Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті |
Хангелдіұлы Райымбек
[ · Скачать удаленно (26.0Kb) ] | 21.11.2012, 15:40 |
ХАНГЕЛДІҰЛЫ РАЙЫМБЕК
Хангелдіұлы Райымбек (1705-?) – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлжан руынан. Кейінгі деректерде «Хангелді Райымбек» деп аталғанымен, Хангелді Райымбектің әкесі емес, атасы. Әкесі - Хангелдінің кенже ұлы Түке. Бұл ретте ел аузында мынадай аңыз сақталған. Хангелді батыр өз кіндігінен тараған төрт ұлын сынамақ болып, күздің қара суығында балаларын киіз үйдің сыртына жатқызады. Содан соң өзі ерте тұрып, ұйықтап жатқан балаларын сынайды. Кеуде түгі қырауланып жатқан үлкенін «батыр болады екен» деп, бүркеніп жатқан ортаншысын «момын, шаруажай болады екен» деп, бір бетін ашып, бір бетін бүркеп жатқан келесі ұлын «ағайынға ақыл айтар болады екен» деп сынап, басын, кеудесін бүркеп, төменгі жағын ашып тастап жатқан кенжесі Түкеге келгенде «ұятын қымтап, әбиірін жаппаған бұл кімге абырой әперер дейсің» деп түңіліп, басын шаппақ болғанда, қасындағы бәйбішесі: « бұл баланы өлтірме, қайта жақсы жерден таңдап, қыз әпер, тұқымы асыл туады, ұрпағынан батыр шығады» деп тоқтатады. Анасының айтқаны ақиқатқа айналып, Түкеден аты бүкіл Албанға ұран болған атақты батыр Райымбек туады. Кейбір зерттеушілер кешегі Кеңестік дәуірде Райымбекті Ұлы жүз елін Россияға қосуға елеулі үлес қосқан атасының ісін жалғастырушы тікелей мұрагері етіп көрсету үшін сол кездегі құжаттардың бәріне «Райымбек Хангелдіұлы» деп толтырылған дегенді айтады. Райымбек заманында ұйымдастыру қабілеті жоғары, сарбаздарын жеңіске жігерлендіре білген қазақтың білікті қолбасшысының бірі болған. Жан беріп, жан алысқан жаугершілікті заманда аяқ астынан күтпеген қиындықтар пайда болып, қалың қол тығырыққа тіреліп, не істеу керектігін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбектің қиналмай жол тауып, әскерді аман алып шыққан талай ерліктері ел есінде сақталып қалған. Солардың бірі қамалып келіп қалған қалмақ қолынан ығысып барып, жауынгерлері буырқанып тасып жатқан Ілеге тіреліп, не істерін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбектің көзсіз ерлікке барып, әскерін өзеннен аман өткізуі. Райымбектің үнемі Ұлы жүз қолының атақты батырларымен тізе біріктіре отырып, атамекенді жаудан тазартудағы ерліктері – ұрпаққа үлгі боларлықтай. Ол талай рет шағын топпен жау шебіне баырп, тосыннан тиісіп, қарсы жақты ойран-топан етіп отырған. Оның ерекше көзге түсіп, ерен батырлығын танытқан «Ойрантөбе шайқасы» сондай шабуылдарының бірі ғана. «Ақтабан шұбырынды» кезінде жау қолын бөгеп, босқан елдің қырғынға ұшырамай, аман құтылып кетуіне мүмкіндік жасаудан басталған батырдың ерлік жолы Жетісу жері азат етіліп, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуған жеңіс жолына үзіліссіз келіп жалғасады. Ол осы кездердің бәрінде аттан түспей, қарулас серіктерімен бірге талай шайқастарды бастан өткізеді. Райымбек батыр жөнінде аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар көп. Солардың бәрінде Райымбекті «Әулие» деп атайды. Тасып жатқан дариядан әскерін аман өткізуі, сусыз жерден су шығаруы, болашақты болжаған көріпкелдік іс-әрекеттері оның ел есінде осы атағымен сақталуына мүмкіндік берген болса керек. Мүйізді Өтеген батыр бірде Райымбекке: « сен өлгенде шудың астында қаласың» деген екен. Сол сөз шындыққа шығып, батырдың мазары бұл күнде бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойындағы, қазіргі Алматының ең шулы көшесінің жиегінде тұр. | |
Просмотров: 1077 | Загрузок: 364 | |
Всего комментариев: 0 | |