Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Архаикалық кезеңдегі грек мәдениеті
[ · Скачать удаленно (61.8Kb) ] 06.11.2012, 18:19
Архаикалық кезеңдегі грек мәдениеті(біздің заманымызға дейінгі VIII-VI г.). Грекия мәдениетінің архаикалық кезеңі б.з.д VIII-VI ғасыр аралығын қамтиды. («»’Архайос»’» грек сөзі, «көне» ұғымын білдіреді). Бұл кезең гректердің Мрамор және Жерорта теңіздерінің жағалауларындағы жерлерді меңгеру — ұлы отаршылдық кезеңі, бұл — құлиеленушілік құрылыстың кірігу кезеңі, грек мемлекет-қалаларының өзара саяси-әлеуметтік күрес жағдайында қалыптасу кезеңі, дәлірек айтқанда қилы-қилы қоғамдық-саяси оқиғаларға толы түбегейлі терең өзгерістер кезеңі.
Архаикалық греция
Дәуір басында-ақ, әсіресе материалдық мәдениет қаулап дами бастады. Жолдар тартылып, көпірлер тұрғызылды, қалаларда су құбырлары салынды, темір қару-жарақтар кеңінен қолданыла бастады, металлургия мен құйма тәсілі одан әрі жетіле түсті. Тұрмысқа қажетті бұйымдарды шығаруды ұлғайтудың арқасында жалпы гректік рыноктар пайда болды, тұңғыш рет теңге сомдалып, сауда айналымында кеңінен қолданыла бастады. Крит-Микены мәдениетінің күйреуі нәтижесінде тығырыққа тірелген грек әлемі томаға-тұйықтықтан арылып, басқа халықтармен байланыстарының арнасын кеңейте түсті. Шындығында да, гректер көршілес жатқан халықтардан көп нәрселер үйренді. Мысалы, олар мидиялықтардан теңге-ақшалар соғуды, финикиялықтардан — алфавиттік жазуды (кейіннен оны жетілдірді) мұра етті. Қала тұрғындары арасынан шыққан байыған құлиеленушілерді «жаңа байлар» деп атады. Ру басшыларының зорлық-зомбылығына шыдамаған шаруалар қалаларға қарай ағыла бастады. Шаруалар сияқты кедейленген әлеуметтік топтардан «демос» (халық) қалыптасты. Демостың экономикалық және саяси жағынан билеп-төстеген ақсүйектерге қарсы күресі бір толастамады. Осындай таптық тартыстардың өрлеуі, жердің жетіспеуі және қала тұрғындарының шектен тыс көбеюі біздің заманымызға дейінгі VIII—VI ғасырда етек алған «ұлы отаршылдықтьщ» белең алуына тікелей себепкер болды. Оңтүстік Франция мен Испанияда, Сицилия мен Апенин түбегі жағалауларында, Ніл сағасы мен Қара теңіз жағалауында 150-дей грек қала-отарлары пайда болды. Осы бір жағдайды ұлы Платон «гректер Жерорта теңізі төңірегін батпаққа жиналған бақадай қоршап алды» деп тамаша бейнелеп айтқан.

Архаикалық дәуірде рулық құрылыстың түкпілікті ыдырауына байланысты көне полис-құлиеленушілік құрылыстың саяси-әлеуметтік формасы — мемлекет қалалар қалыптаса бастады. Әр полюске қаланың өз жерімен қатар, оны қоршаған егістік жерлер де кіретін болды. Қаланың дербестігі мен тәуелсіздігін еркін азаматтар жасағы қамтамасыз етті. Олар мемлекеттік полистік құрылыс жағдайында халық жиналыстарына, сот процестеріне және мемлекеттік маңызы бар істерді шешуге қатыса алатын болды. Мұндағы шаруашылықтың жүргізілуі құлдық жүйенің мүдделеріне сай келді. Мемлекет-қалалардың орналасқан аумағы әртүрлі болған. Мысалы: Афины мемлекет-қаласының көлемі 8400 шаршы киллометр, ал Спартаның көлемі — 2650 шаршы киллометр болды. Ғалымдардың пікірінше, Грекиядағы мемлекет-қалалардың жалпы саны екі мыңға жуық болған. Солардың ішіндегі ең ірілері — Афины, Спарта, Коринф, Аргос, Фивы және тағы да басқалары. Саяси жағынан алып қарағанда көптеген мемлекет-қалаларға ұсақталып бөлінген Грекия, дәл осы архаика-лық дәуірде басқа халықтармен қарым-қатынастар жасаудың нәтижесінде елдің бірлігі туралы ойлана бастады, сондықтан да болар бүкіл грек әлемін қамтитын «Эллада», «Эллиндер» деген ұғымдар қалыптасты. Жергілікті діндердің бірігуінің нәтижесінде жалпы гректік құдайға табыну орындары — ғибадатханалар полистер арасындағы басты экономикалық, саяси және мәдени қарым-қатынастардың орталықтарына айнала бастайды.
Афродита мүсіні.Париж,Лувр

Ежелгі Шығыс елдері сияқты, грек дінінде де политеизм тән болып келеді. Грекияда басты құдай, құдайлардың әкесі Зевс болып есептеледі. Оның әйелі Гера — аспан құдайы және неке қамқоршысы. Зевс өзінің ағайындары: Пасейдонға теңіздегі билікті, Аидқа жер асты патшалығын берді. Сұлулық пен сүйіспеншілік құдайы Афродита мифтер бойынша теңіз толқынынан жаратылған, ол римдік аңыздарда Венера деген атпен белгілі. Венера Медицейская, Венера Таврическая, әсіресе Милос Венерасы және тағы да басқа әйгілі мүсіндер Афродитаның даңқын бүкіл дүние жүзіне паш етті. Ежелгі Грекияның басты құдайларының бірі — жануарлар әлемінің, ағаштар мен өсімдіктер дүниесінің қамқоршысы Артемида. Әлемнің жеті кереметі болып саналатын Артемида ғибадатханасы — Артемиданың құрметіне тұрғызылған. Афина данышпандық құдайы, оның шапағатының арқасында адамдар ғылымға ұмтылған, қолөнермен айналысқан, әйелдерді тоқыма ісіне үйреткен. Гелиос — күн құдайы, Ника (Виктория) — жеңіс құдайы, Арес — соғыс құдайы, Дионис — шарап құдайы, Гермес — сауда-саттық құдайы және тағы да басқалар.

Грекияда құдайлар мен адамдардың некесінен пайда болған батырлар да ерекше құрметке бөленген. Әсіресе 12 рет ерлік жайаған Гераклдың мерейі үстем болды. Геракл (Геркулес) — ежелгі грек жұртында аты аңызға айналған нағыз халық батыры. Әкесі Зевс, анасы Алкмена, зайыбы — Амфитриона, Гераклдың көзсіз ерліктері ғасырлар бойы жырланып келді. Бір таңқаларлығы оның есімі «Илиада» мен «Одиссея» дастандары жазылмай тұрған кездің өзінде-ақ белгілі болған. Гераклдың образы өнер туындыларында да асқан шеберлікпен берілген (мүсін өнерінде «Дем алып тұрған Геракл», әдебиет саласында Софокл мен Еврипидтің шығармалары).

Құлиеленуші полистердің өсуі монументтік сәулет өнерінің дамуына, Грекияның көптеген қалаларында салына бастаған храмдар (ғибадатханалар) құрылысының етек алуына әкеліп соқты. Ғибадатханалар қалаларды одан әрі көркейтіп, оның күш-қуатын көрсетті, храм салуда полистер арасында бәсекелестік пайда болды. Сарайлық, криттік сәулет өнеріне қарағанда, бұл дәуірдің сәулет өнері храмдық болып келеді. Бірақ діни рәсімдер арнайы құрбандық орындарында, далада өткізілгендіктен храмдарға, құдайға құлшылық ету үшін емес, тек құдай мүсіндері тұратын орын ретінде ғана пайдаланылатын болған, яғни храмдар — шеберлер қолынан шыққан асқақ мүсіндердің мекені болды. Архаика кезеңінің ең биік храмдарының бірі — Коринфтегі Аполлон храмы (біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдың екінші жартысы). Бұл храм — өзінің сәулеті жағынан қас бетінде алты колоннасы, ұзына бойында он бес колоннасы бар таңғажайып құрылыс. Құм қайран тастан қашалған колонналардың ұшы жіңішкере береді, олар әдемі жұқа сылақпен әдемі етіп сырланған. Немістің ұлы ақыны Гете сәулет өнерін «үнсіз музыка» деп бағаласа, сол бір үндестіктің ажырамас бөлшегі болып табылатын грек колоннасы — таңғажайып таза үнді, жан тебірентерлік дауыстарға толы симфония сияқты. Олай болатын себебі, грек сәулет өнерінде колоннаның рөлі зор болды, олар храмның сырт келбетін одан әрі әсерлендіріп, айқындай түсетін. Колонналар көлеңкесінен саудагерлер мен ақша ұстайтын адамдар сая табатын, жауыннан немесе ыстықтан бой тасалайтын орын ғана емес, саяси айтыстар қызып жататын грек қаласының бүкіл тіршілігі осы колонналар аясында өтетін еді. Демек, орнықты да, әсем етіп салынған грек колонналары заман талабына сай өз міндеттерін толық атқара білді. Грекияда мүсін өнері сәулет өнерімен біте қайнасып дамыды, яғни мүсін өнері сәулет өнерін туғызды, ал сәулет өнері өз кезегінде мүсін өнерін жасады. Бүгінгі заманымызға дейін өзіндік ерекшеліктерін, сыр-сипатын сақтап келген өнердің құнды ескерткіштерінің көпшілігі дәл осы кезенде жасалды. V ғасыр ортасында Афиныда жұмыс істеген ұлы мүсінші Мирон бейнелеу өнерінің дамуына орасан зор әсер еткен таңғажайып мүсіндер жасады. Олардың қатарына қоладан құйылған құдайлардың мүсіндері, атлеттер мен жануарлар бейнелері және тағы да басқалары жатады. Болашақ ұрпаққа римдік бірнеше мөрмәр көшірме арқылы жеткен «Диск лақтырушы» деген мүсінді алып қарастырып көрейікші. Диск лақтырушы қолындағы ауыр дискіні кейін сермеп, енді ғана лақтырайын деп тұрған сәтінде бейнеленген. Оның бұлшық еттері шиыршық атқан, денесі догадай иілген, бірақ өңі өте сабырлы, барлық ықыласын, ынта-жігерін тек жеңіске арнаған. Балғын жастың ерік-күші мен қайраты сомдалып берілген. Сайып келгенде, шоқтығы биік бұл туындысында Мирон өз күшіне сенімді арынды атлеттің, өз елінің ержүрек, дене бітімі мінсіз азаматтың асқақ бейнесін жасаған. Жалпы грек халқының ой-санасында атлеттің дәл осындай сұлулық мұраттарын, қайраты мен қаһармандық бейнелерін өмірдің өзі қалыптастырды. Бұл жағдай құдайлармен қатар адамдарды да бейнелейтін алып жалаңаш жігіттер мүсіндерінен кең көрініс тапты: олар «куростар» (жігіт, «бозбала» деген мағынаны білдіреді) деп аталды. Ойымыз дөлелді болу үшін архаикалық өнердің ең көне ескерткіштерінің қатарынан орын алатын — біздің заманымызға дейінгі VII—V ғасырлар шамасында тарғыл мәрмөрдан жасалған куростың (бозбаланың) үш метрлік алып мүсінін алып қарастырайықшы. Жалаңаш пішінді қашағанда мүсінші атлеттік мықты денеге тән белгілерді — жігіттің кең иығы мен қыпша белін өсерлі етіп көрсетуге баса назар аударған. Аяқтары алып бағана тәріздес, тізесі мен тобықтары тырысып тұр, бұлшық еттері білеуленген, езуінен астарлы күлкінің табы байқалады. Бұл мүсін — өміршіні дәріптеу үшін емес, еркін адам құдіретін, оның бойындағы ізгілік қасиеттерді мадақтау үшін жасалғандықтан, бұл тұлғалар грек мәдениетінің гуманистік мұраттарымен үндеседі деп толық сеніммен айта аламыз.
Артемида мүсіні
Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: КЕЗЕҢДЕГІ, Мәдениеті, архаикалық, Грек
Просмотров: 1864 | Загрузок: 373 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar