Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих |
ТРОЦКИЙДІҢ ХАТЫ немесе Алаш арыстары айтқан ақиқат
[ · Скачать удаленно (64.5Kb) ] | 06.11.2012, 20:26 |
ТРОЦКИЙДІҢ ХАТЫ немесе Алаш арыстары айтқан ақиқат
Ерлан Сыдықов Семей мемлекеттік педагогика институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Газетіміздің белсенді авторы. Ерлан Бәтташұлы бұл күндері ердің жасы елуге толып отыр. Төменде ғалымның бір зерттеуін оқырмандар назарына ұсындық. Қазақ халқы үшін Кеңес өкіметі тұсындағы ең ауыр кезең Ф.Голощекин Қазақстанды басқарған 1925-1933 жылдар болды. Бүтіндей бір халықтың тағдырын саяси ойынға айналдырған ол "Қазақстандағы қазіргі қалыптасқан жағдай кіші Октябрьді қажет етеді” деді. 1927 жылы қазақ ауылдарында басталған конфискелеудің зардабы халықты ашаршылыққа әкеп ұрындырды, ал оның ақыры ұлт зиялыларын жаппай қудалауға ұласты. Голощекиннің қысымымен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов еріксіз Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Ел басына қатер төнген осындай қиын-қыстау кезеңде Ж.Мыңбаев, Т.Рысқұлов, Ы.Мұстанбаев және т.б. ұлт зиялылары үндемей қалмады, Ф.Голощекиннің саясатына үзілді-кесілді қарсы шықты. Сол сияқты республиканың бір топ қайраткерлері Ғ.Мүсірепов, М.Ғатауллин, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышевтың аштық және оның себептері туралы БК(б)П – өлкелік комитетіне, тікелей Ф.Голощекинге жазған ашық хаты, бүгінде "Бесеудің хаты” деген атпен мәлім екені белгілі. 1927 жылы 11 наурызда Л.Троцкий өзіне Қазақстаннан келген екі адамның әңгімесін айтып, Лениннің сенімді серіктерінің бірі, қарт большевик Г.Я.Сокольниковке "Национальные моменты политики в Казахстане” деген хат жазады. Онда: "В беседе по поводу своих дел казахские товарищи выдвигали следующие соображения. 1. Окраины отстали. Нужно их развитию придать такой темп, чтобы они приближались к Москве, а не еще более отставали от нее. Мы имеем здесь, следовательно, своеобразное переломление общего вопроса о темпе развития. 2. Капитальные вложения в отсталых частях Союза обещают дать плоды не скоро. Отсюда пассивное, отчасти и активное сопротивление центральных учреждений против таких вложений. 3. Участие Казахстана в руководящих учреждениях РСФСР "совершенно не чувствуется”. По-видимому, есть тенденция к выделению в самостоятельную республику. 4. Жалобы на переселенческую политику центра: казахские массы были привлечены к советской власти земельной революцией; "покушение” на казахские земли вызывает немедленно тревогу. "Мы не против переселенческой политики, но нужно, прежде всего, удовлетворить землею туземное население”. 5. "Когда мы ставим вопросы о земельных и иных интересах Казахстана, нам отвечают: это вы хотите мстить за царскую политику. Мало верят, что как коммунисты способны подходить к вопросам с общегосударственной точки зрения”. 6. В ведомствах преобладает точка зрения старых спецов, которые живут традициями прошлого при решении всех хозяйственных и культурных вопросов на окраинах. 7. Национальные коммунисты поднялись, но присылаемые из центра руководители не дают им хода. "Считают, что мы не доросли”. 8. Между европейскими и казахскими коммунистами-стена. Живут совершенно раздельно. Даже в шахматы не играют совместно. 9. Европейские коммунисты ведут общую линию центра. Ни прений, ни столкновений на принципиальной почве у них нет, что обьсняется их "безучастием”. 10. Националы, наоборот, кипят. Среди националов-группировки. Эти группировки поддерживаются и даже культивируются присланными из центра руководителями. Какая цель? "Во-первых, чтобы упрочить свое господство; во-вторых, чтобы внутренними разногласиями отвлечь внимание от вопросов, связанных с политикой центра”. 11. Среди казахских коммунистов три группировки: одна-вокруг Голощекина,- это люди, всегда и во всем послушные указаниям сверху; другая — "левая”, также поддерживающая Голощекина, но, насколько я понял, несколько независимая: третья — "правая”, к которой принадлежали мои собеседники; впрочем, представители "левой” иногда примыкают к "правой”. 12. В чем же разногласия? "Нас упрекают в том, что мы противники бедноты, покровители баев, но мы готовы провести любые разумные меры против баев, пусть нам ясно и точно их предложат”. 13. Голощекин в одной речи сказал: "Надо пройтись маленьким октябрем по Казахстану”. Что это значит? — он не обьяснил; никаких конкретных мер он не предлагает. Во внутренней политике в Казахстане мы не видим ни принципиальных, ни даже практических разногласий. Все это выдвигается искусственно для того, чтобы маскировать вопрос об отношении к РСФСР. 14. Второй из собеседников говорит: "Центр тяжести вопроса- в разном отношении группы Голощекина к аулу и к русской деревне. По мнению Голощекина, русский кулак достаточно ослаблен и унижен; бай затронут мало. Поэтому нужно пройтись октябрем по аулам”. Другими словами, Голощекин проповедует гражданский мир в русской деревне и гражданскую войну в ауле. 15. Нас душит бюрократизм, который принимает тем более отталкивающие формы, что между европейскими и казахскими коммунистами стоит стена. Страх, лицемерие, доносы играют большую роль. (Архив Троцкого. Коммунистическая оппозиция в СССР. 1923-1927. Том-2. "ТЕРРА”-1990. С-197). АҚШ-тың Гарвард университеті кітапханасы әкімшілігінің келісімімен Л.Троцкий мұрағаты құжаттарын төрт томдық кітап етіп шығарушы Ю.Фельштинский бұл хатқа байланысты берген ескертпесінде: "Дату можно до некоторой степени установить в связи с началом работы Голощекина в Казахстане (Рукописное примечание Л.Троцкого)” деп көрсетеді, өкінішке қарай хаттың жазылуына себепкер болған адамдардың аты аталмайды. Дегенмен, осы хатта Л.Троцкийдің "казахские товарищи” деп отырған адамдарының бірі Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов емес пе екен деген ойдамыз. Олай дейтін себебіміз, біріншіден, бұл хатта көтерілген қадау-қадау өткір мәселелер негізінен Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайын жетік білетін тәжірибелі саясаткерлердің ғана аузынан шығатын пікір, тұжырымдар екенін аңғартады. Троцкий кейбір мәселелерде Ленинмен жекелеген көзқарасы келіспесе де, қиын-қыстау кезеңде Ресей революциялық әскери комитетін басқарып, Ұлы Қазан төңкерісі жеңістерін жанталаса қорғап, Қызыл армияны белсене құруға ат салысқан аса көрнекті тұлға болды. Бұл арада үнемі Ленинмен айтысып-тартысып, Сталинмен жағаласып-жұлқысып жүретін "тентек мінез” Троцкийге, анау-мынау емес, тек Әлихан Бөкейханов тәрізді терезесі тең дәрежеде тұрып сөйлесіп, сөз таластыра білетін беделді тұлғаның ғана батып сөз айта алатынын атап айтуымыз керек. Екіншіден, Л.Троцкийдің Голощекин саясатын жергілікті жерде белсене қолдаушылар мен оған ашықтан-ашық қарсы шығушылар туралы "Среди казахских коммунистов три группировки: одна-вокруг Голощекина, — это люди, всегда и во всем послушные указаниям сверху; другая — "левая”, также поддерживающая Голощекина, но, насколько я понял, несколько независимая: третья — "правая”, к которой принадлежали мои собеседники” — деп жазуына қарағанда, олардың Қазақстанда "ұлтшыл”, "байшыл” атанып қуғындалған кешегі Алашорда үкіметінің қайраткерлері, байырғы қазақ интеллигенциясының өкілдері екендігіне еш шүбә келтірмейсіз. Бұл пікірді Ф.Голощекин Қазақстан өлкелік партия ұйымының басында сегіз жыл еңбек етіп, қоштасар кезінде өзі де мойындап айтқан еді. Ол қазақ коммунистерінің бір тобын ешбір тәрбиеге көнбейтін, пайдалануға мүмкін емес ұлтшыл уклонистер қатарына жатқызды. Екінші категориясын жағдайға қарай терісін өзгертіп отыратын хамелеонға теңеді. Ал үшінші бір топты орын алған қателіктер үшін барлық жауапкершілікті бір ғана Голощекинге аударғысы келетіндер деді (Қараңыз, Қозыбаев М. Ақтаңдақтар ақиқаты. Алматы, 1989. 90-б.). Сондай-ақ хаттағы "Жалобы на переселенческую политику центра: казахские массы были привлечены к советской власти земельной революцией; "покушение” на казахские земли вызывает немедленно тревогу. "Мы не против переселенческой политики, но нужно, прежде всего, удовлетворить землею туземное население” деген пікірдің өзі-ақ Ә.Бөкейхановтың 1927 жылы одақтық егіншілік комиссариатында профессор Швецов ұсынған жер нормасын қолдап, Қазақстанға қоныс аудару бағытын жақтаған оқымысты ғалым Верещагинге: "Профессор Верещагин бұрын да қазақтардың жерін тартып әперіп, орыс помещиктері мүддесін қорғаған еді. Егер ол айтқандай, Тула шаруалары шынымен де жерге мұқтаж болса, біз қазақтар олармен Верещагин сияқтылар арқылы емес, тікелей келіссөз жүргізуді қалаймыз. РСФСР Егіншілік комиссариаты ұсынып отырған жер нормасы қазақтарды қанағаттандыра алмайды, өйткені ол көбірек артық жер шығаруды көздейді. Сондықтан да бұл нормалар болашақта Қазақстанда жаңа отарлау саясатын жүргізуге бағытталған” деген жауабымен тікелей үндесіп жатқан жоқ па?.. (Қараңыз, Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Алматы. "Жалын баспасы” ЖШС, 2004. 164-б.). Үшіншіден, саяси қысым көрген Әлихан Бөкейхановтың 1926-1927 жылдары мәскеулік ескі таныс, достары, академик А.Ферсман, профессор-оқымыстылар С.Швецов, В.Бонч-Бруевич, Л.Чермак, т.б. көмегімен Ресей Ғылым академиясына қызметке шақырылып, ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген кезі, осы хаттың жазылу уақытымен дәлме-дәл келеді. Біз республика қайраткерлерінің бір тобы —"Бесеудің” Голощекинге, Т.Рысқұловтың Сталинге хаттары бұдан көп кейін, 1932-1933 жылдары жазылғанын білеміз. Қысқасы, бұл хаттың жазылуына Ә.Бөкейхановтың тікелей қатысы барына жоғарыда айтқан фактілер-ақ көз жеткізе түсетін тәрізді. Ал енді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановпен бірге Л.Троцкийге барған екінші адам Әлімхан Ермеков болуы мүмкін. Алаш қозғалысының алғашқы күндерінен бастап Әлиханмен жұбы жазылмай қатар жүрген Әлімхан Ермековтің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде 1920 жылы Қазақ КСР-ін құруға белсене араласып, В.И.Лениннің басшылығымен Мәскеуде өткен үлкен партиялық жиында баяндама жасағаны, Қазаткомның мүшесі болып сайланғаны, сондай-ақ одан кейінгі саяси қуғын-сүргін кезінде, яғни 1926-1927 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институтында оқытушылық қызмет атқарғаны мәлім. 1927 жылы Ә.Бөкейханов Мәскеуде қызметте жүрген кезде Әлімхан Ермековтің де Л.Троцкийге барып жолығуы сөзсіз. Мысалы, оның жауабын жазушы Ж.Бектұровтың "Енеден ерте айырылған төл секілді...” кітабынан тапқандай боламыз. Автор онда маған Ә.Ермеков "Екінші бір мойныма алған айыбым: 1928 жылы қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеп, конфискелеу тарихи теріс іс деп білгендігім. Бүгін байлардың малын сыпырып алсақ, ертең мұның теріс әсері күллі еліне тиеді. Бірте-бірте малды адамдардың бәрі де қара тізімге ілігеді. Сонсоң малдың сүмесімен күн көріп отырған, егіншілік кәсібі жоқ көшпенді халық ашаршылыққа душар болады, азып-тозады, бет-бетімен ыдырап кетеді деп ойладық. Міне, өзімнің осы ой-пікірімді іс басында болмаса да, Мәскеуде отырған ұлықтар алдында ертеден беделі бар Ә.Н.Бөкейхановқа хат арқылы жеткізіп, оның орталық үкімет басшыларына барып, Қазақстандағы асыра сілтеушілікті бөгейтіндей ықпал жасауын өтіндім. Алайда, біздің мұнымыздан ештеңе шықпады. Бізді шетімізден көгендеп, тұтқындап соттағанда менің әлгі Ә.Бөкейхановқа жазған хатым өзіме үлкен айып, қылмыс болып саналды...” деп айтып еді дейді. Осы арада Троцкий өзімен әңгімелескен екі қазақтың аты-жөнін неге жасырмай ашық айтып жазбады деген сұрақ туындайтыны түсінікті. Ленин қайтыс бола салысымен бар билікті қолына жинап алған компартияның бас хатшысы Сталиннің беделі күшейе түскен кез еді, бұл. Тіпті, Сталиннің әмірінің күштілігі сондай, 1924 жылы 12 мамырдағы БКП(б) Орталық Комитетінің пленумында жариялануға тиісті Н. Крупская өз қолымен ресми түрде табыс еткен Лениннің хаты оқылмады. Сталин өз қарсыластарының көзін біртіндеп құрта бастады. Ел ішінде "қызыл террор” өршіді. 1927 жылы Мәскеуде өткен БКП(б)-ның XY сьезінде Лениннің "Сталин слишком груб и этот недостаток, вполне терпимый в среде и в общениях между нами, коммунистами, становится нетерпимым в должности генсека” деп айтылатын әйгілі сьезге хаты тағы да жарияланбай қалды. Керісінше осы сьезде Троцкий, Зиновьев секілді оппозиция көсемдері партиядан қуылды. Бәлкім, сол себепті алдын ала қауіпсіздік шараларын сақтау үшін Троцкийдің хатында қазақ өлкесіндегі оппозициялық топтың басшылары Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермековтің есімдері әдейі жазылмай қалды ма екен? 1927 жылдың 1 қазанынан бастап Әлихан Бөкейханов Мәскеуде ОГПУ органдарының бақылауы астында тұруға тиіс болды. Содан Мәскеуде қызмет ету мүмкін болмағандықтан Қазақстанға қайтып оралады. 1928 жылы Ә.Бөкейханов Алматыда ҚазМУ-да, ал Ә.Ермеков ҚазПИ-де сабақ береді. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысының қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтіледі (Қараңыз, Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы. Том-2. Алматы, 1999. 76-б.). Тағдыр деген қызық қой. 1920 жылдардың соңына қарай Троцкийдің өзі қазақ елінің сол кездегі астанасы Алматыға саяси жер аударылып келді. Оның осы "қазақ достары” арасына келуінде де үлкен сыр бар секілді. Ол кезде Орта Азия республикалары ішінде қазақ ұлттық саяси элитасының беделі өте зор еді. Троцкий өзінің Мәскеуде іске асыра алмаған оппортунистік идеяларын Қазақстанда, атап айтқанда алашордашылар деп аталатын ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілдерінің көмегімен жүзеге асырғысы келді ме, кім білсін... Бірақ олардың іс-әрекеттері әрдайым қатаң бақылауда болды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов 1929 жылы Алматыда қамауға алынып, Мәскеуге Бутыркаға тергеуге түскенде, КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ "үштігінің” оған "1921 жылы Орынборда контрреволюциялық ұйым құрды, ортаазиялық пантүрікшіл ұйымның басшысы Валидовпен байланыста болды. 1927 жылы қазақ даласында қарулы көтеріліс даярлау әрекетіне қатысты” деп айып тағып, РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабының 2,4 және 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілуі тегін емес еді. Алайда, ОГПУ "үштігі” қазақ ұлты зиялыларының көсемі Ә.Бөкейхановтай үлкен тұлғаны құртып жіберуге қорықты. Оған берілген өлім жазасы абақтыда өтеуіне ауыстырылды. Ақыры ол ОГПУ органдарына ұлт зиялыларының наразылық білдіруіне байланысты түрмеден босатылды. Өкінішке қарай, оның сонау бір жылдары Семейде "Алаш” партиясының облыстық комитетін, Алашорда үкіметін бірге құрысып, қызметтес болған сенімді серіктері Халел Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов және т.б. Мәскеудегі Бутырка түрмесінде жазықсыздан жазықсыз атылып кете барды. Троцкийдің хатындағы Алаш арыстары айтқан ақиқаттың ақыры, міне осындай оқиғалармен аяқталды... | |
Просмотров: 1349 | Загрузок: 355 | |
Всего комментариев: 0 | |