Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Энеолит (лат. aeneus – мыс және гр. lіtos – тас)
[ · Скачать удаленно (27.2Kb) ] 31.10.2012, 22:38
Энеолит (лат. aeneus – мыс және гр. lіtos – тас) – неолит пен қола дәуірі аралығындағы археологиялық кезең (тас-мыс кезеңі). Энеолитте тұңғыш рет таза мыс белгілі болды және одан әр түрлі әшекей бұйымдар мен еңбек құралдары жасалды. Алайда Энеолитте тас құралдары әлі де басым болды. Энеолит дәуіріне Орталық Азиядағы Анау мен Намазғы-Төбе мәдениеті, Украинадағы Триполь мәдениеті, Оңт. Кавказдағы Шенгавий мәдениеті, Қазақстанда Жезқазған көне құдықтары жатады. Энеолит кезінде егіншілікпен қатар, аңшылық және мал шаруашылығы қатар дамыды. Әдеб.: Массон В.М., Хлопин И.Н., Неолит и энеолит, в сб.: Средняя Азия в эпоху камня и бронзы, М.–Л., 1966. Д. Байғонақов

Өндірісте мыстан жасалған еңбек құралдарын пайдаланумен энеолит (энео — мыс, литос — тас) дәуірі, яғни мыстас ғасыры басталды. Адам қолдануды үйренген алғашкы металл — мыс болды. Мыс құралдардың өндіріске ене бастауы шақпақтас «индустриясының» біртіндеп құлдырауына себеп болды.
Қазақстанда энеолит дәуірінің ашылған ескерткіштері әзірге көп емес. Олардың бір тобы қазіргі Қостанай, Ақмола облыстарындағы Торғай, Тобыл өзендерінің бойында. Осылардың ішіндегі ең жақсы зерттелгені және тарихи құнды материал бергені — Ботай қонысы. Сондықтан Қазақстанның осы аталған аймағындағы энеолиттік мәдениетті «Ботай мәдениеті» деп атайды.
Ботай энеолиттік конысы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай елді мекені жанында, Иманбұрлык өзенінің оң жағалауында орналасқан. Қоныс шамамен б. з. д. XXIV—XXII ғасырлар арасында, 200 жылдай уақыт өмір сүрген. Қоныстан 160-ка жуық жекелеген үй орындары ашылды. Үйлер кәдімгідей көше-көше болып салынған. Үйлердің көпшілігі жертөле ретінде қабырғасының жартысына жуығы жер астына үңгіп салынған. Үйдің кабырғасының бір метрге жуығы кәдімгі жер. Одан жоғары тұсы қазылған жерден шығарылған топырақпен дуал етіп шегендеген қабырға. Осылайша салынған қабырғаларға төбесіне қарай тарыла беретін бөрене-сырғауылдар қаланған. Күмбез түрінде жасалған төбеге ағаш бұтақтары тасталып, оның үстіне шым жапқан. Үйдің төбесінің дәл ортасында түтін шығатын тесік қалдырған. Сыртқы есік қабырғадан ойылып шығарылған, оның сыртында кішкене дәліз болған. Ошақ үйдің ортасында орналасқан. Одан төр жақта адамдардың жататын жері болған. Қоныстан тас, сүйек, сазбалшыктан жасалған заттар мен құралдар көп табылды. Мысалы, тас пышақтар, қанжарлар, жебенің, найзаның ұштары. Әр түрлі ағаш өңдейтін құралдар: шот, балта, қашау, тері өңдейтін қырғыштар тастан жасалса, біздер, инелер сүйектен жасалған.
Өлген адамдарын қоныстың маңындағы ескі тұрақтарға жерлеген. Жерленгендердің айналасына, қабір үстіне жылқының бас сүйегін айналдыра тізіп қойған. Ботайлықтар бүкіл еуразия даласындағы ең алғашқы жылқы өсірушілер болған. Ботай қонысынан 70 мың жылқының сүйек қалдықтары табылды. Бұл тек зерттелген аумақтардан шыққандары ғана, әлі ашылмағандары қаншама?! Ботайлықтар, негізінен, жылқы өсірген алғашқы бақташы тайпалар. Ботайлықтардың ерекше атауға тұратын ғұрыптарының ішінен адамның бас сүйегін балшықпен мумиялауды білгендігін, итті кие тұтып үйдің табалдырығының астына көмгендігін атауға болады.
Қазақстан аумағындағы энеолит дәуірі мәдениетінің екінші аймағы — Маңғыстау өңірі. Энеолит мәдениеті Бұл өңірге екі жақтан келді деген тұспал бар. Бірі — Еділ-Жайық бойында өмір сүрген хвалын тайпалары. Екінішісі — б. з. д. 3—2-мыңжылдықтарда Орталық Азиядан белгілі бір бөлігі Маңғыстауға қоныс аударған келтеминар мәдениетінің өкілдері. Маңғыстау түбегіндегі белгілі энеолит тұрақтары Шебер, Жыңғылды, Қошқарата, т. б.
Бұл тұрақтардан ірі шақпақтас құралдар, оның ішінде тері өңдеуге көп пайдаланылған бүйірлі қырғыштар, қашау тәрізді құралдар, бір жүзді пышақтар, иінді бұрғылар табылды. Қыш ыдыстары саз балшыктан қолдан жасалған. Ыдыстардың көбінің түбі дөңгелек конус тәріздес, тұрқы жұмырткаға ұксас келеді. Ыдыстардың ернеуіне жаға тәріздес қалың жиекпен қатар тарақ жүзді өрнек салынған. Шебер тұрағынан кішкене металл біз табылды. Мұндай жекелеген металл заттар хвалын мәдениетіне жататын зираттардан да табылған.
Энеолит дәуірінде Қазақстан жеріндегі тайпалар, оның ішінде бүгінгі күнге дейін жақсы зерттелген Ертіс пен Еділ арасындағы елді мекен тұрғындары мал өсірумен айналыскан, оның ішінде жылқы түлігі басым болған.
Әлеуметтік және шаруашылық ұйым

Мезолит дәуірінде қару- жарақ ретінде садақ пен жебені жасау аң аулау әдістерін жетілдіруге мүмкіндік берді. Бұрынғы қамау тәсілі аркылы аң аулау жеке-дара аң аулау тәсілімен ауыстырылды. Ұжымда ерлердің рөлі біртіндеп арта түсті. Адамдар шаруашылықтың жаңа түрлерін, оның ішінде, жануарларды қолға үйретуді игере бастады.
Неолит дәуірінде мал шаруашылығы мен егіншілік пайда болды. Жалпы алғанда, табиғаттың дайын өнімін пайдаланатын шаруашылықтың тұтынушы түрлері — аң аулау, балық аулау, терімшілік сақталды. Біртіндеп мал шаруашылығы мен кетпенді егіншілік жетекші рөлге ие бола бастады. Егіншілік пен мал шаруашылығының дамуы әр түрлі кәсіптердің — әрмешілдік, ыдыс жасау, тері өңдеу және басқа да тұрмысқа қажетті заттарды жасаудың дамуына әкелді.
Осылайша коғамдық еңбек бөлінісі үшін негіз қаланды. Белгілі бір дағды мен тәжірбиені талап ететін кейбір бұйымдарды жасайтын мамандар пайда болды. Біртіндеп тұтас рудың қандай да бір кәсіптің түріне мамандану үдерісі жүре бастады. Шаруашылықтың іс-әрекетіндегі ілгерілеушілік тұрғындар санының өсуіне мүмкіндік берді, рулар көбейді. Азық-түлік қорының жетіспеуіне байланысты аналық рулық қауымнан жақын туысқандар кете бастады. Бұлар жаңа рулардың бастамасы болды. Олардан белгілі бір мәдени қауымдастық қалыптасты: бір шаруашылықтың түрін жүргізді, діни наным-сенімдері, сонымен бірге табыну рәсімдері және әдет-ғұрыптары бір-біріне ұқсас болды. Осы рулардың арасындағы өзара байланыстардың күшеюі тайпалардың құрылуына алып келді. Бұл жөнінде археологиялық деректер айғактайды.
Неолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанда Есіл бойында Атбасар мәдениеті тайпалары, ал Торғай үстіртінде Мақанжар мәдениеті тайпалары тарала бастады. Рулардың көбеюі мен жаңа туыстық топтардың пайда болуына байланысты неке қатынасына тыйым салу қалыптасты (екі атадан, үш атадан қосылатын туыстардың некелесуіне» тыйым салу).
Адамның шаруашылық іс-әрекетіндегі, аналық рулық кауымның Ішіндегі коғамдық қарым-қатынастардағы өзгерістер оның біртіндеп ыдырауына әкелді. Ақырында, ер адамдардың шаруашылық іс-әрекетінің өсуі туысқандык есебін ауыстыруға және әке жағынан жеке мүлікке мұрагер болуына алып келді.
Энеолит дәуірінде рулық қауымның негізін көбінесе патриархалдық отбасы құрайтын болды. Патриархалдық («pater» — әке, «агсһе— билік) отбасылар жақын туысқандардың үшеуден астам ұрпағынан тұрды. Ең үлкендері рулық бірлікке кірді, рулар тайпаға бірікті. Тайпалар қандас-туысқандық белгілеріне және шаруашылық ортақтығына қарай біріккен бірнеше рулық қауымнан құралды. Ал тайпалар кейінгі тарихи кезеңде тайпа одақтарын құратын болды. Біртіндеп үлкен патриархалдық отбасылардың үйге, малға, еңбек құралдарына, тұрмыстық заттарға жеке меншік пайда болды. Ру мүшелері жайылым мен аң аулайтын жерлерді де иемденді.[2]

Пайдаланған әдебиет

↑ Қазақ энциклопедиясы, 10 том
↑ Қ19 Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4
Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: тас), aeneus, энеолит, және, (лат., lіtos
Просмотров: 1838 | Загрузок: 356 | Рейтинг: 5.0/2
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar