Манкент Манкес – орта ғасырдағы қала. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында орналасқан. 12–13 ғасырларда араб географы Йакут оны Исфиджабтың маңындағы қала деп көрсеткен. Қаланың қираған орны Ақсу өзенінің сол жағалауында биік жарқабақтың үстінде, қазіргі Манкент ауылының маңындағы Бұлаққоба қалашығы екендігі ғылыми дәлелденген. 1940 жылы Жамбыл археологиялық экспедиция пункті (жетек. Г.И. Пацевич), 1979 жылы Шымкент педогогикалық институты археология экспедиция отряды (жетек. А.Н. Подушкин) зерттеген. Шығыстан батысқа қарай созыла орналасқан қалашықтың пішіні тік бұрышты. Екі бөліктен тұрады. Ортаңғы бөліктің аумағы 120х140 м. Оны қоршаған дуалдың биіктігі 1–4 метрге дейін. Шахристан болып есептелетін осы бөліктің шығыс шетінде тік бұрыш пішінді цитадель қалдығы сақталған. Оның ауданы 30х35 м. Шахристанның Ақсу өзені қоршап жатқан солтүстік және шығыс шеттерінің өзеннің деңгейінен есептегендегі биіктігі 15–17 м-ге жетеді. Шахристанның батыс және оңтүстік батыс, оңтүстік және оңтүстік шығыс шеттерінен екі алаң қосылады. Бұлар рабадтың қалдықтары болуы мүмкін. Шығыс жағындағы алаңның өлшемі 80х60 м, биіктігі 3–4 м. Оңтүстік алаңның аумағы 80х30 м. Олардың сыртындағы қорғаныс қабырғасының бойында бірнеше мұнаралардың орындары сақталған. Цитадель мен рабадтың арасы ені 20–25 м келетін ормен бөлінген. Рабадтың оңтүстік және батыс шеттері Бұлаққоба бастауымен шектелген. Қалашықтың оңтүстік бөлігі жол және шаруашылық құрылыстарын салу кезінде бұзылған. Ескерткіштен табылған заттар: су таситын құм құмыра құты, тостақ, саптаяқтардың түрлі сынықтары, т.б. Қарахан дәуірінің сырлы ыдыстарының сынықтары да жиі кездеседі. Осы материалдар негізінде қала 8–12 ғасырларда болған деп шамаланады.
|