Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті |
[ Скачать с сервера (283.5 Kb) ] | 02.09.2014, 10:55 |
Кіріспе
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Сөйлеудегі «жанды тілдің» өзіне тән болмысы мен табиғатын зерттеудің өзектілігі мен қажеттілігі күн санап артып келеді. Себебі ол қолданыстағы, қоғамдық өмірдің барлық саласына белсене араласқан, қоғамдық қарым-қатынас барысында сұрыпталған, шыңдалған, қалыптасқан, сол қатынас нәтижесінде өмір сүруге бейімделген тіл болып табылады. Шынайы тіл тілдік қарым-қатынастың барлық түрлері арқылы жүзеге аса алатын, эмоциялық көңіл-күй сезімдер, ақиқат өмір туралы ақпарат бере алатын тіл болып табылады. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» [1, 10 б.]. Тілдің мұндай қызметтері туралы ақпараттың барлығы мәтін бойында жинақталған. Мәтін – сөйлеу барысында қалыптасып, сұрыпталған, тұрақталған айрықша типтік сигналдардың жиынтығы болып табылады. Оған айрықша форма мен композиция, құрылым тән болып келеді. Адамзат баласы мәтіннің өзіне тән болмыс-қасиетін зерттеуге сан ғасырлардан бері ұмтылып келе жатса да, оның бүгінгі күн талабынан зерттеуді қажет етіп жатқан тұстары әлі де көп. Бұл бағытта жаңадан қалыптаса бастаған қазақ мәтіні лингвистикасы жас болса да біраз тәжірибе жинақтады. Ол еңбектер қазақ тіл білімінде соңғы он жылдағы зерттеулерді қамтиды. Қазіргі ғылымның тоғысқан, жаңа салаларының пайда болып жатқан кезеңінде қазақ мәтіні лингвистикасы мәселелерін жан-жақты зерттеу аса қажет. Ол өз кезегінде психолингвистикалық, этнолингвистикалық, когнитивтік, прагматикалық, компаративтік, әлеуметтік лингвистикалық, тілдік-мәдени, мәтінді оқытуға қатысты зерттеулерге тірек болатыны анық. Мәтін лингвистикасында зерттеуді аса қажет ететін маңызды мәселелердің бірі – әңгімелеу мәтінінің тілдік және стилистикалық ерекшелігін таныту. Әңгімелеу – тұтасым, байласым және мағыналық аяқталғандық, ақпарат беру категорияларына ие композициялық-сөйлеу формаларының бірі. Шығарма мазмұнын құраушы бірлік ретінде әңгімелеу мәтіні өз бойына қатысымдық, логика-семантикалық, психолингвистикалық, құрылымдық-композициялық қасиет-сапаларды жинақтаған категория. Әңгімелеу мәтінінің өзіне тән табиғаты жалпы мәтін мәселелері аясында айтылып жүргенмен, арнайы зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Осы орайда зерттеу жұмысының қажеттілігі және өзектілігі көрінеді. Зерттеу тақырыбының өзектілігі, сонымен қатар, әңгімелеу мәтінінің көркем прозалық шығармалардағы қолданысын, стилистикасын зерттеуге бағытталуымен ерекшеленеді. Әңгімелеу мәтінінің сөйлеу композициясы тұтастығындағы қызметі мен жүзеге асу тетіктерін анықтауымен өзекті болып табылады. Аталған мәселелер қазақ мәтін теориясының толыға түсуіне үлес қосады. Зерттеудің мақсаты көркем мәтін мазмұнын құраушы мүшелердің бірі ретінде әңгімелеу мәтінінің құрылымдық-стилистикалық ерекшелігін анықтау болып табылады. Осыған байланысты зерттеу жұмысы өз алдына мынадай міндеттерді шешуді көздеді: - әңгімелеу мәтінін зерттеуге тірек болатын теориялық тұғырларды анықтау;
