Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Кенесары хан
04.11.2014, 13:44

Кенесары хан (1841-1847)
Қазақ халқының патшалық Ресейге, Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресін басқарушы. 1827-жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ хандығын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Кенесарының әкесі Қасым мен үлкен ағасы Саржан бастаған жасақтар орыс ауылдары мен керуендеріне шабуыл жасап тұрды, қазақ ауылдарын отарлық бұғаудан босатты. Міне солардың жолын жалғастырушы Кенесары Қасымов та мемлекет тәуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін ол жете түсінді.

Кенесары Қасымов өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді. Қиын-қыстау шақтағы ортақ мүдде – ұлттың азаттығы үшін осындай әрекетке баруының өзі ұлылық емес пе?! Патшаның «бөліп ал да, билей бер» деген саясаты қазақ даласына кеңінен таралуы, елдің қатты наразылығын туғызуы оның жақтастарын көбейтуі заңды еді. Сонымен бірге, Кенесарыға қарсы шыққан рулар да болды.

1841-жылы Кенесары Қасымов хан сайланды, оның саясатының басты мақсаты қазақ хандығын қайта қалпына келтіру болды. Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың негізгі ережелерін енгізді, сонымен бірге, билер сотын қалпына келтірді. Мемлекет пен оның әскерін нығайту жолдарын жетік білетін хан мұсылмандық құқық ережелерін бекітті. Салық саясаты да оны тиімді жолмен жинауға бағытталды.

Кенесары қатаң тәртіп пен басқару принциптеріне негізделген Абылай атасының саясатын жүргізді. 1846-жылы Ресей жасақтары мен отаршылдыққа бойұсынған қазақ сұлтандарының әскери құрылымдары оны Кіші және Орта жүздер аумағынан ығыстырды. Кенесары қолы алғашқы әрекетін 1838-жылдың көктемінде Ақмола бекінісін қоршап, өртеуден бастады. Қамал бастығы әскери старшина Карбышев пен Ақмола аумағының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин төнген ажалдан құтылып кетті. Кенесары енді Торғайға бет бұрды. Кенесары Қасымов патша өкілдеріне жазған хаттарында бұл әрекетін Ресей шекараларына жақындатуға ұмтылу, сол арқылы келіссөз процестерін жеңілдету деп түсіндірді. Шын мәнінде батырдың негізгі мақсаты 1836-1838 жылдары Исатай Тайманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болып өткен Кіші жүзді жалпыхалықтық көтеріліске қосу болды.

1841-жылы Кенесары хан тағына отырғаннан кейін, көтеріліске қатысушылар әскери қимылын үдете түсті, олар қоқандықтардың елеулі күштері бекінген Жүлек, Ақмешіт, Жаңақорған, Созақ қамалдарын қоршауға алды.

Кенесары өзінің басты мақсаты – азаттыққа қол жеткізу үшін ортақ жауға қарсы үш жүздің күш біріктіре күрес жүргізуі керек екенін түсінді. Алайда ұлт-азаттық күрестің 1844-1845 жылдары қарқыны үдей түскен кезеңде де қазақтардың басы толық бірікпеді. Көтерілістің бас кезінде-ақ қазақтар қарама-қарсы екі топқа бөлінді: бірі Кенесары жағында болса, екіншісі патшаның жүргізген саясатын қолдады. Кенесары Қасымов хан, саясаткер, дипломат ретінде қазақтың үш жүзі руларының едәуір бөлігін өз туы астына біріктіре алды. Оның әскерінің жалпы саны кейде 20.000 адамға дейін жетті. Халықтың бас көтеруіне Орта жүздің көптеген сұлтандары мен билері қосылды. Кенесары бастаған халық көтерілісінің ауқымы кең болды, ол XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басындағы азаттық жолындағы өзге қозғалыстардан қазақ рулары көп қоныстанған негізгі аудандарды қамтуымен ерекшеленеді. Кенесары мемлекет құрылымына көп көңіл бөлді, елді басқаруда жаңа құрылымдар мен ережелер енгізді, сонымен бірге істен шығарылған құрылымдарды қайта қалпына келтірді. Әскер қатарында қатаң тәртіп орнатты. Әскерді ұзақ дала соғыстарына бейімдеу үшін мыңдықтар мен жүздіктерге бөліп басқару құрылымын құрды. Ол қажет ақпараттарды жеткізіп тұратын тыңшыларына да сүйенді, саяси күрес пен дипломатияның тиімді әдістерін қолданды. Мемлекеттің ішкі саясатын хан өзі қатаң бақылауға алды, ру аралық қақтығыстардың жолын кесті.

Үш жүздің қазақтарының біріккен ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қатты алаңдатты. 1843-жылы 27 шілдеде І Николай империя құрамындағы қазақ хандығына қарсы ең көлемді әскери қозғалыстарға рұқсат беретін басқа мемлекет болмауы тиіс деген қағазға қол қойды.

Бір кезеңде патша әскерлерімен және ымыраға келмес сұлтандармен күрес жүргізген Кенесары 1843-1844 жылдары біраз жеңістерге қол жеткізсе де, шегінуге мәжбүр болды. шегіне келе Кенесары қырғыз жеріне шекаралас Ұлы жүздің аумағына орналасты. Ханның келесі бағыты қырғыз халқын орыс отаршылдығына қарсы ортақ күреске көтеру болды, алайда ол манаптар тарапынан күшті тойтарысқа тап болды.

Кенесары Қасымов Томақ маңындағыекі жақтың күші тең емес шайқаста қаза болды. Кенесары Қасымовтың сіңірген тарихи еңбегі – ол қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары ханның саясаты және идеологиясы ұлттың даму жолындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.

Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Кенесары, хан
Просмотров: 959 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar