Главная » Файлы » Ұлы заман Тұлғалары » Қ

Қожаберген жырау
[ · Скачать удаленно (67.5Kb) ] 07.11.2012, 22:24
"ӘЗ ТӘУКЕГЕ ҚЫЗМЕТ ҚЫП, ЖАЗДЫМ "ЖЕТІ ЖАРҒЫНЫ”

Өскелең ұрпақты өткеннің өнегесімен тәрбиелеу қажет. Көкірегінде өткенімізге деген мақтаныш сезімі ұялағанда ғана олардың бойында отаншылдық асқақ рух пайда болмақ."Жеті жарғы” және Қожаберген жырау” қоғамдық қайырымдылық қорының негізгі ұстанған мақсат-мұраты да осы.
Бабалардың ғасырлар бойғы арманы орындалып, азаттықтың ақ таңы атып, төбемізде тәуел¬сіздіктің көк туы желбіреді. Еге¬мен ел бо¬лып, еңсемізді тіктедік. Бай та¬ри¬хымыз¬дың барын бағам¬дап, жоғын түген¬деп, келмеске кеткен кер заманның кесірінен ақтаң¬даққа айналған тұстарын жады¬мыз¬да қайта жаң¬ғыртып жатырмыз.
Бұған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Мәде¬ни мұра” бағдарламасын әзірлеп, іске асыруды тапсырғаны негіз. Бағ¬¬дарламаның мақсаты – ха¬лықтың орасан мол мәдени мұра¬сын, со¬ның ішінде осы заманғы ұлттық мәде¬ниетін, фольклорын, дәстүр¬лері мен салттарын зер¬делеудің біртұтас жүйесін жасау, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар елеулі мәдени-тарихи және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді қамтамасыз ету, ұлттық әдебиет пен жазудың санғасырлық тәжіри¬бесін қорыту және кеңей¬тілген көркем, ғылыми, өмірбаян¬дық дестелер жасау.
Айтулы бағдарлама негізінде еліміздің бай мұрасы зерттеліп, қорғалуда, тарихи және мәдени ескерткіштер қалпына келтірілуде. Солтүстік Қазақстан облысы аумағында мемлекеттік қорғауға алу үшін 600 ескерткіш Үкімет қарауына ұсы¬нылған. Оның ішін¬де архитек¬туралық, архе¬ология¬лық, тарих, монументтік өнер ескерт¬кіш¬тері бар. Респуб¬ли¬калық ма¬ңызы бар¬лары – 7.
"Жеті ата¬сын біл¬мейтін ер жетесіз, же¬ті ғасыр тବри¬хын біл¬мей¬тін ел жетесіз” деп атам қазақ бе¬кер айт¬па¬ған ғой. Біз ата та¬рихын са¬ра¬лап, тарих қо鬬¬¬¬¬науын арବ¬лап, ұлы¬лары¬мызды дара¬лаудамыз. Ондағы мақ¬сат – ұлыларды зерттеп, олардың мол мұрасын кейінгі келер ұрпаққа аманат ету.
Өткенге тағзым етіп, ата тарихын таразылауда атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Сонау замандарда исі қазақтың ұранына айналған, жаугершілік заманда құрып кетудің аз-ақ алдында қалған үш жүздің басын біріктіріп, жауға шапқан батыр бабамыз Абылай ханның Қызылжардағы ордасы қайта қалпына келтіріліп, санадан біртіндеп өшіп, жас жеткіншектерге беймәлім болып бара жатқан баба аты қайта жаңғырды. Бүгінде жас ұрпақты ерлікке, елжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелейтін бірден-бір орынға, қаламыздың көркіне, мақтанышына айналды.
Сондай орындардың қатарына Айыртау ауданының Сырымбет қорымындағы Шоқан Уәлихановтың мемориалдық мұражайы мен оның әжесі Айғанымның мұражай қонысын, Жамбыл ауданында Қожаберген жыраудың жерленген жерінде орнатылған ескерткішті тағы басқаларын атап айтуға тұрарлық.
Бұдан басқа да ғибратты ғұмырлары мен ұлағатты сөздері исі қазаққа ортақ от ауыз, орақ тілді би-шешендер, елдік пен ерліктің қорғаны батыр-бағыландар мен ел ұстыны болған қайрат¬кер тұлғалар тарихы Қызыл¬жар өңірінде аз емес.
Солардың бірі һәм бірегейі – Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген, әзірше ел тек жырау деп қана таныған Қожаберген Толыбайсын¬шыұлы.
Ал нағыз мәніне келер болсақ, қасиетті бабамыз қазаққа ғана қорған боп, қалмаққа қарсы шапқан көп батырдың бірі емес, әділ билігімен, хас батырлығымен алты алаштың айбыны болған ірі тарихи тұлға.
Бүгінгі міндет – Қожабергенді өскелең ұрпаққа басқа қырынан таныту. Қожаберген – батыр, баһадүр, көрнекті мемлекет қайраткері, дауылпаз жырау, замана дүлділі.
Ол Үргеніш медресесін бітірген, өз зама¬нының білімді адамы болған. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік білген. Сондықтан Әз Тәуке хан Қожаберген баһадүрді елшілік жүргізу ісіне де пайдаланған. Демек, ол дипломат, замана саясаткері десек артық айтқандық емес.
Қожаберген жырау 1683-1688 жылдары Әз Тәуке ханның қарамағында елшілік қызметін басқарған екен. 1688 жылдан бастап үш жүздің жасағына бас қолбасшы болған. Ол тек қазақ жасақтарына қолбасшы болып қоймай, қалмақ басқыншыларына қарсы ұзақ жылдарға созылған соғыстарда жаулардан қысым көрген Ноғай, Сібір татарлары, Қарақалпақ халықтарының әскерлерін де соңынан ерткен көрінеді. Оны мына өлең жолдарынан да анық байқауға болады:
Басқарып Үш жүз қолын жиырма үш жыл,
Орнымды Бөгенбайға бердім биыл.
Еш сардар қалт қылған жоқ жарлығымды,
Кезінде ұзақ соғыс күндер қиын.
Кейін Қожаберген Әз Тәуке ханға өзін ордабасылықтан босатып, орнына талай ұрыстарда ержүректігімен, батырлығымен көзге түскен Қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлын ұсынып, сайлатады. Ол жайында Бұқар жырау былай жырлаған екен:
Қожаберген ғадыл ер,
Қадірін білген қалың ел.
Бөгенбайдай батырға,
Билігін берген ардагер.
Қожа-екеме Бөгенбай –
Шәкірт болған жан еді, – десе, Бұқардың өзі де Қожабергенді ұстаз санаған. Оны әйгілі Бұқар жыраудың "Ұстазым” атты дастанын¬дағы мына шумақтардан анық аңғаруға болады:
Жалаулы найза, қобызды,
Домбырасын қолға алған.
Қамалға шабар алдында,
Шығарып өлең толғаған.
Қиын-қыстау кезеңде,
Намысын қозғап өлеңмен.
Батыр, ақын ұстазым,
Қалың қолға дем берген, – дейді.
Сондай-ақ бұл жолдардан батыр баба жауына қарсы шабарда қолдағы қаруына қоса өзегін жарып шыққан өлең сөзін де қару етіп, сөз құдіретімен жауынгерлердің намысына қозғау сап, жігерін жанып отырғандығы байқалады.
Кешегі сұрапыл соғыс кезінде "Отан оттан да ыстық”, "Отан үшін отқа түс, күймейсің” деп жауынгерлерін қаһарлана қайраған аты аңызға айналған хас батыр, халқымыздың қадірменді перзенті Бауыржан Момышұлының өрлігі мен ерлігі батыр баба рухымен үндесіп жатқаны қайран қал¬дырады. Рух сабақтас¬тығының үзілмегеніне риза боласың. Бабадан балаға мирас боп қалған қазақ қанындағы қаһармандық рух жалғаса беретініне сенгің келеді.
Жырау баба тарихта "Ақтабан шұбы¬рынды, Алқакөл сұлама” деген атпен белгілі жойқын апатты басынан өткеріп, көзімен көрген. Осы қырғында ол бауыр еті батыр балалары Науан мен Әсеттен, жан алысып, жан беріскен батырлар Ермек пен Айбектен айрылып құса болады. Қиын-қыстау кезеңде басынан өткен қайғы-қасірет, шер-мұңды күйші, әнші әрі ақын бабамыз "Елім-ай” күйі, "Елім-ай” әні және "Елім-ай” жыры арқылы сыртқа шығарса керек.
Айбынды батыр, дарынды жазушы Бауыр¬жан Момышұлы "Елім-ай” жыры туралы: "Керей Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақын¬дары¬ның бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көле¬мін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің "Елім-ай” жыры – әскери дас¬тан!” – десе, көрнекті ғылым қайраткері, про¬фессор Ермұхан Бекмаханов: "Қожабер¬ген ақынның "Елім-ай” дастаны – тарихи эпо¬пея¬лық жыр. Әрі сол "Елім-ай” ерлік қис¬сасының бірінші бөлімі – 1723 жылы "Ақ¬табан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат!” – деп бағалаған.
Ғұлама ғалым М.Әуезов "тарихи өлең¬дердің авторы, көбінесе сол уақиғаны көзімен көрген тұстастары” деп ескертеді.
Бертінге дейін ел арасында халық әні ретінде айтылып келген "Елім-ай” әнінің авторы да Қожаберген жырау екендігін соңғы кездегі зерттеулер дәлелдеді. Мұны философ-ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы¬ның "Даналарға” деген өлеңіндегі мына жолдар да растай түседі:
Өнерге құлаш ұрып бала жастан,
Тарихын бұл үш жүздің етіп дастан.
Баласы Толыбайсыншы Қожаберген,
Бой ұрған ерлік іске әуел бастан…
Қолбасы, ақын-жырау һәм елші-би,
Шығарып "Елім-айдай” тамаша күй.
"Елім-ай” әні менен жырын тағы,
Шығарған Қожаберген бабаңды сүй.
Бұл жайында өз заманында С.Сейфул¬лин, Ы.Алтынсарин, С.Торайғыровтардың жазған еңбектерінде де кездеседі.
Қазақ кеңес энциклопедиясының қыс¬қаша төрт томдығының төртінші томында да "Елім-ай” әнінің де, күйінің де, жыры¬ның да авторы Қожаберген екендігі айты¬лады.
Ғалым, академик Манаш Қозыбаев жырау бабаның "Елім-ай” дастанын кең тынысты эпикалық шығарма ретінде әйгілі "Илиада” мен "Одиссея” жырларына теңеп кеткен.
Осы орайда оқырман қауымға, академик ағамыздың аталмыш дастан жайлы айтқан пікірін келтіре кеткен жөн: "Елім-ай” әдеби тұрғыдан алғанда да теңдесі жоқ туынды. Онда тек халық мұңы ғана емес, оның сыры, рухы бар. Автор егіліп те, төгіліп те жыр¬лайды, бірде тарихи тереңдікке бойласа, бірде бүгінгіні қайғырып, болашақты ой¬лайды, философиялық пайымдар¬мен ора¬ғыта толғайды, – деп "Елім-ай” жы¬рына баға бере отырып, осындай құнды дүниені ғасырлар қойнауынан мұра етіп бүгінге жет¬кізген Қожа¬берген баба¬мызды қол бастаған ба¬тыр деп қана қоймай, "Елім-айдай” асылы¬мыздың ав¬торын – "Дауылпаз жы¬рау” деп атау орынды”, – деген екен.
"Елім-ай” дастаны алғашында ауызша туып, кейін оны Қожабер¬геннің өзі хатқа түсірген, жазба күйде сақтаушы Толыбайсыншы ұрпағы – Шақшақ батыр Көшекұлы көрінеді. Оның бүгінге дейін жетуіне ықпал еткен жыраудың соңынан ерген үрім-бұтағы немере-шөбе¬релері. Әрине сан ғасырды араға салып жеткен жыр жол¬дарында өзгерістер де жоқ емес. Дегенмен, осы өмірбаяндық тарихи дастанның келер ұрпақ тәрбиесіне тигізер әсері ұлан-ғайыр. Дастанның әр шумағы жас буын өкілдерін отан¬шылдыққа, ұлтжандылыққа, әділ¬дікке, бауыр¬мал¬дыққа, адалдыққа, достыққа насихаттайды.
Қожаберген жырау бабамызға ақындық аруақ оның жеті жасында қоныпты. Міне, сол құдай берген ақындық өнерінің арқасында одан мол әдеби мұра қалған. "Елім-ай”, "Баба тіл”, "Қорқыт баба”, "Асан ата”, "Еңсегей бойлы ер Есім” дастандары, "Ақсауыт”, "Қарғыс атқан қалмақ-ай”, "Қазақ пен Ноғайдың қош¬тасуы”, "Сылаң сыр” өлеңдері мен "Аңырақай”, "Сұлама”, "Боз айғыр” т.б. күйлері мен өлең-дастандары аттары айтып тұрғандай сол заманнан сыр шертер шежіре шығармалар.
Қожаберген өзіне дейінгі қазақтың ақын-жырауларының өлең жырларын, шығыстың жеті жұлдызы атанған Жәми, Низами, Науаи, Физули, Фирдоуси, Сағди, Рудаки жырларын оқып солардан нәр алған. Соны¬мен қатар ол Рашид ад-Дин, Мырза Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Әбілғазы баһадур хан сияқты білімпаздар жазып қалдырған шежірелерімен таныс болған. Өзі де шежіреші болған. Қазақ халқының шығу тарихына, оның тіліне қатысты тереңнен тамыр тартқан "Ата тек”, "Баба тіл” дастандары осы сөзі¬міздің дәлелдері.
Қожаберген жыраудың баға жеткісіз құнды еңбегінің бірі – екі бөлімнен тұратын "Баба тіл” дастаны. Бірінші бөлімінде қазақ шежіресі туралы, қазақ халқының қалыптасуы, құрамы жайында айтылса, екінші бөлімі қазақ тіліне, жалпы жазба тарихына тоқталады және қазақ тілінің ең көне, бай тіл екеніне талдау жасайды.
Асан қайғы, Жиренше,
Сөйлеп өткен қазақ тіл.
Әз-Жәнібек, Қойлыбай,
Сыйлап өткен ғажап тіл.
Осы тілді жек көрген,
Дүниеден қалар құр.
Бағаласаң шынымен,
Бабаң тілі асыл дүр, – деп өз тілін құрметтеуге үндеген осы бір жыр жолдарын жырау баба бүгінгі ұрпағына ұран етіп ұсынғандай әсер аласың.
Қадыр ақынның "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” дегені де баба рухымен үндесіп жатыр емес пе? Бұл да рух сабақтастығы демеске лажың жоқ.
Ал "Ата тек” дастанында жырау баба қазақ халқының, қазаққа жататын тайпа¬лардың шығу тегін баяндайды.
Өзінің төл мәдениеті болған Ұлы дала өрке¬ние¬тінде "Есім ханның ескі жолы”, "Қасым хан¬ның қасқа жолы”, Әз Тәукенің "Жеті жарғысы” секілді демократиялық қағидаттағы конститу¬циялық негізі бар заң ережелері болғаны белгілі.
Міне, осы "Жеті жарғыны” жазуға Қо¬жа¬бер¬ген жырау тікелей атсалысқанын біреу білсе де біреу білмес. Мұндай аса маңызды, жауапты жұмысты сеніп тапсырғанда Әз Тәуке ханның Қожаберген жыраудың көр¬гені мен түйгенінің молдығын, оның алғыр¬лығы мен зеректігін ескергені анық. Өйткені сардарлыққа дейін Қожаберген жырау Әз Тәуке ханның елшілік қызметін басқарғаны жоғарыда айтылды.
"Жеті жарғыны” жазуда бұл айтыл¬ғандарға қоса, оның жан-жақты мол білімі мен жаза білетін сауаттылығының да септігі тигені анық.
Қожаберген жыраудың "Жеті жарғыны” жазысқаны тарихи дәйектемелермен дәлелденген. Көтеш ақын Райұлы өзінің "Жиен жырау” дастанында:
Ақылдасып үш бимен,
"Жеті жарғыны” жазған ер
Кім десеңіз ол бекті,
Қожаберген кемеңгер – десе, Қожаберген жыраудың өзінің өлеңінде бұған қатысты былай делінген:
Көмектесті біздерге,
Қазыбек, Төле, Әйтеке.
Қазақтың заңын нығайтып,
Тыйым салды тентекке.
"Жеті жарғыны” жазуда,
Іс тындырдым бірталай,
Айтқанымды құп алды,
Деген жоқ ешкім бұл қалай?..
Жазушы Н.Әбутәлиевтің жырау бабаның "Жеті жарғыға қатысты” өзі жазып қал¬дырған өлеңін табуы оған қосымша дәлел:
Мұқияттап хаттадым,
Әз Тәукеге қызмет қып,
Жаздым "Жеті жарғыны”.
Салыстырып талдадым,
Бергі менен арғыны, – дейді.
Бұл Қожаберген жырау бабаның ел қорғаны болған батыр, ширек ғасыр қол¬басы болған сардарбек, ордабасы ғана емес, ел басқару ісіне де етене араласқан қайрат¬керлік сипатын аша түсері анық.
Жалғанда жасаған бір ғасырлық ғұмырының жартысына жуығын ел мен жер бүтіндігін қорғауға арнап, дәлірек айтсақ, қырық бес жыл ғұмырын жорықпен өткізген қасиетті баба бұл жайлы былай дейді:
Жорықта қырық бес жыл ғұмырым өтті,
Орта жас ол да мені тастап кетті.
Ит қалмақ соғысуға душар етті,
Болмаса ақсақалдық кезім жетті.
Жасынан ер жүрегі шерге толған,
Халқына қартайғанда қорған болған.
Қиналып қысылғанда жыр шығарған,
Керейде Қожаберген бабаң мен болам.
"Жігітке жеті өнер де аз” дегендей, тал бойында талай өнер тоғысқан ол, түрлі тақырып¬қа қалам тартып, талай тамаша өлең-дастандар жазған, аспан астын тол¬тырып әуелете ән шырқаған, домбырада күмбірлете күй толғап, қыл қобызда да құйқылжыта ойнаған. Жастайынан-ақ "сегіз қырлы, бір сырлы” жан болған.
Қожаберген қазақтың ақын-жырау¬ларының өлең-жырларын жаттап, мед¬ре¬селерде оқып жүргенде шығыс әдебиетіне ден қойып, Низами, Науаи, Сағди, Рудакилердің шығармаларынан нәр алған.
Арғы бабасы Таузар сардар да, атасы Дәулен батыр да, өз әкесі Толыбайсыншы да өз заман¬дарында үш жүздің әскербасы¬лары және орта жүз қазақтарының ел билеушілері болған екен.
Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Қожабер¬ген жырау да жастайынан өнер-білімге құштарлық танытқан. Самарқан, Бұхара сынды шаһарларда ірі медреселерде оқып, діни сауатын жетілдірумен қабат араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп шыққан.
Алайда оның басты мұраты елін қорғау, жерін сақтау болғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да ол серілік құрып, шал¬қып жүруден гөрі қолына қару алып, қол бастауды жөн көрген. Сардарлық жолды таңдаған.
Оған өзінің мына өлең шумақтары дәлел:
Өнерге жас шағымнан құштар болғам,
Самарқанд, Бұқарадан білім алғам.
Атанып үздік шәкірт қатарында,
Ең үлкен медресесін тәмамдағам.
Ерлікпен мағлұм болдым алыс-жатқа,
Ән шырқап, қобыз тарттық көңіл шатта.
Бітіріп медресені шыққаннан соң,
Имам боп он жетімде міндім атқа.
Он сегізде әйгілі балуан болып,
Он тоғызда іліндім батыр атқа.
Жиырмамда имам болмай, ақын болып,
Сыймайтын іс жасадым шариғатқа.
Тіліне араб, парсы болдым жетік,
Оны да қолданбадым өнер етіп.
Шамамша қол бастаған сардар болып,
Мен жүрдім мұсылманға қызмет етіп.
Қожаберген жыраудың өз өлең-дастан¬дарында кездесетін:
"Кеудеңде шыбын жаның болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын”, немесе,
"Мекенің болсын тау мен орман, тоғай,
Ол жерден жау алуы емес оңай”,
"Сайла орын, жер үй салып, жапан түзден” деген өлең жолдары оның ұрыс қимылын жетік меңгерген асқан стратег екенін көрсетеді.
Кезінде академик Манаш Қозыбаев: "Халқының қырық пайызынан айырылған қайран қазаққа дәл Қожабергендей бағ¬дар¬лама жасаған ел данасы сол кезде кемде-кем. Қожаберген баба тек жеңіс бағдарла¬масын жасап қоймады, "Болды ғой аяқ асты Ота¬ны¬мыз”, "Ер емес жаудың туын құлат¬паған” деп, сардарларын ұрысқа шақыра білді. Қазақ халқы бабамыздың бұл ерлігін еш¬қашан ұмытуға тиіс емес”, – деп жазған екен.
Сол аруақты бабаның туғанына 2013 жылы 350 жыл толады. Ал, халқымыз тарихының тұтас бір кезеңінің қасіреті мен қайғысын, мұңы мен сырын, мұқалмас өр рухын шерткен шежіре-дастан "Елім-айға” 290 жыл болмақ. Міне, осыған байланысты зиялы азаматтардың қолдауымен "Жеті жарғы” және Қожаберген жырау” қоғамдық қайырымдылық қоры құрылды. Қордың басты мақсаты – халқының қорғаны, елінің айбыны болған ардақты бабаның ерлігі мен өр рухын оның мәңгі жасар эпикалық туындысы "Елім-ай” дастанын кеңінен насихаттау, бабаның өмірдерегіне, жорық жолына, ерліктеріне, шығар¬ма¬шылығына, саяси, мемлекеттік қайраткерлігіне бай¬ланыс¬ты тың деректер іздестіріп, тауып, оны одан әрі толықтыра түсу, республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу, Петропавл қаласында батыр бабаға сәулетті ескерткіш орнату, жырау баба мерейтойын жоғары деңгейде атап өту, осы және басқа да іс-шаралардың бағдарла¬масын түзіп, алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізу. Сол арқылы "Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасына үлес қосу болып табылады.
Отаншылдық рухтың негізі ұлттық намыста жатыр. Ал ұлттық намыс ұлттық санадан қорек алады. Тұмшаланып қалған ұлттық санамыздың бодандықтың бодауы¬нан босанғалы ғана енді-енді серпіле бас¬тағаны жасырын емес. Жан-дүниемізді бойкүйездік пен енжарлықтан, ой сана¬мыз¬ды салғырттықтан толық тазарту үшін тарихи жадымызды жаңғыртқанымыз жөн. Сонда ғана ұлттық сана қалыптасады. Со¬ның негізінде ұлттық намыс пайда болмақ.
Өскелең ұрпақты өткеннің өнегесімен тәрбиелеу қажет. Көкірегінде өткенімізге деген мақтаныш сезімі ұялағанда ғана олардың бойында отаншылдық асқақ рух пайда болмақ.
"Жеті жарғы” және Қожаберген жырау” қоғамдық қайырымдылық қорының негізгі ұстанған мақсат-мұраты да осы.
Қандай да болмасын ауқымды іс-шара көп боп бірігіп, жұдырық боп жұмылғанда ғана өзінің оң нәтижесін бермек. "Көп түкірсе көл” деген даналықты да халқымыз бекер айтпаған.
Азаттық жолында жан беріп, жан алысқан батыр бабалардың атын әспеттеп, аруағына тағзым ету тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып отырған әрбір саналы аза¬маттың, бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы деп білемін.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ, "Жеті жарғы” және Қожаберген жырау” қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы.
Категория: Қ | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: жырау, Қожаберген
Просмотров: 2078 | Загрузок: 422 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar