Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Қазақ тілі

Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулі қалай және неге енгізілгені туралы рефлексивтік есеп
[ Скачать с сервера (74.5 Kb) ] 12.01.2015, 21:25

 

А есебі

Тізбектелген  сабақтар  топтамасына  Бағдарламаның «Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулі қалай және неге енгізілгені туралы рефлексивтік есеп

 

 Сабақтың қызықты, сапалы өтуі тікелей мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Осы орайда белгілі ғалым А.Байтұрсынұлының «Шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу», - деген өткен ғасырда айтылған сөздері ойға оралады. Бір сабақтың әр кезеңінде түрлі әдістерді қолдана отырып, тізбектелген сабақтар топтамасына Бағдарламаның жеті модулін ықпалдастыру арқылы көп нәтижеге жетуге болады.

Баланың бақылау, ойлау, талқылау қабілетін ашатын  модульдің бірі «Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» болып табылады. Мен «Қандай модуль білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылады?»,- деген сұрақ төңірегінде ойланып, «Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулін алуды жөн көрдім.

Сыни тұрғыдан ойлау бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға , талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Сыни тұрғыдан ойлау  «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселелерді қамтиды. Сыни тұрғыдан ойлау сабақ барысында айтуға, балама шешімдер қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа тәсілдерді енгізуімізге, басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулу  болып табылады (МАН, 49 бет). 

 Менің  зерттеуге  алған  сыныбым - 5-сынып. Әрине, бастауыштан келген балалардың сыни тұрғыдан ойлау дәрежесі төмен болады. Себебі, олар жан-жақты ойланбайды, кітаптан алынған дайын жауаптарды берумен  шектеліп жатады. Сыни тұрғыдан ойлауды, әдетте, білім  берудің  кейінгі  кезеңдерімен – орта мектептің жоғары сыныптары  мен  жоғары оқу орнындағы оқушылармен байланыстырады. Алайда сыни тұрғыдан ойлаудың негіздерін кішкентай балалармен жұмыс барысында, қажетті дағдыларды дамыту мақсатында білім берудің ерте кезеңінен дамытуға болады  (МАН 49, бет).

Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту «Әдебиет» пәні үшін маңызды. Сынып тұрғысынан алғанда «Әдебиет»  пәнін оқыту төрт дағды арқылы жүргізіледі - тыңдалым, сөйлеу, жазылым және айтылым. «Әдебиет»   пәнін оқытуда тіл шеберлігін дамыту, оқушының сөз саптау шеберлігін шыңдау арқылы алға жетелеу қажет.          

«Әдебиет»  сабағында оқушылар көбіне мәтін оқиды, сол мәтін бойынша  сүрақтарға жауап беруді білгенімен олар өмірмен сабақтастыра байланыстыруды білмейді. Сондықтан оқушыларды барлық білетін ақпараттарын  жинауға, дәлелдерді сыни тұрғыдан талдау мен бағалауға жинақталған қорытынды шығарып, болжамдар мен ұсыныстар айтуға үйретуді көздедім. 

  Сондықтан, мен тізбектелген сабақтар топтамасын құрағанда оқушылардың саналы белсенділігін дамытып, бұрын-соңды қарас-тырылмаған болжамдар мен құндылықтарын, мәселелерді мойындау және оларды шешудің тиімді құралдарын табуды жоспарладым.

Оқу бар да, оқуды үйрету бар. Адамдар ойлауға, шешім қабылдауға  және ойлау туралы ойлануға да қабілетті. Сыни тұрғыдан ойлау ең маңызды мәселелерді талқылап, оны тәжірибеге енгізіп, ой елегінен өткізуді қамтиды.  Маған бұл модульдің оқушылардың да, мұғалімдердің де сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейтін тұстары әсер етті.

Егер пән оқушыны қызықтырмаса, не істеу қажет? Осындай әр түрлі ойлардан кейін бала жүрегіне жол тауып, білімге жетелеу үшін мұғалім оқушыларды қызықтыратындай, олардың сыни ойлауын дамытатындай тапсырмаларды жиі беріп отыруы маңызды екенін түсіндім.

Тізбектелген сабақтар топтамасындағы бірінші сабағымда оқушыларды  деңгейі бойынша   үш  топқа бөлдім.  Қабдеш Жұмаділовтың  «Қозыкүрең»  шығармасының  І  бөлімін «Миға шабуыл»  әдісімен,  тақырыптың мазмұнын ашатын  «Достық»  сөзін қалай түсінетіні сұралды. Бұл сұрақты сыни ойлау арқылы әр топ ортаға салды.

Интерактивті тақтаны пайдалана отырып, «достық» сөзіне кластер жасаттым. Бұл әдісті пайдаланудағы мақсатым: дәлелдерді  сыни тұрғыдан талдау мен бағалауды, релеванттық ақпаратты жинақтауды үйрету. Оқушылар: «Адамдар арасындағы жылы қарым-қатынас, берік қарым- қатынас,  қадірлі де қастерлі ұлы сезім, сенімділік, бауырмалдық, жанашырлық», - деген сөздерді интерактивті тақтаға жарыса жазды. Оқушыларға:

 - Қазақ халқы қандай халықтармен тату-тәтті бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатыр?;

- Басқа ұлт өкілдерімен қарым- қатынастарың қандай?;

- Алдымызда қандай мереке келе жатыр?, -деген  секілді  түрткі сұрақтар қою арқылы бүгінгі сабақтың идеясы «Халықтар достастығы» екенін  ұғындырдым.

Оқушыларға сұрақ қою және олардың жауаптарын жаттанды сұрақтар мен бірсарынды жауаптарды қайта талқылай отырып, себебін, дәлелдеуін, өмірден мысал келтіре сөйлеуін, салыстыруын, талдауын  қарай отырып үйренгенім – мұғалімнің сұрақты да дұрыс қоя білуінің өзі де баланың ой деңгейінің кеңеюіне, еркін ойлап, еркін сөйлеуіне әсер ететіндігінде. Әрине, ол сұраққа берген жауаптың да маңыздылығы зор (МАН, 41 бет).

Сабақтың негізгі бөлімінде «ДЖИГСО» әдісімен, оқушылар шығарманы жеке оқып, жұбында бір-бірімен талқылады. Топтық жұмыста оқушылар бір-бірімен диалогқа түсу арқылы  шығарманы талдай отырып, жоспар  құрады. Сабақта диалог әдісін  қолдану жоғары нәтиже берді.

 Диалог - сөйлесудің ең негізгі түрі болып саналады. Адамдар арасындағы қарым-қатынас амандасудан басталады. Мұғалім сабаққа кіргеннен оқушылармен диалогта болады. Оқушыларға белгілі бір тақырыпта тапсырмалар беру арқылы сұхбаттар құрылады. Диалогтік сөйлесуді естіп-тыңдаумен біртұтас та, жекелей де пайдалануға болады. Мақсатты ұйымдастырылған жағдаяттар арқылы ауызекі сөйлесуге үйрету - оқушыларды қызықтырады. Диалогтік сөйлеу коммуникативтік оқытудың негізгі ұстанымына сәйкес келеді. Тапсырма соңында топтар бір-бірін  «Екі жұлдыз, бір пікір» әдісі арқылы бағалады. Бұл әдісті  пайдалану баланың ойлау дағдысын, сол ойды жүйелеп айтуын  қалыптастырады.

Сонымен бірге, сабақтың әр кезеңі «Геометриялық  фигуралар», «Бас бармақ», «Смайликтер» әдістері арқылы  бағаланып отырады. Сабақтың  бекіту  кезеңінде  «Сиқырлы сандықша»  әдісімен  «Қозыкүрең»   шығармасының  І бөлімі  бойынша  жоғары дәрежелі сұрақтар оқушыларға таратылып берілді. Жоғары дәрежелі сұрақтар қойылғанда, оқушылар ақпаратты белгілі бір жолдармен қолдануға, қайта құруға, бағалауға, кеңейтуге, талдауға тиіс болды.

Әңгімеден нені ұқтың?, Қазіргі заманда халықтар арасында осындай достық бар ма?, Ағыбайлар қырғыз досы Төреқұл ауылына бару сапарына неге ерекше мән берді?, Қазақ- қырғыз  халқының ұқсастығының себебі неде?, Төреқұл мен Ағыбай достығы қашан, қалай басталған?, Төреқұлдың  Ағыбайларды  сыйластықпен  қарсы алуының себебі не деп ойлайсыңдар? -   деген сұрақтарға   балалар түрлі жауаптар бере бастады.

Сыныптағы «А» деңгейлі оқушылар тобы ойларын ашық айтып, өмірмен байланыстырып жатса, "В" деңгейлі оқушылар жауаптарын сенімсіздеу беріп, толық жауап бере алмады. «С» деңгейлі оқушылар бірінші сабақ болғандықтан, сенімсіз болып, сұрақтарға жауап беруге ынталанбады.      

  • Қазақ- қырғыз  халқының ұқсастығының себебі неде?- деген сұраққа Қ. есімді оқушы: Екі халық та туысқан халықтар, Азияны мекендейді,- деп жауап берсе, С. есімді оқушы: Ағыбайлар қырғыз досы Төреқұл ауылына бару сапарына неге ерекше мән берді?- деген сұраққа: Екеуінің әкесі ашаршылық жылдарында дос болған. Ағыбай әке аманатын орындау үшін сапарға ерекше мән берді, - деп жауап берді. Жауабы толық оқушыны «Жарайсың! Керемет! Тамаша, сен өте дұрыс жауап бердің!,- деп формативті бағалап отырдым. Сұраққа толық жауап бермей, мүдірген оқушыға «Иә, сенікі де дұрыс бірақ, әлде де қырғыз бен қазақ халқы  туралы, салт – дәстүрлері, ұлттық ойындары жөнінде кеңірек мәлімет алуың керек!» деп, басынан сипау арқылы ынталандырып отырдым. Қателескен жерлерінде  «Осылай айтыла ма?»,«Кім көмектеседі? - деп сұрақ түрлерін өзгерте отырып, ойлануға итермелейтін, қайта бағыттау сұрақтарымен толықтырдым.

        Бұл әдісті пайдалану кезінде кездескен қиындық  бірінші сабақтарда болды. Менің  сұрақтарыма оқушылар  оқулықта берілген дайын жауапты айтумен шектелді. Осындай әрекеттер дәстүрлі сабақтарда да байқалатын. Сондықтан сабақты жоспарлауда осыны ескеруді жөн көрдім.

Сыни тұрғыдан ойлау - болашақта әрекет жасауға негіз бола алады.         Сабақтың қорытынды кезеңінде «Венн диаграммасы» арқылы  қазақ пен қырғыз халқының ұқсастықтары мен айырмашылығын постерге түсіру  тапсырылды. Оқушылар тез іске кірісіп, тапсырманы постерге түсірді. Бір- біріне сенімділік орната отырып, тапсырманы ұқыптылықпен орындауға тырысты. Оқушылар берілген тапсырманы бірлесе орындап, топтық жұмысты қызығушылықпен бірлесе орындады.

Топтық жұмыстар барысында «А» деңгейлі оқушының топтағы көшбасшылығын, постер қорғауда идеясының мықтылығын байқадым. «В» деңгейлі оқушының топта жұмыс жасау дағдысының қалыптаспа-ғандығы көрінді. «С» деңгейлі оқушының белсенділігі, сабаққа ынтасының артқаны оның бойындағы өзгеріс еді.

Тізбектелген сабақтар топтамасындағы екінші сабақта шығарманың ІІ бөлімінің мазмұнын ашу үшін «Кластер» әдісін қолдандым. «Жылқы малының қазақ халқы үшін қадыр - қасиеті қандай?,- деген сұраққа оқушылар топта бірлесе жұмыс жасады. Постерді барынша әсемдеп жазуға тырысып, жылқының суретін салды. Оның батырдың сенімді серігі, ер жігіттің пырағы екеніне өздерінің мысалдарын келтіріп, батырлар жырындағы текті жылқылар туралы мысалдар келтірді.

Алғашқы сабақтағы топтық жұмыстармен салыстырғанда, екінші сабақта оқушылардың топта жұмыс жасау дағдысының жақсарғанын, бір-бірінің пікірін тыңдап, бірлесіп жұмыс жасап, сыни ойлауға дағдыланғанын  және топтық жұмысты қорғағанда кезекпен айтуға тырысқаны байқалды. Бұл өзара ынтымақтастықта, сыйластықта атқарылған жұмыс екенін көрсетті. Бұл тапсырманы орындау барысында «А» деңгейлі оқушымның жылқы жасына, тұқымына байланысты қосымша ізденіп келіп, топта постер жазып, оны қорғауға басқа оқушыны  кезекпен шығаруы, оның топтық жұмысқа дағдыланғанын, ерекше белсенділігін көрсетті. Оқушылардың дәлелдемелері идея мен мүмкіндіктерді алға жылжытатындығына көз жеткізді. Басты назарға жаңа білімді талқылау арқылы түсінуді, өзара ынтымақтастықпен оқу, не мәселені шешу үдерісі оқушылардың тиімді дәлелдерді жүйелеу дағдыларын жетілдірді.

   Сабақтың негізгі бөлімінде «Кіреші» әдісімен оқушылардың  сыни тұрғыдан ойлау дағдысын қалыптастыратын сыни сұрақтар таратып берілді.  «Жануарым-ай, аман-есен келген екенсің ғой. Айшылық жолды алты аттап, Алатауыңа жеткен екенсің- ау... Елсіз-сусыз шөлдерден, асу бермес белдерден өтіп, туған жерге қалай жеттің екенсің?» - деп, айтқан Саяқбай сөзінен не ұқтың, мәнісін қалай түсінесіңдер?», «Қозыкүреңнің елге қашатынын Саяқбай қайдан білді?»,  «Әңгімедегі кейіпкер Саяқбай қандай адам?», Саяқбайдың Қозыкүреңді аман алып қалу үшін жасаған әрекетін, жануарды арулап көмуін қалай түсінуге болады?» - деген  сұрақтар қойылып, топтарға ойлану үшін уақыт берілді. Оқушылар  ішінен  уақыт сақшысы сайланып, топтар уақытты тиімді пайдаланып, бірінші жауап беруге талпынды. Алғашқы сабақпен салыстырғанда оқушылардың сұрақтарға ойланып, өмірден мысал келтіре отырып, жауап бергені оладың  сыни ойлауға дағдылана бастағанын байқатты.

Сыни сұрақтар оқушылардың өз ойын анық, оқушылардың идеяларын дамытуға көмектесетіндей етіп берілді. Бұл сұрақтар тек оқушылардың өз идеяларын дамытып қана қоймай, сыни тұрғыдан ойлауға жетелейді.  Сұрақты басқа оқушыларға бағыттау мақсатында  «Сен қалай ойлайсың?, «Көмектесе алатындарың бар ма?» секілді сұрақтармен өрбітіп отырдым. «Қозыкүреңнің елге қашатынын Саяқбай қайдан білді?» деген сұраққа  Д. есімді оқушы: Саяқбай жылқышы бала кезінен жылқы бағумен айналысады және жылқы малын жақсы көреді. Сондықтан да, жылқының  бойындағы ерекше қасиетті, елге қашатынын байқады» деп жауап берді.

Сабақтың қорытынды бөлімінде «Болжам жасау» әдісі қолданылып , «Егер сен шығарманың авторы болсаң, шығарманы қалай аяқтар едің?» деген жоғары деңгейдегі сұраққа  оқушылар: «Қозыкүреңді Саяқбайға емдетіп, өмір берер едім», «Қозыкүрең жолына жақсы адамдарды жолықтырар едім.»   секілді т.б қызықты жауаптар беріп жатты.

Мұғалімдер оқушылардың жауабын олардың білім деңгейлерін тексеру үшін ғана емес , оларға өз ойларын анық жеткізуге , дамытуға және кеңейтуге мүмкіндік беретіндей етіп қою керек (МАН, 42-бет).

Үшінші сабақта қызығушылықты ояту үшін «Кластер» әдісімен «Халықтар достастығы» сөзі беріліп, топтар постер қорғады. Мұнда маған ұнағаны «В» деңгейлі оқушының өз тобындағы «Д» есімді оқушымен бірігіп постер қорғауы, «А» есімді оқушы топта көшбасшы болып, өз ойын жүйелі жеткізіп, постер қорғаса, «С» деңгейлі оқушым постер жазып, халықтар достығының мерекесі келе жатқанын айтып, басқа топтарға стикерге құттықтау жазғаны, оның сыни тұрғыдан ойлау дағдысының қалыптаса бастағанын аңғартты. 

Мен топтық жұмыстар барысында оқушылардың бір-бірімен бәсекеге түсіп, оқуға деген ынтасының, қызығушылығының артқанын байқадым. «Даналық ағашы» оқыта-үйрету ойыны бойынша оқушыларға шығарма-ның ІІІ бөлімі бойынша қиын сұрақтар дайындатып, әр топқа сол сұрақтарды араластырып таратып, жауап беру тапсырылды.

Оқушыларға тек сұрақ қою ғана емес, қойылған сұраққа нақты, толық  жауап беру керек екенін түсіндірдім. Оқыта үйрету ойынының соңында тақтаға барлық оқушының аты жазылған постер ілініп, әр оқушы сұраққа толық жауап берген оқушынының атын стикерге жазып,  постерге жабыстырды. Нәтижесінде: «А» дегейлі оқушым оқыта-үйрету ойынының зерек оқушысы атанды. Бұл әдісті қолданудағы мақсатым - оқушыларға сұрақ қоюдың маңызды дағдылардың  бірі  болып  табылатындығын  ұғындыру.

Оқушыларды сыни тұрғыдан ойландыруға мұғалім сұрақтары мен  оларға берілген жауаптар, сонымен қатар оқушылардың да жауаптары да маңызды. Мұғалім оқушылардың білім деңгейін тексеру үшін ғана емес, оларға өз ойларын ашық жеткізуге, дамытуға және кеңейтуге мүмкіндік беру үшін де пайдаланады  (МАН, 42 бет).

Сабақтың негізгі бөлімінде «Кіреші» әдісімен оқушылардың  сыни тұрғыдан ойлау дағдысын қалыптастыратын сыни сұрақтар таратып берілді. «Біздің арамызда достықты осы балалар жалғастыратын болсын ...» деген Төреқұл сөзінің мәнісі неде? «Төреқұл досы Ағыбайға  «Қоянкөк» дөненді сыйға тартуы, оны Ағыбайдың қабылдап тұрып «Берген жомарт емес, алған жомарт» деуі неліктен? - деген сыни сұрақтарға  оқушылар бір-бірімен жұптасып,  топта жауаптарын талқылап, жауап берді.

Жалпы өтілген үш сабағымды саралай келе,  балаларды сыни тұрғыдан ойлана отырып, диалог құру мен өз ойларын дәйектеуге, талқылауға тарту белсенді жүргізілген уақытта оқушылардың зияткерлік жетістіктері жоғары, оқуы тиімдірек болатындығын ұғындым. Топтық әңгімеде көшбасшының рөлі ерекше айқындалды. Ал әлсіз оқушылар күшті дағдылы оқушылардың жанына жайғасып, өз білмегенін үйренді.

       Тізбектелген сабақтар топтамасындағы төртінші сабағымды шығармашылық жұмыспен аяқтадым. Оқушылар топқа бөлініп, «Қозыкүреңнің туған жеріне келуі», «Ат - ер қанаты», «Сыналған достық», «Бәріміз де туыспыз»  тақырыптарының бірін жеке-жеке таңдап шығарма жазды. Бір-бірімен жұптасып,  жазған шығармаларын оқыды. Топтық талқылау барысында топтың шешімі бойынша үздік деп танылған шығарма оқылды.

Бірақ менің алғашқы сабақтарымда біршама кемшіліктер бой көрсетті, алғашқы  сабақтарымда ойларын  еркін ашық айтуға қиналды. Бірін-бірі  пікірін аяғына  дейін  зер салып тыңдамай, өз жұмыстарымен айналысуы.     Кейінгі  сабақтарымда топтық  жұмыстардың  нәтижесінде әлсіз оқушылар да аздап болса да, ынта-жігерін танытып, ішкі уәждері оянып, өзіндік мақсаттарын қалыптастырды. Сонымен бірге сабақ үдерісінде маған қиындық  келтіргені  - уақыттың  тапшылығы.

Топпен жұмыс жасауда оқушылардың пікірлерін тыңдау, бір-біріне құрметпен қарау іс-әрекетін байқадым. Сабақ жоспары өзгергендіктен өзімнің  де, баланың да өзгерісін байқадым.

Сабақ барысында «оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдер» мен «сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модульдерінің аспектілері бойынша оқушылар өзара сұхбаттасуды, өз деңгейлері арқылы нәтижеге жету үшін білім жинау жауапкершілігін түсінді. Оған дәлел, сынып оқушыларының ақпарат жинақтауы, оның мән-мағынасын ұғынып анықтауы, шынайылықты өзгеше түсінуі. Іздену барысында бір-біріне кеңес берді, алдарына мақсат қоя білді, нәтижеге қадағалау жасады. Сонымен қатар, сабақ барысын ой електерінен өткізіп, талқылау арқылы өз ойын ашық айтуды, сыни ойлауды, баға беруді, шығармашылық түрде жұмыс жасауды, өзгелерді тыңдай білуді үйрене отырып, өздерін танытуға жетеледі.

Сыни тұрғыдан ойлау сабақ барысында айтуға, балама шешімдер қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа тәсілдерді енгізуімізге, басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулу болып табылады. Оқыту барысында дәстүрлі сабаққа қарағанда, осы оқу бағдарламасындағы сыни тұрғыдан ойлауға үйрету негізінде жүргізілген сабақтарымыз өз нәтижесіне тез әрі жеңіл түрде қол жеткізеді. (2000 сөз)

 

          Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Мұғалімге арналған нұсқаулық. ІІІ (негізгі) деңгей. Астана.2012.

2.Білім беру платформасы. 2 апта, 1 күн.cpm.edu.kz. портал.

3.Мектепте орындауға арналған тапсырмалар.Астана,2012.

 

 

 

   

 

 

Категория: Қазақ тілі | Добавил: Jadira | Теги: есеби
Просмотров: 5827 | Загрузок: 1418 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar