Главная » Файлы » Рефераттар » Биология және Экология

Жүрек пен қан тамырлар жүйесі ауруларының бөлінуі
[ · Скачать удаленно (21.1Kb) ] 30.10.2012, 21:50
Жүрек пен қан тамырлар жүйесі ауруларының бөлінуі
Өлекседегі өзгерістер: Жүрек қабының қуысында әр түрлі көлемде жалқық: құрғақ қабынуда – белокты талшық, сарысулы түрінде – ұйымалы, ұйымалы-белокты талшық, қанды ірінді, шірікті түрлері жиналады. Жүрек қабы қалыңдайды, олар белокты талшықтармен қабатталады. Жүрек қаптарының қабаттары бір-бірімен жабысып, бітісіп кететін жағдайлары жиі кездеседі. Әктенген (беріштенген) уақытында «сауытты жүрек» көрінісі байқалады. Жүрек еті мен плевраның (көкіректің сірі қабығы) қабынуы жиі кездеседі. Жүрек етінің семуі де жиі кездесетін құбылыс. Өкпе, бауырда және басқа да ағзалар да ырықсыздық қан кернелуі байқалынады. Жарақаттан болған қабынуда жалқық, көбінесе, іріңді не шірікті түрлерінде өтеді. Шірікті түрі сұйық, қоңыр не сарғыш-қоңыр түсті, өткір, сасық иісті болып келеді. Ішкі ағзалардың көпшілігінде қағынуға (сепсис) тән түрлі өзгерістер анықталынады. Жүрек қабының қуысында, жүрек қабының өзінде немесе жүрек етінде алдымен, таз қарынның, сонан соң жүрек қабының дерттерін тудыратын түрлі бөтен үшкір жарақаттаушы заттар (сымтемір, шеге, түйреуіш, ине т.б.) жиі кездесіп тұрады. Бөтен заттың қалдырған жолында талшықты бұдырлар, іріңдіктер (абсцесс), ішінде іріңі, шірігі бар көз жолдары анықталынады. Көп жағдайда жүрек қабы, көкіректің көк еті мен таз қарынның араларында тығыздалынған қосымша бұдыр дәнекер ұлпа өскені анықталынады.
Белгілері – перикардитті тудырған себептері мен даму кезеңдеріне байланысты өтеді. Құрғақ перикардитте дененің қызуы көтерілуі мен тамыр соғуының жеделдеуі қосарланады. Бұған көбінесе, негізгі аурулар себепші болады. Ауру мал жабығады. Жем-шөпке тәбеті тартпайды. Ауру жылқылар жатпайды, сиырлар шұғыл қимылдардан қашқалақтайды, көбінесе алдыңғы аяқтарын алшақтатып ұстайды. Ауру асқынған сайын тамыр серпінісі бәсеңдеп, толуы азаяды. Жүрек түткісі күшейеді. Жүректің тұсын сипалағанда не балғашықпен ұрғанда ауырсынады. Жүрек соғуы дыбыстарына жүрек қаптарының үйкеліс шуылдары қосамжарласады.
Жалқықты перикардитте қан айналысының бұзылуы айқынырақ білініп, аурудың жалпы күйі нашарлайды. Алғашқы кезде ауру малдың ылғи да дене қызуы көтеріледі. Жүрек қаптарының қуысына жалқықтың толуына байланысты оның үйкеліс шуылдары жоғалып кетеді. Жүректің соғуы жиілейді (ірі қараларда жүректің соғуы бір минутта 120-ға дейін жетеді, мөлшері 50-80). Тамыр серпінісі – бәсең, толуы нашар, кейде желісі жіп тәріздес болып, ырғақсыздық жиіленеді. Жүрек түткісі әлсірейді, жайылып кетеді, жоғары, артқа және оңға қарай ығыстырылады. Жүректің айналасындағы салыстырмалы және абсолютті дүңкілдері бірыңғайланып, дүңкіл көлемі ұлғайып кетеді. Жүрек тұсын балғашықпен тықылдатқанда ауырсынады. Жүректің соғу дыбыстары әлсірейді, алыстан естіліп тұрғандай күңгірттенеді. Ауру ары қарай дамыса (жиналған жалқықтың шіруінен қуыста газдардың болуына байланысты) шалпыл дыбыстар естіледі. Газдардың жиналуы перкуссия жасағанда жүрек тұсының жоғарғы жағынан дүңкілдің ашық (тимпанический) дыбыстарын шығартады. Жүрек жан-жақты қысылғандықтан венадағы қан жүрісі баяулайды, мойын көк тамыры қанға толғандықтан білеуленіп кетеді. Ауру мал мойнын созып, алдыңғы аяқтарын алшақ ұстап, шынтақтарын кеудесінен тысқарылатып тұрады, кейде ыңқылдайды. Жүрек пен қан тамырлар қызметтерінің нашарлағанын көрсететін негізгі белгілер – ентігу, көгеру, ісіну жүрек соғуының жиілігі мен ырғақтығының бұзылғандығы білінеді. Ісік, ірі қара малдардың, көбінесе, ұртында, шықшытында, алқымында орналасады. Ісік, қанның іркілісінен да (қан мен лимфа айналысының нашарлауынан), қабынудың салдарынан да болуы мүмкін. Бездері жиі шошып, көлемі ұлғаяды, әсіресе, жауырындарының алдындағы бездердің көлемдері қатты ұлғаяды. Электрокардиограммада кертештердің биіктігі күрт кішірейеді, кішірею, әсіресе, бірінші тармақ алынатын аяқтардан жақсы байқалады. Жүректің қосымша жиырылуы және басқа да жұмыс ырғағының бұзылуы айқындалынады. Артерияда қан қысымы азайып, венада көтеріледі (600 мм бағанасына дейін, нормасы 80-130 мм). Қан ағысының жылдамдығы бәсеңдейді. Ядросының ығысуы регенеративті (қалпына келген) немесе регенеративті-дегенеративті (азғынды) түрлерінде кездесетін нейтрофильді (дақты) лейкоциттер көбеюі жиі кездеседі.
Жүрек қабының қабынуы қарындардың қозғалыс күштерін әлсіретеді, бауырдың, өкпелердің және басқа да ағзалардың қызметін бұзады. Несепті тексергенде, көбінесе, белок (ағзат), альбумоздар (белок ажыратындысы) және индикан (белоктың шіруінен болатын қоспа) анықталынады.
Барысы. Жарақатсыз перикардиттің өту барысы оның пайда болу себептеріне байланысты. Құрғақ перикардитпен ауырған малдар қысқа мерзім аралығында жазылып кетуі де мүмкін. Жалқықты перикардит ұзаққа созылады, ауыр өтіп, көбінесе өлім-жітіммен аяқталады. Жарақаттан болған перикардит малдың жанына қатты батып, ұзаққы созылады (бірнеше аптадан бірнеше айға дейін). Кей кездерде жүректің еті мен ішкі қабаты зақымданса, ауру тез өтіп, бірнеше тәуліктердің ішінде-ақ ауру мал өледі. Өте сирек жағдайларда жарақаттанған бөтен үшкір заттар жүрек қабының қуысынан кеуде қабаты арқылы сыртқа шығып кетіп, мал өздігінен де айығып кетуі мүмкін.
Анықтау. Құрғақ перикардит, жүрек тұсының ауырғыштығы, үйкеліс шуылының пайда болуы, жүрек түрткісінің күшеюі, жүрек соғуының жиілеуі және басқа да тән белгілері арқылы анықталады. Жалқықты перикардит жүрек түрткісінің нақтылы орнын өзгертіп, күшінің әлсіреуімен, түрткісінің жайылып кетуімен, салыстырмалы және абсолюттік дүңкілдердің бірыңғайланып, көлемінің ұлғаюымен, жүрек соғу дыбыстарының бәсеңдеп күңгіртенуімен, тездетілуімен, шалпыл дыбыстарының пайда болуымен, мойын көк тамырының толып кернелуімен, ісіктермен бейнеленеді. Рентгенмен тексеру ауруды анықтауды құнды мәлімет береді. Онда жүректің көлемі қатты ұлғайып, оның кескіні қозғалысқа келмейді, жүрек пен көк ет (диафрагма) үшбұрышының көлемі көрінбей, көмескіленіп кішірейеді, жүрек тұсының үстіңгі жағындағы көрініс жарықтанады (жүрек қуысына газдың жинақталуынан).
Ауруды анықтаудағы дұрыстыққа күдік туған жағдайда күмәнданбас үшін жүрек қабының қуысын зарарсыздандырылған инемен сол жағындағы төртінші қабырғаның арасынан, иық буыны мен шынтақ арқылы өтетін түзулердің ортасынан теседі. Дұрыс нәтиже алу үшін қуысты новокаинмен блокада жасайтын инемен тескен жөн.
Саралау. Жалқықты перикардитті перикард шеменімен плевраның (көкіректің сірі қабы) жалқықты қабынуынан саралайды. Құрғақ перикардит пен жалқықты перикардиттің басталу кезін құрғақ плеврит пен жіті өтетін миокардит және эндокардиттерден саралайды. Перикардит шеменінің перикардиттен айырмашылығы, жүрек тұсын басқанда ауырсынбайды, дененің қызуы көтерілмейді, ал жалқықты перикардитте дүңкілдің дыбыстары көлденең түзу сызық бойынша күңгірттенеді. Құрғақ плевритте үйкеліс шуы дем алу ырғағына сәйкестелінеді. Миокардит пен эндокардит өздеріне тән белгілермен өтеді.
Категория: Биология және Экология | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: жүрек, ауруларының, жүйесі, бөлінуі, тамырлар
Просмотров: 1964 | Загрузок: 425 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar