Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих |
Ресей қамқорлығын қабылдау
[ · Скачать удаленно (30.0Kb) ] | 31.10.2012, 21:19 |
Ресей қамқорлығын қабылдау
А.И.Тевкелев елшілігі Састөбе құрылтайында қызу айтыс тудырған мәселелердің бірі — жоңғарға қарсы әскери одақ сипаты. Әбілқайыр хан бастаған топ Ресей мемлекетімен жаңа мазмұндағы қатынас жасауға көшу бағытын ұстайды. Құрылтайдан оралған бетте Әбілқайыр хан Ресей патшасымен әскери одақ құру жөніндегі Кіші жүз билеушілерінің келісімін алып, Петербургке Құтлымбет Қоштайұлы бастаған, құрамында жеті адам бар елшілік жібереді. Ал ханның өзі құпия түрде елшілікке Ресей патшасымен тек әскери одақ құру жөнінде келіссөз жүргізіп қайтуды емес, қазақ елін тұтас империя құрамына алу туралы өтінішті жеткізуді тапсырады. Патша сарайы Әбілқайыр хан елшілігін көңілді қарсы алып, түрлі сый-сияпат көрсетіп, соңында оған Сыртқы істер коллегиясының тілмашы А.Тевкелев бастаған Ресей өкілдігін күзетуші әскерімен қосып қайтарады. А.Тевкелевке «қырғыз-қайсақ ордасын Ресей ықпалына» алу жөнінде акт қабылдау тапсырылады. Жазба түрінде берілген нұсқауда «егер хан мен жанындағылары басқа ниет танытар болса, онда А.Тевкелевке оларды көндіру жүктеледі». Татар мырзасы А.И.Тевкелев Ресейдің Қазақстанмен қатынасы ісінде жаңа адам емес-тін. Ол кезінде император I Петрдің: «Егер бұл орданың құзырымызға шын кірмек ниеті болмаса… жоқ дегенде, бір парақ қағазға түскен уәдесін алсақ та жеткілікті», — деген тапсырмасын естіген адам еді. А.Тевкелев елшілігі 1731 жылы 5 қазанда Ырғыз өзенінің бойындағы Майтөбе деген жерде отырған хан ауылына жетеді. Алғашқы келіссөздерде-ақ Әбілқайыр ханның өтірігі шыға бастайды. Ол жөнінде П.И.Рычков: «Тевкелев ордаға келгенде, халық ханға «мұндай мәселені бізбен ақылдаспай жалғыз шештің» деген мағынада көптеген ауыр айыптаулар тағып, соған байланысты аса зор кедергілерге жолықты», — деп жазды. Тевкелев ханнан мұндай өтінішті жеке өзі емес, жалпы қазақ жұртының атынан неге жасағандығын түсіндіруді сұрайды. Хан ондай қадамның өтініш тек жеке өз атынан ғана жасалса, патшаның қанағаттандырмай тастауы мүмкін-ау деген қауіптен туған шара екендігін айтады. Әбілқайыр хан Ресей патшасына өтініш жасау себептерін де атайды. Олар, біріншіден, ел ішінде беделден айырылған хандық билікті орыс патшасының қолдауына сүйене отырып қайта жандандыру ниетінің бар екендігі және екіншіден, орыс әкімшілігінен қазақ әскерлерінің, башқұрт пен қалмақтардың қазақ ауылдарына шабуылына тыйым салуды өтініп, сол арқылы қазақтарға негізгі қарсыласы жоңғар қалмақтарымен күресуге мүмкіндік әперу еді. 1731 жылы 7 және 10 қазан күндері хан үйінде А.Тевкелевтің би және батырлармен кездесулері өтеді. Алғашқы жүздесуде Тевкелевтің орыс патшасы «қырғыз-қайсақ қолдарына қолдау көрсетіп, сіздердің өз өтініштеріңіз бойынша Ресей қол астына алуға бұйырды» деген сөзіне жиналғандар жауап берместен, елшіні орналасқан үйіне қайтарып, соңынан өлтірмек болады. Соның арасында елші аса ықпалды Бөгенбай батырмен жасырын жолығып, оны өз сөзін сөйлеуге көндіреді. Екінші кездесуде жиналғандардың басым бөлігі «ашулы сөйлеп», ешкімнің де «қол астында болуға мұқтаж емес екендіктерін», ханға орыс патшасымен тек әскери одақ құру құқын бергендіктерін мәлімдейді. Соңғы кездесуде Бөгенбай батырдың ықпалымен ханнан басқа 29 ел билеуші билер тобы патша әкімшілігі даярлаған грамотаға қолдарын қойып, ант береді. 1731 жылдың желтоқсанында А.Тевкелев Кіші жүздің тағы біраз сұлтандарының, сондай-ақ Орта жүздің бір бөлігін билеушілердің антын қабылдайды. Орта жүздің басым белігінің билеушілері ант беруден бас тартады. Ал Ұлы жүзбен бұл жолы ешқандай байланыс жасалынбайды. А.Тевкелев елшілігі қазақ елінің Ресей империясының құрамына енуін бастап берген еді. А.Тевкелев кейінірек бұл атқарған ісі жөнінде: «Мен, құлыңыз, ешқандай тән азабынан қашпай, тек өз отаныма қызмет көрсету ниетіммен, екі жылға жуық мерзім басымды өлімге тігіп, барлық киындыққа төзіп… барлық айла-әрекетті қолданып, бұл істі жақсы нәтижемен аяқтадым, яғни орданы түгел бодандыққа алып келдім», — деп жазды. 1731 жылы, ягни патша әкімшілігі даярлаған грамотаға ант беріп, қол қояр қарсаңда қазақ билеуші тобының арасында бұл мәселеге байланысты ортақ шешім болған жоқ. Міне, сондықтан да, кезінде ғылыми жұмыстарда қалыптасқан қазақ елінің өз еркімен Ресей империясы құрамына енгендігі жөнінде жасалған тұжырымның өмірлік негізі әлсіз болатын. Грамота бойынша оған қолын қойған қазақ билеушілері мынадай міндеттемелер алды: Ресей империясының шығыс шекарасын қазақ елі мен көрші халықтардың шабуылынан қорғау; қазақ даласы аркылы Орталық Азия хандықтарына өтетін ресейлік кепестердің сауда керуендерін қорғау; тері және бағалы елтірі түрінде алым-салық төлеу; қажет болган жағдайда патша әскеріне қосымша әскер күшін беру. Құжатта екі жақтың арақатынасына байланысты басқа да (әкімшілік-басқару, шекара, т.б.) өзекті мәселелер қозғаусыз қалды. Өйткені әуел бастан-ақ орыс патшасы қазақ хандығын өзіне тең санаған жок, сондыктан да патшалық әкімшілік грамотада көтерілмеген мәселелерді болашақта өз қалауынша шешетіндігіне сенімді болды. Сөйтіп, казақ елінің бір бөлігі Ресейдің қамқорлығын (протектораттығын) мойындайды. Ресей қамқорлығына өту жоңғар шабуылын тоқтата алған жоқ. 1742 жылы жоңғар колдары Орта жүздің жеріне басып кіріп, ел билеушілерінің біразы аманат беріп, тәуелділігін мойындайды. Бұған дейін жоңғар қонтайшысы аманатқа Ұлы жүздің билеушісі Төле бидің баласы Жоланды алған болатын. Ресей үкіметінің қолдауымен Түркістандағы бас хандық таққа отырудан үміттенген Әбілқайыр хан өз арманына жете да алған жоқ, қайта ол орыс әкімшілігіне аманатқа, алдымен Ералы, содан соң Қожахмет атты ұлдарын беріп, тәуелділігін тереңдете түсті. «Патшалық ішінде патшалық болмайды!» деген қағидатын ұстанған патша үкіметі ендігі уақытта Әбілқайыр ханның билігін әлсірете түсу жолында түр еді. Ресейдің отарлау шаралары А.Тевкелев елшілігінің нәтижелеріне қанағаттанған патша үкіметі жедел түрде Қазақстанды игеру шараларына кірісіп кетті. 1734 жылы мұнда сенат хатшысы И. К. Кириллов бастаған экспедиция жіберілді. Оған көмек беруге Тевкелев бекітілді. Экспедицияға Қазақстанның жер қойнауы байлықтарын, әсіресе алтын мен күміс кен орнын анықтау, Орталық Азия хандықтарына жол ашу, осы мақсатта қазақ даласын пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру жүктелді. Қазақ елі мен Ресей империясының шекарасы ретінде Жайық өзенінің бойы белгіленді. 1735 жылы Ор өзенінің бойына Орынбор бекінісі түсті. Бекіністің салынуын әскери басып алу есебінде қабылдаған башқұрт халқы тынымсыз азаттық көтеріліске шықты. 1738 жылы көктемде көтеріліске шыққан башқұрт билерінің өтініші бойынша, Әбілқайыр хан башқұрт жеріне кіріп, орыс билігін қолдайтын башқұрттарды тұтқынға алып, қалған біразынан алым-салық жинатады. Осы оқиғадан соң башқұрттар мен қазақтардың орыс билігіне қарсы күш біріктіруінен қауіптенген әкімшілік орындары қазақ билеушілерімен қатынасын жұмсартып, бірінші Орынбор генерал-губернаторы И. И. Неплюев (1744—1758 жылдары) өзін-өзі ақтаған «тепе-теңдік» (баланс) саясатын жүргізді. Оның мазмұны: Қазақстандағы бір емес, бірнеше аса ықпалды билеушілерге қолдау көрсету, бірақ олардың ешқайсысын да әкімшіліктің ырқынан шығып көтерліктей күшейтіп жібермеу. Белгілі тарихшы М. П. Вяткин бұл саясаттың астарын ашып: «Ішкі феодалдық күрестің асқынған сәтінде жүргізілген бүл саясат анархияны, мемлекеттік құлдырауды, яғни қазақ жүздерін, алдымен, Кіші жүзді әлсірету саясаты болды. Қазақ қоғамының саяси әлсіздігі ғана патша үкіметіне қазақ жүздеріне қарсы кең шабуылға өтуге мүмкіндік беретін еді», — деп жазды. «Тепе-теңдік» саясатының ықпалын, ең алдымен, Әбілқайыр ханның өзі сезінді. Ол өмірінің соңына қарай патшайым Елизавета Петровнаға жолдаған хатында «…Мына қайсақ ордасын мен бодандыққа өткенге дейін ешкім де білмейтін, оған алғаш жол салған мен, құлыңыз, менен соң балаларым да осы жолда қызмет көрсетіп шен-шекпен алды. Ал бірақ жыл өткен сайын, аса жоғары император мәртебелім, өзіңіздің маған деген қамқорлығыңыз бен сый-құрметіңіз кеміп, оның есесіне, менен төменгілер өсіп барады, неге олай екендігін түсінбедім», — деп жазды. 1746 жылы Әбілқайыр хан И. И. Неплюевке Орынбордағы айырбас сауда үйінде әрбір қазақ жүздерінен 10-нан, барлығы 30 би ұстау 194 жөнінде ұсыныс жасайды, ал олардың тізімін ханның өзі анықтауы керек еді. Ол өзінің қарсыластары Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтанды шекарадағы бекіністердің бірінде ұстауды өтінеді. Ханның бұл ұсыныстарын Неплюев қабылдамай тастайды. Осымен бір мезгілде отаршыл әкімшілік Башқұртстан мен Қазақстан арасына, әскери бекіністер жүйесін салып, екі халықтың өзара қатынасына шектеу қоюға тырысты. Ал Жайық өзенінің төменгі сағасына орналасқан бекіністердің коменданттарына қазақ пен Жайық қалмақтары билеушілерінің алыс-берісіне жол бермеу тапсырылды. Патшалық әкімшілік үшін қазақтардың ортаазиялық хандықтармен байланысына шек қою қиынырақ еді, дегенмен бұл бағытта да түрлі шаралар қарастырылды. Соған қарамастан, Әбілқайыр хан 1740 — 1741 жылдары Иран шахымен Хиуа тағы үшін таласқа түсіп, бірақ мұнда орныға алған жоқ. Ресейдің қазақ қоғамына тереңдеп ене бастауы, орталық билік пен жаңа өлкенің арақатынасын реттеп отыру міндеті жүктелген Орынборлық әкімшіліктің қазақ қоғамының ішкі өміріне жиі араласа бастауы Қазақстанда мүлдем жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына алып келді. Оның жинақы көрінісі қазақ билеуші тобының Ресейге қатынас мәселесінде өзара қарсы тұрған екі лагерьге бөліне бастауы. Ресей үкіметінің алғашқы отарлау шаралары халықтың үлкен белігінің, оның Төле би, Абылай хан, Барақ және Батыр сұлтандар бастаған билеуші тобының жаңа билікке сескене қарауына түрткі болды. Бұл бағыттағылар Әбілқайыр ханның Ресеймен жақындасу шараларына сенімсіздікпен қарап, мұндай әрекет қазақтарды саяси тәуелділікке ұрындырады деп түсінді. Келесі, екінші бағытты ұстанушылар, яғни Әбілқайыр ханның ұлдары, Жәнібек және Есет батырлар Ресеймен тығыз байланыс орнату арқылы сыртқы қауіптен құтылуға және ішкі тұтастыққа жетуге болады деп түсінді. Сондай-ақ бұл топ Әбілқайыр ханның жеке беделіне үлкен үміт артты. Қазақ қоғамында пайда болған бұл рухани алауыздық тез арада егеске ұласпағанымен, өз нәтижесін бере бастады. Ресейдің отарлау шаралары және Әбілқайырдың ұлдарын аманатқа алуы, сондай-ақ ханның өз қарсыластарын шектеуге бағытталған өтініштерінің аяқ асты болуы оның халық пен қарсыластары алдында беделінің түсуіне алып келді. Неплюевке жолдаған бір хатында хан: «Мен жіберген хаттардағы өтініштерге байланысты бірде-бір іс атқарылган жоқ, ал бұдан өткен жаманы сол, мені бүтін өз жұртыммен ұрыстырып, оның алдында ұятқа қалдырдыңыздар», — деген өкінішін білдіреді. 1748 жылы тамызда қарақалпақ арасындағы қазақтарға араша түсіп, оларды көшіріп алып қайтуға барған хан қайтар жолында Барақ сұлтанның жасағына кезігіп, екі арада болған қақтығыста қаза табады. Бұл бүкіл қазақ даласына лезде тарап, жайсыздық туғызған оқиға болды. Алдымен Қазыбек би мен жоңғар қонтайшысынан сауға сұрап, жағымды жауап ала алмаған Барақ Сауранға, Төле бидің жанына келіп паналап, биден әділ үкім күтеді. Билер соты сұлтанды ақтап шығады, бірақ ол көп ұзамай жаулары берген удан қаза табады. Пайдаланылған әдебиет ↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4 | |
Просмотров: 1374 | Загрузок: 368 | |
Всего комментариев: 0 | |