Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих |
Омар Хайямның даналығы жайлы
[ · Скачать удаленно (47.6Kb) ] | 06.11.2012, 20:34 |
Дүниенің саф асылы, сарасы – біз,
Мақсаты, майса гүлі, санасы – біз. Бұл жаһан дөп-дөңгелек жүзік болса, Жауһардай жанған соның шарасы – біз. Уақыт бәрін өзгертеді: ол шөлдегі құйыннан да қуатты, онымен тіпті теңіздің ақ шулан толқындары да теңесе алмайды. Оның ерекшелігі: ешкімге көрінбей өз дегенін істейтіндігінде. Бүкіл әлем ұйқыға кеткенде, боран тыйылып, толқындар тыншығанда уақыт қана көз ілмейді, оның құдіретінің, күш қуатының өзі осы тынымсыз тіршілігінде. Ол тіпті құдайлар Зороастр, Заратуштра табынған оттан да күшті. Барлық зұлымдық пен қараңғылықтың бастауы – Ахриман деседі. Мүмкін, уақыттың алапат күшінің бір сыры осында жатқан болар. Әрине, мұны ұғыну үшін, ең әуелі, отқа табынушы зороастриттердің жазбаларында айтылған нәрселердің бәрін еске түсіріп, ойланып алғанның терістігі жоқ. Уақыт үлкен қаланы күл етіп, көзге қораш мекенді көркейтіп, жаңартып жібереді. Мысалы, кезінде ғажайып қала атанған Нишапур мен жадау қала Нокан осындай күйге ұшырады. Соңғысы қазіргі Хорасанның астанасы – Мешхедке айналды. Ал алдыңғысы қарапайым ғана қала, оның бар қасиеті – Омар Хайямның бейітінің болуында. Егер мұнда осы бейіт болмаса, Нишапур не күйге ұшырар еді? Тіпті атақты көгілдір ақық өндірілетін кен көзінің өзі де оның атын шығара алмас еді. Бірақ бұл Нишапур жөніндегі әңгіме емес, бұл әңгіме осы қаланың атын шығарған ұлы парсы философы, «Батыс пен Шығыс философтарының патшасы», «Шындықтың білгірі», «Хорасан Имамы» және тағы да басқа мәртебе иесі – Омар Хайямның даналығы жайлы. Біздің заманымыз бен ол тіршілік еткен кездің арасында жүздеген жылдар жатыр. Бірақ Омар Хайям ұмыт болды ма? Оны кім білмейді? Оның уытты, жалынды рубаиына ерімейтін жүрек бар ма? Омар Хайямды бүкіл әлем біледі. Омар Хайям туралы айтылған да жазылған да сөздер көп. Бірақ оның әлемге атының кең тарауы ХІХ ғасырда ғана мүмкін болды. Хайям зерттеушілер осы жайға орай мынандай деректер келтіреді. 1859 жылы ағылшын әдебиетшісі Эдвард Фитцджеральд өз ақшасына «Омар Хайямның рубаяттары» деген жұқа кітапша шығарады. Ол оған дейін Хафиз, Низами, Аттар, Руми және Жәмидің шығармаларын түп-нұсқадан оқыған болатын. Сондықтан да Фитцджеральдтың енді Омар Хайямға көңіл бөлуі орынды іс. Бірақ «Омар Хайямның рубаяттары» ағылшынның белгілі баспагері әрі кітап саудагері Бернарды Кворичтің дүкенінде екі жыл жатып қалды. Рубаяттарға ешкім көңіл бөлмеді. Эдвард кітаптың өтпесіне әбден көзі жетті. Бірақ бір күні кітап қлома-қло таралып кетті, ол небәрі 250 дана еді. Осыдан бастап Хайямға сұраныс тек Англия емес, Европаның өзге елдерінде, Америкада, Шығыста көп болды. Фитцджеральд көзі тірісінде үш рет басып шығарды, бесінші басылым ол өлген соң жарық көрді. Одан кейін «Омар Хайямның рубаяттары» тек 1926 жылға дейін 139 рет қайтадан басылып шықты. Орыс тілінде Омар Хайям тұңғыш рет 1891 жылы «Европа Вестнигінде» ақын В. Л. Величконың аудармасында жарық көрді. Ол Хайямның 52 рубаятын орысшаға аударды. 1910 жылы орыс ақыны Н. Д. Бальмонт Омар Хайямның он бір рубаятын аударды. Жалпы Омар Хайямды аударушылар саны қырық шақты. Олардың ішінде мамандар Д. Державин мен Г. Плисецкийдің аудармаларын мойындайды. Сонда Омар Хайям деген кім, неліктен ол әлемдегі ең озық ақынның бірі болып саналады, оның көзқарасын қалай ұғынуға болады. Осы мәселелер төңірегінде біраз ой қозғалық. Бұл адам тіршілігін математика мен астрономияға бағыштады, өзін Әбу-әли Ибн Синаның шәкіртімін деп есептеді және поэзиямен қолы бос кезде ғана айналысты. Бірақ оның есімін өлмес даңққа бөлеген поэзиясы болды. Фирдоусиден кейін өзін ақынмын деп атауға жүрексінген адам үшін бұл нағыз ақындық бақыт қой! Ақынның толық аты Гийас ад-Дин Абу-л-Хатх Омар ибн Ибрахим Хайям. Ол шамамен 1048 жылы Нишапур қаласында дүниеге келген кезінде, яғни ХІ ғасырда Иранның шығысында орналасқан Нишапур ел аузына ілінген шаһар болатын. Мұнда бай кітапхана, жоғары және орта білім беретін медресесі болыпты. Омардың балалық шағы осы қалада өткен, оның әкесі Ибраһим лашық үй жасаумен шұғылданған, «Хайям» – осы кәсіпке байланысты туған атау. Омар алғашқы білімді медреседен алып, әрі қарай Балхы Самарқандта білім алған. Омар Хайям – жасынан тынығу дегенді білмеген жан, оны әркез математика мәселелері толғандырды. Дегенмен ол поэтикалық ізденістері кезінде демалды десек қателеспеспіз. Бірақ бұның да еңбек етудің бір түрі екенін есте ұстағанымыз жөн... Жас шағында Омар Хайям Бұхара мен Самарқанда тұрды. Жиырма жетісінде алыстағы Исфахандағылардың көзіне шалынды. Мәлік-шахтың бас уәзірі Низам әл-Мүлік жас ғалымды Исфаханға шақырды. Осы жерде Омар Хайям қырық жылдан астам ғұмырын өткізді. Осы жерде ол: «Қараңғылық пердесінің ар жағында не бар деп, Ойлағанмен болмас мәлім...» дей келіп, терең философиялық мәні бар түйін жасайды: «Сол перде ашылғанда біз көреміз, Күмәнды ойымыздың бос болғанын». Исфаханда Омар Хайям арнайы философиямен шұғылданады. Ол, әсіресе, Ибн-Сина еңбектерін мұқият зерттейді. Осы кезде арабтың ақыны әрі философы Абу-л-Ала әл-Маарри еңбектерімен танысады. 1080 жылы Омар Хайям алғашқы философиялық еңбегін жазды. «Болмыс және болуға тиісті істер туралы трактат». Бұл кітап Иранның оңтүстік провинцияларының бірінің имамы әрі уәзір Фарстың хатына жауап ретінде жазылған. Имам Шығыс пен Батыс философтарының патшасы Абу-л-Хатх Омар ибн Ибрахим Хайямнан алла тағаланың әлем мен адамды жаратудағы құдіреттілігін түсіндіруді және дұғалардың қажеттілігіне қалай қарйтындығын сұрады. Бұл хат атақты ғалым, ислам идеологы Омар Хайямның исламға қарсы айтылған сөздерінің кең таралуынан туындалып отыр. Бұл хаттың мақсаты Омар Хайямды исламның маңызды діни міндеттерін мойындату болды. Жауап трактатында өзін Ибн-Синаның шәкірті деп жариялап, өз ойларын Аристотель дүниетанымын ұстанған философ ретінде түсіндірді. Бұл еңбекте алла тағалаға алғашқы себеп, ол болмыс өзгешелігі заңы, құдай өмірінен тыс деген идея айтылған. Бұл әлемде алла тағаланың бар екендігін мойындай отырып, табиғаттағы тізбектелген нақты өзгерістердің бәрі алла тағаланың құдіреттілігімен емес, табиғат заңдылықтарымен түсіндіріледі деді. Әрине, Омар Хайям пікірі мен ортодоксиялық мұсылмандық қағидалары сәйкес келе бермейді. Сол себепті кезінде Омардың мұсылмандығына шүбә келтірушілер де болған. Бірде Омар Хайямнан «Сен мұсылмансың ба? Сен аллаға сенесің бе?» деп сұрағанда, ол «Жартылай мұсылманмын, яғни жартылай құдайдан безген деп есептей беруіңе болады, жартылай...» деп жауап берген. Омар Хайям Ибн-Сина сияқты философиялық жүйе жасамаған. Бүгінгі күнге дейін Омар Хайямның бес философиялық шығармалары жеткен, олар: «Болмыс және болатын істер туралы трактат», «Үш сұраққа жауап: мәңгілік және детерменизм, әлемдегі қайшылықтың қажеттілігі», «Жалпы ғылымның пәні туралы ақыл жорығы», «Ғұмыр туралы трактат» және «Қажетті кітап (бар нәрселер хақында)». Бұлар өте қысқа, кейбіреулері бірнеше беттен ғана тұрады. Көзі тірісінде Омар Хайямды ақын ретінде мойындамаған. Оны Шығыс пен Батыс философтарының патшасы, Хорасан имамы, хакім деп мадақтаған. Тағдыр жазуы деген сол, ол бүгінде күллі адамзат үшін ақын болып танылды. Омар Хайям есімі аталғанда бірден оның рубаяттары еске түседі. Ол осы рубаяттар арқылы бізге мәлім ғана болып қоймай, ойға салып отыр. Өлеңнің төрт жолында айтылатын ойдың кеңістігі адасды таң-тамаша етеді. Өлеңнің ойлылығы дегенде Омар Хайяммен қатар қоятын авторлар өте аз. Сонда поэзиядағы Омар Хайям кім, енді соған тоқталайық. | |
Просмотров: 5501 | Загрузок: 600 | |
Всего комментариев: 0 | |