- әңгімелеу мәтінінің көркем шығармадағы ақпараттық-мазмұндық, композициялық және стилистикалық тұрғыдан ұйымдасу ерекшелігін анықтау; - әңгімелеу мәтінінің көркем шығармадағы мағыналық-тақырыптық түрлерін анықтап, олардың лексика-семантикалық сипатын айқындау; - әңгімелеу мәтінінің тілдік-құрылымдық ерекшелігін анықтау. Зерттеудің нысанына қазақ көркем прозасындағы әңгімелеу мәтіні және оның құрылымдық-стилистикалық ерекшелігі алынды. Зерттеудің әдістері. Жұмыста мәтін лингвистикасына арналған зерттеулердегі ой-пікірлерді түсіндіру, жинақтау, салыстыру, талдау, топтастыру, жүйелеу, сипаттау, эксперимент, модельдеу әдістері қолданылды. Зерттеу материалдары ретінде 3000-ға жуық монологтық сөйлеу түріндегі мәтіндері «таза» және өзге мәтінтүзуші мүшелермен «аралас» қолданылған түрде көркем шығармалардан алынды. Зерттеу жұмысының дереккөздері ретінде ХХ ғасыр қазақ көркем прозасының көрнекті өкілдерінің шығармалары алынды. Зерттеудің теориялық-әдістанымдық негізін мәтін лингвистикасы, мәтін стилистикасы мен прагмастилистикасы, психолингвистика, тіл білімінің жекелеген мәселелерін зерттеуші А.Байтұрсынұлы, В.В.Виноградов, В.В.Одинцов, И.Р.Гальперин, Г.Я.Солганик, О.А.Нечаева, И.О.Москальская, Г.А.Золотова, Л.С.Выготский, М.М.Мұқанов, М.Жинкин, А.Р.Лурия, Е.А.Реферовская, И.Я.Чернухина, М.П.Брандес, О.Н.Гришина, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, М.Балақаев, Ә.Т.Қайдар, Р.Сыздық, Т.Қордабаев, Е.Н.Жанпейісов, С.С.Құнанбаева, Б.Шалабай, Ж.А.Жақыпов, С.С.Мұстафина, З.Ш.Ерназарова, Г.М.Әзімжанова, Ж.Т.Қайшығұлова сынды қазақ және шетел тіл білімі ғалымдарының мәтін теориясына, мәтіннің психологиясына, сөйлеу әрекеті теориясына, көркем проза тілі, көркемдік даралық мәселелеріне қатысты айтқан ой-пікірлері құрайды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. - қазақ тіл білімінде арнайы зерттеу нысаны болмаған көркем әдебиет стиліндегі әңгімелеу мәтіні мәтін лингвистикасы тұрғысынан қарастырылды; - әңгімелеудің көркем шығарма мәтінін құраушы бірлік болып саналатыны әрі аяқталған мағыналық тұтастық екендігі дәлелденді; -әңгімелеу мәтіні ақпараттық-мазмұндық жағынан белгілі бір қатысымдық бағыт-бағдары бар, соған сәкес құрылымдық және композициялық ерекшелігі, өзге мәтін түрлеріне ұқсамайтын мәтін түрі екендігі ғылыми-теориялық тұрғыда негізделді; - әңгімелеу мәтінінің композициялық ерекшелігі және олардың қызметі анықталды; - әңгімелеу мәтінінің көркем шығармадағы қолданысы, көркем шығарманың стилистикалық композициясын, эстетикалық тұтастығын жасауға қатысы талданды; - әңгімелеу мәтінінің субъективтік және объективтік уақытқа қатысты тақырыптық-мағыналық түрлері анықталды. Зерттеудің теориялық мәні. Мәтіннің бір түрі әңгімелеуді зерттеу барысында алынған нәтижелер мен тұжырымдар көркем мәтіннің құрылымдық және стилистикалық ерекшелігін тануда, оның өзге мәтін түрлерінен (ойталқы, суреттеу) тілдік-стилистикалық айырмашылық-белгілерін айқындауда және жалпы мәтін лингвистикасы мәселелерінің толығуына үлес қосады. Сонымен бірге қазақ мәтінін оқытудың лингвистикалық-теориялық негіздерін анықтауға үлес қосады. Зерттеудің практикалық мәні. Жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде мәтін лингвистикасы, стилистика, тіл білімінің салаларын (фонетика, лексика, грамматика) оқытуда, көркем әдебиет стилистикасы, прагмастилистика, функционалды грамматика, тіл мәдениеті, көркем мәтінді лингвистикалық талдау бойынша оқылатын дәрістерде және арнайы курстарда қосымша құрал ретінде пайдалануға болады. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: - КСФ – әңгімелеу мәтіні – оқиғаны, іс-әрекетті ретімен, мезгілін, мекенін көрсете мазмұндауға құрылатын мәтіннің түрі; - әңгімелеу мәтіні құрамындағы сөйлем-айтылымдар негізінен тізбектік, сонымен қатар, параллельдік синтаксистік байланысқа құрылып, Бастауыш→Бастауыштық, Баяндауыш→Бастауыштық, Бастауыш→ Толықтауыштық, Бастауыш→Анықтауыштық синтаксистік байланысу тәсілдері негізінде жасалады; - әңгімелеу мәтінінің композициялық құрылымы өзіне тән грамматикалық құрылымдармен ерекшеленетін аңдату, мазмұндау, қорыту бөліктерінен тұрып, аңдату бөлігінің қимыл мәнді, мезгіл мәнді, мекен мәнді мағыналық түрлері ажыратылады; әңгімелеу мәтінінің аңдату бөлігі мен мазмұндау бөлігінің арасында қарама-қарсылық, анықтап-нақтылау, салыстыру, шарттылық, себеп-салдарлық логика-семантикалық қатынас түрлері болады; - әңгімелеу мәтінінің оқиғаның дамуының объективтік, субъективтік уақытқа қатыстылығына қарай жақтық мәнді, оқиғалы мәнді мағыналық түрлері болады; - әңгімелеу мәтіні мәтінтүзуші бірлік ретінде көркем шығарманың эмоционалды-экспрессивтік, стилистикалық композициясын жасауға қатысып, стилистикалық қызмет атқарады; - әңгімелеу мәтіндерінің лексика-грамматикалық құрылымдарының өзгешелігіне, композициялық ұйымдасу ерекшелігіне қарай әр көркем шығарманың стилистикалық сипаты анықталады.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен нәтижелері 2 халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда, 2 республикалық ғылыми-практикалық конференцияда баяндалды. Диссертациялық жұмыстың мазмұны бойынша республикалық басылымдарда 3 ғылыми мақала жарияланды. Барлығы ғылыми жұмыс бойынша 7 материал баспадан шықты. Диссертация Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасында және біріктірілген лингвистикалық семинар мәжілісінде талқыланды. Жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен көркем шығарма тізімі берілді.
Негізгі бөлім Диссертацияның кіріспесінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, зерттеу нысаны, зерттеудің мақсаты мен міндеттері, жұмыстың ғылыми және практикалық жаңалықтары, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар туралы мәлімет берілді. Диссертацияның бірінші тарауы «Әңгімелеу мәтінін зерттеудің теориялық мәселелері» деп аталып, мәтін лингвистикасындағы мәтін теориясына қатысты негізгі теориялық тұжырымдар мен көзқарастар, мәтінді зерттеудің психолингвистикалық мәні, мәтіннің сөйлеу бірлігі ретіндегі ақпараттық мазмұн ерекшелігі, әңгімелеу мәтінінің ақпараттық-мазмұндық сипаты, композициялық сөйлеу бірліктері, әңгімелеу мәтінінің олармен арақатынасы жан-жақты сөз болды. Қазақ тіл білімінде бұрын арнайы зерттелмеген әңгімелеу мәтінінің ақпараттық, әлеуметтік, психологиялық жүк арқалап, белгілі бір тілдік өрнекке ие болатын сөйлеу бірлігі екендігі мәтін теориясына сүйене отырып, нақты мысалдармен талданды. 1.1 «Мәтінді зерттеудің жалпы теориялық мәселелері» деп аталатын қысқаша шолу бөлімі мәтіннің қазіргі зерттелу жай-күйі және әңгімелеу мәтінін талдаудың теориялық негіздерін айқындауға арналды. Мәтін лингвистикасы мәселелері қазақ тілі білімінде соңғы жылдары кеңінен қарастырыла бастады. А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Р.Сыздық, Х.Нұрмұқанов, Е.Жанпейісов, М.Серғалиев, Х.Кәрімов, Б.Шалабай, Н.Уәлиев, С.Құнанбаева, З.Ерназарова, С.Мұстафина, Г.Әзімжанова, Ж.Қайшығұлова, А.Әділова, Г.Смағұлова, М.Ахметова т.б. ғалымдардың зерттеулерінде сөз болып, көркем әдебиеттің тілдік фактілері сараланды. Қазіргі қазақ тіл білімінде көркем мәтіннің танымдық қырлары Қ.Ә. Жаманбаева, Г. Қосымова, Ш.М. Елемесова, Ж.Б. Саткенова, Ә.Ж. Айтпаева т.б. ғалымдардың еңбектерінде кең түрде зерттеле бастады. Тіл зерттеушілерінің мәтін мәселесіне деген бетбұрысы олардың жалпы тілдік сана мәселесіне деген ықыласын аңдатады. Қазіргі таңда мәтін лингвистикасына қатысты қалыптасқан зерттеулердің мынадай бағыт-бағдарларын көрсетуге болады: негізгі қасиеттері тұтастық пен тығыз байланыстылық болып табылатын, ең жоғары жүйе ретіндегі мәтіндік зерттеулер; мәтін типологиясын коммуникативтік көрсеткіштері және соларға қатысты лингвистикалық белгі-қасиеттерімен бірге қарастыру; мәтінді құрайтын бірліктерді, ерекше мәтіндік категорияларды анықтау; мәтін әсерінен болатын тілдік бірліктердің сапалық дәрежелерінің жүзеге асырылуының әртүрлі деңгейлерін айқындау; фразааралық байланыстар мен қарым-қатынастарды зерттеу. Мәтін лингвистикасы мәтіннің түрлі аспектілеріне кешенді талдау жүргізеді. З.Я.Тураева оның қазірде белгілі болған онтологиялық, гносеологиялық аспект, жеке лингвистикалық, психологиялық, прагматикалық аспектілерін көрсетеді [2, 8 б.]. Көркем мәтінді зерттеудің алғышарттарына, ұстанымдарына мыналар жатады: көркем шығарманың мазмұн мен формасын (тілін) бірлікте алып зерттеу; көркем шығарма тілінің басқа компоненттерімен байланыс, қарым-қатынасын ескеру; бейнеленетін мазмұнға автор қатынасын ескеру; шығарманың жанрлық ерекшеліктерін ескеру; ғылыми дамудың жаңа бағыт-бағдарларына сүйену т.б. Мәтінтанушы ғалымдардың зерттеулерінде мәтінге тән белгілерге тұтастық және байланыстылық (И.Р.Гальперин); аяқталғандық (Г.В.Колшанский, Н.А. Купина, И.Р.Гальперин); бөлшектену (Т.В.Трошина); прагматикалылық (И.Р.Гальперин) жатқызылады. Көркем прозалық шығармалардағы әңгімелеу мәтінінің өзіндік сипаты поэтикалық мәтіндермен салыстырғанда ашыла түседі. Бұл орайда А.Н. Веселовский, А.А.Потебня, Б.В. Томашевский, Ю.М. Лотманның пайымдаулары өте маңызды. Поэзия мен проза эстетикалық қызметті атқару ерекшеліктеріне қарай ажыратылады және осы тұста өзіндік ұқсастықтары да жоқ емес. Көркем прозалық шығармалардағы әңгімелеу мәтіні категориялық белгілерге ие болып келеді. Мәтіннің мұндай категориялық белгілеріне Н.С.Болотнова коммуникативтілік, концептуалдылық, прагматикалылық, ақпараттылық, құрылымдық, интегративтілік, регулятивтілік, мағыналық аяқталғандық, бөлшектік, тұтастық, мүшелену, когезия, модальдылық, экспрессивтілік, эмотивтілік, проспективтілік, ретроспективтілікті жатқызады [3, 31 б.]. Л.Г.Бабенко «мәтіннің универсалды категорияларының негізіне тұтастық (мазмұн межесі) және байланыстылық (тұрпат межесі) алынады, олар бірін-бірі толықтырады, иерархиялық қатынаста болады», –дей келіп [4, 56 б.], мынадай категориялардың маңыздылығын атап көрсетеді: тұтастық, ол мәтін мағынасының концептуалдылығымен байланысты болады; байланыстылық, ол ақпараттық, интегративтілік, аяқталғандық, хронотопа т.б. категориялар арқылы қамтамасыз етіледі; аяқталғандық (контекстік-мағыналық); көркем мәтіннің антропоцентристік сипаты, диалогтық сипаты; көркем мәтіннің ішкі және сыртқы формаларының бірлігі; мазмұн толықтығы және бірізділігі (немесе логикалылығы), күрделілігі (эстетикалық қасиетіне қарай прагматикалылығы, концептуалды болуы, бейнелілігі); түсіндірілуі [4, 57 б.]. А.Байтұрсынұлы көркем мәтіннің өзіне тән ерекшеліктерін басты назарға ала отырып, «ақын тілі» мен «әншейін тілдің» айырмашылығын, сөздің ажарлы, келісті де қисынды болуының талғамдық шарттарын ұсынды. Ол тілді зерттеудің функционалдық, қатысымдық қырын басшылыққа ала отырып, көркем мәтінді өзге мәтіндерден ажыратудың басты белгісі ретінде эстетикалық критерийді алады. Ғалымның әуезе түрлерін анықтауда мазмұндық-құрылымдық емес, жанрлық ұстанымды басшылыққа алатыны байқалады. Ол осы ұстанымға сүйене отырып, әуезенің шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме деген түрлерін көрсетеді [1, 208 б.]. Әңгімелеу өзге мәтін түрлері сияқты мынадай бірліктерден тұрады: сөйленім (сөйлем деңгейіндегі) – фразалар тұтастығы немесе күрделі синтаксистік бірлік – үзінді-блоктар. Ғылыми зерттеулерде мәтін бірліктері шығарманың өсіңкілік қасиетіне сүйене отырып, бірнеше деңгейлерге бөлініп көрсетіледі: Сөйлем – КСТ – Үзінді – Тарау – Бөлім – Шығарма (аяқталған тұтас шығарма) [5]. Қазақ тілінің мәтін құраушы құралдарын зерттеген С.С.Мұстафинаның ойынша, фразадан жоғары тұтастыққа – әрі синтагматикалық, әрі функционалды ұғым, оған байланыстылық, тұтастық тән. Оның құрылымдық тұтастығы анафоралық қайталаулардан және есімдіктерден, етістіктердің шақтық тұлғаларынан, жалғаулықтардан т.б. көрінеді. Ал байланыстылығы мазмұнның мағыналық бір тұйық тұтастыққа бірігуінен көрінетінін айтады [6, 24 б.]. С.С.Құнанбаева қазақ көркем мәтініне тән темпоралдық қатынастар туралы зерттеуінде әңгімелеу мәтінінде кездесетін темпоралдық жағдайлардың негізгі 6 типін және 10 түрін көрсетеді. З.Ш.Ерназарова, Г.Әзімжанова мәтіннің, мәтін құраушы бірліктердің прагматикалық ерекшеліктерін басшылыққа алу қажеттілігін негіздеп берді. Әңгімелеу мәтінінің табиғатын жан-жақты тану үшін де ең алдымен, оның тілдік-құрылымдық және стилистикалық табиғатын анықтау қажет, ол келешекте үлкен, кең көлемді зерттеулерге тірек болатыны анық [7, 43 б.]. 1.2 «Мәтінді зерттеудің психолингвистикалық мәні» атты бөлімшесі әңгімелеу мәтінін зерттеуде басшылыққа алынатын психолингвистикалық мәселелерді айқындауды, мәтіннің антропоцентристік мән-маңызын психолингвистикалық қыры тұрғысынан анықтауды міндет етіп қойды. | |
Просмотров: 1366 | Загрузок: 388 | |
Всего комментариев: 0 | |