Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

«АЛАШ» ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ
[ Скачать с сервера (42.5 Kb) ] 02.09.2014, 08:48

 

 «АЛАШ» ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ

«ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ

 

Қазақ халқының тарихында әр ғасырдың басы аласапыран оқиғаларға толы болды. Бұл өз кезегінде тарих сахнасына ірі-ірі тұлғалар мен қайраткерлерді шығарып, түбірлі өзгерістерге алып келіп отырды. Әсіресе ХХ ғасырдың басы айрықша күрделілігімен, сансыз оқиғалардың сапырылысымен, ұлттық сананың оянуымен ерекшеленеді. Осы тұста қазақ сахарасында да Алаш ұранын көтеріп, қазақ баласын азаттыққа бастаған бір шоғыр қазақ қайраткерлерінің ой-пікірі мен іс-әрекеті жарқырап көрінді. Бұл кез қазақ халқы тарихындағы ең бір талмау тұстардың бірі болатын. Алаш ардагерлерінің айтуынша, «қазақтың бар болу немесе жоқ болу» мәселесі таразыға тартылған кез еді. Олай болатыны, бұл шақта қазақ халқы толықтай патшалық Ресейдің басыбайлы боданына айналған еді. Қазақ даласындағы хандық билік ыдыраған, билер институтының қадірі кетіп, орыс сотына қараған, дәстүрлі тіршілік қалпы мен өмір салты елеулі өзгеріске ұшыраған, ұлттық рух бәсеңдеген шақтағы кетеуі кеткен бір кер заман-ды. Қазақ жеріне орыс мұжықтарын тобымен орналастыруға байланысты еркін көшіп-қонып жүру үрдісінің де тынысы тарыла бастады. Дәстүрлі ырғағынан айрылған тіршілік салтының кесірінен барша қазақ баласының бір-бірімен хат-хабар алмасуы мен өзара қарым-қатынасы да іркіліске душар болды. Қысқасы, осынау жағдайлардың барлығы қазақтың санасында саңылауы бар бас көтерер адамдарын ойландырмай қоймайтын мәселелер еді.

         Алашорда қозғалысы мен Алаш идеясының пайда болуына тікелей осы аталған тарихи жағдайлар себеп болды. Қазақтың алғашқы оқығандары қазақтың жеке өз алдына ел болып, дамыған елдермен терезе теңестіре алатындай жағдайға қол жеткізуін көкседі. Жалаң сөз, жадағай ұранға баспай, бұл ойларын нақты іспен негіздеді. Ең алдымен қазақ баласының бір-бірімен пікір алмасуын қамтамасыз ету үшін мерзімді баспасөз құралдарын шығарды. Қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» пен «Қазақ» газеті «ұлттың көзі, құлағы һәм үніне» айналды. Бұлардың ұлттық сананы оятудағы маңызы орасан зор болды. Кішкентай жылғадан басталған бұл әрекет ұлғайып, арналанып зор халықтық қозғалысқа ұласты. Алаш қайраткерлері қазақ халқын азат ел ету бағытындағы мақсатты ойларын бес тұғырға негіздеді. Солардың ішіндегі ең бір маңызды тұғырының бірі – қазақ тілінің мәселесі болатын. Бұлай болатыны, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда «тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Ұлттың ұлы ұстазы Ахаң бұл бағытта бос үгіт насихатқа салынбай нақты іске кірісіп, қазақ жоғының орнын толтыруға білек сыбанып кірісті.

         Қазақ әдебиеті тарихында ұлы Абайдың орны қандай болса, қазақ тіл білімі мен мәдениеті тарихында Ахмет Байтұрсынұлының орны сондай. Оның өмірбаяны, бар тірлік-тынысы, ой-арманы туған халқына деген қалтқысыз қызметтен тұрады. Оның өмірін сондықтан да жеке адамның, жеке бір маманның өмірі деп қарауға болмайды. Ол – халықпен біртұтас, қалың елмен тамырлас, ел жүгін қайыспай көтерер нағыз халық перзенті.

         А.Байтұрсынұлы сол бір кездегі халқының мүшкіл халін көріп күйзеліп, оны өзге жұрттармен салыстырып, қараңғылықтан, надандықтан шығудың бірден-бір жолы – оқу, білім деп табады да, өзінің бар күш-жігерін осы жолға жұмсайды.

         Мектептерде оқу ана тілінде жүргізілуі үшін бұрын болмаған тың жол салынуы керек екенін Ахаң өте жақсы түсінеді. Осы мақсатпен ол қазақ балаларының өз тілінде сауат ашуына арнап, тұңғыш әліппені жазады. Оны «Оқу құралы» деген атпен 1912 жылы Орынбор қаласында бастырып шығады. Бұған дейін қолданылып келген «Букварь», «Самоучитель» дегендер қазақ балаларының сауатын орысша ашатын құрал болатын.

         Сонымен А.Байтұрсынұлының 1925 жылға дейін 7 рет басылған бұл «Оқу құралы» – қазақ халқын төте оқу жолымен жаппай сауаттандыруға арналған тұңғыш әліппе болып табылады.

         Байқап отырсақ, бұл тұңғыш қазақ лингвисі өзінің алдына жүйелі мақсат, айқын бағдарлама қойып, сол бойынша өз бетінше жұмыс істеген тәрізді. Мәселен, оның бірінші мақсаты – қазақ баласының сауатын ашу болса, осыдан барып «Оқу құралы» пайда болды, содан кейін қазақ тілінің грамматикалық құрамын ана тілінде талдап беруді мақсат етеді де, «Тіл-құралды» жазады. Тілді дұрыс жұмсай білу тәртібіне байланысты ойға қалады да, «Тіл жұмсарды» ұсынады, оқытудың методикасын жасау мақсатында «Баяншыны» береді. Кезінде әлденеше басылуының өзі бұл еңбектердің зәрулігі мен бағасының қаншалықты дәрежеде болғанын аңғартса керек.

         Ахаңның бұдан кейінгі маңызды ісінің бірі – қазақ жазуын жолға қоюы. «Айқап» журналының 1912 жылғы 9-12 сандарында жариялаған «Шаһзаман мырзаға», «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №34 және содан әрі қарайғы сандарында басылған «Жазу мәселесі» деген мақалаларында ол қазақ жазуын бір жүйеге түсіруге түбегейлі кіріскенін байқатады. Ахаң қазақ жазуы дегенде әу бастан-ақ араб графикасына бейіл береді. Қазақ жазуын қалыптастырудың алғышарты ретінде: 1) қазақ тілі дыбыстарына қажеті жоқ араб таңбаларын алфавиттен алып тастауды; 2) сөздің жіңішкелігін білдіретін «дәйекше» деген белгіні енгізуі; 3) қазақ тіліндегі ы, е, и, о, ұ, ү дыбыстарының әрқайсысына жеке таңба белгілеуді, к, г дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің жіңішкелігін білдіру үшін сөздің аяғынан дәйекше таңба қоюды ұсынады. Міне осының арқасында қазақ тілінің алфавиті өз табиғатына қарай түзіліп, тіліміздегі сингармонизм заңына лайықталып жасалуының нәтижесінде қазақтың төл жазуы қалыптасты.

Категория: Тарих | Добавил: Jahcepik | Теги: ТІЛІ», ХАЛЫҚАРАЛЫҚ, және, ИДЕЯСЫ, «ҚАЗАҚ, ҚОҒАМЫ, «Алаш»
Просмотров: 776 | Загрузок: 306 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar