Главная » Файлы » Ұлы заман Тұлғалары » М

Мұрын Сеңгірбекұлы
[ · Скачать удаленно (18.5Kb) ] 06.11.2012, 19:08
Мұрын Сеңгірбекұлы (1859, Бозащы түбегі – 1954, Форт-Шевченко қаласы жанындағы Сейсем ата зиратында жерленген) – жырау. Әкесі Сеңгірбек Мұрынды жас кезінен ұсталық пен зергерлік өнерге баулиды. Әйтсе де туысынан сөз өнеріне бейім Мұрын өлең, жыр мен ән-күйге құмартып өседі. Маңғыстаулық ақындардың (Абыл, т.б.) өлеңдері, билердің (Мәтжан, Сейіт) шешендік сөздері, күйшілердің (Есір, Құлшар, Арал) шығармалары Мұрынның жыраулық өнерінің қалыптасуына ерекше әсер етеді.

Патша өкіметінің отаршылдық езгісіне қарсы 1870 – 1873 жылдары Маңғыстау шаруаларының көтерілісі кезінде күйзеліске ұшырап, Арал теңізі, қарақалпақ, өзбек, түрікмен аймағына барғандардың ішінде Мұрынның үйі де бар еді. Мұрын 17 жасынан біржола жыраулық жолға түседі. Еділ, Жайық бойы, Каспий жағалауы, Сыр өңірі, Үстірт үстінде болған көне тайпалардың тоғысулары, Алтын Орданың ыдырауы, қалмақтарға қарсы күрес, Ақтабан шұбырынды оқиғасы, Исатай – Махамбет, Сырым, Ерназар, Бекет, Иса – Досан көтерілістері елден-елге, атадан балаға ұласып, аңызға айналып, Атырау өңіріне кең тараған қилы-қилы оқиғалардан Мұрын заманнан-заманға ұласқан ел қорғау, тәуелсіздік үшін күрес оқиғаларының зор тарихын көргендей болады. «Қырымның қырық батырын» Мұрынға Атырау аймағындағы Абыл, Үкі, Марабай, Сүгір, Қуан, Қайырлы сияқты ақын-жыраулар бастаған сала-сала дәстүрлі жыраулық, ақындық, жыршылық орта арқылы дариды. Қарақалпақ жерінде Қарыз (Қораз), Мәулімберді, Қасабай, Қалым, Бегім жыраулардың қасына еріп жыр үйренеді. Орталық Азия елдерін, ондағы қазақ, қарақалпақ ауылдарын аралап жиын-тойға қатысады. 1870 – 1880 жылдары Хиуа өңірінде болады. 1880 жылы ата қонысы Бозащыға оралады. 1880 – 1884 жылдары Қашаған ақынмен бес жыл бірге жүріп, жыр үйренеді. Нұрым жыраудан тәлім алады, жыр айтып Атырау, Хиуа елдерін аралайды. Орталық Азияның Хиуа, Бұхара, Жиделі, Байсын, Ходжент, Нүкіс, Қоңырат, Байрамалы, Көне Үргеніш сияқты отыздан аса мекендерін аралап, ол өңірлерде «Қырық батыр» сияқты халқымыздың қымбатты мұрасын жырлап насихаттаса, сол аймақтарда кездескен жырау, жыршылардан туысқан халықтардың ерлік дастандарын, жыр-хикаяларын үйренеді. 1897 – 1899 жылдары қайтадан Хожеліні мекендеп, 1899 жылы Маңғыстауға көшеді. 1900 жылы Форт-Александровск (қазіргі Форт-Шевченко) қаласына орнығады, ата кәсібі ұсталық, зергерлік өнерге ден қояды. Өмірінде алты баласының бесеуі, бәйбішесі Дәметкен қаза болып көп қайғы шеккен жырау 1940 жылы соңғы әйелі Жанша дүние салып, жалғыз қызы Тұрлан мен күйеу баласы Дүйсенбайдың қолында болады. 1942 жылы Алматыға шақырылып, КСРО ҒА-ның қазақ бөлімшесі (қазіргі Қазақстан ҰҒА) оның айтуынан «Қырымның қырық батыры» аталатын ерлік жырларын хатқа түсірді. Оны толық жырлап шығу үшін мыңнан аса сағат, не төрт айдай мерзім керек болған. 1944 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия фольклоры туралы Бүкілодақтық ғылыми конференция шешімінде Мұрыннан жазылған «Қырымның қырық батыры» жырының дүниежүзілік маңызы бар деп табылды. «Қырымның қырық батыры» туралы жырдың бағалылығы сонда, олар қазақ халқы мәдениеті тарихының таусылмас қайнар көзі, халық өмірінің нағыз шежіресі.
Шығармашылығы

Мұрыннан жазылған мұралардың бір саласы «Ақтабан шұбырындыдан бастап қазақ өмірінен айтылған әңгімелері» аталады. Мұрын мұнда «Ақтабан шұбырынды», Иса – Досан көтерілісі, Ақтан, Жылгелді, Иса, Нұрым, Мұрат, Жаскілең сияқты ақындар мен өнерпаздар туралы өзі білетін құнды мәліметтерін баяндаған. Мұрын өз өмірінде көп жырды жадында сақтаған. Жаздырған мәліметтердің бірінде өзі білетін көптеген жыр-әңгімелерді, тарихи деректерді айтады. Сол айтқандарынан Нұрымнан үйренген «Оғыз батыр», «Құлыншақ батырдың» толық нұсқасы, Қашағаннан үйренген «Көрұғлы туралы жыр-әңгімелері», «Қазақтың Маңғыстауды мекен етуі», «Маңғыстауды жайлаған жеті жұрт туралы әңгімелері», «Маңғыстау қазақтарының патша өкіметінің отарлауына көнбеуі» сияқты деректі әңгімелер жазылып алынған. Мұрын Асан Қайғы, Сыпыра жырау негізін салған телегей теңіздей мол мұраны сан жылдар жадында сақтап, жүйелі орындаған, біздің дәуірімізге жеткен бірден-бір үздік жыршы. Сондықтан да оны қазақ халқы ерекше қадірлеп жырау атаған.[1]
Пайдаланған әдебиет

↑ «Маңғыстау»энциклопедиясы, Алматы, 1997;
Категория: М | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Мұрын, Сеңгірбекұлы
Просмотров: 1251 | Загрузок: 379 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar