын. Пайдаланылған әдебиет ↑ Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық - гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық/М.Қойгелдиев, Ө.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. ISBN 9965-36-106-1 | |
Просмотров: 4184 | Загрузок: 646 | |
Всего комментариев: 0 | |