Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Алаштың алдаспаны
[ Скачать с сервера (83.5 Kb) ] 02.09.2014, 08:53

Алаштың алдаспаны

 

 Бердіқожа батыр туралы  біз не білеміз

 

 Балдәурен – балалық шақтағы бір бейне әлі есімде. Ол ауылдағы Тасқынбай атаның келбеті еді. Қадірменді қария тарих туралы, өткен бабалар өмірі туралы керемет әңгімелер айтатын. Соның бірі төмендегідей толғаныс-тын.

 

“Батырлардың ішіндегі хас батыр ғана өлімнен қорықпаған, келер күн, ұрпақтың ертеңі деп найзасын көкке шаншып, шарқ ұрған солардың бірі ғана емес-ау, бірегейі Бердіқожа батыр еді ғой. Ол тек шанышқылының ғана  емес, алты Алаштың, тұтас қазақтың қайсар, ер мінезді ұлы болатын. Әттең ... Осы күнге дейін бабамыздың жерленген жерін біле алмай жүргеніміз өкінішті-ақ!” – дейтін қария. Со­дан кейін ол кісі бізге мейірлене көз тастап: “Ал, сендер, балаларым, алда-жалда батыр бабаларың туралы естіген-білгендерің болса – ұрпаққа естелік қалдырыңдар, зиратын тапсаңдар, басына барып дұға оқып, кіндік қаны тамған жердің бір уыс топырағын  біздің атымыздан салыңдар. Сонда бабаларыңның аруағы бір аунап түсері хақ!”, деп аталық аманатын айтушы еді. Бұл сөзді кейінірек Қаратай Тұрысов, Мекембай Омаров ағаларымыз да еске алып, қостап-қолдап, қуаттап жүретін.

 

Одан бері де көп уақыт өтті. Талай су ағып, бірталай дүние өзгерді. Ұрпақтың алмасуы, қоғамның ауысуы болды. Қайда жүрсем де ауыл ақсақалы аманат еткен сол бір сөз құлағымнан кетпей қойды. “Шанышқылы Бердіқожа батыр! Ол кім? Қандай батыр, несімен батыр болған? Неге шанышқылы деп тұтас рудың атын батырға қосарлап айтады?  Қазақ еліне қандай еңбегі сіңген? Тарихта бар болса, жерін жаудан қорғаса, ерлік көрсетсе – неге есімі Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай және тағы сол секілді батырлардың қатарында аталмайды? Зираты қайда? Ұрпақтары неге үнсіз?” деген сауалдар жан-жағымнан үздіксіз қаумалап, үнемі мазалап жүретін. Әсіресе соңғы кездері: “Неден бастау керек? Кімге бару қажет?” – деп жиі ойланатынмын. Мұның жауабы бір күні табылды.

 

2005 жылдың 22 шілдесі болатын. Қызметтен келіп, әдеттегідей “Егемен Қазақстан” газетін оқи бастадым. Онда филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің “Байғозы батыр” атты  көлемді дүниесі жарық көріпті. Оқып отырып төбем көкке бір елі жетпей қалды. Таптым! Табылды!

 

Мақалада шанышқылы Бердіқожа батыр туралы ғалым – қаламгер ағамыз бір рет емес, үш жерде ерекше атап көрсетіпті. Төмендегі жолдарды жүрегім толқып, сірә, он-жиырма рет оқыған шығармын. “Байғозы батыр өз кезегінде ... керей Жарылғап, әлтеке Жидебай, шанышқылы Бердіқожа, шапырашты Наурызбай, уақ Баян, албан Райымбек сияқты батырлармен жорықтас жолдас, төс тигізген дос-құрдас болады. Осы орайда Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің сөзі еске түседі, – деп жалғастырады ғалым. — “Абылай ханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлар қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, көкжарлы көкжал Барақ... шанышқылы Бердіқожа, сырым Малайсары... балтакерей Тұрсынбай, тарақты Байғозы, он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай, Малай жәдігерден Жауғаш, Биғаш, бөрі тонды бөрте атты, бөрі бас Орманшы, ақсары Шотана, қозған Биікше мерген, қарауылшысы әлтеке Жидебай, уақ Баян. Бұл айтылған батырлардың бәрі де Ербекейше бұзау жарып батыр атанған емес, жалғыз жүріп қалмақтың қамалын бұзған батырлар...

 

Алтын қақпалы қорғанды бұзатұғын жолда сырым Малайсары да бар еді, шанышқылы Бердіқожа да бар еді, – депті Мәшһүр Жүсіп”.

 

“Егемендегі” мақаланы оқи отырып, Бердіқожа батыр  ру, тайпаның, шағын елдің емес, берісі қазақтың, арысы алты Алаштың намысын қорғаған, бес қаруын сайлап, кегін алмай қоймаған, артынан ерген бір қауым жұртты  асыраған нар тұлғалы ер екеніне көзім анық жетті. Батырды іздеуге мұрындық болған мақаладан кейін дереу баба жөнінде нақты дерек берген қазақтың Мәшекеңі, Алаштың атақты шежіресі атанған Мәшһүр Жүсіптің еңбектеріне ден қойдым.

 

Қолыма алғаш түскені 1993 жылы Алматыдағы “Жалын” баспасынан шықан М.Көпейұлының “Қазақ шежіресі” атты кітабы болды. Соның 73-ші бетінде, аруағынан айналайын, Мәшекең “Шанышқылы Бердіқожа” деген арнайы тарау жазған екен. Онда мынадай жолдар бар: “Абылай хан заманында шанышқылы Бердіқожа батырды жерге таласып, кектесіп жүріп руы аздығынан өштескен дұшпан  өсіп-өнген руы – туғаны көптігінен ұстап алып өлтірейін деп жатқан екен:

 

Туысқаны аз елдің ерлігі зая,

Тілеуқоры жоқ ердің еңбегі зая.

Екіден кіші балам,

Ержеткен соң бәлем,

Қаратал Қояндыға қосыңды тая, —

 

деген екен. Сол айтқаны айтқандай болып, екіден кіші, үшінші баласы ер жетіп, ат арқасына мінген соң, әкесін өлтірген екі ағайынды неме екен, сол екеуінің бірін Қаратал Қояндыда өлтіріп, бірі қашып, “бұл Арқада болсам, мені тірі қоймас” деп, Бұхар кеткен екен. Соны қоймай қуып барып, сол Бұхарда жүрген жерінде өлтіріпті. Бердіқожаны жоқтаған жоқтауында айтылған екен:

 

Мінгені Бердекемнің қара алаяқ,

Жау, шіркін, кіселепті-ау аямай-ақ.

 

Бердіқожа батыр балаларын сынағанда былайша сынайды екен. Үйелмелі — сүйелмелі үш баласы болыпты, бір-бірімен тетелес туған. Бірде пышақты сабын жерге тіреп, ұшын жоғары қаратып, балаларына:

 

– Ана жақтан домалап келіп, мына пышақтың үстінен өтіңдерші, – дейді екен. Үлкен баласы домалап келуін келіп, дәл пышаққа жақын келгенде, тайқып, жалтарып аунайды екен. Екіден соңғысы пышақпен жұмысы жоқ, жалтармай, бұлтармай аунайды екен. Пышақтың өзі жалтарады екен. Өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына айтқан екен:

 

– Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріне көміңдер де, соған там салып, “Бер­діқожа тамы” атаңдар. Мені есіне алғандар дұға ғылып өтер, — деп.

 

Дағанделі өзенінің жағасына там салыпты, шошақ мола күні бұл күнгіше құламай тұр деседі. Дағанделі өзені Қарқаралыға қараған елдің шетінде, Көкшетау, Дуана тауларынан көрініп тұрады, – дейді. Жүргіншінің қара жолының үстінде, Жетісуға барғандар Қозы Көрпеш – Баян тамын көрдік, Шанышқылы Бердіқожа батырдың тамын көрдік деседі”.

 

Мәшһүр Жүсіп атамыз қалдырған жазбаларында осылайша ой түйіпті. Жоғарыдағы сөйлемдерді оқығаннан кейін мен тағат таппадым. Тарихшылар мен ғалым-зерттеушілердің XVІІІ ғасырдағы тарихи оқиғалар, сол кезеңдегі батырлар мен билер жөнінде жазған кітаптарын іздестіре бастадым. Ішінен Бердіқожа бабам туралы деректерді теруге көштім. Соларды жинастырып жүріп, Мәшекең жазып кеткен Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының азаматтарына да сұрау салдым. Мұндайда уақыт өтіп бола ма? Дегенмен, батыр бабамыз жайында жазыл­ған кітаптар, зерттеулер, мақалалар мен архивтік мәліметтер бірте-бірте жинақтала бастады. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Қарқаралы ауданынан жақсы хабар келіп жетті. Мәшекең атамыз жазғандай, Дағанделі өзенінің биік бір белесінде Бердіқожа батырдың тамы бар болып шықты.

 

Дереу жолға жиналдық. “Қазақстан” ұлттық телеарнасының тілшісі мен операторы, тағы бірнеше азамат осы жылдың 17 мамырында Қарқаралыға келіп жеттік. Бізді ұлтжанды азамат, Қарқаралы ауданының әкімі Ниханбай Омарханов жылы жүзбен күтіп алып, батыр жерленген жерге өзі бастап алып барды. Қарқаралыдан 250 шақырым қашықтықтағы Темірші ауылына түске таман іліндік. Ауылдан 45 шақырым жерде Мәшекең жазған Көкшетау мен Дуана таулары орналасқан екен. Екі таудың аралығындағы Дағанделі өзенінің биік жерінде ескі мазар тұр.

 

Осыдан екі жарым ғасыр бұрын тұрғызылған батыр бейітінің қос қабырғасы құлап, кесектері жан-жақта шашылып жатыр. Күмбезінің жартысы ғана сақталыпты. Дегенмен жел мен жауыннан мүжіліп, күн көзі қақтаған батыр мазары өзінің асқақтыған сақтап қалыпты. Ұзындығы сегіз метр шамасында, күмбезі доғал, төрт құлақты, биік етіп соққаны көрініп тұр. Сақталып қалған оңтүстік шығыс бұрышы иіннің бітісі оның шаршылы шикі кірпіштен өрілгенін аңғартады. Бейіттен сәл төменде таспен шегенделген құдық бар екен. Тереңдігі қырық құлаштай. Суы таза әрі суық. Кезінде бұл маңайда, іргедегі Дағанделі өзені бойында батыр бабаға қарасты ауылдар қоныс тепкен көрінеді.

 

Дәл осы жерде XVІІІ ғасырда Абылай хан туының астына бір қол болып бірігіп, Қазақ елін қанымен, жанымен қорғаған Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Жәнібек, Барақ батырлармен тізе қосып айдаһардай Қытай мен қаһарлы жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы ерлік көрсеткен Бердіқожа батырдың мүрдесі жатыр дегенге не сенеріңді, не сенбесіңді білмейсің. Алайда,  арнайы ат басын тіреп келген бізді Темірші ауылының әкімі Қайрат Мұхтардың сөзі жігерлендіре түсті.

 

– Бала кезімізде көнекөз қариялар “бұл зиратта жаугершілік заманда қол бастаған батыр жерленген” деп айтып отыратын. Кейіннен Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлының кітабы арқылы Бердіқожа батыр жатқанын оқып білдік. Кейбіреулер  “Бармақтың бейіті” деп те атайды. Оның мәнісі мынада болса керек: жоңғарлармен шайқаста жау қоршауында қалатынын сезген батыр үзеңгілес жолдастарына бармағын қы­лышпен шауып беріп, оны ел көп жүретін жерге жерлеуін сұраған деседі. Бұл нақты дәлелденбеген. Аңыз түрінде айтылады, – деп Мәшһүр Жүсіп сөзін еске салды.

 

Ал Темірші ауылының тұрғыны Қабыкеш Елжанов деген қария ауыл басшысын қостап, былай деді:

 

– Осы Дағанделі өзенінің бойында 1968 – 1970 жылдары жылқы бақтым. Онда өзеннің суы мол, ағысы қатты еді. Мына жақтан Шұбартау ауданының, мына жақтан Қарқаралының малшылары осынау көкорай шалғынды, майса алқапқа келіп бас қосатын. Бірін-бірі қонаққа шақырып, әңгіме-дүкен құратын. Сондай әңгіменің бірінде баршатастық керей Таңсықбайдың Қасені бұл зиратта Бердіқожа батырдың денесі жатыр дегенді айтып еді. Мен бұл бейітті 1962 жылы көргенімде қабырғалары бүтін, кесектері түгел болған. Содан бері қаншама жылдар өтті. Күтім болмағасын бейіт құлап, топыраққа айналады емес пе?..

 

Аудан әкімінің айтуынша, осы аумақта Қазақ елінің қазығы ретінде сақталған 300-ден аса тарихи-мәдени ескерткіш бар көрінеді. Жалпы Қарқаралының үш мың жылдан астам тарихы бары белгілі. Ғалымдар бұл аймақтың 10-15 пайызы ғана зерттелгенін алға тартады. Десе де, соңғы жылдары Елбасының “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында бірқатар игілікті іс-шаралар қолға алыныпты.

 

Категория: Тарих | Добавил: Jahcepik | Теги: алдаспаны, Алаштың
Просмотров: 915 | Загрузок: 353 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar