Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Қыз бала - ұлттың ұяты, халықтың шырайы
24.09.2015, 14:03
Қыз бала - ұлттың ұяты, халықтың шырайы

«Қыз» ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді.

Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді - тілін, дінін, әдет - ғұрпын, салт - санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел - ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке - бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел - ана. «Ағайын тату болса - ат көп, абысын тату болса - ас көп»,- деген ұлағатты сөз осыдан туса керек.

Мектеп жасындағы қыз балалар тәрбиесін негізінен үш кезеңге бөлуге болады. Бастауыш сыныптар кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, баланың көп білуге құштарлығын арттыру, кітап оқу мәдениетін дамыту.

Бесінші - сегізінші сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбие түрлері ары қарай дамытыла түседі. Бұл тұста, жас ерекшелігіне қарай, қыз бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қит еткен нәрсенің бәрін айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, қыз баланың келешегіне ең керекті нәзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру - басты борыш. Сонда бұл сипаттар келешекте жарасымды жар, аяулы ана, қоғамымыздың белсенді мүшесі болатын қыз баланың бойынан әрқашан нұр болып төгіледі.

Үшінші кезең тоғызыншы - он бірінші сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата - анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.

Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу, ер - тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына мінгізу, киімнің әсем - сәндісін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау - ежелгі дәстүр. Жиын - тойларда қыз баланы әр уақытта сыйлы орынға отырғызған. Жаңа келін болып түскен жеңгелері де қайын сіңлілерін атымен атамай «Еркежан», «Шырайлым» деп еркелеткен. Орта Азия мен Қазақстанда жалғыз келе жатқан қызды көрсе, оған қорғаныш болып, баратын жеріне дейін шығарып салатын болған. «Қыз өссе - елдің көркі, гүл өссе - жердің көркі» дегендей, қызғалдақтай болып өсіп, көктеп келе жатқан гүлдің мезгілсіз солып қалмауына қамқорлық жасаған. «Қызға қырық үйден тыю» деген мақал да осының айғағы. Міне, осындай тәрбиелік мәні зор дәстүрлерді атадан балаға мирас етіп қалдырып отырған.

Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан - дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке, байлыққа, жиһазға қызықпағандығын жыр - дастандардан білеміз. Қазақ қыздары махаббат атты асыл сезімді айрықша қастерлеп, аялаған. Сүйген адамымен қол ұстасып бірге жүрсе, тіпті қатықсыз қара көже ішсе де бақыттымын деп, өмірге риза болған.

Қызды тәрбиелеу, өсіру, ер жеткізу ең маңызды мәселе. Қыз өсіру өсіру гүл өсірумен бірдей! Гүлге әлсін - әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арам шөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса гүл солып қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениет керек.

Толық нұсқасын жүктеу
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Қыз, ұяты, бала, Ұлттың, шырайы, халықтың
Просмотров: 1437 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar