Главная » Статьи » Абай Құнанбаев » Абай өлеңдері |
Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ
Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ, Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ. Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп, Әсте жоқ кеселді істен биттей қорқпақ. Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ, Мүшесінен буынып, басады алшақ. Қарсы алдына жымырып келтірем деп, Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ. Жаздыкүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ, Қолында бір сабау бар о-дағы аппақ, Керегеге сабауды шаншып қойып, Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ. Қу шалбар қулығына болған айғақ, Тізесін созғылайды қалталанса-ақ. Ұстаудағы кісідей мезгілі бар, Күні бойы шешініп, бір т...-ақ. Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ, Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ, Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып, Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ. Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ, Бәрі де шаруаға келеді олақ. Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп, Бар өнері — қу борбай, сымпыс шолақ. Олардың жоқ ойында малын бақпақ, Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ. Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып, Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ. | |
Просмотров: 2159 | | |