Мауераннахр, Мәуереннахр (арабша "өзеннің арғы жағы”) – Әмудария мен Сырдария өзендерінің аралығындағы жерлер. Бұл атау 7 – 8-ғасырлардағы арабтардың Орталық Азияға жорықтарынан кейін пайда болды. Араб қолбасшысы Құтайба ибн Муслим 710 – 712 ж. Бұхара мен Самарқандты, 714 ж. Шаш (Ташкент) пен Фарабты (Отырар) алып, ислам дінін, араб тілін енгізді. 9 – 10-ғасырларда Мауереннахр ирандық Самани әулеті (892 – 999) құрған мемлекет құрамында болды. 10-ғасырдың аяғынан бастап Қарахандар қолына түпкілікті көшіп, кейін мұнда Батыс Қарахан қағанаты құрылды. 12-ғасырда Хорезм шаһтарына бағынып, 13-ғасырда Шыңғыс хан империясының, 14-ғасырдың 70-жылдарынан бастап Әмір Темір мемлекетінің құрамында болды. 16-ғасырда Мұхаммед Шайбанидің Орта Азияға жорығынан кейін көшпелі өзбек мемлекетінің қол астына өтті. 16-ғасырдың аяғында қазақ ханы Тәуекел Әндіжанды, Ташкент пен Ферғананы басып алып, Мауереннахрдың солтүстік бөлігін Қазақ хандығының құрамына қосты. 17-ғасырдың 2-жартысынан бастап мұнда Бұхара, Хиуа, Қоқан сияқты Орталық Азия хандықтары құрылды. Мауереннахрдың Самарқанд, Бұхара, Ходжент сияқты қалалары Орталық Азиядағы ірі сауда және мәдениет орталықтары болды. Мауереннахрдан ғылым мен мәдениетке үлкен үлес қосқан Әбу Әли ибн Сина, Бұхари, Рудаки, Ұлықбек, т.б. шықты
|