Главная » Файлы » Ұлы заман Тұлғалары » Ш

Шал ақын - Тілеуке Құлекеұлы
[ · Скачать удаленно (171.0Kb) ] 07.11.2012, 22:29
Ал, белгiлi қоғам қайраткерi, ақын Кәкiмбек Салықов "Шал ақын сегiз қырлы, бiр сырлы, онда бәрi бар” - деп келедi де: "Ол айтыскер, суырып салма, импровизатор, қолы тиген жердi жұлып алар, көзi түскен жердi үзiп алар, өткiр экспромт иесi, тапқыр сөздiң үздiк шеберi, ауыз әдебиетiнен жазба әдебиетiне көше бастаған қазақ поэзиясының көш басындағы кеменгерi” - деп бiледi. Ал, филология ғылымының докторы, профессор Ө.Күмiсбаевтың айтуынша - "қазақтың он бiр буынды қара өлеңiнiң құдiретiн Абайдан бұрын бiр ғасыр ерте танытқан (Шал) қарт шеберлердiң бiрi - осы Шал ақын” деп қортындылайды.
Айта кететiн бiр жағдай, Шал ақынның шығармышылық асыл дүниесiнiң бар екенiн Шоқан бастап берген болса, Қазақстаннан тыс жерде Хасен Шаяхметұлы Ғали атты түркi халықтарының тiлi мен әдебиетiнiң бiлгiрi, үлкен ғалым XX-ғасырдың басында-ақ Шал ақынның бiраз туындыларын хатқа түсiрiп үлгерген екен. Ол қазақ университетiнiң кiтапханасында сақталған екен. Оның бержағында тұңғыш рет 1929-жылы "Жаңа әдебиет” журналында, 1958-жылы "Қазақ әдебиетi” газетiнiң 28 қарашасында Ғ.Малдыбаевтың жариялаған 8 өлеңi жарық көрген. Әрине, ел iшiнде Шал ақынның өлеңдерiн бiр күн айтып, тауыса алмайтын құймақұлақ ақсақалдарды тыңдаған да едiк. Бiрақ бiздiң әттегенайымыз да қалмайды ғой. Солардың аузынан жазып алсақ, Шал өлеңiнiң қоры осы күнгiден де молырақ болар едi. Әсiресе, 1930-40 жылдарға дейiн өмiр сүрген ақсақалдарымыз: Ақымның Есқағы, Әбушахманның Бiржаны, оның бер жағындағы Шегеннiң Сәкенi, Досмағұл, Қарып, Әбдiр, Қошан, Сұраған, Баянтайдың Жүнiсi, Асылтайдың Ерғалиi, Елеусiздiң Ғаббасы тағы сол сияқты қасиеттi шалдарымыз Шал ақынның сөздерiн, өлеңдерiн майын тамызып айтып отырушы едi. Ол кезде тоталитарлық басқару жүйесiнде ескiден келе жатқан елiмiздiң асыл заттарына, бiлгiр адамдарына, тарихи тұлғаларға мән бергiзбеу, оларға көңiл бөлген адамдарды ескiнi құндаушы, жаңашыл жолдан шегiну деп өрескел сөгiске ұшыратқаны мәлiм. Соған қарамастан, сол заманның өзiнде Шал ақынның творчестволық iзiн зерттеу мақсатында 1964 жылдың күзiнде ауданымызға КАЗГУ-дiң аспиранты Мұхтар Мағауиннiң келуi, оның Шал өлеңiн жақсы бiлетiн Жантiлеудiң Қошанымен кездесуi, үлкен iске түрткi болады. Мұхтардың өзiнiң айтуынша -"Шал атамызға тиiстi ақсақалдың аузынан шыққан асыл сөз, қымбат мағлұматтарды таңбаға түсiрiп, не керек, қарияны сарқа тауыспасам да, қатемдi түгел тауып, қаншама дерек, өлең жазып алып едiм - дегенi арқылы атамыздың шығармаларының өмiрде екiншi рет тiрiлуiнiң басты себебi болып едi.”
Атақты жазушы "Жұлдыздың” бас редакторы, Шал ақынның еңбегiн ғылыми тұрғыдан тiк тұрғызған Мұхтар Мағауиннен қолдау сұрадық. Сол сияқты өзiмiздiң сүйiктi газетiмiз "Солтүстiк Қазақстан” да үнемi 5 жыл бойы Шал ақын туралы жазылған мақалаларды үзбей берiп тұрды. Газеттiң редакторы Бахыт Мустафинге де айтатын алғысымыз мол. Ауданға Шал ақын есiмiн беру жөнiнде елдi мекендерде жиналыстар өткiзiп, олардан қолдау тапқан соң аудандық ономастика комиссиясында қаралып, одан өткеннен кейiн, аудандық маслихат сессиясында шешiмiн тапты. Осыдан кейiн облыстық ономастикада қаралып, онда шешушi сөз айтқан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жақсылық Ысқақовтың қолдауымен комиссия ұсынысты қабылдаған едi.
Уақыт өте келе ой жаңарды, жаңа түзетулер туындайтыны да шындық. Осы кезде "Қазақ әдебиетiнде”, өзiмiздiң "Солтүстiк Қазақстанда” - "үлкен тұлғаға - үлкен құрмет лайық” деген тақырыппен елiмiздiң бiр топ әдебиет, мәдениет және ғылым қайраткерлерiнiң, ауыз әдебиетiнiң даңқты өкiлдерiнiң бiрi Шал ақынды мәңгi есте қалдыру жөнiнде Президентiмiз Н.Назарбаевқа, Мемлекеттiк қатшы Ә.Кекiлбаевқа, Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Д.Ахметовке ашық хат жарияланды. Онда Республикамыздың сүт бетiне шыққан қаймағы, белгiлi ақын жазушыларымыз, академиктерiмiз, ғалымдарымыз - Шал ақынның туғанына 250 жыл толуына байланысты оның есiмiн туған, өскен жерi Сергеев ауданына беру жөнiнде ұсыныс айтылды. Осы сәттерде "Солтүстiк Қазақстан” газетiнде журналист Бiржанов Хамиттiң, Баязиев Құрмаштың, Төлеген Қажыбаевтың, университет мұғалiмi Құлыбекованың, менiң де т.б. мақалалар жарық көрдi. Ауданның орыс тiлдi жұртшылығына Шал ақын туралы орысша газетке бiрнеше мақала берiлiп жарияланды.
1998-жылдың 25 қарашасында Алматыда ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен "Шал Құлекеұлы және ақын-дық өнер” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өттi, оған менi де шақырды. Конференцияға Қырғызстаннан, Түркиядан оқымысты ғалымдар қатысып сөйледi. Өзiмiздiң Қазақстандық академиктер, ғылым докторлары, тiл мамандары, ақын жазушылар Шал ақын туындыларының тiлдiк, стильдiк, психологиялық шеберлiк қырлары хақында, әйелдер тақырыбы мен әзiл-сатирасы жөнiнде ғылыми тұрғыдан ой толғады. Әдейi шақырумен барған маған "Шал ақын өлеңдерiнiң ел арасында таралуы” деген тақырыпта сөйлеуге тура келдi.
Конференциядан кейiн де бiраз жұмыстар атқарылып жатты. 1999-жылдың мамыр айында облыстық маслихаттың сессиясында осы мәселе қаралатын болған соң орыс тiлдi депутаттарын Шал ақын шығармалары мен оның қазақ поэзиясында алатын орны жөнiнде Солтүстiк Қазақстан университетiнде жиын болып, жиналысқа қатысқан депутаттар-ды Шал өнерiне бас игiздi. Осындай өте бiр шешушi кезеңде жанашырлық жасап белсене ат салысқан университет ректоры Ғалым Мүтановқа да алғысымызды айтамыз. Осы сәттерде облыстық маслихат депутаттарының атына Алматыдан Бәйкен Әшiмов бастаған мемлекет қайраткерлерiмен бiрге оқымысты, ақын-жазушы жерлестерiмiзден жедел хат келiп түскенi, оның сессия отырысында оқылуы, iстiң абройлы болып аяқталуына себеп болды. Мiне, осындай жолдардан өтiп, басталуы мен аяқталу мерзiмi бiраз созылып кеткенiмен 14 желтоқсан 1999-жылы республика президентiнiң жарлығымен ауданымызға Шал ақын аты берiлдi.
Осылай, бiрнеше жылғы созылған жанкештi еңбегiмiз жанып, ауданымыз ардақты атамыз, қазақ жерiне аты түгел тараған Шал ақын есiмiмен аталып, Солтүстiк облыстардың iшiнде бiрегейi ретiнде ата-бабаларымыз мекен еткен жерiне өздерiнiң ие екенiн көрсеттi.
Қазақстан Ғылым Академиясының мүше-корреспондентi Р.Бердiбай айтқандай - "Поэзия тұғырын биiкке көтерген ақындар атасы Шал Құлекеұлының мұрасы болашақта да қадiр қасиетiн сақтай беретiнi кәмiл” - деген аталы сөзiмен аяқтауды жөн көрдiм.

УӘП ЛАТАНОВ

ӘЙГIЛI АҚЫН БАБАМЫЗ

Шыңнан шыққан бұлақтай өзiнiң мөлдiр таза үнiмен, асқақ өлеңiмен ақын бабамыз арамызға екi жарым ғасырдан соң қайта оралып, қайта түлеп, жаңаша жаңғырығып жетiп отыр. "Таза мiнсiз асыл тас су түбiнде жатады, таза мiнсiз асыл сөз ой түбiнде жатады” деп Асан Қайғы айтқандай асыл сөздiң атасы, шақпақ сөздiң шеберi Шал ақынды қайта еске аламыз. Еске алған сайын жаңа бiр қыры көрiнедi. Иә, Шал ақын десе бәрiмiз де елең ете түсемiз. Оның себебi, бала кезiмде әкем өзi ақын болмаса да, Шал ақынның өлеңдерiн жатқа айтып отырушы едi. Сол кездегi көкiрегi ашық ауыл қариялары Ерғали, Серәлi, Құлмырза, Бопат, Зiкiрия т.б. бас қоса қалса "Шал ақын айтқан екен” деп оның өлеңдерiн тақпақтап, жарыса айтып, бiрден-бiрге iлiп әкетушi едi. Әрине, кезiнде оған аса мән бермедiк, көңiлге тоқымадық. Ақынның асыл қасиетiн, өлеңдерiнiң құдiретiн кейiн түсiндiк.
Ақынның арғы атасы Қалқаш батыр. Одан тараған Құдайбердi мен Бәйiмбет Есiл өңiрiн жайлаған ел. Бәйiмбеттен Жоламан, одан Дәулетей туады. Дәулетейден жетi бала тарайды. Сол жетеудiң бiрi Тәйiрбердiден Құлеке батыр (Шал ақынның әкесi), екiншiсi Қабайдан менiң аталарым тарайды екен. Соған қарағанда бiз ақынмен бiр бұтақтың екi жапырағы сияқты екенбiз. Сайып келгенде, Шал ақынның әкесi де, арғы атасы да батыр болған. Ақындық пен батырлықтың ұштасуы да табиғи заңдылық сияқты.
Шал ақынның әкесi Құлеке батыр, ру басы, қолына қару алып елiн, жерiн қорғаған iрi тұлғалардың бiрi. Ол Ресей мен Қытай арасында хан тапсырмасымен елшiлiкте жүрген, атақты Абылайдың сенiмдi серiгi болған, қоластында қызмет атқарған. Бұл тарихи шындық, жазба деректерiнде сақталған. Құлекенiң шешесi Үйсiн атақты Төле бидiң қызы екен. Құлекенiң өзiнен алты ұл туады, Шардақтан ұрпақ қалмайды. Ал, Құлекенiң басқа Бәбеке, Мәңке балаларынан қалған ұрпақ бүгiнгi Шал ақын ауданында көбейiп тұрып жатыр. Сайып келгенде, Құлекенiң батырлығы мен ақылдылығы тең болған. Ол жөнiнде мына жәйттердi айта кетуге болады. Орта жүз рулары XVIIIғ. орта кезiнде Түркстаннан солтүстiкке қарай ауысады. Бүгiнгi Солтүстiк Қазақстан облысының Есiл өзенi аймағын ол кезде естектер (башқұрттар) мекендеген едi. Атығай рулары мен естектер арасында iрi қақтығыс, кескiлескен ұрыс басталады. Сол ұрыста елдiң Жантелi, Меңдеке, Тiлеке батырлары қазаға ұшырайды. Олардың кегiн кейiн Құлеке (Тiлекенiң iнiсi) алады. Ол кездегi Орта жүздiң ханы Әбiлмәмбет Түркiстанда тұрды. Абылай сұлтан Атығай елiн басқарды және ол түстiктегi (Ресеймен шекаралас) елдi мекендердiң мәселесiн шешуде үлкен роль атқарды. Мәселен, Абылай сұлтан өзiнiң сенiмдi серiктерi Құлсары, Құлеке батырлармен орыстың Троицк қорғанына елшiлiкке барады. Онда өзара қарым-қатынас, келiсiм мәселелерiн талқылайды. Орынбор қаласында өткен Ресеймен ерiктi қосылу жөнiндегi "ант беру” рәсiмiнде де болады. Хан алдағы аталған үшеуiне темiр сауыт сыйлайды. Бұл деректер жазба түрiнде сақталған (Казахско-русские отношения в 16-18 веках. Алматы, 1961г.,Ч.Валиханов собр.соч. т.1, "Қобыз сыры” М.Мағауин. Алматы, 1968г.). Құлеке батырдың елi Есiл бойындағы Борлық өзенiнiң маңын мекендеген, Абылай сұлтан Атбасар өзенi мен Жыланды тауын жайлайды, ал Құлсары батыр Қызылжар маңында қоныс тебедi. Құлеке батыр шамамен 1765 жылдары қайтыс болады. Ол Есiл өзенiнiң жағасындағы Аютас деген жерге жерленедi. Бұл бүгiнгi Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласының маңы. Бiрақ батырдың өзiнiң өсиетi бойынша, ол өлген соң 40 жылдан кейiн зиратын қопарып, сүйегiн былғары қапқа орап, Шал Түркiстанға апарып жерлейдi. Бұл арада мына деректердi де айта кеткен жөн.
Түркiстанның 1500 жылдық тойына қарсы Жолтай Жұматпен Есберген Алаухан деген азаматтардың ресми деректерге сүйенiп жазған "Қасиеттi мекендегi қала” атты кiтабы жарық көрдi (Астана, 2000 жылы). Сол кiтапта "бабалар рухы тiл қатса” деген тақырыпта Қожа Ахмет Иассауи кесенесiнде елiмiз бен жерiмiздi қорғаған атышулы аталарымыз бен бабаларымыздың сүйегi жерленген делiнген. Олардың көпшiлiгi ақтық сапарға аттанар алдында өсиет, аманат айтып кеткен. Бүгiнгi таңда табылған зираттың (кесенеде жатқан) құлпытасында жазылғандар саны 121. Соның iшiнде (төре тұқымдарымен қатар) Қойлы Атығай Аңдықожа батыр мен Бәйiмбет Құлеке батыр Тәйiрбердiұлы да бар. Тарихи деректерге сүйенсек, Құлеке батырдың болған кезеңi, ортасы, халыққа сiңiрген еңбегi жорамал емес, айдан анық. Соған қарап Шал ақынның да өмiрiн, кезеңiн дұрыс болжап айтып отыр.
Шал ақын өзiнiң өлеңдерiнде Атығай руының бес батырын атап кетедi. Олар: Жантелi, Жәпек, Меңдеке, Тiлеке, Құлеке батырлар. Жантелi мен Жәпек батырлар, Құдайбердi ұрпағынан, ал, Құлеке, Тiлеке, Меңдеке Бәйiмбеттен тарайды. Жәпек батыр да Абылаймен бiрiгiп қалмақтармен соғысады, тұтқынға да түседi, кейiн Уәли ханға да қызмет етедi. Ал Жантелi, Меңдеке, Тiлеке батырлар естектермен (башқұрттар) соғыста қаза табады дедiк жоғарыда.
Шалдан бiр ұл -Мәлiбай және қыз - Мәлике туады дейдi. Мәлiбайдан - Сәкiбай, ал одан Төлеген туады. Төлегенннiң артында Жәмила деген бiр қыз қалады. Ол бұрынғы Рузаев (Бүгiнгi Целинный) ауданында тұрып (Қара-Ағаш ауылында), бертiн 71 жасында қайтыс болады (1944жылы). Ал қызы Мәликеден Айтпай, одан Наушабай, одан Нүржан туады. Соңғысы Шал ақынның жиеншары. Яғни, Нүржан Наушабаев нағашысына тартып белгiлi ақын атанады (Қостанай облысында). Жас Тiлеуке батыр әкесiмен ерiп жүргенде хан алдына кез болады деген сөз бар. Сонда баланың талабына риза болған хан "Шал болсын” деп батасын берген екен. Одан соң ерте есейген Тiлеукенi жеңгелерi де, замандастары да "Шал” деп атап кеткен. Сөйтiп, ол жас кезiнен бастап "Шал ақын” атанады деген аңыз бар. Шал ақынның өмiрдеректерi қай жерде болсын қысқа берiледi. Бiрақ оның өлеңдерiн оқи келе қандай адам болғанын байқау қиын емес. Адамның бесiктегi кезiнен бастап, шау тартып шал болғанға дейiнгi жағдайын ол өлеңмен суреттейдi. "Бiр жаста, екi жаста бесiктемiн, Бес жаста тәңiрi берген несiптемiн, Он жаста сүт емген қозыдаймын - деп келiп, Жиырмадағы жасым-ай , Көлге бiткен құрақтай, Отыздағы жасым-ай таудан аққан бұлақтай, немесе Отызында ор қояндай, Қырқында қынаптан шыққан қылыштай” деп армандайды. Ол қартайған шағында: Елу-ердiң жасы, Жетпiс - оттың басы, Сексен- шоқтың қасы - деп өкiнiш сезiмiн бiлдiредi. Шал ақын шығармашылығының тақырыбы әр қилы: Қазақтың салт - дәстүрi, әдет - ғұрпы, дiн, оқу, тұрмыс, адам өмiрiнiң кезеңдерi, жанұя, әйел т.б.. Әйел жөнiндегi өлеңдерi көбiне қалжың, сықақпен берiледi. Ата - тегiнiң шежiресi, қоңторғай кедейлiк кезеңдерi де өлеңдерiне арқау болады.
Шал ақынның өлең жырларының қаймағы бұзылмай, iркiлмей ел арасында сақталуы ақынның дарындылығынан, адалдығынан, сезiмталдығынан, ұшқыр - әзiлқойлығынан деп бiлемiз. Зерттеушiлер ақынды суырыпсалма, төкпе ақын деп тегiн айтпаған. Сондықтан да мұндай ақын халық жүрегiнен мықтап орын алып, сүйiктi ақынға айналуы заңды құбылыс. Ол өзiнен бұрынғы ақын - жыраулардың дәстүрiн жалғастырып, айтыс өнерiнiң негiзiн салушылардың бiрi болып отыр және қазақ поэзиясын тақырыптық жағынан байыта түскен ақын. Шал ақынның бiлiмдар,дiндар болғанын оның өлеңдерiнiң мына жолдарынан байқаймыз: "Мен өзiм талай сөздi хатпен жаздым”. "Молдадан сабақ алсаңыз алуа, шекер балмен тең”."Дария - сия болса, қамыс - қалам, жер жүзi қағаз болса рахаттанам”┘ Ол бiлiмдi, сауатты, пенделiгiн мойындап, дiнге сенген адам. Бiрақ дiндi аса уағыздап, үлкен саясатпен айналысқан адам сияқты емес.
Екi ғасыр бұрын өмiр сүрген Шал ақын бiзге қалай жеттi? - деген ой туындайтыны сөзсiз. Шал ақын жөнiндегi деректер де бүгiнгi таңда аз емес. Мұның сыры неде? - деген екiншi сұрақ туындайды. Ұрпақтан ұрпаққа жетiп, ауыздан ауызға жатталып келген Шал ақын өлеңдерi өзiнiң құндылығымен, қасиеттiлiгiмен сыпатталады. Өткен ғасырдың екiншi жартысында Шал ақын туралы деректер жинастырылып, баспа беттерiнде жариялана бастады. Табылған дүниелердiң бәрi де Қазақстан Ғылым Академиясының Орталық кiтапханасындағы сирек қолжазбалар қорында және М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының Қолжазба орталығында сақталуда.

Шал ақын шығармашылығы және ол жөнiндегi зерттеулер жеке кiтап болып шықпағанмен көптеген жинақтарда басылды. Атап айтсақ алғашқы жинақ "18-19 ғ. қазақ ақындарының шығармалары” деген кiтапта Шал ақынның 14 өлеңi берiлдi (1962ж.). Одан соңғы жинақтар "Үш ғасыр жырлайды” (1967ж.), "Алдаспан”құрастырушы М.Мағауин (1971 ж.), ақынның мұнда 80 өлеңi басылған. Тағы да "15 - 18 ғ. қазақ поэзиясы” (1982ж.), "Бес ғасыр жырлайды” (1989ж.), "Қазақ хандығы дәуiрiндегi әдебиет” (1993ж.) жинақтары баспадан шықты. Онда Шал ақынның 90-нан аса өлеңдерi басылған. Сөйтiп, келесi басылымдарда ақынның өлеңдерiнiң саны көбее түскен.
1999 жылы Шал ақын шығармашылығын кеңiнен жариялаған, ол жөнiнде жеке кiтап болып шыққан "Шал ақын Құлекеұлы” атты еңбек. Бұл кiтапта ақынның жүзден аса өлеңдерi және ол жөнiндегi көптеген зерттеулер берiлген. Бұл үлкен қажырлы еңбектiң, iзденiстiң, әдеби,ғылыми зерттеулердiң нәтижесi деп бiлемiз. Сөз жоқ, бұл iспен айналысқандар зерттеушi-ғалымдар, аспирант-жастар екенi белгiлi. Оларға жағдай жасап, қол үшiн бергендер Шал ақынның жанашырлары, жерлестерi, туыс - ұрпақтары болды. Шал ақын туралы алғашқы сөздi Шоқан Уалиханов айтқан едi. Ол өзiнiң шығармаларында Шал ақынды жоғары бағалап, құрметтеп жазып кеткен. Шоқан шығыс елдерiне тән ақындық дәстүрдi айта келе, қазақ халқының шежiресiн эпос етiп жырлаған ақындық өнердiң бiрден-бiр атақты өкiлi Шал ақын едi дейдi. Яғни, ақынның ата-тегiн жазады, оны "Шал жырау” деп атаған. Ендеше Шал ақынның дәрежесi Шоқан кезiнде де жоғарыдан байқалады.
Өткен ғасырдың (20ғ.) бiрiншi жартысында Шал ақын аз айтылады, аз зерттеледi. Тек 1929 жылы "Жаңа әдебиет” журналына ақынның бiр-ақ өлеңi басылады. Содан кейiн 1937 жылы белгiлi фольклорист, түркi тiлдес халықтардың ауыз әдебиетiн зерттеушi Хасан Шаяхметұлы Шал ақынның 125 жол өлеңiн Ғылым Академиясына табыс еткен. Бұл өлеңдер Қазан университетiнiң кiтапханасындағы шығыс қолжазбалары қорынан табылған. 1958 жылы "Қазақ әдебиетiнiң” бетiнде жерлес жазушы Ғалым Малдыбаевтың "Шал ақын кiм?”- деген тамаша мақаласы және ақынның сегiз өлеңi жарық көрдi. Шал ақын шығармашылығына алғаш қозғау салған Ғалым Малдыбаевтың еңбегiн ерекше атаған жөн. Одан соңғы iстi жалғастырған, ақын мұрасын тырнақтап жинаған Мұхтар Мағауин. Ол белгiлi зерттеушi, әдебиетшi - ғалым.
Шал ақынға деп әдейi арналып шыққан алғашқы кiтаптың алғы сөзiн жазған белгiлi азамат Жұмат Тiлепов (ф.ғ.д. қолжазба және текстология бағытындағы iрi ғалым) Шал ақын жөнiнде әдемi пiкiрiн жазыпты. Онда былай делiнген: "Екi жарым ғасырға жуық уақыт бойы шығармалары ел жадында осыншама көлемде сақталған Шал Құлекеұлы - тек бiздiң ұлттық әдебиетiмiзде ғана емес, жалпы дүние жүзi халықтарының әдебиетiнде өте сирек кездесетiн феномендiк құбылыс. Ол қазақ әдебиетiнiң айтыс өнерiнде шағын да болса шығармасы сақталған бiрiншi ақын”. Бұл, әрине, ақынға берiлген үлкен баға. Елiшi алтын қазына, рухани байлықтың көзi, әсiресе, ауыз әдебиетiнен қалған көне поэзияны сақтаушы. Шал ақын жөнiндегi көптеген деректердiң ел аузынан алынғандығы осының дәлелi болмақ. Әрине ақындық та, ақын өлеңiн жадында сақтау да кез-келген кiсiнiң қолынан келе бермейдi. Ауызы дуалы, белгiлi дарыны бар адамдар ғана ескi, көне мұраларды бiзге жеткiздi. Мәселен белгiлi ақын Ғалым Молдыбаев, ағаш шаруашылығы (Шал ақын ауданы) орталығында тұрған, Шал ақынның ұрпағы Қошан Жантiлеуов, Жаңажол ауылында тұрған Ғаббас Елеусiзов (кейiн Алматыда аудармашы болып iстеген) ақынның ондаған өлеңдерiн қолжазбалар қорына табыс еткен. Осы аталған ауданның Приишим кеңшарында тұрған Жанақым Әлiбаев, Мырзахмет Өзбеков, Балуан ауылынан Қазақстан республикасына еңбек сiңiрген мұғалiм, жазушы Сейтен Сауытбеков, Баян ауылынан Шадат Есмағанбетов, Самарқан Жұмадiлов, Көктерек ауылынан облыстың халық ақыны Ахметжан Нұртазин, Еңбек ауылынан, халық ақыны Молдахмет Тырбиевтер Шал ақынды келесi ұрпаққа жеткiзуге атсалысты, ақынды танытты. Шал ақын шығармашылығын қайта түлеткен Қазақстанның әдебиетшi, тарихшы ғалымдарына, ақын-жазушыларына, одан соң бүгiнгi атақты жерлесiмiз Аманжол Қошановқа, Кәкiмбек Салықовқа, Шота Уалихановқа, Герольд Бельгерге, Еслам Зiкiбаевқа т.б. мұндағы жұртшылық атынан үлкен алғысымызды бiлдiремiз. Шал ақынға арналған кiтаптың шығуы алдағы аталған азаматтардың арқасы деп бiлемiз. Ақынның есiмiн мәңгi сақтау жөнiндегi iс-шаралар да осы азаматтардың әсерi деп түсiнген жөн.
Сонғы жылдардың iшiнде Шал ақынға деген үлкен бетбұрыс, игiлiкi iстер атқарылып жатыр. Атап айтқанда, Алматыда республикалық (халықаралық) деңгейде, облыстық көлемде ақынға арналған ғылыми-теориялық конференциялар өткiзiлдi. Сергеев ауданына Шал ақын аты берiлдi. Айта кетсек, 1993 жылы облыс әкiмшiлiгiнде бұл ауданға "Аю тас” атын беру жөнiнде мәселе қаралған едi. Сол мәжiлiсте Қабдырақым Жақыпов бұл ұсынысқа қарсы шығып, "бұл iске бiз асықпайық” деп көрегендiк көрсеткен едi. Соның нәтижесiнде кейiн ауданға "Аю тас” емес, "Шал ақын” аты берiлдi. Қабдырақым Жақыпов мырзаға үлкен ризашылығымызды бiлдiремiз. Сонымен қатар Шал ақын жөнiндегi бастамалардың басы - қасында болып, терiн төккен Сергеев қаласының тұрғындарына, аудан басшыларына, ақсақалдар алқасына, әсiресе, ақын ұрпағы Уап Латановқа шын жүректен алғыс сезiмiмiздi бiлдiремiз.
Атқарар iстер алда көп. Шынын айтсақ, қазақ әдебиетiнiң алыптары Қожаберген жырау, Сегiз Серi, Шал ақын, Үкiлi Ыбырай сияқты жерлестерiмiздiң асыл мұралары мектеп және басқа оқу орындарының оқу бағдарламасынан тыс қалған. Бүгiнгi жастар түгiлi, бүгiнгi ақсақалдар да бұларды бiлмейдi. Олардың шығармалары жетiспейдi, жарыққа шыққан дүниелерi жергiлiктi жерге жетпейдi. Оқулық пен хрестоматиялар жоқ. Әрине, бұл оқу жүйесiнiң жұмысы, келешектiң iсi. Шал ақынның есiмiн мәңгi сақтау үшiн жасалып жатқан жұмыстар ендi ғана басталды деуге болады. Шал ақын ауданының орталығы Сергеев қаласында ақынның ескерткiш-мүсiнiн орнату iсi қолға алынуда. Келешекте Қызылжар қаласында бiр көшенiң аты ақынға арналуы тиiс. Шал ақын атындағы айтыстар, жарыстар, кездесулер, естелiктер, зерттеулер өз жалғасын табары сөзсiз. Сөйтiп, бiрте-бiрте әйгiлi ақын бабамыз ұлт тарихынан, халық жүрегiнен лайықты орынын алады деп сенемiз.

ҒАЛЫМ ҚАДIРӘЛIҰЛЫ: ШАЛ АҚЫН ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ТӘРБИЕЛIК ОЙ-ПIКIРЛЕР

1998 жылы XVIII ғасырдың екiншi жартысында өзiнiң тамаша шығармаларымен қалың елге танылған жырау-ақын жерлесiмiз Шал (Тiлеуке) Құлекеұлының туғанына 250 жыл толуы бүкiл республикада аталып өттi.
Кезiнде Шал жырларының халық арасына кең тарауы, оның есiмiнiң жұрт аузында зор сүйiспеншiлiкпен аталуы жыраудың ардагер ақын, қоғамдық мәселелердi келелi сөз еткен азамат болғанын байқатады. Оның шығармаларында қоғамдағы әлеуметтiк теңсiздiк, заманның өзгерiсi, әйел тендiгi, адамгершiлiк мәселелерi, табиғат, тiршiлiк тынысы жан-жақты сөз болады.
Ақынның өмiрi мен шығармашылығы туралы облыстық газетте бiрнеше мақала шықты. Мен оның поэзиясындағы педагогикалық тәрбиелiк ой-пiкiрлерi туралы айтпақпын. Өйткенi, ақынның педагогикалық ой-пiкiрлерiнiң бiздiң қазiргi жастарымыз үшiн де тәрбиелiк мәнi зор.
Шалдың дүниеге көзқарасында дiншiлдiк сарын сезiлiп отырады. Өйткенi ақын өз заманының перзентi ғой. Бiрақ ақын әрбiр сөзiн құдай, пайғамбар атымен байланыстыра бермейдi. Оның өлеңдерiнiң басым көпшiлiгiнде адамгершiлiк мораль мәселесi сөз болғандықтан, не жақсы, не жаман деген дидактикалық ой-пiкiр көбiрек айтылып, өзi өмiр сүрiп отырған қоғамның мүшелерiне ақыл, насихат айтуды басты мақсат еткен. Ақын өз өлеңдерiнде жақсылық қайдан шығады, жамандық неден туады, жақсы мен жаманның айырмашылығы неде деген мәселенiң төңiрегiнде сөз қозғайды.Бiр өлеңiнде ақын:

Жақсыны алыс, жаманды жақын деме,
Жақсы атансаң, бiреудiң қақын жеме.
Жақсымын деп бiреудiң қақын жесең,
Жаман адам сол болар, мақұл деме,-

дейдi. Бұл пiкiр халық педагогикасында айтылатын "Тура биде туған жоқ”. "Жақсы - көпке ортақ” деген ой-пiкiрмен ұштасып жатыр. Тағы бiрде ақын:

Жаман сол жақсы сөздi ұға алмаса,
Ғалым болмас ұстаздан бұға алмаса.
Молда есiмiн алғандар толып жатыр
Не керек ғылым бойға жұға алмаса, -

деп жастарға ғылым жолын қуып, ғалым болуға тырысуды нұсқайды. Жас кезде шама келгенше оқу мен өнерге молынан сусындау кажет, өйткенi жастықта не болса да бойға оңай және тез сiңедi деген идеяны паш етедi, жастардың бойында өнерлiлiк, зиялылық, парасаттылық болуы тиiс деп тұжырым жасайды.

Жақсының жүрген жерi той болады
Ақыл жоқ кей адамда бой болады.
Көрмеге қандай жаман болса дағы
Парасат кей шаһбазда ой болады...

- деген ақын сөздерiнен парасаттылық бойға, көрiкке байланысты емес, көзге қораш адамдардың iшiнде де жаны жайсаң, рухани байлығы мол адамдар болуы ықтимал деген пiкiрдi аңғарамыз. Шалдың мұндай өлеңдерiнiң мақсаты - жұртшылықты жаманшылықтың кесепатынан жирендiрiп, бойына жақсылық шапағатын дарыту. Бұл шығармалардың өз кезiнде жастарды тәрбиелеуде игiлiктi роль атқарғаны күмәнсiз. Сонымен бiрге бұл шығармалар қазiргi кезде де өзiнiң тәрбиелiк мәнiн жоғалтқан жоқ.

Майда бол жiгiт болсаң тал жiбектей,
Жарамайды қатты болу тiкенектей.
Бiлiмiң болса дағы ұшан-теңiз.
Пайда жоқ өз халқыңа қызмет етпей...

- деп ақын өнерлi, бiлiмдi азаматтың халқына адал қызмет етуiн қалайтынын көрсетедi. Адам қоғамда көп жасағандығымен емес, бiлiмiмен, еңбегiмен бағаланады деп ұққан ақын:

Адамды жөн бiлетiн дана деп бiл,
Iстерiң жалқау жанның шала деп бiл.
Құр жасы елулерге келсе дағы
Бiлiмсiз сондай жандар бала деп бiл, -дейдi.

Отбасы бақыты, алған жар мен өсiрген балаға байланысты деген ой ақын өлеңдерiнде жиi кездеседi:

Жақсы әйел дәулетiңе жөн келтiрер,
Әйелiң долы болса күнде өлтiрер.
Жақсыдан жаман туған бала болса,
Атағы үйде жатқан сөз келтiрер... - деп өз ойын жайып салады.

Ақын өлеңдерiнде нәресте, бөбек, сәби, бозбала сана-сезiмiнiң қалыптасып даму ерекшелiктерi жайында да салиқалы ой түйiндерi кездеседi. Оның пiкiрiнше, адамдық қасиеттерге кiсi бiрден жетiлiп, iштен тумайды, балалық сана-сезiм, тәлiм-тәрбиенiң, ойынның, ортаның арқасында өсiп, дамып қалыптасады.

Бiр жаста, екi жаста бесiктемiн,
Бес жаста тәңiрi берген несiптемiн.
Алты жаста қайыңның тозындаймын,
Он жасымда сүт емген қозыдаймын,
Он бесте жарға ойнаған лақтаймын,
Бой түзеп жиырмада сылақтаймын...

-деген өлең жолдарынан бала сана-сезiмiнiң даму жолы, бой мен ойдың қатар дамуындағы әр жастың өзiне тән ерекшелiктерi, түрлi iшкi-сыртқы ой мен iс-әрекет баланың жан дүниесiн бiртiндеп нәрлендiрiп, жаңа мазмұнға ие болып отырғандығы байқалады. Шал ақын бiр толғауында жастарға досыңа адал бол, түрлi ғылым мен өнерге жас кезiңнен кiрiспесең, соңынан өкiнерсiң деп ескертедi:

Досқа жалған сөйлесең,
Өзiңдi-өзiң ұрғаның.
Түрлi ғылым, өнерге
Жаста ғадет қылмасаң,
Бәйтеректей қайыспай
Қоңырайып тұрғаның...

(Бұл толғау Шалдың бесiншi ұрпағының бiрi Досмағанбетов Рашит ақсақалдың есiнде сақталыпты).
Қазақ халқында келiнге деген iлтипат оған деген зор құрметке айналған. Бала тәрбиесi, отбасы ұйтқысы келiндерге байланысты. Келiн жақсы болса, отбасы тату, ағайын-туыстың аралас-құраласы да келiннiң кiшпейiлдiлiгiне, сыйластығына байланысты деген халық қағидасы ақын өлеңдерiнен өзектi орын алған. Ақын "ақырған аждаһадай аю келiн бар, үлкенге iзет, жасқа қамқор ақылды, арлы келiн ер азаматпен тең түсер, iзгi жан, сондай әдептi үлгiлi болыңдар”, - деп жастарға өсиет айтады. Тағы бiр өлеңiнде ол:

Келiн жақсы болса,
Үйiне көп кiсi келедi.
Келiн жаман болса,
Келген кiсi кеткiсi келедi,
- деп қазақтың байырғы қонақжайлылығының өзi де келiнге байланысты екенiн көрсетедi. Сонымен бiрге Шал жастарға жас өмiрiңдi бос өткiзбе, елiңе, Отаныңа пайдалы қызмет ет дегендi уағыздайды.

Байлауы жоқ шешеннен
Үндемеген естi артық.
Бәйге алмаған жүйрiктен
Белi жуан бестi артық,

- деп,халқыңа қызмет етпесең, өмiрiңнiң мәнi болмайды, құр мақтанып, көпiрiп сөйлегенше еңбегiңдi көрсет деген ой түйiндейдi. Халқыңа адал қызмет қыл, ел қамын ойла деуден артық патриоттық сезiм болуға тиiс емес. Мiне, бұл Шал ақынның педагогикалық ой-пiкiрiнiң келер ұрпаққа айтар өсиетiнiң тобықтай түйiнi. Келер ұрпаққа осындай тәрбиелiк мәнi бар өлең-жырлар қалдырған ақынның мектептерге арналған қазақ әдебиетi оқулығында орын алмауы таңдандырады. Орта мектептiң 9 сыныбына арналған қазақ әдебиетi оқулығында (Алматы, "Рауан” 1995ж.) "XI-XVIIIғасырлардағы қазақ әдебиетi” деген тарау бар. Сонда Қазтуған жыраудан (XVғ.) бастап, Бұқар жырауға (XVIIIғ.) дейiн орын берiледi де, XIXғасырдың бiрiншi жартысындағы Махамбет Өтемiсұлына түсе қалады. Ал жыраулар мен ақындарды жалғастырып тұрған әрi жырау, әрi ақын Шал Құлекеұлы туралы бiр сөз айтылмайды.
Бiздiңше, бұл үлкен ағаттық. Қазақ мектептерiнiң мұғалiмдерi шәкiрттерiн Шал ақын мұраларымен таныстырып отырулары жөн. Шал ақынның қазақ әдебиетiнде алатын өз орны бар. Ол Бұқар жыраудан кейiн тұруға тиiстi. Қорыта келгенде айтарымыз, ақындардың атасы атанған Шал ақын шығармаларының тәрбиелiк мәнi де зор. Сондықтан мектептiң әдебиет оқулығы бағдарламасына енгiзген жөн.
Категория: Ш | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Тілеуке, Құлекеұлы, ақын
Просмотров: 4385 | Загрузок: 449 | Рейтинг: 5.0/2
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar