Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні
[ · Скачать удаленно (28.4Kb) ] 06.11.2012, 18:33
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.

Ассамблея 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда.

Өзара түсіністік, ұстамдылық, әр түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық-құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті сіңісе білді.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелер қатарында ерекше көрсетіліп кеткен бағыттың бірі — Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлін нығайтуға байланысты "Қоғамдық келісімді және тұрақтылықты әрі қарай нығайту үшін Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлін арттыру” мәселесі. Бағыттың бұлай аталуының өзі өзіндік этносаралық және конфессияаралық келісімнің жетілдірілген моделі қалыптасқан Ассамблеяның ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтудағы ерекше орган болып табылатындығын көрсетеді.

Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда барлық этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде толығымен қалыптасты. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған қазіргі мол тәжірибе этносаралық проблемаларды шешудің әлемдік тәжірибесіне енуде.

Жолдауда атап көрсетілгендей, "қоғамдық келісімді әрі қарай нығайту еліміздің қалыпты дамуы мен әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру тәрізді үстеме міндеттерді шешудің негізі болып табылады”.

Жолдауда "Қазақстан халықтары Ассамблеясының практикалық қызметі мен жауапкершілігі аясын кеңейтіп, оның беделін барынша арттыра беру, әсіресе, заңнамалық деңгейде арттыру қажет” деп көрсетілген. Осыған орай Ассамблея жұмысы маңыздылығын арттыру мақсатында оның ғылыми және құқықтық базасын жетілдіру қажеттілігі тәрізді өзекті мәселе күн тәртібіне қойылып отыр.

Жалпы, Елбасы келешекте Ассамблеяның республикамыздың алдағы даму уақытының жаңа кезеңінде келесі төрт міндетті дәйекті түрде шешу керектігін атап көрсетті. Олар: Қазақстандағы ұлтаралық тұрақтылықтың кепілі бола алатын, елдегі бейбітшілікті қамтамасыз етудің негізі болып табылатын халықтардың бірлігін нығайту және Қазақстан қоғамын жаңартудың саяси идеология мен ағымдағы "сұраныстан” биік тұратын негіз қалаушы құндылықтары бойынша арнайы қоғамдық келісімді қолдау мен дамыта беру, біртұтас қазақстандық қоғам құрудың негізі болып табылатын Қазақстанның барлық азаматтары үшін олардың ұлттық, әлеуметтік шығу тегіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге негізделген біртұтас азаматтығын нығайту, қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық келісім мен ықыластылықты одан әрі нығайтуға қажетті қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені, сондай-ақ келеңсіз оқиғаларды болдырмау және әрбір азаматтың конституциялық мүддесін қорғауға бағытталып отырған қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің кез келген көріністеріне және біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына қысым жасауды көздейтін әрекеттерге қатаң, әрі дәйекті тұру міндеттері болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстан халықтарының Ассамблеясы – ұйымдық құрылым ғана емес, ол біздің өміріміздің ажырамас бөлігі, біздің тыныштығымыз бен бірлігіміздің белгісі.

Өткен уақыт ішінде Қазақстан халықтары Ассамблеясы ұйымдық жағынан нығайып, өз іс-қимылдарының тиімді бағытын тапты, мемлекеттік құрылыс процестеріне, трансформациялық әлеуметтік-экономикалық жаңғырту, саяси тәуелсіздік және егемендік жағдайында принципті жаңа қоғамдық қатынастарды қалыптастыруға оңды, жан-жақты және тиімді ықпал етуде. Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылымы аясында біз саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтай алдық. Қазақстан халықтары Ассамблеясының стратегиясы арқылы тұрақтылықты сақтап, кең ауқымды әлеуметтік және саяси жаңартуларды бастадық. Ассамблея шеңберіндегі біздің жұмысымыз – Қазақстанның өркендеуінің кепілі.

Мемлекетіміздің ұстанған ұлттық саясатын насихаттау мақсатында Қазақстан халықтары Ассамблеясы шетелдік ұйымдармен қарым-қатынасты нығайта түсуде. Осы мақсатпен өткен жылы Германия, Бельгия, Нидерланды, АҚШ, Украина, Ресейге арнайы сапарлар ұйымдастырылды. Аталған елдерде делегация мүшелері Бундестаг, Еуропарламент депутаттары, Тең мүмкіндіктер орталығы, БҰҰ, америкалық сыртқы саясат ұлттық комитеті басшылары және саяси қайраткерлермен кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізді. Конференциялар ұйымдастырылып, тәжірибе алмасулар жүзеге асырылды. Қазақстан халықтары Ассамблеясының аларынан берері көп екенін мойындаған шетелдік әріптестер оның 12 жылдық тәжірибесіне қызығушылық танытып жатты. Бельгиядағы Тең мүмкіндіктер және нәсілшілдікке қарсы күрес орталығының директоры Йозеф де Витто дәл осындай ассамблеяны өз елінде құруды орынды деп атаса, Фордхэм университетінің профессоры П.Мордвидж "Қазақстан көп ұлтты мемлекеттердің ішінде жоғары жетістікке жеткен алғашқы ел, сондықтан ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделін әлемдік тәжірибеде қолдану керек” дей отырып, еліміздегі бүгінгі жағдайға жоғары баға берді. Ал Ресейде біздің Ассамблеяның үлгісімен Ресей халықтарының Ассамблеясының құрылуы қазақстандық тәжірибенің маңыздылығының айқын дәлелі болып табылады.

Қазір Қазақстанда елдің ұлттық-мәдени алуандылығын қоғамдық дамудың оң ықпал етуші факторына айналдырудың барлық алғышарттары бар. Бүгінде байтақ елімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар патриотизм ұғымын жаңаша түсіне бастады. Олар бұл ұғымды тек ата тегімен ғана байла­ныстырып қоймай, Қазақстанның мемлекеттілігі, басқа ұлттың мәдениеті мен дәстүріне деген толерантты көзқарас сияқты қасиеттер арқылы қарастыруда.

Жетекші сарапшылардың пікіріне сүйенсек, қазақстандық қоғамдағы қалыптасқан толеранттылықтың негізінде бірнеше фактор жатыр.

Бірінші фактор – адамдардың елдің болашағына сеніммен қарауы. Қазақстанның 2030 жылға дейін даму Стратегиясы нақ өмірлік болашаққа деген сенімділікті, түсінушілікті арттырған құжатқа айналып, қоғамымыздың қарқынды түрде дамуын алға жетелеудің болжамды жоспарын ұсынды. Ал Стратегияда айтылған жоспарларды сатылай жүзеге асыру ел азамат­тарының әлеуетін жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер береді.

Екінші фактор – еліміздің өткен тарихы. Халқымыз бірде кең байтақ елінің ен даласынан көз алартқан сырт дұшпанға ұлтарақтай да жерін қимай, жауымен қасық қаны қалғанша шайқасатын қаһарлы қазақ болса, енді бірде табалдырығын аттаған қонағын құдайдай күтіп, оған дастархан боп жайылуға, төсек боп төселуге дайын дархан қазақ. Толеранттылық сөзінің бір синонимі "қазақы мінез” болар, сірә.

Үшінші фактор – мемлекет құраушы жергілікті халықтың өзіндік ерекшелігі. Қазақтар мыңдаған жылдар бойы сыртқы жағдайлардың өзгеріп тұруында өзіндік бейімделу мүмкіндіктерін көрсете алған ұлы көшпенділер мәдениетінің мұрагерлері. Қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыс өркениетін байланыстырушы алтын көпір іспеттес қызмет атқарып, керуен жолдары мәдениет және біліммен екі бағытты да сусындатты. Көне қазақ жері­не өзіндік зор ықпалын тигізді. Жалпы, Жібек жолының қазақ жерінен өтуінің өзі мәдениет әртүрлілігін, басқалар мәдениетіне, тіліне және діни көзқарасына деген түсінушілігін қалыптастырғаны белгілі.
Төртінші фактор – қазақтың ұрпағын кек сақтамайтын етіп тәрбиелей алу қасиеті. Қазақ басынан тағдырдың талай қатал сынын кешірді. Беріден қайырғанның өзінде, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығы, Ресей империясының езгісі мен кешегі Кеңес өкіметі заманындағы зобалаң аштықты басынан кешіріп, саяси қуғын-сүргіннің де құрбаны болған халық. Алайда, қылышынан қан тамған замандарда таңдары азаппен атса да, басқадан кек алу мақсатында қылышын қайрамаған, тағдырдың ауыртпалығына қайсарлық танытқан халық. Өткенге бой ұсынбай, келешекті аңсап ел бірлігі мен молшылығын бата тілегіне қосып ұрпағына аманат ретінде қалдырып отырған халық.
Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: күні, бірлігі, Қазақстан, мамыр, халықтарының
Просмотров: 4021 | Загрузок: 470 | Рейтинг: 3.5/2
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar