Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Ашық сабақтар

Тәуелсіздік таңы
29.11.2014, 18:02

Тақырыбы: Тәуелсіздік таңы
Мақсаты: Желтоқсан оқиғасы арқылы жүздеген жылдар бойы бабаларымыздың армандаған егемендігіне қол жеткізу жолында талай боздақтарымыздың жалған айыппен құрбан болғандарын оқушыларға жете ұғындыру; оқушылардың дүниетанымын кеңейту, Отанды сүюге, құрметтеуге, адамгершілікке, әділеттілікке, ел мен жердің қадір – қасиетін ұғынуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: интерактивті тақтада жинақталған суреттер, қанатты сөздер.
Барысы:
Мұғалім: Құрметті қонақтар, ұлағатты ұстаздар мен шәкірттер! Бүгін біз еліміздің сан мың жылдар бойы армандаған, сол жолда ғасырлар бойы найзаның ұшымен, ерлеріміздің ерен ісімен, кешегі дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасымен келген, тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалатын Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Тәуелсіздік таңы» атты тәрбие сағатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
1 – оқушы: - Егемен еліміздің ең ұлық, ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербелген ардақты ағайындар, мереке құтты болсын!
2 – оқушы: - Тәуелсіздіктің түп – тамыры Желтоқсан оқиғасына тікелей байланысты екеніне ешкім дау айта қоймас. Десек те, 1986 жылдың қайғылы желтоқсаны бір күнгі не бір жылғы наразылықт ың көрінісі болмаса керек.
3 – оқушы: Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1986 жылы Алматының бас алаңында Желтоқсан оқиғасы болды. Бұл оқиға дүниені дүр сілкіндірді. Бұл желтоқсан көтерілісіне қазақ ел аузында жүрген, тарихта аты қалған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова және т.б. апаларымыз бен ағаларымыз қатысты. 1986 жылы желтоқсандағы көтеріліске жастар ешбір оймен барған жоқ. Олар бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қатысқан.
Слайд «Желтоқсан оқиғасы». Интерактивті тақтаға назар аударайық.
4 – оқушы: Қасқалдақ ұшып көліне,
Шүрегей келіп қонған күн.
Қыранды қуып көгінен,
Қарғалар билік алған күн.
5- оқушы: Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір күнде,
Қайғыға халық батқан күн.
6- оқушы: Қақаған қыстың ызғары,
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын,
ОМОН – дар бастан тепкен күн.
7 – оқушы: Қариялар итке таланып,
Ер басын күрек шапқан күн,
Аппақ қар қанға боялып,
Қып – қызыл мұз боп жатқан күн.
1 – көрініс: «Алаңдағы жастар.»
2 – көрініс: «Ақтық сөз.»
Тергеуші: - Айыпкер Қайрат Рысқұлбековты алып келіңдер!
(Әскери адам Қайратты алып келеді.)
Тергеуші: - Айыпкер Рысқұлбеков, Савицкийді өлтіргеніңді мойында, мойындасаң жазаң жеңілдейді.
Қайрат: - «Жоқ» жоқ» мен өлтірген жоқпын! Мен жаламен кетіп барамын!
Елбең – елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Арғымақ мінген жаратып,
Ақ сауыт киген темірден.
Алатаудай бабалар,
Әруағыңмен жебей гөр!
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар.
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең атыңдар!
Тергеуші: - Сот келеді. Орындарыңыздан тұрыңыздар!
Сот: - Айыпкер Рысқұлбеков қылмысты деп танылып, Қазақ КСРО Қылмыстық Кодексінің 60 – бабы бойынша 3 жыл және 65 – бабы бойынша 15 жыл бас бостандығынан айырылсын. Қылмыстық Кодекстің 173 – бабы бойынша жазалаудың ең ауыр түрі - өлім жазасына, атуға кесілсін!
Тергеуші: - Айыпкер Рысқұлбеков, ең соңғы ақтық сөзіңді айт!
Қайрат: Туған жердің намысы,
Бөтен қолда кетпесін!
«Желтоқсан желі» әні орындалады.
3 – көрініс:
Қыз бала: Есіңе ал, есіңе ал, жас достар,
Бұл жерде батыр жоқ қол бастар.
Бұл жерде жүректе мұз жатыр,
Бұл жерде өрімдей қыз жатыр.
Бұл жерде мәңгілік аттанған,
Халқымның есінде сақталған.
Бұл жерде Ләззаттың қаны бар,
Танкінің астында тапталған.

Қайраттың анасы:
Оу, көздің жасын бұлайын,
Жүректі жеді – ау уайым.
Саған ғұмыр бермеді - ау,
Жарылқағыш құдайым.
Мынау неткен зар заман,
Жүректегі тар заман.
Сені өлтірген дұшпанға,
Зауал келсін Алладан!
Басшыларға ұнамай,
Ел көзінше жыламай,
Анашыңның шарасыз,
Боздағанын білдің бе?!
Ләззаттың анасы: Бота көзің боталап,
Қиянаттан қаталап,
Дәл он алты жасыңда
Қыршыныңнан қиылдың,
Қара жерге бұйырдың.
Қысқа күндей қызарып,
Баттың – ау сен, Ләззатым!
Елің үшін азапты,
Тарттың – ау сен, Ләззатым!
Ләззаттың сөзі:
Міне, мен де жатырмын,
Ақжазықтың түбінде.
Мені өлтірген танкист жігіт,
Тірімісің бүгінде?
Тірі жүрсең өткен күнді
Еске алғанның несі бар?
Желтоқсанда құрбан болған
Ләззат қызды есіңе ал.
Жас өмірдің қыршын гүлін
Қиып түскен қанішер!
16 – да қиылдым мен
Табанында танкінің.
Ләззат атты құрбанымын
Қазақ деген халқымның.
Ән: «Қарабауыр қасқалдақ»
4 – көрініс: «Тарих өткелдері»
Немересі: (ұл бала) - Әже, атам ылғи «Сенің болашағыңды ойлаймын, өткен өмірді ойлаймын» дейді Атамның өткен өмірі қандай?
Әжесі: - Е, балам, атаң, ата – бабаң не көрмеді дейсің? 1723 жылы жоңғар шапқыншылығы, 1930 – 1932 жылдардағы алапат аштық, одан 1937 – 1938 жылдардағы ағаларымыздың жазықсыз жазаға ұшырауы. . . 1986 жылы Тәуелсіздік жолында жастарымыз ереуілге шықты. Міне, өткен өмір. Бұған да тәубә. Еліміз өз Тәуелсіздігімізді алып, егеменді ел болдық.
10 – оқушы: - Арада 4 жыл өткен соң, 1990 жылы 17 желтоқсанда сол алаңға ескерткіш тақта қойылып, желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясының төрағасы Мұхтар Шаханов жастарға арналған жалынды өлеңін жазды.
17 желтоқсан Республикалық жаңару күні деп жарияланды.
Мұғалім: - «Егемендік» деген осы. Енді, міне, желбіреген көк байрағымыз, айбынды әнұранымыз, жарқыраған елтаңбамыз төрімізде ілулі тұр. Егеменді еліміздің келешегі үшін жанын пида еткен жас қыршын Қайрат сияқты ағаларыңды, Ләззат сияқты апаларыңды ұмытпаңдар, әрқашан есте сақтаңдар!

Категория: Ашық сабақтар | Добавил: Нурганым | Теги: тәуелсіздікт аңы
Просмотров: 1268 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar