Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих |
[ Скачать с сервера (49.5 Kb) ] | 02.09.2014, 08:52 |
АЛАШ ТҰЛҒАЛАРЫНЫҢ КӨЗҚАРАСЫНДАҒЫ ҮНДЕСТІК
XIX ғасырдың екінші жартысынан басталған қазақ ішіндегі күрес‑тартыстардың басында болған қайраткерлер халқын орыс езгісінен азат етуді көздеді. Олар елін отарлаудан құтқарып, ашық түрде күреске бастады. «Олардың алға қойған мақсаттарының бірі – жер мәселесі еді. Бұл қазақ қоғамында отарлық кезеңнен бері шиеленісіп келе жатқан өзекті мәселе. Жер мәселесін шешуде қазақ интеллигенттері Ресей Мемлекеттік Думасын, патша үкіметінің әкімшілік органдарын пайдалануға тырысты» [1,4]. Қазақ тіршілігінің негізі болған жер мәселесі ертеден‑ақ өзекті болған. Өздерінің отарлау саясатының басты нысаны ретінде қазақтың ұлан‑байтақ жеріне иелік етуді көздеген патша үкіметіне қарсылық жасап, жер‑жерде өрістеген қарсылық‑көтерілістердің басы‑қасында болған қазақ зиялылары бұл мәселені жоғары органдар деңгейіне көтереді. Қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Ә.Бөкейхан «Государственная Думада», «Төртінші Дума һәм қазақ» мақалаларында осы мәселені түбегейлі көтеріп, жер бөлуде қалыптасқан көзқарас‑пікірлердегі қайшы тұстарды саралайды. Қазақ жұртына тиімсіз болып тұрған мәселелерді ашып, көрер көзге әділетсіз шешімдерге наразылық айтады. Алдымен жергілікті жұртты орналастырып алып, содан кейін переселендерге кірісу керектігін, қазаққа мал жайылымы үшін қалдырылған жерді енді жаңа заң бойынша орысқа ұзақ жылға жалға берілмектігін айтып, өз жеріне өзі жат болған қазақ тірлігіне ара түседі [2,300‑301]. Ұлт қайраткері Әлиханның халқының тағдырына түбегейлі кірісуі сан тарапты қызметінен көрінді. Ол қазақ халқының саяси‑әлеуметтік жағдайын ғылыми тұрғыда зерттеп, пайымдау үстінде, экспедиция құрамында қазақ жерінің біраз өлкелерін аралап, зерттеу жүргізеді. Мұның ар жағында қазақтың шежіре тарихына терең бойлап, ондағы әрбір рудың, жүздердің орналасу жүйесін анықтайды. Ә.Бөкейхан осындай белгілі бір мақсатты нысан еткен жұмыстарды тындырған соң, елге келіп қоныстанып жатқан переселендердің жай‑күйін зерделеп, олардың шаруашылық жағдайларының тиімді, тиімсіз жақтарына экономикалық тұрғыда сараптау жасайды. Яғни Әлихан қазақтың тарихындағы мәнді тұстарды әбден саралап, өз дәлел, тұжырымдарын ғылыми айғақтармен бекіте алған. Қазақтың жер мәселесіне байланысты белсенді қызмет еткен тұлғалардың бірі – Мұстафа Шоқай. Өзінің саналы ғұмырын халқының жоғын түгендеуге арнаған Мұстафа Петербор университетінің студенті болып жүргенде‑ақ, жерлестерінің арыз‑шағымдарына араласып, мұқтаж істеріне қол ұшын беріп отырған. Халқының ұлттық мүддесін жоғары қойған М.Шоқай елінің бостандыққа жетуін аңсады. Баспасөз өркендеп, сөз пәрмені күшейген кезде, басылым беттерінде қоғамдық‑саяси өмірде жасалған, жасалып жатқан өзгерістер мен іс‑әрекеттерге жан‑жақты пайымдаулар жасалып, көзқарастар қалыптаса бастады. Осы ретте «Яш Түркістан» (1929-1939) журналының маңызы ерекше еді. Германиядан шығып тұрған басылымның алдына қойған міндеті туралы М.Шоқай: «Егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздік жолындағы талаптарының мән‑маңызын әлсіретпей «Яш Түркістанның» беттерінде бере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік», ‑ дейді [3, 8]. Қайраткер М.Шоқай «Яш Түркістан» журналында әр тарапты маңызды мәселелерді қозғайтын мақалаларды жариялап отырған. Оларды тақырып жағынан былайша саралауға болады:
Осы топтастырылған мәселелердің ішінде жер мәселесі басты орындардың бірінде еді. М.Шоқай «Түркістанда мақта төңірегінде күрес» мақаласында сол кездегі маңызды іс – мақта мәселесіне тоқтап, мән‑жайды баяндайды. Мақта шаруашылығын өркендету елдің қаншама қаражатын үнемдеп, шетел мақтасына тәуелділіктен құтқарады. Бұл үшін жаңа жерлерді суландырып, алқаптағы істен шыққан су жүйелерін жөндеп, іске қосудың жоспарланғаны туралы айтады. Мақта өсірудің бес жылдық жоспарындағы сандық көрсеткіштерге тоқтап, алдағы дамуына болжам жасайды. «Мемлекеттік жоспарлау комитеті және Бас мақта комитетінің берген мәліметтеріне қарағанда, Кеңес өкіметі шетелдерге мақта тәуелділігінен тек 1937 жылы ғана құтыла алады екен. Оған дейін ол шетелден әкелінген мақтаға қыруар валюта төлуге мәжбүр» [3, 56]. Осылайша, мақта шаруашылығын ұлғайтуды көздеп, дәнді дақылды өсіруді азайтса, ол астық тапшылығына ұшырататынын айтады. Сөйтіп патша өкіметінің мақта егісін көбейтіп, астықты сырт елдерден сатып алуды барынша қолдап‑қорғаған саясатын сынайды. «Бүгін орыс үкіметі Түркістан халқының қаны мен жаны, беделіне пара‑пар дәнді дақылдарды суармалы жерлерінен ығыстырып шығаруды көздеп, халықты орыс бидайына тәуелді етіп, оны күнкөріс тұрғысынан оларға байлап беріп отырғанын» ашына жазады. Жергілікті халықтың қолындағы жерлерді орыстың келімсектеріне амалын тауып беріп жатқан айтып, осы салада жүргізілуге тиісті күрес бағдарын айқындап отырады. Қазақ арасынан шыққан зиялылар негізінен гимназияда, жоғары оқу орындарында, орыс‑қазақ мектептерінде оқып, қандай білімге ден қойса да, алдыңғы қатарлы ой‑пікірлердің бастаушысы болды. Қазақ қоғамына еніп жатқан өзгерістерді оң қабылдап, оны халқының дәстүр‑салтымен сабақтастырып отырды. Қайткенде де алдыңғы лекте болған алаш зиялылары қоғамдық‑саяси, мәдени қызметтерінің барлығын туған халқының игілігіне, болашағына арнады. Мәселен, Ә.Бөкейхан түрлі мерзімді басылымдарда қазақ халқының фольклор үлгілерінен үзінділер беріп, зерттеу еңбектерін жариялады. Өз тұсындағы қаламгерлердің шығармаларына да назар салып, халыққа таныстырып отырды. Ал туған елінен жырақта болған Мұстафа Шоқай ел еркіндігін аңсап, ұлт тағдырын, оның келешегін жастармен, олардың білім‑танымымен байланыстырды. Ол жастар туралы «...Еуропада, Түркияда бірталай жастарымыз оқып жүр. Олардың біразы жоғары білім орындарын бітірді. Міне, бұл жастарымыз атамекеніміздің тәуелсіздік жолындағы ұлт‑азаттық күресін соңына дейін жеткізетін болады» деген сенімді пікірде болады. Жастарға үлкен үміт артқан Мұстафа «Яш Түркістан» журналына ақын‑қаламгерлердің әдеби мұраларын жариялап, жастардың жүрегіне ұлттық құндылықтар тәлімін сіңіруге тырысты. Мәселен, Мағжанның «Түркістан» өлеңін елдің түкпір‑түкпірінде жүрген жастардың аузынан түспей келе жатқан «дұғадай қасиетті өлең» деп атап, оның толық мәтінін береді. Сөйтіп «кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиялды» Тұранның ерлеріндей болуға шақырады. Қоғамның ілгеріге озған зиялы қайраткерлері әлемдік ойдың көшбасшысы бола отырып, адамгершілік пен гуманизмге негізделген даму жолын мұрат тұтты, халқын ояту мен рухани өркендету жағында болды. Бір ғажабы олар осындай игілікті істерін ел‑жерінен шалғайда жүріп те басты бағдар етті. | |
Просмотров: 667 | Загрузок: 331 | |
Всего комментариев: 0 | |