Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Мұхтар Шаханов поэзиясындағы рухани-адамгершілік құндылықтар
[ · Скачать удаленно (65.5Kb) ] 07.11.2012, 15:11
МҰХТАР ШАХАНОВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Ш.А. Өсерова, Н.Ә.Асанбекова
Жамбыл атындағы №5 орта мектеп, Тараз қ.

Қазақ халқы аса күрделі проблемаға маңдай тіреді. Өз ұлтымыздың ішінен орыс және батыс мәдениетімен жете сусындаса да, ана тілінде «екі ауыз сөйлем құрай алмайтын, құраса да күнделікті тіршілік ауқымындағы жүрдім-бардым әңгімеден алыс ұзай қоймайтын және онысын кемшілік деп есептей бермейтін үлкен топ – «Космополит қазақтар» тобы пайда болды». (9. 5 бет). Енді қалыптасқан жағдайға көзді ашып қарайтын мезгіл де жетті деп білеміз. Қайта олардың мемлекеттік тілге бұрылуына, рухани құндылықтарды мойындауына және игеруіне мүмкіндігінше ат салысып, еңбегі сіңген белгілі ақын, қоғам қайраткері М. Шаханов осы орайда бұл мәселеге байланысты «Космополит қазақтар» атты өлеңінде тереңінен ой қозғайды:
«Безбүйрек нарықтың бәсейтіп даңғырын,
Зарланған, қорланған туған тіл тағдырын
Космополит басшылар шешпей ме, шеше ме?
Тіліміз қала бере ме панасыз адамдай көшеде?
Ұлт үшін қазір бұл – Нөмірі бірінші мәселе» (9. 3бет).
М. Шаханов поэзиясы өз халқының тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, бүгінгі таңдағы аса ділгер, жан толқытар проблемаларға жаңа кілт таба білуімен қуантады.
Дарын танылды. Адал күш танылды. Ар-намыс танылды. Бұл ақынымыздың әрбір шығармасын оқығаннан кейін, азды-көпті ойланбай қала алмайсыз. Ой мен сезімге едәуір жүк түседі… Адамзаттың ата жауы адамның өзі екені қашаннан бері айтылып келе жатқан шындық. Мұхтар Шаханов шығармасының басты жетістігі осы мәңгілік проблемалар хақында ой жарыстыруында.
М. Шахановтың ақындығы мен ойшылдығы бір бөлек әңгіме болса, философтығы бір басқа дүние. Бізге керегі – М. Шаханов поэзиясының, яғни өлеңдерінің ой-ілімдері. Оның өзі де, ойы да әлемді шарлап кеткен. Сөйтіп барып ой түйген, содан барып, адамзат туралы толғанысқа түскен, әлемге жауар бұлттай түнеріп тұрған зұлымдықтан, апаттан құтқару үшін дабыл қаққан. Мұндай ерлік – Мұхтар Шаханов сияқты санаулылардың қолынан ғана келмек.
Біздің ойымызша, адамзаттың бүгінгі таңдағы рухани көркем ойының биігінен қарай отырып, М. Шаханов рухани-адамгершілік құндылықтар тұрғысынан сан қырлы, еліміздің таза ұлттық рухынан тыныс алған күрделі туынды – тұлпарларын әлемдік әдебиеттің үйіріне қосты. Поэзия есігін алғаш ашқанда, М. Шаханов әлі ешкім бастамаған жол іздеуге мақсат ұстанған болатын. Бұл күнде оның өз жолы бар. Оқырман қауым сол жолдың әлі де болса кеңи түсіп, ақынның алда талай татымды дүниелер беретініне сенімді.
Қоғам тіршілігін майданға теңесек, Мұхтар ең алдыңғы шепте, оқтың өтінде өлімге бас тіккен жанкешті жауынгер секілді. Бұл жолда
«Мықты болсаң, жарқыным, ізіңді сал елсізге,
Ізсіз жандар өнерде толып жатыр сенсізде» - деп, кейінірек жазған бір өлеңінде жолын қууға талап білдірген бір інісіне айтқандай, Мұхтардың талай талпынысы, еңбегі зая кетпеді». (16. 45 бет).
Мұхтар шығармаларының негізгі лейтмотиві – адамдықты, адалдықты, әділдікті, тазалықты, пәктікті паш ету; ездікті, зұлымдықты әшкерелеу. Тегінде, бұл – бүкіл ақ ниетті өнер атаулының мұраты болса керек. Бірақ, Мұхтар осы жайларды ешкімге ұқсамай, өз даусымен, өз дәлелімен өрнектеуге тырысады. Мысалы:
«Өмір жайлы сан толқыдым, толғандым,
Достар, достар менен үміт үзбеңдер
Мені кілең адал ойлы жандардың
Қатарынан іздеңдер», - (2. 210 бет)
дейді ақын. Оның өлеңдері бірде осылайша жан сезімін алдыңызға бар ақиқатымен жайып салған адамның сырындай қабылданса, енді бірде жігерлендіруші күш танытып отырады:
Өзің-ақ айтшы ғаламда мынау
Жеңудің бәрі жеңіс пе?
Жігітке арман жеткізіп пе еді
Өз сорын өзі жеңбесе.
Өмірдің барлық сәтсіздіктері
Бақытсыздық емес ендеше! (2. 93 бет)
Өмірде өз қабілетіңді дұрыс танып, қоғамның, халқыңның қажетіне жарау үшін арманды дұрыс таңдай білу керектігін уағыздай отырып, осындай қорытындыға келді.
Мұхтар Шаханов сонау поэзияға алғаш келген кезінен бастап ел тағдырын жырлаудан жалыққан жоқ «Сейхундария», «Күре тамырды іздеу», «Сенім патшалығы» секілді философиялық поэмаларында ақиқат пен жалған, сенім мен күдік, махаббат пен қызғаныш, адалдық пен арамдық, ізгілік пен қиянат, ерлік пен сатқындық секілді рухани өмір өлшемдерінен болмыс заңдарына бойлай отырып, бар жақсылықтың басы – туған анаға, туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталатынын дәлелдейді:
«Төсінде өзім қызық күндер кешірген,
Дархан далам кетпейді бір есімнен.
Қанша үңілсем, көрінбейді жас шегі,
Сенен шырқау таулар да көп еңселі.
Даңқы сенен биіктер бар.
Солардың барлығынан артық сүйем мен сені.
Ақ қарыңа арманымды түнеткен,
Өзіңсің ғой жүрегіме гүл еккен.
Сол жүрекпен қызды сүйсе несі айып,
Сені сүйем қызды сүйген жүрекпен.
Өміріңде бір адамды беріле
Сүймегендер – сүйе алмайды сені де!» (1. 295 бет)
(Туған жермен сырласу)
Мұхтар шығармаларының ерекшелігі, адамды селт еткізер тұсы - өлеңнің ішкі мазмұны, өлеңдегі ойдың тереңдігі мен көкейкестілігі. Табиғатында суреткерлік қасиеті басым болғандықтан ол ашынған жүрек, ақырған ашу, қанжылаған қайғыны мезгіл, мекенсіз өлеңнің өзегіне итере салмайды, соған әкелген жағдай мен заманды, тарих пен тағдырды баяндап, тұтас бір өмір келбетін жасайды. Айтар ой, айшықты сезім кейіпкер тағдырымен, ақынның өз тағдырымен тікелей астасып жатады. «Сенім патшалығы» поэмасын оқыған адам осының куәсі болар еді:
Бірдей төзіп ыстыққа да,
Салқынға
Жер астында жатпай ма алтын көзден таса қалпында?
Қашан қазып алғанша күтетін
Шындық кейде ұқсайды сол алтынға!
Сен ақынсың өніп шыққан ертеңге
Қандай өрсі ұсынасың ертеңге?
Қандай жеміс ұсынасың ертеңге?
Ойлан, ойлан…
Әділеттің қылышы
Енді сенің желкеңде,
Енді сенің желкеңде! (2. 294 бет)
Ол ой маржанын бүкіл әлемнен, ал поэзияның басуларын халықтық жырдан іздейді. Мұхтардың «Жеңілген жеңімпаз хандығы Отырар дастаны немесе Шыңғысханның қателігі» атты шағын поэмасындағы қираған қаланың тағдыры бүгінгі халық тағдырымен тікелей астасып, ұрпаққа ауыр да абыройлы жауапкершілік жүктелгендей болады. Сатқындықтың құрбаны болған Отырар ойран болды. Осы кезге дейін дауасы табылмаған сатқындық туралы, адам бойындағы ең жек көрінішті қасиетті ақын осылайша өз жырына арқау етті.

Қазір адамның ақыл-парасатымен бірге нәпсісі үстемдік құрған кезең. Нәпсі қуаты бүгінгі жылтырақ «бұқаралық мәдениетті» туғызады. Адамды өлтіру, қорлау, зорлау, азаптау, міне қазіргі күннің қызықтырар басты тақырыптары. Ал, қазір жер жүзі «соғыс алаңына» (ойындар, кинофильмдер арқылы) айналды. Мұның бәрі жас ұрпақ санасына мысқалдап сіңе бермек. «Нәпсі философиясынан Рух философиясын жоғары қою адамзат мүддесіне сай екенін Мұхтар Шаханов тамаша дәлелдеп шыққан және ол Рух болмысын қорғауды проблема етіп көтерген. Бұл биік гуманистік позиция автордың әлемдік деңгейдегі ой-санасының көрінісі». (14. 3 бет).
Жалпы байқап отырсақ нені жырласа да – достықты ма, махаббатты ма, табиғатты ма – тереңнен тартып, философиялық ойға құру, күтпеген тың байламдар жасау – Мұхтар творчествосына тән бір ерекшелік.
Мұхтар Шахановтың «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғысханның пенделік құпиясы) атты поэмасы екі жыл бұрын оқырман қолына тиген «Өркениеттің адасуы» атты кітабымен үндес, бір-бірін толықтырып тұрған, терең философиялық астары бар, мәңгілік өмір айналымының сыры мен жұмбағына үңілген, оқырманның алдына түйіні күрделі сауалдар тастап, терең ойға тартатын дүние екеніне көз жеткіздік.
Мәңгілік өмір айналымының қозғаушы күші не? Ақ пен қара... Оң заряд пен теріс заряд… Жарық пен қараңғы… Періште мен шайтан… Махаббат пен зұлымдық… Міне осылай жалғасып кете береді…
Мәңгілік өмір осылай жалғасып кете бермек пе? Егер қозғалыстың қозғаушы күші қарама-қарсы екі күш дейтін болсақ, онда зұлымдықтың да азаматтың дамуына қосқан өзіндік үлесі болғаны ғой, деген заңды сұрақ туындайды. Иә, белгілі бір дәрежеде солай екені рас. Екі күштің күресі қалай, қашан басталды десек түп тамырымызға үңілуге тура келеді.Құл сырттай ғана бағынышты болуы мүмкін. Ішкі байламы берік, рухы мықты болса ол адамдық қалпын жоғалтпайды. Ал ішкі «Менінен» айырылған адам рухсыздық дертіне шалдығады. Рухсыздық – барлық бақытсыздықтың бастауы. М. Шаханов адамзатты осы РУХСЫЗДЫҚ АПАТЫНАН сақтандырды…
Әуел баста Алланың рухынан жаратылған Адам өмір айналымына не үшін жіберілді. Әрине, эволюциялық жетілу жолынан өтіп, өсіп, өркендеп, пенделіктен періштелік биіктікке дейін көтеріліп, тазалап барып Ұлы Рухқа – Аллаға қайта қосылу үшін жіберілген деп түсіндіреді қазіргі заман ойшылдары. Адамзаттың эволюциялық даму жолына көз жіберетін болсақ, талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Мың өліп, мың тірілді.
Қазір біз компьютер, интернет дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Шегімізге жеттік, енді Жерді қойып, Ғаламның тағдырына да жауаптымыз біз! Біз енді Мейірім мен Махаббатты төрге шығаруымыз керек. Біз сонда ғана Ұлы Мейірімге, Ұлы Махаббатқа қосыла аламыз. Онсыз тұйыққа тірелеміз.
Жапон ғалымы Хироенори Итоның Мұхтар Шахановтың «Жазагер жады космоформуласы» романы туралы жазған: «Это произведение уникально тем, что в историческом плане освещает смертельную борьбу добра и зла, наталкивает нас на мысль о надвигающейся катастрофе бездуховности, способной уничтожить человечество или привести к такой безобразной форме существования, которая обусловит его саморазрушение и самоуничтожение» (12. 2 бет) деген пікірі көпке ой салады ғой деп топшылаймыз. Адамзат Рухсыздық апатының алдында тұр. Ақшаға құл болу, материалдық байлыққа бас ию адамды рухани азғындыққа бастайды. Бұлай жалғаса берсе, адам санамен емес қарынмен ойлайтын халге жетпек. Бізге енді «Менен асқан мықты жоқ!» деген озбыр күш иесі емес, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» дейтін жылы жүрек керек. М.Шаханов – осындай поэзиялық ақын. Ал өзінің «Өркениеттің адасуы» деген дастаны да шоқтығы биік туынды. Бұл поэма қазіргі әлемдік поэзиядағы жетістіктердің бірі ретінде ЮНЕСКО тарапынан жоғары бағаға ие болып, көптеген елдердің қызығушылығын туғызғаны мәлім.
Шаханов «Өркениеттің адасуында» маңызды мәселені көтерген, ол – адамзаттың қазіргі адасуы. Енді оның екінші проблемасы бой көрсетпек, ол – адасқан цивилизацияны жөнге салу. Міне, осы тұста жалған пайғамбарлар, әуесқой әулиелер, дүмше саясаткерлер көптеп өсіп-өніп кетсе, сөйтіп олар жығылған үстіне жұдырық дегендей, суға батар–батпас болып тұрған жанды мүлдем батырып жіберсе не болмақ? Шаханов сага поэмасын оқығанда осындай терең ойларға ақынмен бірге сүңги бересің, ол адамды ой тұңғиығына батыртып, санаға салмақ, ойға өріс береді.
Мұхтар Шаханов «Желтоқсан оқиғасына» орай азаматтық әрі парасаттылық көрсетті.
Өзі айтқандай:
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Ал, біреулер намысы жоқ, жігер, қауқар, қоры жоқ.
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп
Жоқ!!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған олар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылмаған тары боп. (13. 3 бет)
Мұхтар Шаханов жайлы қандай еңбек жазылса да, «желтоқсан оқиғасы» мен ақын Мұхтар есімі аталары хақ.Халық намысы жер етілген сол жылдары Мұхтар Шаханов болмағанда күні бүгінге дейін «желтоқсанға» қатысты мәселелердің кейбірі, бәлкім, әлі де жабулы қазан күйінде қалар ма еді?
«Желтоқсан» Мұхтардың азаматтығының, парасаттылығының, нағыз халық ақыны екендігінің айшықты мезеті болғаны аян.
М.Шаханов поэзиясы тоғанға жиналған судың бөгетін ашқанда арындап ағатындай көрінеді. Мұхтардың да көкірек сарайында көптен жиналып қордаланған ой-армандары арындап жыр жолдарына құйылғанын байқаймыз.
Ақын шығармасына ойлы сөз жазған Шыңғыс Айтматов «Қазақ поэзиясында бұрын-соңды мұндай қуатты дүниені кездестірген емеспін», - деп өте жоғары бағалапты. Шыңғыс айтса айтқандай, адамзат тарихынан сыр тартқан небір тағлым аларлық жәйттер, кесек-кесек қанатты тың ойлар, батыл тұжырымдар жан-дүниеңді баурап алып, асыл армандарға жетелейді. Тек өзің емес еліңнің, бүкіл адамзаттың болашағы үшін ақынмен бірге толғанасың.
Өзіңе де бір міндет жүктелгендей болады. Өмірден өз орныңды іздейсің. Қанша оқығанда сусының қанбайды. Қазақ поэзиясының әлемдік деңгейге көтерілгеніне мақтанғың келеді. Өлеңдерін айтпағанда алғашқы поэмасы «Танакөзбен»-ақ ол талайды тамсандырған. Бұған қарап талантты таланттың танитынына көзің жететін секілді. Мұхтар Шахановтың поэзиясының мықты бір ерекшелігі – бұрынғы дәуірлерден қалған үлгі, ғибрат әңгімелерді қазіргі заманның құбылыстарына байланыстыра айта алатындығында. Оның халыққа кең танылған поэмаларының, өлеңдерінің басқа ешбір ақынның жаратылысына ұқсамайтын тосын келбеті осы тарапта болатын. Қандай тақырыпта ой қозғамасын өлеңдерінің ішкі астарында адамға, достыққа, халыққа, Отанға деген құрмет сезімі сезіліп тұратын рухани-адамгершілік құндылықтарға толы екенін байқадық. Егемендігімізді алғанымызбен, қоғамдағы көптеген жастарымыздың ұлттық рух пен ұлттық болмысын жоғалтып бара жатқандығы бәрімізді толғандырады. Сол рухсыздық апатынан сақтануда Мұхтар Шахановтың адамгершілік құндылықтарға толы поэзиясы көмеккке келетініне сенімім мол.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. М.Шаханов «Эверестке шығу» - Алматы: Атамұра, 2003
2. М.Шаханов «Дәуір дастандары» - Алматы: Жазушы 1992
3. М.Шаханов «Танакөз» - Алматы: Рауан, 1996

4.«Ана тілі» журналы, №9, 2000ж.
5.«Ана тілі» журналы, 28 қазан 2004ж.
6.«Ақиқат» журналы, №2, 1999ж.
7.«Ақиқат» журналы, №3, 2004ж.
8.«Ұлағат» журналы, №1, 2000ж.
9.«Тіл мен дін» журналы, №2, 2005ж.
10.«Тіл мен дін» журналы, №4, 2006ж.
11.«Жас алаш» газеті, 2004ж. 20 мамыр
12.Жас алаш» газеті, 2004ж. 22 мамыр
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Мұхтар, рухани-адамгершілік, құндылықтар, поэзиясындағы, Шаханов
Просмотров: 2928 | Загрузок: 502 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 5.0/2
Всего комментариев: 21 2 »
avatar
0
1 дана • 18:10, 17.01.2013
поэзиясы оте кушты бирак маган жай адамгершілік касиеті туралы керек еди
1-1 2-2
ComForm">
avatar