Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Көне Рим әдебиеті
[ · Скачать удаленно (53.0Kb) ] 11.11.2012, 10:26
Көне Рим әдебиеті

Б.д.д. ІІІ ғ. ортасында Жерорта теңізінің батыс жағалауында, Италияда, антикалық әдебиеттің екінші бөлігі – рим әдебиеті өркендей бастайды. Рим әдебиеті грек әдебиетімен байланысты болды. Рим әдебиеті грек әдебиетімен бірге дамыған, бірақ ол латын тілінде шығарылды, себебі Рим латын тайпаларының орталық қауымы болды.
Римде құл иеленушілік қоғамның дамуы Грекия қоғамының дамуындай болды. Рулық құрылыстың күйреуі, құлиеленушіліктің өркендеуі, таптық қоғамның пайда болуы, құлдардың еңбегіне негізделген өндіріс, полистің (қала-мемлекет) дамуы мен күйзелісі – осының бәрі Грекия мен Римге тән болған. Экономикалық және саяси дамудың ұқсастығы болғанымен, Рим тарихының көптеген ерекшелігі болды. Ол тарихи және географиялық жағдайларға байланысты болды. Рим құрып жатқан Грекияның орнына келді. Римде грек қоғамының өтіп кеткен өмірі қайталанады, бірақ ол күрделі және өзге түрде болады.
Рим әдебиеті өзінің сұрақтарына дайын жауаптарды грек әдебиетінен тауып тұрды. Грек тарихының әр кезеңдерінде пайда болған дүниетану мен идеология рим қоғамының дамуына пайдаға асты. Римдіктер өз мәдениетінің әр түрлі салаларының (философия, дін, өнер, әдебиет) дамуына гректерден материал алып пайдаланды. Римдіктер гректерден алған материалды өздерінің тарихына, идеологиясына, жергілікті мәдениет пен салт-дәстүрлеріне байланысты дамытты.
Рим әдебиеті грек және Батыс Еуропа әдебиеттері арасына байланыс жасады. Қайта өркендеу дәуірінде де, XVII-XVIII ғғ.да антикалық әдебиет тек рим әдебиеті арқылы танымал болды. Сол кездерде грек драматургтары Эсхил, Софокл, Еврипидтен гөрі рим драматургы Сенека танымал болған, ал еуропалық эпостан Гомердің поэмалары емес, Вергилийдің «Энеидасы» көбірек танылған. XVIII ғ. ғана грек әдебиетіне көңіл бөлінді, ал ХІХ ғ. рим әдебиетін дұрыс бағаламай, таза еліктеу әдебиеті деп қараған.
Екі әдебиеттің көп ұқсастығы болса да, жас рим әдебиеті ерте дамыған грек әдебиетінен тәуелді болса да, рим әдебиеті грек әдебиетінің жәй көшірмесі емес. Оның да көп өзгешелігі бар. Рим әдебиеті грек әдебиетінің жанрларын пайдаланып, оларды өзгертіп, жаңа түрде дамытты. Мысалы, грек трагедиясында хордың қатысуы міндетті болды, ал рим әдебиетінде оның қажеттілігі болған жоқ.
Рим әдебиетінің дамуы, оның «алтын дәурі», Рим империясының пайда болуы мен күйреуі антикалық әлемнің дамуының соңғы кезеңіне келді.
Рим әдебиетінің кезеңдерге бөлінуі әдеби латын тілінің дамуымен сәйкес келеді.
І. Ежелгі кезең – рим әдебиетінің пайда болуына дейін (б.д.д. 240 ж, дейін).
ІІ. Архаикалық кезең – Цицеронның әдеби қызметіне дейін (б.д.д. 240ж.- 81 жж.).
ІІІ. Рим әдебиетінің «алтын дәуірі»:
1) Цицеронның заманы – рим прозасының гүлдену кезеңі (б.д.д.81-43 жж.);
2) Августың заманы – рим поэзиясының гүлдену кезеңі (б.д,д. 43-14 жж.).
IV. Рим әдебиетінің «күміс дәурі» (14-117 жж.).
V. Соңғы императорлық кезең (117-476 жж.).
Рим мифологиясы. Римдіктер олимп құдайларына құлшылық етті, бірақ олардың аттарын өзгертіп алды. Мысалы, бас құдай Зевсті – Юпитер, теңіз құдайы Посейдонды – Нептун, өлілер патшалығының әміршісі Аидты – Плутон, неке, аналар мен балалардың қамқоршысы, Зевстің әйелі Гераны – Юнона, соғыс құдайы Аресті – Марс, сауда-саттықтың құдайы Герместі – Меркурий, сұлулық пен махаббат құдайы Афродитаны – Венера, қолөнері мен өнерді қорғаушы әйел құдай Афинаны – Минерва, аңшылық құдайы Артемиданы – Диана, ұста құдай Гефесті – Вулкан деп атады, бақыт құдайы Тюхэні – Фортуна, махаббат құдайы, Афродитаның ұлы Эротты – Амур немесе Купидон деп атаған.
Б.д.б. І ғ. соңы мен б.д. І ғ. басын рим поэзиясының «алтын ғасыры» деп атайды. Римнің аса көрнекті ақындары осы уақытта өмір сүріп, өз шығармаларын жасап кетті.
Рим театрыларында грек және рим драматургтарының трагедиялары мен комедиялары қойылды. Император Помпей Грекиядағы театр жұмысымен танысып, солардың үлгісі бойынша Римде тастан қаланған алғашқы театр салдырды. І ғ. Римде 50 мың көрермен сиятын атақты Колизей театры салынды. Грек жазушыларының шығармалары латын тіліне аударылды. Рим ақындарының өздері де көптеген тамаша дастандар мен өлеңдерді жазды.
Плавт – біздің заманымызға дейін шығармалары тұтас жеткен, комедия жанрында жазған алғашқы рим авторы (б.д.д. 184 ж. шамасында дүниеден кетті). Тит Макк (жалған аты Плавт – «жалпақ табан» деген мағына береді) Умбрияда туып-өскен. Ол туралы мәлімет өте аз. Танымал драматург көптеген комедияларын қалдырды. Оның комедиялары грек шығармаларының сюжеттеріне жазылған. Көбіне Плавт «жаңа» аттикалық комедия авторларын алды – Менандр, Филемон, Дифилды.
Плавт демократиялық бағытта жазған драматург.Оның көптеген комедияларында икемді құлдың бейнесі үлкен сүйіспеншілікпен суреттеледі («Елес», «Вакхидалар», «Псевдол»).
Плавтың әйгілі комедиялары – «Мақтаншақ сарбаз», «Екі Менехм», «Тұтқын» т.б. Плавтың пьесалары шешен диалогқа, күлкіге құрылған. Олар гректер мен римдіктердің өмірін, тұрмысын шебер суреттеп, ескі әдет- ғұрыпты күлкі етеді.
Марк Туллий Цицерон (б.э.д.106-43 жж.) – атақты адвокат, шешен, жазушы, саяси қайраткер. Цицерон Арпин қаласында дүниеге келді. Ол Римдегі грек оқытушылардан білім алды. Мектепте грек әдебиетінің классикасымен танысты –Гомердің поэмаларымен, драмалармен, шешендік сөздермен. Цицерон философиямен, грек және латын тілінде шешен сөйлеумен, грек тілінен аударумен және поэма жазумен машықтанды.
Грек және рим әдебиетінің синтезі Цицеронның жан-жақты шығармашылығында іске асырылды. Цицеронның өте бай әдеби мұрасы сақталды: саяси бағытта, сотта сөйлеген 58 сөзі, шешендік өнер, саясат, практикалық және теориялық философия туралы 19 трактаты, аса маңызды психологиялық құжат, латын тілінің ескерткіші және Римдегі азамат соғысы туралы деректеме болып табылатын 800-ден астам хаты бар.
Цицерон адвокаттық қызметіне б.э.д. 80-ші жылдардың аяғында кірісті. 63 ж. ол консул болып сайланады, сол кезден бастап оның беделі қатты өседі: ол Сенатта басшы роль атқарады, Кіші Азияда проконсул болады. 48 ж. император Цезарь жеңгеннен кейін саясаттан қол үзіп, әдебиетпен айналысады. Сол кезде ол көптеген шығармалар жазды: риторикалық («Брут», «Шешен» - римдегі шешен өнерінің тарихы, стилі туралы), философиялық трактаттар. Цицерон рим әдебиетінде бұрын болмаған көркем философиялық прозаны жетілдіруін мақсат етті. Ол этика, метафизика, тану теориясының әр түрлі мәселелерін қамтитын және рим көпшілігін грек философиясының ең маңызды бағыттарымен таныстыратын еңбектердің сериясын шығарды. Цицеронның маңызды жетістіктерінің бірі – латын тілінде философиялық терминологиясын шығару.
Б.э.д 44 ж. бастап Цицерон қайта саясатпен айналысады. Оның атақты «Филиппики» еңбегі Антонийге қарсы күрестің әдеби ескерткіші болып есептеледі («Филиппики» деген атты Цицерон грек шешені Демосфеннің Филипп Македонскийге қарсы сөздерінен алған).
Цицерон еуропалық мәдениет тарихына үлкен ықпал жасады. Ол рим прозасының асқан шебері болып саналады. Оның аты шешен деген сөздің синонимі болды. Цицерон еңбектері Қайта өркендеу дәуірінде, XVII-XVIII ғғ., ХІХ ғ. да жоғары бағаға ие болды. Ол ағылшын және француз философ ағартушыларына (Дидро, Вольтер т.б.), француз революциясының жалынды шешендеріне (Марат, Робеспьер), А.Н.Радищев пен декабристерге үлкен әсер етті.
Публий Марон Вергилий (б.э.д. 70-19 жж.) – римнің даңқы шыққан ақыны. Оның өмірі аңызға айналған. Вергилий солтүстік Италияда қолөнерші отбасында дүниеге келген. Алгашқы білімді Кремонада, соңынан Миланда алған. Римде риторикалық білімін жетілдірген.
Вергилийдің жас кезінде жазған өлеңдері «Ұсақ өлеңдер» деген шағын жинақ болып шықты (ақын өлгеннен кейін). Бұл өлеңдер неотериктер поэзиясының және эпикурей мектебінің әсерімен жазылған.
Вергилийдің алғашқы маңызды шығармасы – «Буколики» («Бақташы жыры») б.э.д. 42-38 жж. жазылған. Жинағында ақын идиллиялық өмірді (табиғат аясында тыныштықта өмір сүру) мадақтап, саясаттан аулақ болуға тырысады. «Буколики» дүниежүзілік әдебиетінде ерекше орын алады. Вергилий рим әдебиетінде бұрын болмаған буколикалық жанр енгізді.
«Буколики» шығармасының арқасында Вергилий рим ақындарының алдыңғы қатарына шығады. Ол Меценаттың үйірмесіне кіреді. Ақынның келесі шығармасы – «Георгики» («Егіншілік туралы дастан») император Октавиан Августке арналған. Вергилийдің 7 жыл жазған еңбегі 4 кітаптан тұрады (егіншілікке, жемістерді өсіруіне, мал шаруашылығына, бал араларды өсіруіне арналған). Шығармаларында ақын шаруаның еңбегін дәріптейді, Италия халқының, тарихи қайраткерлерінің, табиғатының даңқын шығарады.
Әйгілі ақын Вергилий «Энеида» дастанын жазды. Ол «Энеида» дастанына 10 жылға жуық еңбек сіңірді.Вергилий грек және рим мифтерін зерттеді. Ол дастанда Троя қорғаушылардың бірі, әйел құдайдың баласы Эней туралы айтты. Эней өрт-жалынға оранған қаладан асыл заттарды емес, өзінің әбден қартайған әкесін арқалап шығады. Әдеттен тыс шым-шытырық оқиғалардан кейін ол Италияға қоныстанады. Эней өлген әкесімен дидарласу үшін өлілердің жер астындағы патшалығына түседі. Сол арада дана қарттың рухы Энейге оның ұрпақтары Римнің негізін қалайтынын және халықтардың аса қуатты әміршілері болатынын болжап айтады. Вулкан құдай Энейге арнап қалқан соғып, оның бетіне Рим тарихындағы болашақ оқиғалар мен Августың салтанат құруын бейнелейді. Эней өзінің болашақ ұрпақтарын, олардың арасынан Римге тыныштық орнататын, тіпті Римнен шалғайдағы Халықтарды қаһарымен қалтырататын «құдіретті Августы» да көреді.
«Энеида» салтанатты және әуезді өлеңмен жазылған. Вергилий дастанда ерлікті, өз борышына адалдықты, үлкендерге деген құрметті дәріптейді. Ақын гректер мен римдіктердің діни нанымдарын, ежелгі аңыздарын империяны және Августың өзін әсірелей дәріптеу үшін шебер пайдаланды.
Гораций Флакк (толық аты Квинт Гораций) - (б.д.д.65 – 8 жж.) Италияның оңтүстігінде Венузияда дүниеге келген. Ол азаттық алған құлдан туған. Рим және Афиныда білім алған. Азамат соғысы басталған кезде әскерге кетеді. Алғашқыда республикашылар жағында болғанымен, кейін император Августың сарай ақыны болған.
Гораций өлең жазуға б.з.д. 42 ж. бастап кіріседі. 30-шы жж. ақынның екі жинағы шығады. Гораций «Одалар», «Сатиралар», «Хатттар», «Эподтар» т.б. кітаптардың авторы. Оның үш шығармасы әдеби тақырыпқа жазылған. Горацийдің
Горацийдің өлең өнерін мадақтаған «Ескерткіш» одасы жаңа заман ақындарына үлгі болған. (Г.Р.Державин, А.С.Пушкин т.б.). Горацийдің ақындық сырын ашқан «Поэзия ғылымы» еңбегін кейін классицизм теоретиктері пайдаланған. Гораций мұрасы Еуропа поэзиясының әсіресе XVI - XVIII ғғ. лирика жанрының қалыптасуында аса зор роль атқарды.
Б.д.б. І ғ. Римнің ұлы ғалымы Лукреций мәңгі өлмес құдайлардың болуын жоққа шығарды. Ол әлемнің, адамның пайда болуын және адам қолымен жасалғанның бәрін ғылыми жолмен дәлелдеуге тырысты. Лукрецийдің пікірі бойынша табиғат атомдардан тұрады. Атомдар бір-бірімен қосылып, аспан денелерін, Жерді, тірі заттарды, адамдардың жанын құрайды. Ол денемен бірге өлетін жанның мәңгі өмір сүретінін теріске шығарды.
Апулей Луций (б.д.б. 124 ж. шамасы - өлген жылы белгісіз). Африка Мадаврада туып өскен атақты рим жазушысы. Дәулетті жанұядан шыққан. Карфагенде риторикалық білім алған, Афиныда философияны оқыған. Көп саяхаттаған. Римде адвокат қызметін атқарып, латын тілін үйренді. Карфагенде тұрған кезде үлкен жетістіктерге жетті. Апулейге тірі кезінде үлкен статуя орнатылды.
Философ және маг аталған Апулейдің шығармашылығы әр алуан. Ол латын, грек тілдерінде жазды. Оның философиялық, жаратылыстану тақырыптарына жазылған еңбектері, әр түрлі жанрда жазылған поэтикалық шығармалары бар. Апулейдің грек тілінде жазған шығармалары сақталған жоқ. Латын тілінде жазылған шығармалардың көбі сақталды: философиялық трактаттар және «Метаморфозы» немесе «Алтын есек» атты үлкен роман (қолжазбаларда роман «Метаморфозы» деп аталған, IV ғ. әйгілі христиан жазушысы Августин оны «Алтын есек» деп атайды). Әлем әдебиетіне Апулей «Алтын есек» романының авторы болып кірді. Романда ІІ ғасырдағы Рим провинциясы тұрғындарының тұрмысы, рухани өмірі бейнеленген. «Алтын есек» Еуропа әдебиетіндегі бірінші психологиялық роман.
Сиқыршы қасиетінің арқасында жануарға айналып, одан қайта адам кейпіні оралған адам туралы фольклорлық аңыз антикалық әдебиетте Апулейге дейін болған. «Метаморфозы» грек шығармасының өңделген түрі. Апулей грек жазушысы Лукиан шығармасының сюжетін көптеген эпизодтармен кеңейтті. Апулейдің финалы да Лукианнан өзгеше.
Бас кейіпкер киген есектің маскасы адамдардың мінез-құлығын сатиралық түрде көрсету үшін үлкен мүмкіндік берді. Апулей шығармасында провинциялық қоғамның таптарын әр түрлі жағдайларда көрсетеді; ол құлдарды қатал пайдалануды жасырмайды, шағын жер иелерінің қиын жағдайын бейнелейді. Сонымен қатар, Апулей шығармасындағы дін мен театрға байланысты ойларының үлкен мәдени-тарихи құндылығы бар. Эпизодтар бай фольклорлық және новеллалық материал береді; соның ішінде, романға кіргізген үлкен әңгіме (екі кітаптың көлеміндей) - «Амур мен Психея» туралы ертегі. Бұл халық ауыз әдебиетінде кең тараған ертегілік сюжеттердің бірі: құбыжыққа тұрмысқа шыққан қыз келісімді бұзады; күйеуі жоғалып кетеді; әйелі оны іздеп кетеді де ұзақ саяхаттан кейін оны табады.
«Метаморфозы» романы орта ғасырда кең таралған. Апулейдің кейбір новеллаларын Боккаччо пайдаланған. Әсіресе, «Амур мен Психея» туралы ертегі үлкен жетістіктерге жетті. Бұл сюжет әдебиетте кеңінен пайдаланды (Лафонтен, Виланд, Богданович әдебиетте, Рафаэль, Торвальдсен - бейнелеу өнерінде).
Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: әдебиеті, Көне
Просмотров: 2153 | Загрузок: 369 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar