Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті |
Мұқан Балтекейұлы
[ · Скачать удаленно (50.5Kb) ] | 21.11.2012, 17:21 |
СЫР БОЙЫНЫҢ АҚЫНЫ
Ш. У. Қасымова № 45 «Ақ Орда» мектеп-гимназия, Шиелі ауданы, Қызылорда облысы Сырдың елі – жырдың елі. Сыр өңірі қашаннан –ақ ақын, жыраулар мен шайырлардан, данышпан би-шешендерден қалған асыл мұраларды көздің қарашығындай сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Мен сол ақындардың ішінен Молда Мұқан Балтекейұлы шығармаларының ең құнды үлгілерін назарларыңызға ұсынбақпын. Молда Мұқан Балтекейұлы қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданының Телікөл деп аталатын жерін жайлап, қоныс еткен Найман тайпасының Шоштан аталығына жататын рудан, 1873жылы дүниеге келген. Қазіргі уақытта ол кісінің туған-туыстары осы ауданның Ленин атындағы Ұжымшардың "Алғабас" деп аталатын аулында тұрады. Ақын 1916 жылы Қырғызтан, Өзбекістан елдерінің жерлерінде Қазақ ауылдарын аралап жүрген кездерінде дүние салған. Мұқан он жасынан ауыл молдасынан оқып, Түркістан қаласында, Шорнақта оқып, білімін жалғастырған. Сондай - ақ өз бетінше оқып білім алуды дәстүрге айналдырғаны, оның білімге ынтық, құштарлығы, шығыс әдебиетін көп оқып сол үлгіде өлеңдер, толғаулар жазғаны ел арасындағы аңыз - әңгімелерде көп айтылады. Мұқан жастарды оқу, білім, өнер игеруге шақырып, олардың келешек жағдайларын ойластыру туралы көп пікірлер айтқан. Бір толғауында : Елеңдеп назар салмайсын Жан- жағындағы дүбірге, Қол ұрған жұрт озып тұр, Ғылым менен білімге. Қатардан кейін қалған соң, Не қажет тірі жүруге! - деп сөз қадірін жете білген, ақыл-парасаты мол, ақын екендігін танытады. Мұқан қазақтың ауыз әдебиетіне нұсқалы сөз, парасатты ақыл-ой қалдырған ақындардың бірі болып саналады. 1908 – 1915 жылдары жеті жылға созылған Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Нақып Қожалардың өлеңмен айтысқан үлкен айтысына, сол кездегі Ақмешіт - Перовск уезіне қарасты елдердің атақты ақын саңлақтарының аралық сөз өлең жазғандары тарихи деректерден белгілі . Аралық сөз айтқан жазушылар Пана елінен Кеңесбай, Жапбас елінен Апбаз, Керейт елінен Даңмұрын, Арғын елінен Мансұр ақын, Кете елінен Тұрмағанбет Ізтілеуов, Найман елінен Молда Мұқан Балтекейұлы сияқты ақындар болған. Молда Мұқанның аралық сөзінде: Құрметті, екі Жүсіп, бектеріме, Көңіл дос, ғайып ана тектеріме Әр сөздің алтынынан іреу ашқан, Зейінді сөз иесі зергеріме! Екеуіңіз екі жұрттың ұстынындай, Қадірлі халық иесі ерлеріме . Һәм тірілік абыройыңызға дұғадамын, Мұштақпын жүздеріңді көрмегіме. Аман ба, мал – жаныңыз, халық- еліңіз? Сатпаймын, көрмесем де, көргеніме . Жазушы - бір кәмина, қалыс ағаң, Сіз қанық болған жоқсыздар жөндеріме. Балтекей – атам есімі, атым Мұқан, Хабарым мақұл көрдім бермегіме . Болысы Телікөлдің қазағымын, Найман деп ат қойылған елдеріме. Екі ұстың асылғалы создым қолды, Өзімнің назар салмай кем жеріме! / 1. 280 бет / ****************************** деп зор мәнді тоқтау жазған Мұқан - ақындардың бел ортасында болған ақын. Есенғабыл, Есенбек, Жаралған соң анадан, Қыдыр дарып, бақ қонып, Туғаннан құдай қалаған. Басқаша болды жұмысың, Өзің теңдес баладан. Он жасында сөз тыңдап, Үлгі алдың жақсы данадан. Он бес жасқа келгенде, Қабырға халық сынаған . Дариядай тасып, тау бұзған, Асып кетті қанадан. Хандармен бағаң тең болды, Тусаң да баста қарадан . Ердің құны болса да, Бір сөзің менен тараған. Мал айдадың, май шайнап, Жайлау алдың саладан . Қандай еді, батыр – ай, Қатарындағы бар адам? Кедей, бай бірдей мас еді Шалқыған қайран заманнан. Батыр,сізге шамасыз Бақытты құдай бергені. Ол кездегі халықтың Кеңшілік болды көргені,- /2/ деп Молда Мұқан Қыр елінде батырлықтарымен, жақсы қасиеттерімен аттары шыққан Қырық деген кісінің ұлдары Есенбек пен Есенғабылға арнап шығарған толғауы тарихи дерек, мағлұматтар беретін шығармалар қатарында саналады. Ақынның шығармалары өз заманының озық ойлы, адамның өрісін жоғары көрсететін шығармалар. Ел аузында, жұрт қолында жүрген мұрасын азды - көпті жинақтап, қалың оқырман жұртшылыққа ұсынып отырмыз. Ақын заман жайы, халық болашағы туралы жырлағанда, ең алдымен өмірдегі сан қилы әділетсіздіктерді, ұрлық - қарлықты қолдаушы, парақор би - болыстарды аяусыз сынап әшкерелейді. Ол осы орайда : Ұйқы –тұйқы бір заман, Өткіздік ғұмыр ғапылдан Дүние болды бір түрлі, Адал мен арам аралас. Қосылып судай сапырған Неше көлдер су болып, Бітірген жұмыс бізде жоқ Шөп шықты көлсіз тақырдан. Партияменен шартылған. Жақсы деген адамның Аз ғана пұлға сатылған Биге пара таппасаң. Айрылдың пақыр ақыннан Байдан қайыр тоқталып, Қанағат кетті пақырдан Кім бай болса кетті ата ұлдан Қазағым, күнің қараң-ды. Адастың жұртым ақылдан! Адаспай енді қайтерсің Сорғалатып қаныңды Жеп жатыр тартып тақымнан! - деп қорытады. / 2 / Молда Мұқан белгілі айтыс ақыны да, ол Шымкент қаласында Нұралы ақынмен айтысады. Нұралы өзінің кәрілігіне қарамай найманның жас қызы Бөпежанға өлеңмен сөз салады. Бұған найман жағы намыстанып, ақыры екі ақын бетпе-бет жолығып айтысады. Нұралы кешегі ашаршылық, қиыншылық жылдары атамекенінен ауып келген қарсыласының еліне тіл тигізуге дейін барады, ең ақыры әдепсіздікпен Молда Мұқанға кезек бермей қояды, тіпті айтыс шартын бұзуға дейін барады. Мұны сезген халық Мұқанның Нұралыны жеңгенін жұртқа мәлім етеді. Мұқанның мұрасы осымен түгелденді деп айта алмаймын. Ел арасында маржандай шашылып жүрген жырлары баршылық. «Досыма», «Қалқама», «Ойланыңдар», «Халқыма», «Парасатсыздарға» тағы басқа көптеген жырлары халық аузында жүр. Досыма Азырақ сөйлейтін сөз тіл де болса Досың сол тарыққанда бірге болса Алтынның қара тастан бағасы артық, Қаншама жатып жерде кір де болса Кей адам баға тауып пұл ала алмас Қолына ұстағаны дүр де болса Әрқашан теріс те болса сенікі жөн Бақ дәулет қатарынан кімге қонса ! /2 / Қалқама Ал, қалқа, жаздым өлең құлағын сал, Айтсам сөз жанабыңа жадыңа ал Наданға айтылған сөз әсер қылмас Ит білмес ләззатты ішкенмен бал. Болмайды қасқырменен түлкі жолдас, Өз теңін әркім тапса күлкі болмас Көресіз бұл сөзімді әлде қандай Төлеген - Қыз Жібек те болмас мұндай! Жүрмеңіз шын сөзімді келеке етіп, Көремін бір өзіңді шыбын жандай! / 2 / Парасатсыздарға Жұртым- ау, қайтып күлеміз, Қайғы күні таянды. Халыққа қамқор ер кетіп Көтерді бастан саянды Ақ сұңқардың орнына Қарға қонып жай алды Парамен болыс болғандар Білмейді халықты аяуды Пысықсынған старшин Қазынадан касса шығарып, Сыртыңнан ұрлап мал алды. Өзі қылып пайданы Өзгеге берді залалды Парасыз назар салмайды, Берсең де сатып балаңды Болысың келіп сат дейді Бірді екілі қараңды Жек көресің тағы да Пұлың алып қолынан Өздерің қойған адамды Кімді қойсаң пұл алып Көрерсің сонан залалды. Айтқандай қазақ мен тауып, Қай ісің қалды ажарлы ? Азаматтар ендігі Не жазса құдай басыңа Көрерсің тағдыр әзалды! /2 / Таныстыру Шақыртып едім ұранды Үш жүздің ұлы қосса бас Қорғасындай балқыттым Қарсы келсе қара тас Жүйрігі едім халқымның Алдына қара жан салмас Сілтегенін кесетін Қылыш едім бір алмас Тағдыры жетсе алланың Пенде мойын бұра алмас Сақып қыран перілер Шыдас беріп тұра алмас Ағайын -туған бірігіп Басымыз енді құралмас Дидарланып кездесіп, Туысқан мені көре алмас, Олай-бұлай боп кетсем Дұғадан жоқта Мұқанды Ағайын-туған,бауырлас! / 2 / Ойланыңдар Түбіне ешбір сөздің зейіні жетпес, Тереңнен бойлап ақыл ойламаған Тау салқын, жаз қадірін білсін қайдан Ел болып көшіп-қонып жайламаған Мәнісін шаруашылықтың білсін қайдан Бай болып атасы мал айдамаған Қадірін наз бедеудің ол һәм білмес Белдеуге шауып жүріп байламаған. / 2 / Молда Мұқанның әдебиетімізге өзіндік үн қосқан, ірге қаласқан шығармаларын саралап отырып халық игілігіне жарату - кейінгі ұрпақтың міндеті.Сол міндетке мен де өз үлесімді осылайша қоссам деп армандаймын. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Сәбит Мұқанов, Мұқамеджан Қаратаев "Айтыс" 2-том Алматы . "Жазушы" баспасы. 2. Өз атам Қасымов Нұрмаханның қолжазбалары. Қолжазбалар Сейдалы Байжігітұлының өз аузынан жазып алынған. 3. Қ.Жұмалиев "Әдебиет теориясы" 4. Жергілікті баспасөз материалдары ( " Сыр бойы", "Өскен өңір" ) | |
Просмотров: 1060 | Загрузок: 396 | |
Всего комментариев: 0 | |