Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті |
[ Скачать с сервера (251.5 Kb) ] | 02.09.2014, 10:34 |
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Зерттеудің өзектілігі. Қазақ тіл білімінде әсіресе соңғы жылдары көбірек көңіл бөліне бастаған антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің нәтижесі этностың байырғы тұрмыс-тіршілігінің, қазіргі болмысы мен өткендегі өмір сүру тәжірибесінің, күнкөріс мәдениетінің, өзіндік ежелгі заттық және рухани құндылықтарының түрлі тілдік көріністері тек лексика мен фразеологияда ғана емес, ономасиологияда да, фоносемантика мен перифразалық құбылыстарда да көрінетінін дәлелдеп отыр. Осымен байланысты барша тіл байлығына этнос танымы тұрғысынан мағыналық талдау жасау – «идиоэтникалық семантикасына барлау жасау» деген сөз. Себебі «...көпшілік қауымның білетіні лексикалық бірліктердің бойына тән мағынаның толық ауқымы емес, жарым-жартысы ғана, яғни көбінесе күнделікті өмірде өзара қарым-қатынас жасауға қажетті «үстіңгі қабаттағы» лексикалық мағыналары ғана. Ал олардың екінші деңгейдегі «ауыс, туынды, келтірінді, идиомалық, фразеологиялық» мағыналар тобына келсек, олар көбінесе тілдік ортада қалыптасқан дәстүрлі «мағыналық символ» ретінде сөйлеу контексіне қарай қолданылғанымен, түп-төркіні баршаға айқын емес. Мәселен, көзіне шөп салу, шөп басын сындыру, итарқасы қиянда, көзайым болу, шөпжелке, шүйкебас сияқты тіркестердің ауыс, идиомалық мағыналары бізге түсінікті болғанымен, олардың тілде пайда болу уәждерін бірден айтып беру оңай емес, өйткені олардың астарында этнолингвистикалық факторлар жатыр. Міне, сондықтан да әр алуан лексикалық бірліктердің осы екінші деңгейдегі мағыналарын біз шартты түрде этнолингвистикалық мағыналар деп атадық» [1, 21]. Идиоэтникалық семантиканың бастау ұғымдары алғаш А.П.Комаров, Ж.Вандриес, М.М.Копыленко, Н.Н.Кириллова, З.З.Чанышеваның еңбектерінде қалана бастады. Жалпы қай тілдің де идиоэтникалық семантикасын неғұрлым тереңірек танып білуге қазір солар мұрындық болып отыр. Қазақ тіл білімінде идиоэтникалық семантика мәселесі арнайы нысанаға алынып зерттелмесе де, зат немесе құбылыс атауының шығу тегі, терминнің пайда болу уәжділігі туралы тілдік мәліметтер беретін еңбектер баршылық. Мысалы өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы Ә.Қайдар, Р.Сыздық, М.М.Копыленко, Е.Жанпейісов еңбектерінен бастау алған зерттеу бағыты Н.Уәлиұлы, Ж.Манкеева т.б. ғалымдардың зерттеулерінде нақты жалғасын тапты. Сонымен бірге Т.Жанұзақов, Б.Қалиев, Б.Сағындықұлы, Г.Смағұлова, Б.Момынова, С.Сәтенова, Р.Шойбеков, Г.Сағидолдақызы, А.Жылқыбаева, А.Ислам, Д.Керімбаев, Ә.Хазимова, Г.Әубәкірова сынды басқа да лексиколог, этнолингвист ғалымдардың зерттеулерінен де этностың рухани және материалдық мәдениетінен орасан зор мәлімет беретін деректерді молынан кездестіреміз. Осы қатарда тілдің когнитивтік қызметі жайындағы К.Хұсайын, З.Ахметжанова, Б.Әбдіғалиева, Э.Сүлейменова, т.б. ғалымдар еңбектерінің де орны ерекше. Осы зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып, идиоэтникалық семантика ұғымын тілде сақталған этнолингвистикалық деректердің, қалтарыста жатқан тілдік фактілердің «сөйлеуі» деп түсінуге болады. Себебі идиоэтника сөзі (гректің идио – «өзіндік», «ерекше» және этнос – «тайпа», «халық» сөздерінің бірігуінен жасалған) «ұлттық ерекшелік» дегенді айқындайды. Демек идиоэтникалық семантика «ұлттық-мәдени ерекшелікті, этникалық өзгешелікті, этнос болмысын танытатын семантика» дегенді білдіреді. Осындай ұлттық немесе идиоэтникалық болмыс лексикалық бірліктер мен тілдік құбылыстардың таңбалық ерекшелігі ретінде тілдің көптеген салаларын жан-жақты қамтиды. Идиоэтника мәселесі этнология, мәдениеттану, философия, психология, әдебиеттану, тіл білімі т.б. салаларда негізгі мәселелердің бірі. Қазіргі лингвистикалық зерттеулердегі антропоцентристік бағыт тіл мен сөйлеудегі этномәдени ерекшелікті зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Осы орайда этнос туралы небір құнды дерек-мағлұматтармен толықтырып, мазмұн, тақырып ауқымын кеңейтіп, мән-мағынасын тереңдете түсетін тілдің дерек көздеріне ауыз әдебиетінің ішінде ғұрыптық фольклор шығармалары жатады. Ауыз әдебиетінің өзге жанрлары тәрізді олар халықтың ерте заманғы тұрмыс-тіршілігінің куәсі, өмір айнасы болумен қатар, таза көркемдік қасиеті мен дүниетанымдық ерекшелігі тұрғысынан да ерекше бағалы. Әсіресе идиоэтникалық сипаты айқын және көрнекті құбылыстардың бірі – ғұрыптық фольклор үлгілері. Ғұрыптық фольклор лексикасының идиоэтникалық семантикасын ашу – қазақ этнолингвистикасы мәселелерін шешудің, оның табиғатын ашудың бір маңызды жолы. Осы тұрғыдан алғанда тақырыптың өзектілігі даусыз. Сондықтан осы бағытты этнолингвистикалық ізденулердің кейінгі жылдары ерекше назар аударуы да зерттеу нысанымыздың зәрулігін көрсетеді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ғұрыптық фольклор лексикасы идиоэтникалық семантика тұрғысынан арнайы алғаш рет қарастырылып отыр. Идиоэтникалық семантика мәселесі орыс тілінде де әлі арнайы зерттеліп, жүйелі түрде қарастырылған емес. Бұған дейін фольклорлық лексиканың жеке мәселелері, фразеологизмдік қолданыстар этнолингвистикалық сипатта әредік айтылған. Бірақ біртұтас жеке мәселе ретінде, монографиялық зерттеу деңгейінде әзір онша сөз бола қойған жоқ. Сондықтан да ғұрыптық фольклор лексикасына жан-жақты ғылыми талдау жасай отырып, тілдің идиоэтникалық семантикасына, дүниетанымдық қызмет аясына неғұрлым тереңірек бойлау, солай етіп барып этностың өзін жете тани түсу әсіресе қазіргі егемендік жағдайда айрықша мән-мазмұн алып отыр. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ фольклоры мазмұнындағы ұлттық ғұрыптың этномәдени болмысын тіл арқылы анықтауды мақсат еткен аталмыш жұмыста идиоэтникалық семантика мәселесінің теориялық және практикалық мәнін ашуға талпыныс жасалды. Зерттеу нысаны – ғұрыптық фольклор лексикасындағы идиоэтникалық бірліктер. Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Диссертацияның мақсаты – ғұрыптық фольклор лексикасының идиоэтникалық семантикасын ашу, тілдің дүниетанымдық қызметін қарастыру. Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер қойылады:
Зерттеудің негізгі дереккөздері – тілдік және этномәдени мазмұнды-ақпараттық құрылымдағы қазақтың бай ғұрыптық фольклоры. Қосымша деректік материалдар Б.Уахатовтың «Қазақтың халық өлеңдері» (Алматы, 1974), Оразақын Асқардың жинап, құрастырумен шыққан қазақ халқының «Қара өлеңдерінен» (Алматы, 1989), Б.Абылқасымовтың «Телқоңыр» (Алматы, 1993), «Наным-сенімдер ғұрпының фольклоры» (Алматы, 2004) атты кітаптарынан, өзге де түрлі ауыз әдебиеті мәтіндерінен алынды. Жұмыстың теориялық маңызы және практикалық құндылығы. Еңбектің теориялық маңызы – ғұрыптық фольклор лексикасындағы ұлттық нақышы бар тілдік бірліктер негізінде ғұрыптық мәдениеттің идиоэтникалық семантикасын «тіл мен ұлт», «тіл мен мәдениет» сабақтастығында түсіндіруде. Зерттеу жұмысының нәтижелері мен тұжырымдары этнолингвистика, когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану, психолингвистика сияқты ғылым салаларына қатысты өзекті мәселелерді айқындауға, осы бағытта зерттеулер жүргізуге септігін тигізеді. Зерттеу материалдарын жоғары оқу орындарында «Этнолингвистика», «Лингвомәдениеттану», «Этнопедагогика», «Елтану» пәндерін оқытуда, фольклор мен этимология, тарихи лексикология бойынша арнайы курс пен арнайы семинарларда, түсіндірме, этимологиялық сөздіктер түзу тәжірибесінде пайдалануға болады Зерттеудің әдістері. Диссертацияда сипаттамалы, этнолингвистикалық, семасиологиялық, тарихи-салыстырмалы және этимологиялық зерттеу әдістері қолданылды. Қорғауға ұсынылған тұжырымдар:
Жұмыстың талқылануы мен жарияланымы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен материалдары бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Шоқан тағылымы – 6» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Көкшетау, 2001), С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жыл сайын өткізілетін «С.Аманжолов оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда (Өскемен, 2003, 2004, 2005, 2006), Қазақстан-Американ еркін университетінің «Халықаралық байланыс: тіл, білім, ғылым, мәдениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Өскемен, 2005) баяндамалар жасалды. Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда 10 мақала жарияланды. Диссертациялық жұмыс А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Зерттеудің кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдары түйінделіп, теориялық маңызы және практикалық мәні көрсетіледі. Зерттеудің басты нәтижелерінің талқылануы мен жариялануы баяндалады. 1 Отбасылық ғұрыптар фольклорының лексикасы. Отбасылық ғұрып фольклорының жүйелі зерттеле бастауы өткен ғасыр деңгейіне дөп келеді. Тілдік тұрғыда қазақ фольклорлық мәтіндердің жалпы лексикасына этнолингвистикалық, тарихи-этимологиялық, лексика-семантикалық аспектілеріне академик Ә.Т.Қайдаровтың, Е.Жұбанов пен А.Ибатовтың, А.Мұқатаеваның еңбектері арналды. Біз отбасылық ғұрыпқа байланысты өлеңдерді келін түсіру, қыз ұзату ғұрыптары лексикасы, өлік жөнелту ғұрыптары лексикасы, бесік және этнопедагогика лексикасы, саятшылық пен аңшылыққа қатысты лексика, мал шаруашылығына қатысты лексика деп топтастырып, олардың құрамындағы тілдік-мәдени ақпаратты тіл бірліктерін семантикалық жағынан қарастырдық. 1.1 Келін түсіру, қыз ұзату ғұрыптары лексикасы. Қазақтар өмірінің сан ғасырлық тарихы әдетте ана тілімен тығыз байланысты. Мысалы, құда түсу рәсімдері, үйлену тойы, ас беру тағы басқа толып жатқан ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып үлгілерінің атаулары тілде сақталмаған болса, онда рухани мәдениет үлгілерінің мазмұны да кеми бермек. Әдет-ғұрып, салт-сананы айтқанда, әдетте олар туралы халықтың көрнекті де, көрікті ойлары тілімізге оралады. Сөз мәні, сөз сыры, ішкі-сыртқы мағыналары салтпен, дәстүрмен астарлас жатқандығын байқаймыз. Ол мағыналар, мәндер, сырлар астарында небір тарихи ұғым жатады немесе онда салт-дәстүрлерге сай түрлі наным сақталады. Келін түсіру, қыз ұзату ғұрыптарымен байланысты жұмыста ұрын бару, бауыздау құдалық, ит ырылдатар, табалдырық аттар, түндік ашар, отқа май құю, оң жақ, жаушы, сәукеле, боғжама, сыңсу, босаға, беташар тәрізді бірсыпыра идиоэтникалық бірліктердің тілдік сараптамасы берілген. Мысалы, ұрын бару дәстүрі де, сөздің өзі де бұл күнде қолданылмайды. Күйеу жігіттің қалыңдығымен алғаш кездесуге баруын «ұрын бару», осыған орай ұйымдастырылған той-думан «ұрын той» деп аталады. Тойдың мақсаты – екі жастың оңаша кездесуіне, еркін сырласып, махаббат жайлы сыр шертуге мүмкіндік туғызу. Жаңа ортаға келгенде қызының басына түсетін іс-әрекеттерді, ұрын барғанда және қыз алуға келгенде, жігіттің де басынан кешіріп, келген құда-құдағилардың да жауапкершіліктерін арттыратын тәлім мен тәрбие деп түсінген жөн. Қайын жұртына келгенде бірінші болып, әдет пен тәртіптің түрлерін күйеу жігіттің басынан кешіруі, ертең қалыңдығы өз шаңырағына келгенде оған түсіністікпен көмек көрсетудің сабағы тәрізді. Бұл туралы профессор Е.Жанпейісов: «Ұрын бару // ұрын келу деген тіркестердегі ұрын сөзі түркологияда, негізінен, «ұрлану, ұрланып бару» мағынасымен байланыстырылатынын, бірақ ұрын сөзінің «ұрланып келу» мағынасы Б.Базылхан сөздігінде қарастырылмағанын, ал қырғыз тілінде баш урун тіркесіндегі урун сөзі «бас ию, қалыңдықтың ата-анасының алдында тағзым ету» (қалыңдық үйіне құда түсіп келгеннен кейін) мағынасын беретінін атап көрсетеді [ЮСЛ: 807]. Е.Жанпейісовтың пікірінше, осы урун бару мен баш урун тіркестеріндегі урун сөзі омонимдес, урум сөзінің мағынасы «ұрпақ» және «Абай жолы» эпопеясы негізінде «ұрын келу» (ұрын бару / ұрын кету / ұрын жіберу) ғұрпы күйеудің қыз аулына ұрланып емес, керісінше, жұрттың көзінше, салтанатты түрде келуін білдіреді [2, 86-87]. М.Рясянен, Г.Вамбери, В.Банг еңбектеріне сүйеніп, Э.В.Севортян уркачы «ұрғашы, әйел», урлуқ «ұрық, ұрпақ» уру «туыс, ру», урым-путақ «ұрпақ», урууғ «тайпа, ру, буын», урғуқ «күшік», uraγ «ұрық», uruk «өскін / ағаштың түбірі», оруқ вĕр / сал «күйеуге беру» дегендердегі ур ~ үр түбірі «тұқым, ұрық, туу, ұрпақ әкелу, тұқым беру, өнім, ұрпақ» дегенді білдіретінін айтады [ЭСТЯ: 603-606]. Академик Ә.Қайдар ур ~ үр ~ өр түбірінен тараған ұран, ұрағат, ұру, ұрпақ, ұрық, үрім, өрен сөздерінің жасалғанын көрсеткен [3, 294-296]. Біздіңше, урун сөзінің шығу төркіні «ру» мағынасын білдіретін урук ~ уру ~ ру деген сөз. Яғни ұрын бару деген тіркес «ру, туыс болу» деген мағынаны білдіреді деп жорамалдаймыз. н дегеннен шыққан деушілер де бар. Әуелгі сөзім беташар, Тауып айтсам жарасар. Жаңа келген жас келін, Үлкенді көріп аласар (Беташар). Беташар. Беташардың алдында және соңында жасалатын рәсімдерді ескерсек, оның төркіні сонау Тәңірлік сенімдермен сабақтасып жатқанын көреміз. Мұнда қыз бала өз ұясынан шығып, басқа шаңыраққа келіп қонып, өміріндегі бір дәурені өтіп, енді жаңа кезеңге аттағалы тұрған тұлға ретінде байқалады. Бет ашу функциясын алғаш атқарушылар ақындар. Көне таным бойынша, ақын рулар арасында дәнекер қызметін, киелерді жарастыру қызметін атқарған. Демек, олар жоғарғы дүние мен адамдар дүниесінің байланысшы көпірі. Бет жабу тірілерге тән жоралғы емес. Өлі адамның ғана беті жабылады. Бұл рәсім басқа халықтардың фольклорынан да берік орын алған. Сондай көне жұрттың бірі – Америка үндістері. Сонымен, келіннің бетін жабу жасанды өлімнің ишарасы. Қанша ғасыр беделінде елеп, екшеп, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолдану арқылы, осы ырымның түбінде тылсым негіз барына әбден сенгеннен кейін ғана оны тұтынған деп ойлауға болады [4, 9]. Көр шымылдық көтерші, көрсін әкем, Көзінің жасын көл қылып төксін әкем. Көзінің жасын көл етіп төге салып, «Міндетімнен құтылдым», - десін әкем, – дейтін сыңсудағы көр шымылдық осы жоралғының айғағы іспеттес. Қазақ жасанды өлім арқылы тазартылған келіннің қадамы құт әкеледі деп сенген. Салт бойынша, қыз өз әулетінде өліп, жаңа елінде басқа сапада қайта тірілуі тиіс. Өйткені әрбір ру – жеке космос, әлем. Демек, келін бір космос-дүниеде өліп, тазарып, келесі космос-дүниеде тірілуі керек. Міне, біз сөз етіп отырған бет ашу салты сол қайта тірілту процесін символдайтын рәсімдік көрініс. Беташардағы сәлем салу реті әруақтар дүниесі мен тірілерді келінмен таныстыру мақсатында айтылады. Есіктің алды ошаған, Ұстатпайды қашаған. Жат елге кетіп барамын, Жібермеші босағам» (Сыңсу). Сыңсу – ұзатылатын қыздың туып-өскен жерімен, ауыл-аймақ, ағайын-туыстарымен, ата-ана, апа-жеңгелерімен, қала берді құрбы-құрдастарымен арыздасып, қоштасып, танысуы. «Қазақтың сыңсуын башқұрлар – сеңләу, татарлар – чеңләу, кейде қыз жылату дейді. Сыңсу сөзінің түбірі сық – түркі тілдеріне ортақ көне түбір. Мысалы, Махмұт Қашқаридың сөздігінде ol anь sьxtatь // ol anь yьglattь – ол оны жылатты [МҚ ІІ: 232, 235], қазіргі хакас тілінде ылғахчы // сыхтахчы – жылаңқы, ылғаааны // сыхааны // сыыт – жылау, ылғапчатқан // сыхтапчатқан – жылаушы, алтай тілінде сыт // сыыт // сығыт // сықта – жылау, еңіреу т.б. [ҚТҚЭС: 179]. Көне түркі жазба ескерткіштерінде йығла, сығта сөздері «жылау, еңіреу» мағыналарына ие болған. Сықта сөзі қазіргі кезде ұйғыр, алтай, телеуіт, сағай, чулым, шор т.б. түркі тілдерінде жиі айтылып, мағынасы «жылау, еңіреу» қалпында сақталған. Сөйтіп сығ сөзі < сы < сың қалпына жетіп, оған етістік тудыратын –сы және тұйық етістіктің –у жұрнағы қосылып, сыңсу сөзі жасалған. Сыңсу мен жоқтаудың ұқсас сипаттары қазақтың отбасылық ғұрыптарының ерекшелігін, халықтың дүниетанымынан хабар береді. Халық шығармашылығында табалдырық – босаға – маңдайша – бүтіннің орнына жүретін есіктің бөлшектері. Оның ішінде көбірек қолданылатыны – босаға. Ғұрыптық дүниетанымнан фольклорға ауысқан бұл ұғым отбасылық ғұрып поэзиясында, әсіресе, қыздың қоштасуында тұрақты формулаға айналған. Босаға – екі дүниенің шегі, кез келген дүниенің кіріп-шығатын есігі, әр нәрсенің аузы деген ауыспалы ұғымға көшкен. Жалпы есік пен босаға сыртқы әлемнен қорғаныш, ішкі берекелік пен тыныштықты сақтаушы ретінде танылады. Жын-шайтаннан, ішкі әлемді сыртқы әлемнен, өзін өзгеден сақтар қорғауыш қызметін атқарар босағаға байланысты түрлі тыйымдар бар екені де белгілі. Босаға сөзі қазақ тілінде бірнеше мағынада қолданылады: 1) есіктің жақтауы; 2) үйдің төрге қарама-қарсы есік жағы; 3) ауыс мағынада үй, отбасы, табалдырық [ҚТТС ІІ: 381]. Қыздың «босаға аттау» рәсімінде үлкен дәстүрлік сыр жатады. Күйеу ұрын бару, жасау, қалың беру тағы басқа рәсімдерді бастан кешіреді. Қыз соның бәрінен сүрінбей өтіп, ақ босағаны аттайды. Ақ босағаны аттауды «киелі» деп көреді. Сондай-ақ, босаға майлау ырымы да бар. Жастар жеке отау құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда, жақын-жуықтары келіп, жаңа үй босағасына май жағады. Бұл осы үй «берекелі, майдай жұғымды болсын» деген ұғымды білдіреді. Сонымен, босаға атауының мифтік, символдық мағыналары – «ішкі кеңістік пен сыртқы кеңістікті», «ішкі шеңбер мен сыртқы шеңберді», «ішкі әлем мен сыртқы әлемді» бөліп жатқан шегара. Алтаистикада босаға сөзінің этимологиясы жайында қалыптасқан мынадай пікірлер бар. Г.Рамстедтің пікірінше, босаға атауының түбірі – бас. Яғни босаға мен басқыш атауларын байланыстыра отырып, моңғ: bas+u< basu «ренжіту, ұрысу, төмендету» және татарша basqic (баспалдақ) сөздерін салыстырады. Ал, Егоров босаға атауының моңғол тіліне қатысты екенін қолдайтын пікірлер ұсынады. Босаға сөзінің моңғол тіліндегі нұсқасы – босго. Киіз үйге қатысты лексиканы зерттеген Ока Ардақ түркологтардың босаға төңірегіндегі пікірлерін сараптай отырып, босаға сөзінің этимологиясы әлі анық емес деген пікір айтады. «Қазақтар түсінігінде босаға – есіктің екі жағындағы жақтауы. Моңғол тілінде босгох – тік тұрғызу дегенге нұсқайды. Сөз түбірі босо, осыған қазақ тіліне тән –ға жұрнағы қосылып, босаға сөзі пайда болған», - дейді Ә.Нұрмағамбетов [5, 23]. Егер маңдайша мен табалдырықты ұстап тұратын ағаштың көлбеп жатпай, тік қалпында тұруын ескерсек, бұл болжамның дұрыс екеніне көз жеткізуге болады. Жылда-жылда боғжама Бояушы едім, жар-жар-ау, Бір міндеттен құтылдым, Десін шешең, жар-жар-ау (жар-жар). Осы жар-жардағы боғжама сөзі «қыз жасауы салынатын тең» деген мағынаны білдіреді. Э.Севортян боғжама сөзін көне түркілік боғ сөзінен өрбітіп, оған -а және -мақ жүрнақтарының қосылуымен жасалған «байлау» мағыналы етістік екенін көрсетеді. Көне түркі ескерткіштерінде ба/бағ; бағла / байлау. В.В.Радлов бокша [Кir] мъшокъ, которого женщины кладуть себъ на съдло – дейді [РСл ІҮ: 1647]. Боғу – түйін, буын [РСл], қазақ, қарақалпақ, башқұрт, өзбек сияқты тілдерде бау, боғ «байлам, егінді, пішенді баулап байлау» дегенді білдіреді. Ал Л.З.Будагов сөздігінде: Боқша – сверток для платья (род шерстяного чемодана) деп сипатталады [БСл І: 455]. Парсыша-қазақша сөздікте жаме – киім [ПҚжҚПС, 220]. Академик Ә.Қайдаров бұл сөздің І компонентін монғол тіліндегі «қоржын» мағынасын білдіретін богц сөзімен байланыстырады, ал екінші компонентін парсы тілінің «киім-кешек» мағынасын білдіретін жама сөзімен байланыстырып, «қыз жасауы» деген мағынаны білдіреді» дейді [6, 117]. Сонымен бірге моңғол тілінде бог сөзімен түбірлес «Қалың мал, яғни күйеу жағынан қыз жағына беруге келіскен мал», «дүние» мағынасын білдіретін богт сөзі де кездеседі. М.Жүсіптің тілдік мұрасын зерттеген А.Тұрышев былай дейді: «Боқ+жайма екі сөздің қосындысынан жасалған сөз сияқты» [7, 94]. Деректер негізінде «түйін» мағынасын білдіретін боғу, «қоржын» мағынасындағы богц, «қалың мал» мағынасын білдіретін богт, «түйіншек, пакет» мағынасындағы боқша, «қыз жасауы» мағынасын білдіретін богажама сөздері – бәрі бог түбірінен пайда болған деп айтуға болады. Сонымен, үйлену, қыз ұзату ғұрыптарына байланысты өлеңдерде осы қарастырылғандар тәрізді идиоэтникалық бірліктер бірқыдыру. Олар диссертацияда толығырақ талданды. Этнографиялық, мифоғұрыптық деректер арқылы сакральды мазмұнды сөздердің астарлы мағыналары онда жан-жақты зерттелді. 1.2 Өлік жөнелту ғұрыптары лексикасы. Көне заманнан қалған көп кәде, ғұрыптың бірі – өлік жөнелту ғұрпы. Осы саладағы өлеңдерге мыналар жатады: арыздасу, жылау, жоқтау, естірту, көңіл айту. Аталған тараушада жоқтау, дауыс шығару, тұл, ат тұлдау, жесір, қырқын беру, ақ жуып, арулап қою, оң жаққа салу, аруақ т.б. лексемалардың этномәдени мазмұны сипатталған. Мысалы: Мінген бір атың кер ме екен, аяулым, Кекілден аққан тер ме екен, жайсаңым, Ащы бір даусым шығарсам, жан ботам, «Жан анам даусы» дер ме екен, жан ботам? (Дауыс шығару) Дауыс салу немесе дауыс шығару үш мезгіл айтылады, ол жылауға кіріспе сияқты. Ертеде ер адамдар үйге тақап қалғанда дауыс шығарып жүгіретін болған немесе атының басын қоя берген. Оны естіген үйде отырған әйелдер одан сайын дауыстарын көтере түседі. Кей жерлерде дауыс шығаруды үйге тақап қалғанда туыстары, сондай-ақ ер адамдар орындайды Л.Будагов сөздігінде ол екі түрлі мағынада кездеседі: «қырғызша дауус (тауш) «дауыс, әйелдің қайтыс болған адамға жылауы» [БСл І: 551]. Қарақалпақ тілінде де осы мағынада жұмсалады, тек шығар етістігімен қатар жұмсалады: а) «айғай шығару; б) «жоқтау, қайтыс болған адамға қатты дауыс шығарып жылау [КкРС: 161]. Дауыс сөзі түрік тілінде де осындай мағына береді: daüssila «отанды аңсу, сағыныш», daüssilaya tutulmak «сағыныш» [ТурРС: 210]. | |
Просмотров: 1156 | Загрузок: 394 | |
Всего комментариев: 0 | |