Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Үйсін дәуірінің ескерткіштері
[ · Скачать удаленно (28.5Kb) ] 06.11.2012, 18:28
Үйсін дәуірінің ескерткіштері — ерте темір дәуірінің соңғы кезеңінде Жетісу мен оған жапсарлас өлкелерді мекендеген тайпалардан қалған мұра (б.з.б. 3 — б.з. 5 ғасырлар). Қытай жазба деректері бойынша Үйсін мемлекетінің астанасы Шығу (Чигу) қаласы болғаны белгілі, бірақ бұл археологиялық тұрғыдан анықталмаған.
Үйсін дәуіріне қарасты алғашқы бірнеше обаны 19 ғасырдың ортасында В.В. Радлов қазіргі Алматы облысы аумағынан зерттеген.
1920 жылы М.В. Воеводский мен М.П. Грязнов Қырғызстанның солтүстігінде зерттеулер жүргізіп, обалардың сипатын іс жүзінде нақтылады.

1930 жылы А.Н. Бернштамның, 1950 жылы Г.А. Кушаевтың зерттеулері барысында көне үйсіндер мәдениетіне жататын обалардың үлкен шоғыры ашылып, жерлеу ғұрпының, заттық мәдениеттің басты белгілері анықталды және алғашқы ғылыми-теория қорытындылар дүниеге келді.
Kz Uysyns.gif

Е.А. Агеева, А.Г. Максимова, Л.Я. Маловицкая жүргізген жұмыстар нәтижесінде құнды деректер алынды.
Үйсін дәуірінің ескерткіштерін талдап қорытындылау, ғылыми тұжырымдар ұсыну ісінде аса көрнекті сақ-үйсін зерттеушісі К.Ақышев еңбектерінің айрықша маңызы бар. Жалпы алғанда Үйсін дәуірінің ескерткіштерінің жерлеу үрдісі, шаруашылығы, тұрмыс-тіршілігі, діни наным-сенімдерінен мол деректер беретін ескерткіштердің ең көп зерттелген түріне обалар жатады. Сонымен қатар қыстақ-қоныстар, қалалық отырықшы орындар тәрізді ескерткіштер де көптеп кездеседі.

Ең аз зерттелген жәдігерлерге тастағы таңбалар, осы кезеңдегі металлургия орындары жатады. Металл бұйымдарынан тұратын археологиялық көмбелер де белгілі. Дөңгелек, сирек жағдайда сопақша пішіндегі обалар топырақтан үйіледі, ал мұның шағын тастардан түзілген сақина-қоршаулары бірнеше түрде орналасады:

үйіндінің шетін ала;
үйінді шетінен 1 — 2 м, не одан сәл көбірек қашықтықта;
үйіндінің астында, оның шетіне жақын;
үйіндінің бетінде.

Кей жағдайда топырақ оба тұрғызылмай, тас қоршаудың өзі ғана кездеседі. Жерлеу камерасының басты түрі — беті ағашпен жабылатын шұңқыр қабірлер. Мүрде басымен күнбатысқа қаратыла, созылыңқы күйде арқасымен жатқызылады. Қабір ішінде заттардан қыш ыдыстар (әдетте, бір қабірде 1 — 2 ыдыс), бірен-саран қола, темір бұйымдар (пышақ, түйреуіш, т.б.), сырға, білезік сияқты түрлі әшекейлер, айналар, кейде қайрақ, дәнүккіш тәрізді тас құралдар кездеседі. Көп жағдайда қабірге мүрдемен бірге қойылатын арнайы ет тағамы болады. Бұл ең алдымен қойдың құйрық, ұша сияқты артқы жағы. Садақ жебелері, қанжарлар сияқты қару-жарақ тым аз кездеседі, бұл жалпы үйсін обаларына айрықша тән құбылыс.

Ғылымда Үйсін дәуірінің ескерткіштерін 3 арнайы сатыға бөліп қарастыру қалыптасқан:

1. "Қаратал сатысы”
б.з.б. 3 — 1 ғ-ларды қамтитын алғашқы саты (Қаратал, Қарғалы, Қапшағай-3, Бесшатыр-2, Үңгірқора-1, Қызылеспе, Бесшатыр-2, Өтеген-1, Қалқан-1, т.б. қорымдар) обалары осының алдындағы соңғы сақ кезеңі ескерткіштеріне ұқсас келеді. Қорымдарының саны 5 — 10, кейде одан көп болатын обалар бұл кезеңде көбіне солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеле орналасады. Бұл уақыттың аса көрнекті ескерткіштері қатарына Қарғалыдан табылған көне өнер бұйымдарының жиынтығы жатады (алтын тәті, жүзіктер, таутеке мүсіндері, сырға, көптеген жапсырмалар).
2. "Жетісу сатысы”
б.з. 1 — 3 ғ-лар обалары саны жағынан ең көбі болып табылады (Талғар-1, -3, Бастау-2, -3, Ақтас-7, Сарытау-1, -2, Ақшоқы-3, -4, Өтеген-2, -3, Бесшатыр-1, -3, -4, т.б. қорымдар). Бұл кезеңде обалардың тізбектеле орналасу үрдісі жойылып, ретсіз топтала орналасуы қалыптасқан. Қабірлердің лақыты бар жаңа түрі пайда болды. Мүрде жанына бұрынғыға қарағанда көптеп қойылатын (6 — 7 ыдысқа дейін) қыш ыдыстардың түбі көбіне дөңес емес, жайпақ келеді.
3."Іле сатысы”
б.з. 3 — 5 ғасырларында обалар саны азая түседі де, көбіне олар қыстақ-қоныстар маңында орын тебеді (Ақтас-1, -3, -6, Үңгірқора-2, Шолақжиде-1 қорымдары).

Үйсін қорымдары, әсіресе, Іле, Талас, Кеген, Шарын, Есік алқаптарында кеңінен тараған. Қырғызстан жерінде де түрлі деңгейде зерттелген қорымдар көптеп саналады. Ақышев басқарған Жетісу экспедиция жұмыстары барысында 1960 жылы Кеген өзені алқабында зерттелген Ақтас-2 қонысының аумағында тұрғын үй қызметін атқарған барлығы 5 құрылыс пен бірнеше шаруашылық орындардың болғандығы анықталды. Мұндағы ішінде тас ошағы бар "шаршы құрылыс” дәл ортада орналасса, оған жапсарлас салынған, ұзын жіңішке дәліз арқылы кіретін "үлкен құрылыстың” ауданы 126 м2. Жылуды сақтау мақсатында біріне-бірі жалғастыра, тіркей салынатын үй-жайлар тастан қаланып, тұрғын бөлмелердің едені балшықпен мұқият сыланып отырған.
[өңдеу] Шаруашылығы

Қоныстан қыш ыдыс бөлшектерімен қатар, көптеген тас кетпендер мен дәнүккіштер, қола орақтың сынығы табылып, бұл деректер көне үйсін шаруашылығында егіншіліктің маңызды орын алғанын айғақтады. Сондай-ақ Ақтасты-2 маңынан егіншіліктің суармалы тәсілі қолданылғанын көрсететін көптеген арықтар мен ауданы 60 — 150 м2 болатын шағын өңделген танаптардың орындары кездескен. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл бау-бақша өсірген орындар. Дәнді дақылдарды өсіруге бағытталған мұндай суармалы егіншілік жүйелерінің іздері Шолақ, Шу-Іле таулары маңында, Талас алқабында да сақталған.
Шу өлкесінде табылған қоныстарда үй-жай тұрғызуға балшық кірпішті пайдаланған. Кейінгі жылдары көптеп зерттеле бастаған жаңа қоныстар көне үйсіндердің тұрмыс-тіршілігіне, оның ішінде отырықшы-егіншілік дәстүрлеріне байланысты тың деректер беруде. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде анықталған бірнеше қоныстардың бір бөлігі сақ дәуірінде пайда болып, үстіңгі қабаты үйсін дәуіріне жатқызылса, қалғандары үйсін дәуіріне жатады.

Түзусай-3, Серектас-1, Шарын, Өсербай-1, Цыганка-8 сияқты қоныстардан табылған заттар арасында қыш өндірісіне, егіншілікке байланысты қызықты деректер, мысалы, дәнді дақылдардың сақталып қалған қабық-үгінділеріне дейін бар. Есік пен Талғар қаласының арасында Рахат ауылы маңында орналасқан бір топ қоныстар жақсы сақталған жалдары мен орлары болуына байланысты күшейтілген бекіністер түріне жатқызылды. Археологиялық ескерткіштер деректері көне үйсін тайпалары шаруашылығында малшылық, егіншілік бағыттарының бірге дамығанын, сондай-ақ қыш өндірісінің, металлургияның, тоқымашылықтың, тас, сүйек өңдеудің жоғары дейгейде болғанын көрсетеді.

Ескерткіштер нақты кезеңдерге ажыратылғанымен, мұндағы мәдени даму үрдістері ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келген. Үйсін дәуірінің обаларындағы жерлеу үрдісіне байланысты анықтауды қажет ететін мәселелер бар. Ең алдымен бұл "Жетісу сатысының” (б.з. 1 — 3 ғ-лар) обаларындағы мұның алдында кең тарамаған лақытты жерлеу дәстүрінің пайда болуына байланысты. Осыған назар аударған ғалымдар (Ю.А. Заднепровский, т.б.) ерте кезеңге тән лақытсыз, яғни қарапайым шұңқыр қабірлер мен лақытты қабірлер әр түрлі тайпалардікі болуы мүмкін деп жорамалдайды. Өз кезегінде, қабір құрылысының мұндай әркелкілігі Қытай жазбаларындағы Үйсін ұлысына кейіннен қосылған бұрынғы жергілікті "сэ” (сақ) халқының ұрпақтары да тұрады деген деректермен, сондай-ақ юечжи тайпаларының осы батыс өлкелерге жылжығандығы туралы мәліметтермен байланыстырылады.

Б.з. 1-мыңжылдықтың 1-жартысына жататын ескерткіштерде ғұн мәдениетінің әсерлері біршама анық байқалады. Бұл әсіресе, полихромды нақышпен жасалған өнер бұйымдары көптеп табылған Теңлік, Ақтасты қо-рымдарынан нақтырақ көрінеді. Үйсін дәуірінің ескерткіштері жайлы ойларын қорытындылай келе, көрнекті ғалым К.Ақышев

[1996] ж. арнайы зерттеулер неғұрлым кеңірек жүргізіліп және стратиграф. қабаттарды ажыратуға ерекше көңіл бөлінсе, Жетісудың Сүмбе, Лепсі, Суяб, Құлан, Батыс Ақтөбе сияқты көптеген ортағасырлық қалаларының астынан үйсін дәуірінің қабаттары ашылуы әбден мүмкін деген аса маңызды пікір айтты.
Пайдаланылған әдебиеттер:

↑ «Қазақ Энциклопедиясы» 9 том
Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: дәуірінің, Үйсін, ескерткіштері
Просмотров: 1644 | Загрузок: 421 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 5.0/15
Всего комментариев: 1
avatar
0
1 мико • 17:28, 14.02.2013
Үйсіндердің тарихын білген қызық... !
ComForm">
avatar