Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті |
Көнеден жаңаға бет алған образ
[ · Скачать удаленно (55.5Kb) ] | 07.11.2012, 14:28 |
КӨНЕДЕН ЖАҢАҒА БЕТ АЛҒАН ОБРАЗ
Л. К. Омарқұлова Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ. Бүгінгі таңда әйелдің қоғамдағы орны, ой-таным шеңбері ұлғайып отырған шақта әйел тақырыбы қуатты арна ретінде осы ғасырдың аяғына таман жан-жақты танылып отыр. Қазақ әдебиеті тарихындағы әйелдер бейнесінің эволюциясы ерекше көрініс берген. Қазақ әдебиетінің қайнар көзі ауыз әдебиеті екенін ескерсек, "мінсіз ару”, "ғажайып әйел”, "адал жар” үлгісін жасау дәстүрі әсіресе әр алуан ғашықтық қиссалардан, эпостық жырлардан және аңыз-ертегілерден айқын көрінеді. Мәселен, "Ай астындағы Айбарша”, "Күн астындағы Күнекей”, "Айдай сұлу Айсұлу” ертегілерінде болмасын, "Жүсіп-Зылиқа”, "Мұхаббат-наме”, "Қозы Көрпеш- Баян сұлу”, "Қыз Жібек”, "Ер Тарғын”, "Қобыланды батыр”, "Алпамыс батыр” жырларында болмасын, сүйгеніне деген адалдық, үміт отын өшірмей, жарын ұзақ жылдар бойы күткен арулардың әсіресе сырт келбеті айрықша әсемдігімен ерекшеленеді. "Күн секілді күллі әлемнің шырағы, Нұрлы жүзің – жұмақтың бір гүл бағы. Оймақ ауыз ашылса – шекер шашылар, Соны көріп жайқалып – гүлдер ашылар”. Жалпы әйел баласын табиғат ерекше жаратады. Сұлулық пен көркемдікті тек әйелге ғана үйіп-төгіп береді. Қай халықта болмасын, сөздің төресі өлең, сазгерлік шығарма көбіне әйелге, сол бір ерекше жандарға арналады. Әйелдің сұлулығын жырлау барлық халықта бар. «Азамат тарихында небір адамдардың сол бір ерекше жаратылған жандарды сүймей, ғашық болмай және оларға сөздің ең жақсысын арнамай кеткендері жоқ. Сондай-ақ, Ш. Уәлиханов та осынау табиғат барлық сұлулықты үйіп-төгіп берген жандарға өзінің бай әрі өткір тілімен әсем сөздерді арнапты. Мысалы, прекрасный пол, разрушительницы городов, нежное существо, безыскусственные дети природы, разрушительница сердец, сердца похитительниха, ночная красавица, женщина красавица, похитительницы сердец, - деп әйелдерді суреттеуге керемет сөздерді пайдаланса, оған деген құмарлықты «весенняя мысль» деп жазады және суреттейді. Біздің бұл жерде айтпағымыз, Шоқан да басқа ұлы адамдар сияқты табиғат сұлулығының алдында басын иген. Сол бір ерекше жаратылған жандарды суреттеуде қазақ ғалымы талай жаңа қанатты сөздерді тапқан». [1.55б.] Әже жайлы өлең жазып, прозаға қосу, еңбегіне арқау ету – тек осы ХХ ғасырда қолға алынды. Өйткені мұндаға дейін әженің қоғамдағы орны ерекше болғанмен, оған көңіл бөлушілер аз болған. Бірінен соң бірі жалғасқан тарихи өзгерістер әдебиет өкілдерін тарихи әлеуметтік жағдайдан өзгеге бет қаратпады. Халық басындағы ауыр жағдай, отарлау процесі, жер мәселесі, әйел теңсіздігі, жаңа заман жаңалығы секілді мәселелер осы кезге дейінгі әдебиетшілердің тақырыбына айналды. Ал проза ХХ ғасырдан бастап кең қанат жайғаны баршаға мәлім. Осы заманан бастап ұлы адамдарға әжесінің әсері айқындала түсті. Әженің қоғамға әсері ашылды. М.Әуезовтың атақты «Абай жолы» романына соғыс жылдары Б.Момышұлы жоғары баға бере отырып былай деген екен: «Зере мен Ұлжан Абайдың емес, барлық халық анасы. Аналық (халыққа) сезімі мол, елдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген».[2.217б.] Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар тұлғалардың бірі – Шоқан деп тапсақ, оның рухын жетілдіруге бар ынтасын берген әжесі Айғаным жайлы мәліметтер баршылық. «Орта жүз жеріндегі саяси құбылыстар ХІХ 20-жылдары Уәлиханның жесірі Айғаным әженің (1783-1853) араласуымен біраз белең алып дамыды. 9 баланың анасы, 38 жасында жесір қалған Айғаным ананың ұлағатты ісін академик Ә. Марғұлан және басқа зерттеушілер көрнекті бейнеде көрсете білді». [1. 15-18б.] «Шоқанның әжесі, яки Айғаным үш жүзге бірдей аты тараған, көркіне ақылы сай, білімді, парасатты әйел болған.Әрі жас өспірім Шоқанның өз құралпырастарына қарағанда сана-сезімінің ерте оянып, рухани әлемінің асқақ болып қалыптасуына айтулы ықпал еткендердің бірі – Айғаным. Ә. Марғұлан Айғаным Шоқан үшін «... Халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» - деуі сондықтан: Яки, болашақ ғалымның сан-салалы ілім мен ғылымның қайталанбас қайраткері болып қалыптасуына жасынан бойына сіңірген жан-жақты тәлім-тәрбие мен туып-өскен ортасының да игі әсері тиген».[3. 14б.] «Айғаным өмірі мен саяси қызметі өткен дәуіріміздің тарихында ерекше аталады. Айғаным Орта жүз жерінде орыс халқымен, соның ішінде алдыңғы қатарлы орыс интеллигенциясымен қазақ халқы арасында достық қатынастың алғашқы негізін мықтап қалаушы тарихи тұлға. Бұлт игілікті істі оның балалары жалғастырады... Шоқанды, яғни болашақ ұлы ғалымды тәрбиелеуге ең алдымен әжесі мен оның әкесі Шыңғыстың қамқорлығы ерекше. Оның үстіне, Айғаным мен Шыңғыс шаңырағында ешқашан дастархан жиылмаған, ойын-той көп болып халық таңдаулылары жиі бас қосты. Ақын-жыраулар, билер, сөзуар шешендер, көсемсөз майталмандары, күміс көмей, жез таңдай әншілер, ғалымдар, алдыңғы қатарлы орыс интеллигенциясының көрнекті өкілдері жас Шоқанға ерекше әсер етті». [2. 15-18б.] Осы жерде айта кетерлік бір жай – С. Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романындағы сәйкессіздік. Романда Айғаным туралы сөз айтпастан Шоқанның бітім-болмысын береді. Еңбектегі мына үзінді тіптен миға сыйымсыз. «Сырымбетке неге баруын сұрауға өзінің батылы жетпеген Әбіле Қарамұрын арқылы сұратқанда: - Әжемнің басына!- депті Шоқан. - Әжесі – Айғаным ғой,- деген Әбіле інісіне, - көзін көрген адам емес, неге барады оған? Аят оқуға ма! Естуім, осы бала, ислам дінін жек көреді дейді».[4. 78б.] Шоқанның 1935-1965 жылдар арлығында өмір сүргені бәрімізге мәлім, әжесі 1953 жылы дүниеден өткен. Қалайша ол әжесінің көзін көрмеген... Айғаным туралы толық мағлұматты Ш. Уәлихановтың таңдамалы жинағынан ала аламыз.Онда былай делінген: «Ш.Уәлихановтың әжесі Айғаным (1783-1853) парасатты, терең ойлы әрі көреген, өзінің заманына қарай білімді болған әйел. Ол Шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне мейлінше ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің азиялық департаментімен және Петербургтегі Сібір комитетімен хат жазысып, байланысып отырған. Жергілікті халықтың арасында Айғаным өте беделді кісі болған. Архив мәліметтері Айғанымның қоғамдық-саяси мүдделерінің өте ауқымды болғанын көрсетеді. «Сібір қырғыздары жөніндегі Устав қабылданғаннан кейін Солтүстік Қазақстандағы маңызды оқиғалардың бірде-бірі Айғанымсыз өтпейді. Айғаным қазақ халқы мен орыс халқының арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту мақсатын көздейді. Солтүстік Қазақстанда геодезиялық зеттеу жұмыстарымен щұғылданып жүрген орыс ғалымдары мен инженерлеріне ол үлкен көмек көрсетіп отырады. «Уәлиханның орысқа бағынуын - деп жазған Н. П. Семенов Тяншанский, өзге туыстары, Уәлиханның бәйбішесінен туған балалары мен інілері мойындағысы келмегенде, тек Шоқанның әжесі, Уәлиханның жесірі Айғаным ғана өзінің балаларымен бірге Россияға айнымас адал досы болып қалды. Александр 1 Уәлиханның қырғыс сахарасында оған үй салдыруға әмір еткен. Ш. Уәлиханов сол үйде туған». Айғаным Сырымбеттегі ата мекенін де қайтыс болған. Ш. Уәлихановтың архивіндегі өз қолымен жазған естелігінде былай делінген: «1853 жылы 19 ноябрьде, бейсенбі күні, екінді намаз кезінде қырғыз-қайсақ орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі, Сарғалдақ қызы Айғаным 70 жасында дүние салды... Тоғыз ұл тапқан, оның екеуі жиырма жасында дүние салды... Айғаным орысша оқып, білім алудың маңызын терең түсінген. 1827 жылы ол өзінің баласы Шыңғысты Шоқанның әкесін Сібірдің линиялық казактарының әскери училищесіне оқуға түсіреді... Бала Шоқанның сана-сезімі ерте оянып, рухани өсіп, жетіле беруіне әжесі Айғаным үлкен әсер еткен. Тумысынан сезімтал, дарынды балаға әжесі халық даналығының сарқылмас білім бұлағы болған. Ол Шоқанға қазақтың ескі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп әңгімелеп, күні кеше өзі басы-қасында болған оқиғаларды еске алып отырған. Халықтың озық дәстүрлері мен салтын бойына сіңірген әжесінің жарқын бейнесін Шоқан өмірінің соңына дейін ұмытпай есіне сақтайды».[5. 8-9б.] Айғаным жайлы тағы бір дерекке сүйенсек, Абылайдың ұрпағы Уәлиханның төртінші тоқалы болған деседі. «Уәлихан әкесімен бірге Бурабайда тұрады, үш қатыны бар. Хандық жұмысымен Сырымбет ауылына жиі барады. Бір сапарында Сарғалдақ бидің немересі, Қожахметтің қызы, 15 жастағы Айғанымға көзі түседі. «Қызыңды төртінші тоқалдыққа бер»,- дейді. Айғаным орысша да, шағатайша да, парсыша да білетін, керемет шешен қыз екен. Уәлиханға: «Егерде менің шаңырағымды Бурабайға емес, Сырымбетке құрсаңыз, барайын», - дейді. Сырымбетте Уәлиханның қалып қойған себебі сол... Айғаным тоғыз бала тапқан, соның жетеуі тірі қалған. Үлкені – Шыңғыс, Шыңғыстан туған Шоқан. Танысқанда Уәлихан 54-те, ал Айғаным 15-тегі қыз. Уәлихан 83 жасында қайтыс болған. Күйеуі өлгенде Айғаным жас келіншек. Сол кезде Омбыға Бірінші Александр патша келеді. Омбының генерал- губернаторы Сотников Айғанымға хат жазып, қазақтың салтын көрсетуді сұрайды. Патша Сырымбетке арнайы келіп, жап-жас әдемі әйелді көреді. Уәлихан өлді, Ғұбайдолла хан болуға тиіс. Уәлиханның бірінші баласы – Ғұбайдолла. Сол жолы Ғұбайдолланы тұтқындап, Айғанымды хан сайлайды. Айғанымға жылына 400 рубль жалақы тағайындайды. Сол кезде қойдың бағасы 5-6 тиын, жылқы 70-80 тиын.Осылайша, Айғаным бір жарым жыл хан болып отырады.» [6] «Айғаным мекен –жайының жұрты қазіргі Көкшетау облысы, Володарский ауданы Сырымбет совхозына таяқ тастам жерде. Мекен-жай орнында тұрып қараған кісіге қос өрнекті Сырымбет Шоқысы асқақтап көрінеді. Мекен-жайдың салыну тарихы Шоқанның әжесі Айғанымның қоғамдық-саяси қайраткерлік істерімен тікелей байланысты. Ел жадында « Сперанский ережесі» деген атпен сақталып қалған 1822 жылғы « Сібір қазақтары жөніндегі ереже» күшіне енгеннен кейін, атасы Абылай мен күйеуі Үәли бастаған Россиямен тығыз қарым-қатынас саясатын дамыта, ұлғайта түскен ханша Айғаным солтүстік Қазақстандағы маңызды оқиғалардың бәріне бел шешіп, белсене араласып, іс-көзін білетін зеректік, алғырлығымен халық арасында үлкен беделге ие болған. Айғаным қазақ елінің Россияға өз еркімен қосылуының прогрестік мән-мағынасын дер кезінде жіті түсініп, патша өкіметі алдына жергілікті халықты оқу-білім, отырықшылыққа тарту және қазақтардың өзін-өзі басқаруы керектігін анық мәселе ретінде көтерген. Оның оқу-білім алуға аса маңыз бергендігі Сырымбетте қазақ мектебін ашып, өз ұлы Шыңғысты Сібір казактарының әскери училищесіне оқуға беруінен байқалса, алдыңғы қатарлы орыс мәдениетіне барынша ынталы болғандығы Батыс Сібір генерал губернаторы лейтинант Капцевичке отырықшылыққа ойысу мақсатымен Сырымбет төңірегінен жер беріліп, сол жерге өзіне арналған кең, зәулім үйі, моншасы, мектебі мен мешіті бар мұнтаздай қора-қопсылы, күнделікті тұрмысқа ыңғайлы әрі тартымды мекен-жай салдырып беруін сұранып, 1822 жылдың ноябрь айында өтініш білдіруінен көрінеді. Айғанымның нақты тілектер қойып жазған бұл өтінішінің толығымен жүзеге асқандығын П. П. Семенов-Тян-шанскийдің «Тянь-шаньға саяхат» атты мемуары 2- томының 54-бетіндегі: «АлександрІ Уәли ханның жесіріне үлкен ілтипат көрсетіп, қырғыз даласындағы 1-үйді салдырып беруге әмір еткен, әрі Шоқан Уәлиханов сонда туған» - деген жолдарынан аңғарылады... Шыңғыстың Сырымбеттегі мекен-жайында орақ ауыз, от тілді ақын-жыраулар таңды таңға ұрып, алтын саусақ, бал таңдай әнші-күшілер мәжіліс соңын өнер сайысына айналдырып, аңызшы-ертегішілер жиын-тобырды мәре-сәре етіп, апталап, айлап жатып өз өнерін ортаға салған. Мұның бәрі енді қалыптасып, қанаттанып келе жатқан жас ғұламаға игі әсерін тигізіп отырған. Алты жасында Күрлеуіт Қыпшақ Жаманқұлдан «Едіге» жырын тыңдаған Шоқан «Ер Қосай» мен «Ер Көкшені» Атығай Арыстанбай Тобылбайұлынан естіген. Қаракесек Жанақ Сағындықұлынан ел шежіресі мен ауыз әдебиетінің үлгілеріне құлағы қанық болған. Шоқан нұралық Шөже Қаржаубайұлынан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының ең ұзақ нұсқасын жазып алған. Көкесі Хақназардан күй атасы Қорқыттың ботадай боздаған сарынын сан рет тыңдаған. Күй сарынынан ажалмен арпалысты бажалайлап, өлімді өнермен, надандықты іліммен жеңуге болар деп түйсінген. Өз құралпыластарынан Ақанның мұңшыл да сыршыл, Біржанның шабытты да шалқар, Жаяудың ащы да асқақ әндерін тыңдаған».[3 26-25] Шоқанның анасы – Зейнептің әйгілі Мұса Шорманның қызы екені О.А. Сегізбаевтің «Мировозрение Чокана Валиханова» атты еңбегінде айтылған. «Мать Чокана – Зейнеп была дочерью видного казахского бия Баян-Аульского округа Чермана. Ее родной брат Мұса Черманов, дядя Чокана, который находится с ним в тесных связах, был образованным казахом». Көнеден жаңаға бет алған әжелер образы қазақ халқының салт-дәстүрімен, тәлім-тәрбиесімен тығыз байланысты. Болашақ ұрпақты тәрбиелеуде әженің маңызы зор. Бесікке салу, бесік жырын салу, шілдехана секілді салт-дәстүрге әже тікелей қатысты. ХVІ-ХVІІІ ғасырда батыр бабаларымызбен бірге батыр әжелеріміз өзінің жерін қорғаған. Сол заманның өзінде-ақ қоғамдағы әжелер орны айқындалғанын байқаймыз. Бірақ Тәуелсіздігіміз тәу еткен мына заманда ертеде аялы алақанымен бүкіл елінің болашағын бір бесікпен тербеген әжелеріміздің қоғамдық орнының болмай қалғандығы қынжылтады. Айғанымдай бүкіл елінің қамын ойлаған әжелеріміз бүгінде отбасылық жағдайдан алыстамай отыр. 70 жыл ерлер мен әйелдерді тең етеміз деген саясаттық бізге берген олжасы да осы шығар. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. С. Өтенияз. Шоқан. Алматы: Ғылым.1995. 2. М. Мырзахметұлы. Айналған аты аңызға Момышұлы. Тараз. 2000 3. С. Мұқтарұлы. Шоқан және өнер. Алматы: Өнер. 1985 4. С. Мұқанов. Таңдамалылар. 8-том. Алматы:1976. 5. Ш. Уәлиханов. Таңдамалы. Алматы: Жазушы. 1980. 6. Баян Сәрсембина. Абылай алаңы аукционға түсті. //Жас Алаш. №66. 17 тамыз. 2006. | |
Просмотров: 1144 | Загрузок: 389 | |
Всего комментариев: 0 | |