Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Орталық Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы
[ · Скачать удаленно (42.9Kb) ] 31.10.2012, 21:24
Орталық Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы

Мемлекет билігінің Кеңестердін қолына кешкені туралы хабар бүкіл Ресейдің ғана емес, дүние жүзін, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Бұл оқиға бүкіл елде, Ресейдің орталық аудандарында, оның шет аймақтарында Кеңес өкіметін құру, нығайтумен ұштасты.
Төңкеріс бүкіл билікті жұмысшы, солдат, шаруа депутаттары Кеңесінің қолына беру арқылы халықтың әр түрлі топтары мен түрлі ұлттардың, халықтардың келешектегі тағдырына байланысты түрліше үмітте болуына жол ашты. Қазақ даласында Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес 1917 жылғы қазаннан 1918-жылғы наурызға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл үрдіс өлкедегі әлеуметтік-экономикалық дамудағы ерекшеліктерге байланысты және жергілікті жұмысшы табымен большевиктік ұйымдардың сан жағынан аз, әрі әлсіз болғандығынан, ұлтаралық қатынастардың күрделілігінен туған қиыншылықтар себебінен шиеленісе түсті. Кеңес өкіметінің өлкеде жеңіске жетуінде солдат депутаттары Кеңестеріне біріккен жергілікті гарнизондардың солдаттары, және ақпан революциясынан кейін Қазақстанға оралған, әрі барынша қолдаған көңіл күйдегі, өздеріне – бейбітшілік, ал шаруаларға – жер беруге уәде жасаған үкіметтің болуына жеке мүдделі бұрынғы майдангерлер шешуші роль атқарды.
Төнкерісті қолдайтын күштер басым болган жерлерде жергілікті Кеңестер большевиктер жағына бүтіндей шықты. Қызыл әскер жасақтары бар аудандарда өкімет билігі жұмысшылар мен шаруалардың қолына большевиктердің Кеңесте көпшілік орынға ие болуы арқылы жүзеге асты. Семей, Өскемен өлкелерінде қазақ-орыс және офицер-старшина билеуші топтардың ықпалы басым болғандықтан, Кеңес өкіметі үшін күрес біраз қиындыққа кездесті. Семейде өкімет билігі жергілікті Кеңестің қолына 1918 жылы ақпанның 15-інен 16-сына қараған түнде көшті.
Тарихтың көнекөз шежіресіне айналған Қарқаралы өткен ғасырдың 20 жылдары революциялық оқиғаларға толы болды. Езілген қазақ халқын қорғап үн көтеріп, бостандықтың туын ұстап, отаршылдық саясатты тоқтату туралы мәселелер қоя бастаған талай ержүрек ұлдар осы Қарқаралы топырағында өмірге келді. Солардың ішінде 1912 жылы көктемде Ленада болған қанды қырғынға қатысқан революционер Угар (Мұқатай) Жәнібеков, Қарқаралы Совдепінің мүшелері Н. Нұрмақов, Г. Базилевич, А. Медеубаев, уездік партия комитеті мен комсомол комитеттерінің тұңғыш хатшылары М. Малашкин мен Ғ. Мусин, ағалы – інілі чекистер Спатаевтар, мұғалім Н. Иванова және басқалар.
Өлкедегі Кеңес өкіметінің орнауы белсенді қарқаралылықтардың тікелей араласуымен болды. Бұқара халықтың басы-қасында Герасим Базилевич, Андрей Спирин, Валентин Денисов, Иван Стрюков, Николай Блощицын сияқты майдангер большевиктер мен жергілікті революцияшыл интеллигенция өкілдері – уездік орыс-қазақ мектебінің оқытушылары Н. Нұрмақов, А. Аяғанов, А. Шыңғысов т.б. болды. Большевиктер жасырын түрде қала билігін алу жоспарын жасап, уездегі солдаттардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, олардан қолдау тапты. Николай Блощицыннің әкесі – Антон Григорьевичтің үйінде 1918 жылы 10 ақпанда болашақ төңкерістің соңғы жоспарлары бекітілді. Ал, 14 ақпанда Қарқаралы қазақтары атынан болашақ Кеңес үкіметінің жергілікті билігіне делегаттар сайпанды. Оған, А.Г. Казанцев пен Н.М. Бабин, үміткерлер болып И.В. Деев пен Н.А.Блошицын кірді. 1918 ж. 8 наурызда уезде Кеңес өкіметі орнауы нәтежесінде Қарқаралы совдепі, уездің мемлекеттік өкіметінің сайланбалы органы құрылды. Бұл туралы сол кезде Семей қаласында шығып тұрған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңесінің хабаршысы «Известия» газетінің №17 санында «Қарқаралы жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңесі аймақта Кеңес өкіметін танитындығын және уезде оның орнайтындығын» – хабарлаған жеделхат түскенін жазған.
Атқару комитетіне солдаттардаң шаруалардаң қазақ тұрғындарынан және станица қазақтарынаң әр қайсысынан 2 өкілден сайланды. Қарқаралы совдепінін жұмысына Г.Н. Базилевич, В.И. Денисов, И.Я. Стрюков, Н. Нұрмаков, А. Шынғысов т.б. ат салысты. Совдептің негізгі қызметі контрреволюцияға қарсы күрес жүргізуге, жергілікті жерлерде жаңа өкімет аппаратын құруға, уездің шаруашылық және мәдени өмірін жолға қоюға, кулактар мен байлардың мүлкін тәркілеуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге, азық-түлікті есепке алып бөлуге бағытталды. Совдеп 1918 жылы 3 сәуірде ескі сот органдарын таратып, Қарқаралы уезінің революция трибуналын сайлады, 22 сәуірде жұмысшы депутаттарының Спасск Кеңесінің жанынан да революциялық трибунал ұйымдастырылды. Олардың қызметі: жас Кеңес өкіметінің мүдделерін, еңбекшілердің құқықтарын, Қазан төңкерісінің жеңістерін төңкеріс дұшпандарының қаскүнемдігінен қорғауға бағыттады. Қарқаралы совдепі мұғалім даярлайтын курстар, сауатсыздықты жою жөніндегі пункттер ашты.
Сол күндері Кеңес өкіметін құлату үшін ел ішіндегі ақ гвардияшылармен бірігіп алған империалистік мемлекеттердің белсенділік көрсетуіне орай, 1918 жылдың жазында азамат соғысы кең көлемде жайылып кетті. Олардың ең басты пәрменді күші Чехословак корпусы болды, ол революцияға дейін Австро-Венгрияның тұтқын солдаттары, чехтар мен словактар қатарынан құрылған еді. Осы корпустың бөлімдері революцияға қарсы ішкі күштермен қоян-қолтық бірлесіп, Ақмола, Петропавл, Қостанай қалаларын басып алды. Кеңес үкіметіне қарсы күштер Самарада эсер-ақгвардияшыл үкіметін – «Комуч» – (құрылтай жиналысының комитетін) кұрды. Омбыда адмирал Колчак басқарған Сібірдің ақгвардияшыл уақытша үкіметі орнады.
Осындай азамат соғысы барысында 1918-жылдын 11 маусымында Семейдегі кенес өкіметі кұлатылды. Ол жерде қатан әскери тәртіп орнатылып, билік тікелей облыстық әскери комиссарларға көшті. Оның жарлығымен уездік әскери комиссарлар тағайындалды.
Азамат соғысы жағдайында жұмыс істеп жатқан Қарқаралы совдепі 1918 жылдың басында контрреволюциялық бүліктердің нәтижесінде тұтқынға алынып, көп ұзамай оның мүшелері Семей түрмесіне жөнелтілді. Қарқаралы уездік әскери комиссариаты уездік милиция бөлімдеріне жергілікті жерлерде билікті қолға алып, мемлекетке салық жинауға кірісуге бұйрықтар жіберіп жатты. Большевиктер құрған Түркістан майданына (1919 ж. 11 тамызда Шығыс майданының құрамынан бөлінген, қолбасшысы М.В. Фрунзе) Колчактың аса ірі күші – генерал Беловтың Оңтүстік армиясы қарсы тұрды. Қазақстанның колчакшылар басып алған солтүстік және орталық аудандарында халық қанға бөктерілді.
Кеңес өкіметі ішкі және тысқы жаулардан қорғану үшін Кеңес республикасының қарулы күштерін кұру мәселесіне көніл бөлді. 1918 жылы 15 қаңтардағы жұмысшы, шаруа қызыл әскерін құру жөніндегі үкіметтің нұсқауына сәйкес, елде әскери бөлімдер құрыла бастады. Олар алғашында еріктілерден құрылды. Қазақстанда облыстық, уездік Кеңестер жанынан әскери комиссариаттар, әскери бөлімдер, қызыл әскер штабтары құрылып, жауынгерлерді әскер ісіне үйретумен шұғылданды.
Бірақ еріктілік негізінде кұрылған бөлімдерде тәртіп, бір-бірімен байланыс нашар еді. Олардағы жағдай түзеуді қажет етті. Шетел басқыншылығы, ішкі-тысқы жаулармен күрес кезінде әскер бөлімдерін құруда еріктіліктен бас тартып, әскери міндеттілікті енгізу, әскер бөлімдерін темірдей тәртібі бар, соғыс өнеріне жақсы үйретілген күшке айналдыру керек болды. Солай істелді де, 1918 жылы 29 мамырда әскер құрамында ұлттық әскер құрамалары, оның ішінде қазақ жастарынан құрылған бөлімдер құрылды.
1919 жылы жақсы қарулаыған және дайындықтан өткен Қызыл Армия Қазақстанның барлық майданында үлкен жеңістерге жете бастады. Кеңес республикасын Түркістанмен біріктіру үшін Түркістан майданының әскерлері тамыз айында жаппай шабуылға көтерілді. Астыртын жұмыстағы большевиктік ұйымдар мен партизан отрядтары Қызыл Армияның ұрысқа шыққан бөлімдерімен тығыз байланыста болды. Колчакшылар Қарқаралы совдепінің мүшелерін жазаға тартуды ойластырған 1919 жылы 1 желтоқсанға қараған түнде Семейде большевиктердің бастауымен қарулы көтеріліс болып, жеңіске жетті. Жаңа құрылған әскери-революциялық комитет қалада және өңірде Кеңес өкіметін қалпына келтіруге ұмтылды. Ескі шекарасы басқа губернияларға қарағанда кең ауқымды жерді алып жатқан, бір миллионнан астам халқы бар Семей облысында 1919 жылы 16 желтоқсанда уақытша облыстық революциялық комитет өз жұмысын бастады. Оның құрамында Скиба, Большаков, А. Бобра, В.А. Курамжина сияқты белгілі адамдар кірді. Қарқаралы өңірінде де сол күндері колчакшылардың жүгенсіздігіне қарсылық күшейді. Осы жылдың 12 желтоксанында Қарқаралыны Қызыл Армия бөлімдері азат етті. 1920 жылы 8 кантарда уездік революциялық комитет құрылып. А. Радченконың төрағалық етуімен Қарқаралы уезі делегаттарының съезі өткізілді. Осы жылғы 20 наурызда РКП(б)-нің Семей губерниялық бюросы Қарқаралы уездік бюросының құрамын бекітті.
Жалпы, Кеңес өкіметі жеңгеннен кейін Қазақстанда да ескі мекемелер, оның ішінде Уақытша үкіметтің комиссарлары, отарлау-шенеуніктік, әкімшілік, қоныстандыру басқармасы, бұрынғы сог жүйесі жойылып, өкімет билігі жұмысшы, солдат депутаттары Кеңестері арқылы жұмысшы, шаруалардың қолына өте бастады. Мұндай өзгерістердің іске асуында Қазақстан қалаларында құрылған төңкерістік комитеттердің ролі зор болды. Олар қызыл ұландар бөлімдерін, жұмысшы жасақтарын құрды, кедейлерге арқа сүйеп, қанаушы таптардың қарсылығына тойтарыс берді, өкімет билігінің Кеңестердің қолына өткендігін жариялап, олардың нығаюы үшін ат салысты. Кеңестер билікті ойдағыдай жүргізу қабілетіне ие болған жерлерде төңкеріс комитеттері өз міндетін Кеңестерге өткізіп отырды. Уездік төңкерістік комитет жанында еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық, білім беру, әскери, жер, заң, пошта, телеграф, азық-түлік, жұмысшы-шаруа инспекциясы және халық шаруашылығы бөлімдері ашылды. Кейінірек бұл бөлімдердің саны өсті.
1918-1920 жылдарда шетел басқыншылары мен елдің ішіндегі төнкерісті жақтайтын күштердің қарсылығы жеңілгеннен кейін, Қарқаралы өнірінде де экономиканы калпына келтіру, мемлекеттік құрылысты нығайту жұмыстары жүргізілді. Онын көкейкесті мәселелері қазақ жұртшылығының съездерінде талқыланды. Сол 1920-жылы алғашқы ауыл шаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды. Қаланын жастарынан алғашкы комсомол ұйымы құрылды. Оны ұйымдастырып, іргесін қалаған осы қаланың үстін басып, Семейге қарай аттанған Разин атындағы қызыл әскер полкінің жауынгерлері еді.
Қазан төңкерісінің жеңісі құлатылған бұрынғы қанаушы тап өкілдері мен билеушілердің үнемі қарсылығын тудырып отырды. Қазақстанның орталық аудандарында 1921 жылдың қыс айларында Есіл-Петропавл эсер-кулак бандаларының қалдықтары, ішкі жаудың ордалы бір ұясы – Белов бастаған бандалар өздерінің қанды шеңгелдерін айнала жұртқа қатты батыра бастады. Қызылжар, Көкшетау, Ақмола төңірегіндегі халықты аяусыз соққыға ұшыратқан қалың жау, жолдағы елді қырып-жоя отырып, Қытайға қарай жөңкілді. Оның ішінде, әсіресе өзінің қатыгездігімен, озбырлығымен көзге түскен Токаревтің бандасы болды. Осы топ жол-жөнекей, сәуірдің бас кезінде Қарқаралы жолына түсті. Жолшыбай банда «Цвет жизни» коммунасы шаруашылығының ойран – топырын шығарып, Миньковка селосында үш адамды, Санников (қазіргі Бұқар жырау) селосында он үш адамды, Пролетар селосында коммунист А.В. Пискуновты айуандықпен азаптап өлтіріп, сәуірдің 6-сында құрамындағы 2500 адамы, 700 арбасымен кешке қарай Қарқаралыға жасырын кірді.


Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Қазақстанда, орнауы, өкіметінің, Орталық, Кеңес
Просмотров: 1428 | Загрузок: 383 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar