Главная » Файлы » Рефераттар » Әр түрлі

Аударматану терминдерінің когнитивтік-семантикалық құрылымы
[ Скачать с сервера (291.0 Kb) ] 02.09.2014, 09:20

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

 

Қазақ тіл білімінде терминология саласының ғылыми мәселелері А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Ж.Аймауытұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, М.Балақаев, С.Талжанов, Ә.Сатыбалдиев, Ә.Қайдаров, С.Исаев, Ш.Сарыбаев, Б.Қалиев, Ө.Айтбайұлы, Ш.Құрманбайұлы және т.б. ғалымдардың зерттеулерінде қарастырылған. Атап айтқанда, қазақ терминологиясы ғылымының тұтас тарихы, терминдік жүйе мен терминжасамның теориялық мәселелері академик  Ө.Айтбайұлының ғылыми еңбектерінде жасалса, терминологиялық лексиканы зерттеп, оның теориялық мәнін, мазмұнын анықтауда Б.Қалиевтің («Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары»,1988), Ш.Құрманбайұлының («Қазақ тілі лексикасының терминденуі», 1999) монографиялық зерттеулерін,  салалық терминологияға қатысты А.Исанованың, С.Әлісжановтың, Ш.Біләловтың, С.Исақованың, Г.Ақшалованың, А.Қоңырованың, Ж.Молдажаровтың  және т.б. ғылыми еңбектерін атауға болады.

Сонымен бірге лингвистикалық терминдерді қазақ тіл білімінің метатілі мәселелеріне қатысты тезаурустық сипатта қарастырған Е.Қ.Әбдірәсіловтің, терминдердің танымдық сипатын зерттеу нысаны еткен С.Ақаевтың зерттеулері терминология саласын зерттеудің жаңа деңгейін көрсетеді.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Зерттеудің өзектілігі ғалымдардың ғылым метатілі теориясына деген зерттеу талпыныстарының өсуімен тығыз байланысты. Атап айтқанда, кез келген ғылым саласын бейнелейтін терминдердің тілдік табиғатын тану үшін кешенді, жүйелі түрдегі зерттеу жұмысын жүргізу қажеттілігі қазіргі таңдағы тіл ғылымының жаңа бағыттарымен тығыз байланысты. Бұған бүкіл рухани қазынасын жинақтап сақтайтын ұлттық тілді халықтың тарихымен, мәдениетімен, ой танымымен, жан ілімімен бірлікте қарау мәселесі тіл ғылымында өзіндік өріс алып келе жатқан этнолингвистика, психолингвистика, когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, лингвистикалық елтану ғылымдарының пайда болуына негіз болды. Бұл ғылымдардың тығыз қарым-қатынаста болуы тілдің құрылымдық, жұмсалымдық жүйесінің кешенді үлгілерін айқындауды мақсат етеді. Бұл жағдай қазіргі таңдағы мемлекеттік мәртебесіне сәйкес әлеуметтік, қоғамдық, коммуникативтік қызметі ерекше өзектелу үстіндегі қазақ тіліндегі терминологиялық жүйеге де тікелей қатысты.

Осы орайда қазіргі кездегі қазақ тіл білімі метатілінің бір құрамдас бөлігі, жеке бір терминологиялық жүйе, жаңа ғылым саласы – аударматану терминологиясын даралап, когнитивтік-семантикалық құрылымын зерттеудің маңыздылығы өте зор.

Сондықтан біздің зерттеу жұмысымыздың арқауы мен негізгі ұстанымы тілдік танымның бір бөлшегі ретіндегі тіл білімі метатілінің бір саласы – аударматану терминдерінің аталуы концептологиямен байланысты анықталады.

Қазіргі тіл білімінде ғаламның тілдік бейнесі туралы мәселе Н.Хомский, М.Джонсон, Дж. Лакофф, Р.Лангакер, Ю.Д.Апресян, Т.В.Колшанский, А.А. Леонтьев, Б.Касевич, Е.М.Кубрякова, Ю.Н. Караулов, В.Н.Телия, Б.Н.Серебренников, А.А.Уфимцева, қазақстандық лингвистикада Э.Д.Сүлейменова, Г.Г.Гиздатов, Ж.Манкеева, .Ж.Шаймерденова,С.Сәтенова, Г.Смағұлова, А.Алдашева, Б.Хасанов, Қ.Жаманбаева, Г.Б.Мәдиева  және т.б. ғалымдар еңбегінде қарастырылып жүр.

Адамзат өзін қоршаған шындықты, әлемдегі сан алуан құбылыстарды  санада қалыптастырып қана қоймайды, оған жауап қайырады, ақпаратты өзінше жаңғыртып, жаңа сапада қайта жасауға саналы-санасыз күйде талпыныс жасайды, өңдейді, қорытады, баға береді, тәжірибеде қолданады, бұлардың тұтас көрінісі ретінде ғаламның тілдік бейнесі жасалады.

Осы қағидаға сәйкес терминдерді де адамның табиғи танымына белгілі деңгейде өлшем бола алатын когнитивтік құрылым ретінде арнайы қарастырамыз. Термин біздің зерттеуімізде субъектінің қабылдауы, ойлауы, танымы және практикалық әрекеті арқылы тілде тұтылған білімдердің байланысы, адам санасында ғаламның ғылыми бейнесіндегі ұйғарылған түсінігі ретінде анықталады.

Сонымен қатар, бұл тектес зерттеулер тілдік құрылымды тереңдеп қарастыруды мақсат етеді, өйткені  қазіргі кезде тілді антропоөзектік бағытта зертеу тілді «өз ішінде» ғана емес, тілден тыс, яғни, ақиқат шындықпен тығыз байланыста қарауды қажет етеді.

 Осыған орай жұмыстың өзектілігін айқындауда тақырыпқа сай тілдік бірліктердің семасиологиялық, ономасиологиялық, когнитивтік қырларын сабақтастықта зерттеудің мәні ерекше. Яғни, жұмысымыздың өзегі – аударматану терминдеріне когнитивтік-концептуалдық талдау жасау мен сол атаулардың ономасиологиялық негізін уәжтанумен байланысты сабақтастыра зерттеу.

Қазақ тіл біліміндегі аударматану ұғымдарын білдіретін терминдік бірліктерді ғылыми тұрғыдан жүйелей отырып, олардың когнитивтік-концептуалдық, уәждік және семантикалық қырларының сабақтастығында қарастыру қазақ терминологиялық жүйесінің танымдық қырын анықтауға қатысты тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

Зерттеу жұмысының нысаны. Қазақ тіліндегі аударматану терминдері.

Зерттеу жұмысының пәні. Қазақ тіліндегі аударматану терминдерінің когнитивтік-семантикалық құрылымы.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - қазақ тіліндегі аударматану ұғымындағы терминдердің тілдік табиғатын семасиологиялық, ономасиологиялық және когнитивтік лингвистика тұрғысынан зерттеу. Осы мақсатқа сай мынадай міндеттер көзделеді:

         – аударматану терминдері мен олардың тақырыптық топтарына терминологиялық өріс және терминологиялық жүйе тұрғысынан талдау жасау;

         –  аударматану терминдерінің табиғатын «ғаламның тілдік бейнесі» тұрғысынан қарастыру;

         – қазақ тіліндегі аударматану терминдерінің концептуалдық құрылымын анықтау;

         –  аударматану терминдерінің лексика-семантикалық ерекшеліктерін уәжділік, ономасиологиялық талдау негізінде анықтау;

         – ұғым мен таңба арасындағы байланысты ашатын уәжділік құбылысының теориялық мәселелері туралы ғылыми ой-пікірлерге сүйене отырып, аударматану терминдерінің негізгі дәндеуіш топтарын айқындау.

 Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері. Зерттеу барысында алға қойған мақсат-міндеттерді орындау үшін мынадай әдістер мен тәсілдер басшылыққа алынды:

         –     негізгі дереккөздерді жинау барысында жаппай сұрыптау, жүйелеу, талдау тәсілдері;

         – терминдердің концептуалдық құрылымы мен когнитивтік семантикасын анықтауда когнитивтік, концептуалдық талдау жасау;

         –  аударматану терминдерінің лексика-семантикалық және уәжділік ерекшеліктерін баяндауда лингвистикалық сипаттама тәсілі және компоненттік талдау.

Зерттеу жұмысының материалы ретінде қазақ тіліндегі аударматану ұғымындағы 2000-нан астам терминдік бірліктер алынды.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Қазақ тілінде осы кезге дейін аударма теориясы мәселелері бойынша қорғалған зерттеу жұмыстары, Лингвистикалық терминдердің орысша-қазақша сөздігі (І.Кеңесбаев, Т.Жанұзақов, 1967), Атаулар сөздігі (1931), Тіл білімі сөздігі (1998), Тіл білімінің түсіндірме сөздігі (Б.Қалиев, 2005), Толковый переводоведческий словарь (Л.Л.Нелюбин, 2003) т.б. пайдаланылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалықтары мен нәтижелері:

–    қазақ тіл білімінде аударматану терминдері алғаш рет когнитивтік тұрғыдан зерттелді;

– аударматану ұғымдарындағы терминдік бірліктердің терминологиялық өрісі мен терминологиялық жүйесі когнитивтік лингвистика және лингвоконцептология тұрғысынан талданды;

–  аударматану терминдерінің қазақ тіл білімі метатілінің белгілі бір қабатын білдіретін концептілік-ұғымдық жүйе екендігі дәлелденді;

–  терминдердің когнитивтік мәні семасиологиялық, ономасиологиялық әдістермен ұштастырыла зерттелді;

–  терминдер мен терминдік тіркестердің аталуына себепші болған уәждік белгілер уәждеуіш топтарға жіктеліп қарастырылды;

–  аударматану терминдерінің негізінде ұғым-термин-дефиниция-уәжділік қатарларының ерекшеліктері лингвистикалық, танымдық, когниция тұрғысынан нақтыланды.

Зерттеу жұмысының теориялық маңыздылығы. Қазақ тіліндегі терминологиялық жүйе (аударматану саласы бойынша) осы зерттеуде алғаш рет когнитивтік лингвистика мен терминологиялық лингвоконцептология арналарында зерделеніп, қазақ тіл біліміндегі когнитивтік семантика  және терминология теориясына өзіндік деңгейде үлес қосады.

Зерттеу барысында қол жеткен ғылыми нәтижелер мен тұжырымдар когнитивтік лингвистика, терминологиялық лингвоконцептология, терминологиялық семиотика т.б. ғылыми пәндердің нысанасындағы теориялық мәселелерді айқындауға, дәйектеуге және әрі қарай дамытуға өз септігін тигізеді.

Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы. Зерттеу материалдары мен теориялық тұжырымдар қазақ терминологиясы жөнінде жаңа пайымдаулар жасауға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелерін жаңа ғылыми пән – когнитивтік семантика мен терминологиялық лингвоконцептологияның теориялық және практикалық мәселелерін әрі қарай зерттеуде, жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдарын дайындауда, сонымен бірге терминологиялық семасиология, ономасиология, когнитивтік лингвистика пәндері бойынша өткізілетін арнайы курстар мен семинарларда қолдануға болады.

Зерттеу жұмысы бойынша ұсынылатын тұжырымдар:

– когнитивтік лингвистика тұрғысынан аударматану терминдері өзіндік терминологиялық өріс пен терминологиялық жүйе құрайтын тілдік бірліктер ретінде қазақ тіліндегі терминологиялық қор мен тіл білімі метатілінің сүбелі қабатын білдіретін концептілік-ұғымдық жүйе;

– аударматану терминдері өздерінің кумулятивтік қызметі негізінде ғылыми ұғымдардың когнитивті-менталды құрылымдары, «ғаламның ғылыми бейнесін» айқындаушы тілдік (терминдік) бірліктер;

– тілдік сананың лингвоменталды құрылымы ретінде тілдік жүйеде концептуалдық құрылым негізінде обьективтендіріліп, терминдік бірліктер қалпында вербалданатын ғылыми ұғымдарды концептуалдық жүйе арқылы «ғаламның ғылыми бейнесіндегі» белгілі бір ұғымды басқа бір ұғымнан ажыратып айқындайтын когнитивтік бірлік;

– аударматану терминдерінің тілдік және танымдық табиғаты, оның лингвистикалық және экстралингвистикалық факторларға сәйкес лексика-семантикалық ерекшеліктері мен уәжділік дәрежелері семасиологиялық және ономасиологиялық сабақтастықтағы талдау жасау негізінде анықталады;

– аударматану терминдерінің лексика-семантикалық құрылымы термин интенциясы мен экстенциясы арқылы ғана айқындалатын «ұғым-термин-дефиниция» менталды құрылымы бойынша онтологиялық үлгі түзеді.

Зерттеудің мақұлдануы мен жариялануы. Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен нәтижелері түрлі деңгейлердегі конференцияларда     баяндалды: «Қазақ тіл біліміндегі функционалдық бағыт» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция (Алматы, 2006),  «Мемлекеттік тілде аграрлық маман даярлау: жаңа мақсат, жаңа жүйе» атты республикалық ғылыми-әдістеме конференциясы (Алматы, 2006), Профессор Қ.Тасболатұлының 80 жылдығына арналған «Тәуелсіздік негізі – ұлттық тәрбие» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция (Тараз, 2006) және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Лингвистикалық жұма» атты ғылыми-әдістемелік семинары (2005, желтоқсан).

Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда диссертация мазмұнына қатысты 6 мақала жарияланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.

 

Негізгі бӨлім

 

Зерттеудің кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, нысаны, мақсаты мен міндеттері айқындалып, ғылыми жаңалығы мен зерттеудің теориялық және практикалық мәні көрсетілді. Сондай-ақ зерттеуге негіз болған материалдар мен дереккөздер, зерттеу әдістері мен қорғауға ұсынылған тұжырымдар, жұмыстың мақұлдануы мен жариялануы баяндалады.

Диссертацияның «Аударматану терминдерінің когнитивтік негіздері» деп аталатын бірінші бөлімінің «Аударматану ғылымының жалпы тіл біліміндегі сипаты», «Аударматану концептуалды терминологиялық аппаратының ерекшелігі», «Когнитивтік зерттеулердегі терминнің танымдық сипаты», «Аударматану терминдерінің когнитивтік-менталды сипаты» атты тараушаларында аударматану ұғымындағы терминдердің когнитивтік табиғаты, концептуалдық құрылымы және термин ұғымына қатысты теориялық мәселелері қарастырылады.

Категория: Әр түрлі | Добавил: Jahcepik | Теги: Аударматану, құрылымы, терминдерінің, когнитивтік-семантикалық
Просмотров: 1470 | Загрузок: 918 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar