Главная » Файлы » Рефераттар » Философия, социология

АҚИҚАТТАН АДАСУДЫҢ АЗАБЫ
[ Скачать с сервера (49.0 Kb) ] 02.09.2014, 08:42

Ақиқаттан адасудың азабы

 

Әнес САРАЙ, Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

 

Шыңғыс Айтматовтың: “Адам тұлға ретінде траге­дия­лық қобалжулар арқылы ашы­ла­ды” — деп айтқаны бар. Шын­дығында, өмір тану мен адам тану дегеніміз – осы екеуі­нің трагедиялық кезең­дер­ге неге тап бола беретіндігінің сырын ашу.

Алдан Смайылдың  “Фо­лиант” баспасынан жарық көрген “Тамұқтан келген адам” романының басты құндылығы да осында. Жазушы аталған шығармасында адам трагедия­сының ең бір үрейлі кезеңі — өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы сұрапылын таңдап алған. Дәл осы шақ – репрес­сия мен геноцид, тұтас ха­лықтарды ессіз идеологияның көзсіз құлына айналдыру, ұлттық тамырдан үзілу қатеріне алаңдамайтын санасыздық, шектен шыққан қаталдық, жойқын қырғындар адам жаратылысының құпияларына бойлауға шақырып тұрғандай. Романның көп қырлы филосо­­фиялық астарларынан сауып айтсақ, аталған тұста “Өмір де, өлім де жасанды еді. Одан кейінгі өмірлер мен өлімдердің табиғи бола аларына ешкім кепілдік бере алмайтын. Өйт­кені, кеше жер басқандар мен бүгінде жер басып жүргендер құдай сыйлаған өмірді екі­жүздендіріп әуре. Ал дәуірлер бойында көз жұмғандардың ішінде ақ өліммен өлгендер мен адам қолынан о дүниелік бол­ғандардың қайсысы көп екен­дігін ойласаң, сірә соңғылары шығар деп шошисың”.

Сырт қарағанда тосын ой­лар секілденер, алайда адамзат­тың өткені мен қазіргі күн­дерінің трагедияларына үңіл­сең, дәл осылай бас қатырарың анық. Өркениеттің көгіне кө­терілдік деген бүгінгі заманда да адам тіршілігінде мәз бо­ларлық не бар? Сол баяғы атыс-шабыс, сол баяғы үрей, ал­дау мен сату, қатыгездік, эфир­­лерден күн сайын ести­тінің жарылыстар мен қақты­ғыстар.

Сонда мына жалған адам мен адамды неге шабыстыра бе­реді? Бұған роман кейіп­кер­лерінің пайымы әркелкі.

“Ғұмыр бойы қарасы өшкір өшпенділіктің құлы болдым ғой, — деп күңіренеді елге шыққан жазалаушы жасақтың қаныпезер басшысы.  — Ол мені қатыгездендіріп алып өмірі барларға қайрап салды да отырды”.  

Көзін тырнап ашқаннан осылай, әуелі өмірге өлек­селеніп келген өзіне, содан соң айуанданып кеткен анасына өшікті, удай мас болып құлап жатқанда талай рет үнін өшіре сал­ғысы келген. Ессізденіп алып ойына келгенін істейтін сұмырай өз ажалынан өлсе, оған тек мұның біржола қор­қау­лана қоймағандығы кінәлі еді.

Кейін көзіне көрінгеннің бәріне өшігетін болды, олардың өзі секілді бұралқы иттей бұра­тылып жүрмегендігі үшін, кү­ңіренбей күлгені үшін, жетім­сіремей жетіскені үшін...

“Қарғыс айтып қыңсылап жүргендер өшін ала алмай өлек­­селенгендер ғой, олар қашан да өкініп өледі. Өші кетіп өшкендердің күйзелісінен сақтасын. Өзегі өртеніп тұрса да өшіге білмейтіндер баяғыда өліп біткендер, — деп тістенеді ол. – Мұңсызбын деп жүрген­дердің бәрі өздерінен өш ала алмайтынын сезеді. Қай­ғылының бәрі алынбаған өші­нің соңында ғұмыр бойы сал­пақтайды. Өмір өшіктіру мен өш алудан тұратынын ұқпаған­дар өшін қуғандарды қайдан түсінсін. Тәңірдің өзі бұларды тозақтан бетер жұмыр жерге өмір­ден өш алу үшін жамыратып жіберген жоқ па?!”

Әкесіз, некесіз, бетімен кеткен шешенің арсыз өмірін толарсақтан кешіп өскен, өзі де хайуанданып алған жендеттің түйіні осындай. Ол қырда күні-түні қырғын салғанда, қолына қару ұстатқан ессіз идеология үшін емес, бұған қарағанда түтіні түзулерден өш алумен болады. Дүниеге ала-құлалығы үшін жауығады. Ал жалған дүниеде теңдік болған емес, болмайды да. Өшпенділік пен өш алу мәңгілік.

Ел ату мен асудан, аш­тықтан көз алдында қоғадай жапырылып жатқанда, адам атаулының бір-біріне деген тұрпайы қатыгездігі қаладағы аз ғана ұлт зиялыларының бірі – Арыстанды да қарадай қажы­тады.

“Жұрт неге қан кешіп жүріп ұрандайды? – деп тұйыққа тіреледі ол. – Адамзат осылай кезең-кезең қан ұрттап тұр­маса, талай-талай у құстырған қаншелек тарихтың қыбы қанбай ма? – Есі барды — есі­нен, мейірімі барды – мейірі­мінен, ары барды – арынан қас қағымда жұрдай қылған нендей құдірет?

.....Өлгеннің ойы жұмбақ, өлмегеннің көңілі көмулі.

Жалғандыққа жау серік – жалғандығын жасыруға. Қа­рауылда қалтыраған жұрт жау іздеп әлек. Жаусыраған күндер қансырап қағынады.

Ойлай алғанның бәрі дұш­пан. Ойсыз заманға ой не керек. Ары барлар арам қатқан. Қан тілемегендер шетінен қауқарсыз”.

— Иә, — дейсің, — адам­зат­тың өз ішінде жойқындана қақтығысып тұруы болмай қоймайтын тарихи құбылыс болып жүрмесін. Әйтпесе, адам­ның ақыл-ойы, өресі мен мәдениеті қару атаулыны лақ­тырып тастап, айқара құшақ айқастыруға жетерлік деңгейде ғой. Бірақ өмірдегі ақиқат әлі күнге соғыстар мен айқастар­дың өтінде қалтырауда. Жұмыр жердің жүрегі үшінші мың­жылдықта да жұлым-жұлым.

Бәлкім, жауығуға Арыстан жобалағандай өмірлік ақиқатты жасанды ақиқатқа айналдыру­дан жалықпаған идеологиялар себепкер шығар. Сіз осы за­манда қойдай өріп жүрген қай идеологияға тәңірдей табына алар едіңіз? Батыстық па, Шығыстық па? Мұсылмандық па, христиандық па? Ұлттық па, жалпы адамзаттық па? – Мынау! – деп кесіп айта алмайсыз. Идеологиялар айқын ақиқатқа адасып жүріп жетеді. Адамзаттың адасуы қашан аяқ­талары белгісіз. Тәңірлік ақиқат та солай, менің ғана құдайым хақ дегендер жыртылып айы­рылады. “Жалғандыққа жау серік екендігі” де шындық. “Жалғандығын жасырудың” төте жолы сол, жау іздеу. Бұ­рын да солай болған, қазір де солай. Азулылар державалық жалғандығына дұшпан іздеп әлемді аласұра шарлап жүр. Ығына ымдап көреді, ыңға­йына ермесе, қарауылға алады. Сондықтан да Арыстан пайым­дағандай “өмірі барлар өмірден үрейленуді ғана біледі, өмірдің өзге шындығының бәрі қау­қарсыз, ....елдің жұмақ іздеген жүрегі жұлым-жұлым”.

Категория: Философия, социология | Добавил: Jahcepik | Теги: АДАСУДЫҢ, АЗАБЫ, АҚИҚАТТАН
Просмотров: 885 | Загрузок: 388 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar