Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті |
[ Скачать с сервера (62.0 Kb) ] | 02.09.2014, 10:02 |
1916 жылғы тарихи оқиғаға Оралдағы-10, Сырдариядағы-13, Cемейдегi-17, Ақмоладағы-27, Торғайдағы-60, Жетiсудағы-102 болыстың ер азаматтары қатысты. Жетiсуда тұратын қазақ, қырғыз, дұнғандардың ұлт-азаттық көтерiлiсi қазақ даласындағы қозғалыстың ең көлемi маңызды орталығына айналды. Олардың iрi ошақтары Асылдағы — Қызылбөрiк, Үшқоңырдағы — Жайылмыс, Қастек-Самсыдағы — Ботбай, Тайторы болыстарында болды.
Көтерiлiстi қазақ демократиялық интеллигенциясының өкiлi Тоқаш Бокин ұйымдастырды, дайындады. Жер-жердегi топтарды Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Нүке Сатыбеков, Доқожа Қашағанов, Әли Нұрғожаев, Сатай Көбегенов, Жақабай Құдайбергенов, Байхан Қазыбеков, Сатай Қарашаев, Боранбай Жантөлеев, Әлиасқар Сырабаев, Серғазы Күшiков, Сейдахмет Ысқақаов, Иса Сексенбаев сияқты халық ұлдары басқарды.
Ал, солардын iшiнде Бекболат Әшекеев айрықша көзге түстi, дараланды, ерлiк көрсеттi. Себебi, ол алдына қойған мақсатынан қайтпады, халқына берген уәдесiнен таймады, танбады.
«Рас, мен соғысуға шықпақ болдым, Басыңды жер астына тықпақ болдым. Рас десең, рас сөз мен айтайын, Ақ патшаның тұқымын құртпақ болдым»
деп кiмге қарсы шыққанын ашық, анық айтты топ алдында, көп алдында. Сөйттi де өзiн-өзi өлiмге қиды. Жай емес, жарқын болашаққа сендi де, саналы түрде, сабырлы түрде мойнын дар тұзағына ұсынды...
Бекболат 1843 жылы Қаскелең тауында туды. Жастайынан мал бақты. Егiншiлiкпен шұғылданды. Ағаш шеберi атанды. Домбырамен күй шерттi, есейген кезiнде ел арасындағы дау-жанжалды шешуге қатынасты. Әлiнiң келгенiнше, әдiл төрешi болды. Осысы үшiн аз уақыт болыстықтың тәжiн де кидi.
7 шiлдеде Үшқоңырда Жайылмыс қазақтарының съезi болды. Отар приставы Гилевтiң 1 тамыз күнi жазған хабарында Қарағанды, 8 шiлде күнi Қарғалы, Бидайлы, Күртi, Ұзынағаш болыстарының мыңнан астам қазақтары Үлкен Саз жайлауына жиналады. Мал санағын жүргiзуге келген шенеунiк Ивановқа қарсы пiкiр айтады. «Не iстесе де, балаларымызды солдатқа бермеймiз!» деп жазба түрде қарсылық бiлдiредi. оған Әмiрге Төлеубаев бастаған 45 кiсi қол қояды. 10 шiлде күнi тағы да сол Үлкен Сазда 5 мың адам қатынасқан жиын өткiзiледi. Жиналғандар «Патшаға солдат бермеймiз, бәрiмiз бiрiгiп соғыс ашамыз!» деп хабарлайды көпшiлiкке.
...Сол екi арада Алматыдан шыққан жазалаушы отрядта асуға жетiп қалған. Отряд бастығы — қазақтың қас жауы, Верный уезiнiң подполковнигi Базилевский екен. Отряд контингентi Верный гарнизонының құр сұлбасын сақтап отырған Симбирск жаяу әскер полкының солдаттарынан табан астында iрiктелген жұмысшылар. Олар қаланың атты полициясымен өрт сөндiргiштер дивизиондарының мәстектерiне мiнгiзiлiп, кiшi Алматыдағы соғыс қоймасынан қылыш-сайман, оқ-дәрi алысымен-ақ осылай жөнелтiлген. Жолшыбай, Қаскелеңде отрядқа жол бастаушылыққа және тiлмаштыққа бiрқауым казак-орыстар қосылды.
Тамыздың 10 және 11 күндерi. Жазалау отряды анталап асуға шықты. Ел шетiне жетуi-ақ мұң екен әлекедей жаланып, жеңiл сайран сала бастады. Қару-жарақ асынған мұншама орысты жөндi көре алмай, жол жиегiнде көзiн көлегейлеп қарай түскен, мал қайырған жайдақ атты қарияны көзi шалған Базилевский: «Сен анау шпионды шауып таста!» деп бұйырды солдаттарының бiрiне. Атын омыраулата түскен жаяу әскер киiмiндегi ебедейсiз кавалерист ол қарияны ықай-шықайсыз шауып тастады. Қозы бағып жүрген бiр жасөспiрiмдi, Базилевский және бiр солдатқа винтовканы көздетiп атқызды. Базилевский өзiнiң бұл iсiн қылмысқа баламайды, қайта соғыс өнерiне машығы жоқ, мынадай шопырды жауынгерлiкке үйреттi деп бiледi.
Тамыздың он үшi күнi. Жаяулатып сап түзеген солдаттар бiрi жатып, бiрi тiзерлеп винтовкадан оқ жаудырды. Дара шығып, аш қойған сойылшылар арқан бойыдан артық бармай, оққа ұшып жатты. Ат үстiнен үнсiз сырғып түсiп жатқандар бар. «Қарағым-ай, батыр емес пе едiң!» дедi Қойшыбай ақсақал, ат үстiнен ауып бара жатқан атақты көкпаршы суан Оспанды жанамалап сүйей берiп. «Солай ма едi, Қойшеке?» деп еңсесiн бiр көтерген еңгезердей жiгiт: «Болмайды екен, Қойшеке», деп қайта құлап түстi.
Үлкен қантөгiс Герман майданының шебiнде емес, дәл осы ауылдың ортасында болды.
— Оқтан қозыкөщ шегiнiңдер, жылқы келдi! - дедi. Бекболат, аттары шоршып, шиыршық атқан сарбаздарға, арт жақты нұсқап. Жылқы дүбiрi Бұрған жақтан да, Шымбұлақтан да екi бүйiрден шықты, жер қайысқан үйiр жүйткiп кеп қалды. Сарбаздардың бiр сәтке үмiт оты жанды, отрядты қоршап алу да ойларында болған. Жылқы бетi жауға бұрылды. Қиқулаған қалың көпiрден сесi қайтқан жау қашуға бет алды.
Бiрақ дауылдай ескен қуғыншылрдан құтылмасын түсiнiп, белестегi қойтасқа бекiнiп, қайта оқ жаудырды. Дүркiн-дүркiн атылған оқ алапатынан үрiккен жылқы алай-түлей. Омақасқан асау қысырақтар ендi сарбаздардың өздерiне тосқауылға айналса, сарбаздардың өзi қас жауының оқ өтiне тосылды. Ат басын iрiкпей, жеке дара «төлеп» шапқан Көпесбай мен Мұсабай қарт бiрдей оққа ұшты. Осы қақтығыста 43 адам қаза тапты, алты адам майып болды.
— Беке, қайтемiз? Ту құлады! - дедi серiк қарттардың бiрi. Ұрыс өңiрiне жайлау-жайлаудағы құз-шоқылардан жазбай, көз тiккен ауыл сақшылары: «бiз жеңiлдiк» деп азан салуы-ақ мұң екен, артынып-тартынып дайын отырған ел Қырғызды бет алып, одан әрi Қытай асуға лап көтердi. Көшкен елдiң жұрты үрей туғызады.
Алайда жазалаушы отрядпен екi рет соғыста бекболатшылардың бiрнешеуi оққа ұшады, жараланады. Бекболат «ел басына түскен қорлыққа шыдамай» өзi келiп, Шамалғанда тұратын Төлегенов Балғабектiң үйiнде жауына берiледi.
Бекболатты қаралау жұмыстарын «ақ патшаның адал ұлдары» урядник Андрей Малышев, жерлестерi: Балғабек Төлегенов, Кенбай Ниязбеков, Сатылған Тiлемiсов, Қалымбет Қожамқолов, патшаның жансыздары: Сайлау Күнтубаев пен Ажабил Сүлейменовтер жүзеге асырады.
Сот мүшелерi Бекболаттан бiрнеше рет жауап алады. Бiрақ халықтың адал ұлы, ержүрек ардагерi: «Көтерiлiстi ұйымдастырған да, бастаған да жалғыз өзiм. Ешкiммен байланысым жоқ» деп өлiм тұзағын саналы қарсы алады. Көпшiлiктiң құрбаны болуға бекiнедi. 7 қыркүйек күнi соттың үкiмi жарияланады. Жетiсу аймағы 18 шiлдеден бастап, соғыс жағдайында екендiгiне қарамастан қол жинаған, Скатов пен Базилевичтiң отрядтарына қарулы қарсылық көрсеткен жетпiс үш жасар Бекболат Әшеккев дарға асылуға тиiстi болады. Бұл шешiмге Жетiсудiң генерал-губернаторы Г. Фольбаум қол қояды.
| |
Просмотров: 922 | Загрузок: 332 | |
Всего комментариев: 0 | |