Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті |
[ Скачать с сервера (320.0 Kb) ] | 02.09.2014, 09:48 |
Кіріспе орнына
Қымбатты достым, қалай ойлайсыз, қазіргі қазақ әдебиеті мен поэзиясында жалпақ жұрттың жаңадан тіл ашқан бүлдіршінінен бастап, аз-көп жасаған ғұмырында әлденеше қыр асқан қариясына дейін жаппай оқитын да танитын қаламгер бар ма? Бар! Ол - қазақтың көрнекті ақыны, балалардың сүйікті жыршысы, Қазақстанның халық жазушысы - Мұзафар Әлімбай! Бүгін қазақ әдебиетінде де, балдырған бағында да үлкен той, мереке. Алғашқы қадамын Павлодар облыстық “Қызыл ту” газетінде жарық көруден басталған өлеңдері қазір том-том болып халқымыздың рухани қазынасына айналған, бүгінде қазақ поэзиясының құнарлы топырағына қаққан қазығы нық, нығыз, асқар биік шығармашылық тұлға - Мұзафар Әлімбай сексен жасқа толып отыр. Ақынның “Естай-Хорлан”, “Менің Қазақстаным”, “Ту тіккен” секілді эпикалық туындылары жыр сүйер жұрттың жүрегіне жол тауып, таңдаулы шығармалар қатарынан орын алды. Ондаған жылдар бойы ауыздан түспей шырқалып келе жатқан “Ақмаңдайлым”, “Өзің де жігіт, қызықсың”, “Маралдым”, балаларға арналған “Мұғалім ол біздің”, “Көшпелі фонтан”, “Бесік жыры”, “Қартаймайсың, жан ана” қатарлы көптеген ән-өлеңдері халықтың сүйікті туындысы болып кетті. Қаламгердің естеліктері мен эсселері, мақал-мәтелдері мен көңіл күнделіктері де оқырмандар көңілінен шыққан тартымды дүниелер. Халықтың ауыз әдебиеті - қанатты сөздер, мақал-мәтелдерді зерттеп, жинастырған “Маржан сөз”, “Мақал-мәтелдер” секілді кітаптары халықтың күнделікті қажетсінер дүниесіне айналды. Сондай-ақ ол айтулы публицист, майталман аудармашы, әдебиет зерттеуші. Ақынның бұл қырларының қай-қайсы да-қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, мәуелі бұтақтар. Үздіксіз, әрі дәмді, мол жемістер беріп келе жатқан бұтақтар. Шындығын айтсақ, бізге үлкендер ақыны, аудармашы, сыншы, очеркші, ән-өлеңші, ұстаз, редактор М.Әлімбайдың қай-қайсысы да қымбат. Алайда, әсіресе соңғы ширек ғасыр көлемінде, қаламгер есімі аталса болды, алдымен балалар ақыны М.Әлімбайдың ойға оралары анық. Әлемдегі қай елде болмасын балалар әдебиетіне, балалар ақын-жазушыларына деген көзқарас пен құрмет ерекше. Неге десең, балаларға арнап қызықты шығармалар жазу екінің бірінің еншісіне тие бермейді. “Бесік жырынан” басталатын балғындар өлеңінің әйтеуір бір құдіреті бар. Соған қарағанда, ән-өлең бала бойына ана сүтімен бірге таралатын болу керек. Әйтпесе, бөбекті өлеңмен қалай ұйықтатып, өлеңмен қалай оята алады? Дүниеден хабары жоқ, бесікте жатқан сәбиді өз ырқына көндіріп, өз дегенін істететін - өлеңнен артық керемет бола ма? Бөбектерге арнап өлең жазудың қиындығы да осында болса керек. Өйткені, ол барлық жырдың нәрі, барлық жырдың басы ғой… М.Әлімбай - қазіргі балалар әдебиетінің ата буынына қосылған көрнекті қайраткері,тәлімгері. Ақынға 1984 жылы “Аспандағы әпке” атты балаларға арналған жыр кітабы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл сыйлықтың бөбектердің сүйікті ақыны - Мұзафарға берілуі әбден орынды. М.Әлімбай балалар әдебиетінің қалыптасып дамуына өзінің әр жастағы баланың ой - өрісіне сай лайықталған азаматтығы асқақ, мұраты асыл, тілі шұрайлы, қызық оқиғалы, күлдіргі әрі тапқырлығы жағынан әр алуан ойлы туындылары бала психологиясының нәзік сырына жетік білгірлігін танытады. Оның шығармалары мектеп оқулықтарынан тұрақты орын алған. Өлеңдерін оқып тілі шыққан бүлдіршіндеріміз қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттерін, қазақ сөздерінің ғажайып нәрін Мұзафар ағамыздан үйреніп келеді. Осыған орай, Сапарғали Бегалин атындағы Республикалық балалар кітапханасы Мұзафар атаның ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілей отыра осы келе жатқан 80 жастық торқалы тойы қарсаңына арнап жазылған “Балалардың сүйікті жыршысы” атты әдістемелік құралды назарларыңызға ұсынады. Балалар оқуының жетекшілері мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқырмандары арасында “Балдәурен шіркін балалық” атты кітап көрмесін ұйымдастырып, ақынның шығармашылығына арнап ойын – сабағын өткізіп, поэзия әлеміне саяхаттар жасауына болады. Сонымен қатар, “Ақсерек те көксерек”, “Аспандағы әпке”,”Қоянның құлағы неге ұзын?” және тағы басқа кітаптары бойынша дауыстап оқу, ойын, сауалнамалар өткізулері керек. 4-5 сынып оқырмандары арасында “Мұзафар Әлімбай-балаларға” деген тақырыпта кітап көрмесін ұйымдастырып, оның өмірі мен шығармашылығы туралы әңгіме өткізіп, ақынның кітаптарындағы өлеңдері бойынша сурет байқауын жариялауға, “Ойлы жыр, орамды тіл” деген тақырыпта мәнерлеп оқу сайысын, “Аңыз бенен ертегі еліктіре ертеді” атты әдеби ойын өткізуге болады. Ақын өмірі мен шығармашылығына байланысты ұйымдастырылған көрмеге міндетті түрде шолу жасау керек. бойынша көрме ұйымдастырғанда, міндетті түрде кітаптарға шолу өткізу қажет. Ақынның жинақтарындағы ән-ойындарды, жұмбақтарды, аңыз-ертегілерді пайдаланып, кіші-гірім ойын өткізу арқылы балаларды кітап оқуға қызықтыруға болады. Көрме жанына “Маған ұнаған шығарма” деп жазылған дәптер іліп қоюға болады. Оқырмандар ақын шығармашылығынан алған әсерін осы дәптерге жазып отырады. Көрмедегі кітаптар бойынша кітапханада “Мәнерлеп оқу” байқауы жарияланады. Байқаудың соңында белсенді қатысқан оқырмандарды атап өткен жөн. Жоғары сынып оқырмандары арасында “Мұзафар Әлімбай - 80 жаста атты кітап көрмесін ұйымдастырып, оған библиографиялық шолу өткізуге және “Поэзия патшалығында” деген тақырыпта поэзия кешін ұйымдастыруға болады. Әдістемелік құралда берілген өлең, ән, жұмбақ-жаңылтпаш, ертегі-аңыз, нақыл сөздердің барлығы ақын шығармашылығынан алынған. Сонымен, іске сәт әріптес! Кәрі де, жас та, бала да жырына құмар Мұзафар атамыздың тәрбиелік мәні зор шығармаларын әлі де сан ұрпақ қанына сіңіріп, бойына дарытып, ойына нәр ете беретініне сенеміз.
Сексенге келді Мұзата Әдеби ертеңгілік
Шара өткізілетін жерде кітап көрмесі ұйымдастырылады. Мұзафар Әлімбаевтың суреті, ол туралы қанатты сөздер ілінеді. Бөлмеде шар, ойыншықтар мейлінше көп болса, ертеңгілік әсерлі өтіп, балалардың есінде көп уақытқа дейін сақталады. Бұл шараны өткізбес бұрын, кітапханашы оқырмандарға ақынның тақпақтары, аңыз-ертегілері бойынша сурет салып келуге тапсырма беріп, хабарландыру іліп қояды. Ертеңгілік болатын күні балалардың суреттерін жинап алып, сол суреттер бойынша көрме жасағандарыңыз жөн. Ертеңгіліктің соңында жақсы салынған суреттерді, белсенді қатысқан оқырмандарды атап өту керек.. Қатысушылар: кітапханашы, Ая (ақын өлеңінің кейіпкері), Білгішбек, Ертеңбай (ертегі кейіпкері), көркемсөз оқушылар. Ертеңгілік “Алтай вальсі” әнімен басталады. Сөзі: М.Әлімбаевтікі, әні: Р.Байқадамаовтікі Жүргізуші: Балалар, білесіңдер ме, Эфирден ақтарылып жыр есілгенде, Осыны біздерге арнап кім жазды деп, Атына көңіл қойып жүресіңдер ме? Атына көңіл қойып жүрсіңдер ме, Жасы үлкен жақын достарың, Білесіңдер ме?… “Балдырғанды” шығарып, Сан ұрпақты Қанша жыл жырларымен таңырқатты. Айтады мың алғысын ағаларың Өлеңнің татып өскен балын тәтті. …Білмесеңдер, балалар, Біліп алыңдар, Кәрі де, жас та, Бала да…жырына құмар Сексенде бүгін Мұзафар аталарың. Мұзафар Әлімбаев! Ұғып алыңдар.
Көркемсөз оқушы: Тамсантып, тамылжытып әнін көкке Өрлетті “Ақсұңқары” мәлім көпке. Содан шығар, Жыр сүйген жалпақ елі Біледі Мұзафарды МӘЛІМ деп те. Мұзафар Әлімбаев - Мәлім аға, Өзіңдей бала жанын жан ұға ма? Жаңғырған жырдың биік жотасында Кезігіп жүрейікші тағы да, Аға, Балдырған балалардың бағына, Аға!
Жүргізуші: Еслам Зікібаев ағаларың жырлағандай, бүгін балдырғандар елінде үлкен той. Республикамыздың айтулы ақыны Мұзафар Әлімбай аталарыңның есімін білмейтін кісі кем де кем. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі десек, қателеспейміз. Өйткені Мұзатамның өлең - тақпақтарын тілі жаңа шығып келе жатқан сәбиден бастап жаттап, өлеңіне жазылған әндерді шырқап өседі. Мұзаталарыңның өздеріңе арнап жазған өлең-жырлары да том-том. Өлеңдер, дастандар ғана емес, әңгімелер дейсің бе, эссе, естеліктер дейсің бе, мақал-мәтелдер дейсің бе, аудармалар дейсің бе - толып жатыр. Сан ұрпақты көптеген жылдар ішінде жырларымен сусындатып, таңырқатқан Қазақстанның халық жазушысы, туған республикамыздың Әнұранының авторларының бірі - Мұзафар Әлімбай сексен жасқа толып отыр. Балалар, бүгінгі ертеңгілігімізге бәріңе жақсы таныс “Аяның алақаны” кітапшасының кейіпкері Ая қызды шақырдық. Ол аталарың туралы көптеген қызықты әңгімелер алып келді.
Мұқабасына “Мұзафар ата өлеңдері мен ертегілері” деген жазуы бар үлкен кітапты қолына ұстаған Ая роліндегі қыз бала келеді.
Ая: Балалар, сәлеметсіңдер ме? Мен “Аяның алақаны” кітабының кейіпкері – Ая қызбын және ақын Мұзафар аталарыңның туған немересімін. (Қолындағы кітапты ашып) Біз бүгін атамыздың балаларға арнап жазған өлеңдерімен танысамыз. Достар, мен жалғыз келген жоқпын, менімен бірге сендердің сүйікті жыршыларың Мұзафар атаның шығармашылығымен жақсы таныс, кішкене кезінен оның өлеңдерін сүйіп оқитын Білгішбекті және еріншек бала туралы ертегісінің кейіпкері Ертеңбайды бірге ала келдім. Білгішбек ортаға шығып балалармен амандасады. Ертеңбай келе қоймайды. Ая: Ертеңбай, қайдасың? Балаларға келіп амандассаңшы. Есіктің арғы жағынан Ертеңбайдың даусы естіледі.
Ертеңбай: Ая, мен саған айттым ғой, балаларға ертең барайық деп.
Білгішбек: Осы, Ертеңбай-ақ ертең, ертең деуден жалықпайды. Ертеңбай, кітапханадағы балалармен кездесуіміз ертең емес, бүгін ғой, тездетсеңші.
Ая: Еріншектер елінде Болған екен бір бала: Текке келген өмірге Түк түсінбес дүңгәна. Шөпшек теріп қырдан көп Әкел!- десе анасы, Қойшы, ертең де күн бар!- деп Кіржиіпті баласы.
Балалар, Ертеңбайды таныдыңдар ма?
Аяғын әрең басып Ертеңбай келеді.
Ертеңбай: Мен Мұзафар атамыздың “Еріншектер елінің еріншек Ертеңбайы” ертегісінің кейіпкері - Ертеңбаймын. Балалар, мына Ая мен Білгішбек жол бойы атамыздың қызық-қызық тақпақ, аңыз-ертегілері бар екенін айтып келді. Мен…, мен болсам ештеңе білмеймін. Бәрін ертеңге ысырып келе жатырмын. Білгішбек, сенің әңгімелеріңді мен де тыңдайыншы.
Білгішбек: Жарайды, Ертеңбай, тыңда. М.Әлімбай атамыз балаларға арнап жазған өлеңдерінен басқа үлкендер поэзиясы, қазақ әдебиетінің дамуы, тіл тазалығы, жекелеген қаламгерлер шығармашылығы, тағы басқа мәселелер туралы жүздеген мақала, эсселер, көптеген әннің өлеңін жазған қаламгер. Оның “Менің ойыншықтарым”, “Балдәурен, шіркін, балалық”, “Ақсерек те көксерек”, “Аспандағы әпке” секілді үлкен - үлкен кітаптары көпшілік көңілінен шығып, ондаған жылдар бойы кішкентай бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің сүйікті кітаптарына айналды. Ая: (Тағы да қолындағы кітапқа үңіліп) Мұзафар ата - бала көңілін тауып, бала болып ойлап, бала сияқты жақсылықтан үйреніп, жамандықтан жирене білген, сол үшін де балаларға арнап ой тербеген қаламгер. Әрі бағбан, әрі бапкер, әрі сазгер, әрі ұстаз. Өмірге енді-енді өз көзімен қарай бастаған жанның зердесі сұлулық ұялата алса, қандай ғанибет! Үлкендер ақыны, аудармашы, сыншы, очеркші, ән - өлеңші, ұстаз - атамыздың өзіндік орны бар бұл қырларының қай - қайсысы да қымбат. Көріп отырсыңдар, менің атам – сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер болып шықты. М.Әлімбай дана бола білгендіктен де оның өлеңдерінде мол білім, алуан өмір шындығы, әдіс - тәсілдер әртүрлілігі, жанр байлығы кездесіп отырады. Бұған жинақтарындағы кез келген өлеңі бір куә десек, таразыланбаған талай - талай ертегі, аңыз, ойын-өлең, өтірік өлең, жұмбақ- жаңылтпаштар тағы айғақ.
Білгішбек: Қилы-қилы жұмбақты шешкен кезде, Анау не екен, япырау?!-дескен кезде, Ертегілер еліне еніп кетіп, Мұхиттарды қайықпен кешкен кезде… Оны кімнің жазғанын білесіңдер ме? Атына назар салып жүресіңдер ме?
Жаңылтпаштан жаңылып қиналғанда, Өтірік өлең оқып иланғанда, “Биссмилла!”-деп тағы да бір жыр бастап. Тәуба қылып, Тартқанда иманды алға… Білесіңдер ме, Кім жазды, білесіңдер ме, Көңіл қоймай әлде жәй күлесіңдер ме?
Ая: Балалар, біздің арамызға ақын атамыздың өлеңдерін жатқа оқитын балалар да келіп отыр. Қазір соларды ортамызға шақырмыз. Балалар М.Әлімбай өлеңдерін жатқа оқиды.
Ертеңбай: Достарым, қалай ойлайсыңдар, балаларға арналған өлең, ертегі, жұмбақ, жаңылтпаштар қандай болуы керек? Балалардың жауабы:
Білгішбек: Бір сөзбен айтқанда өмірден алынып, ғылыммен дәлелденген шындыққа негізделген аңызға ұқсас болса дейсіңдер ғой.
Ертеңбай: Жарайды, “Қаңбақ шал” сияқты тапқыр, “Ертөстік” сияқты батыл болғыларың келетін шығар. Бірақ, менің түсінбейтінім, жаңа электронды технологиялар ғасырында өмір сүріп, жаңалықтар ашылып, ғарыш пен айға ұшып жатқан кешегі “ұшқыш кілемдердің” шындыққа айналған кезінде ертегінің не керегі бар?
Білгішбек: Еріншек Ертеңбай, мені тыңда. Ертегінің аты ертегі. Қанша заман өзгергенмен баланың аты бала. Осы отырған бәріміздің де алып адамдардың ортасында болып, су астындағы қалаларға саяхат жасағымыз келеді. Күнделікті көріп жүрген үйреншікті нәрселерден гөрі біздерді ертегі мен аңыздардың сан қилы оқиғалары еліктіреді. Мұзафар атамыз жазған ертегілер шындық өмірге жақын болып келгендіктен, біз қызыға оқимыз.
Ая: Мұзафар атаның “Қарағай неге ұзын, жыңғыл неге жатаған, тобылғы неге қызыл болған?”, “Көкек неге “көкек” дейді?” “Тауыс неге қызыл-жасыл?”, “Қарға неге қара?”, “Алатаудың баурайында”, “Көк кілем”, “Еріншектер елінің Ертеңбайы туралы” аңыз-ертегілері кім-кімді де жалықтырмайды деп ойлаймын.
Білгішбек: Біз, балалар – байыпты халықпыз ғой. Бүгінде, мынау технология мен ғарыш заманында біздерді таң қалдыру, кітапқа еліктіру оңай шаруа емес сияқты. Солай бола тұра, білмейтініміз көп… ал білетініміз аздау болып жатады… Талғамы биік В.Белинскийдің бір сөзі осы бүгін айтылғандай:”…Балалар жазушысы болып қалыптасу қиын, арнайы туу керек. Мұның өзі өзінше бір қабілеттілік болады… Мұнда талант қана емес, сонымен бірге өз алдына даналық та керек”. Яғни, бала бола білу керек. Ал, М.Әлімбай атамыз шығарма жазғанда тіпті балалардың жас ерекшеліктеріне дейін қатты ескереді екен. Сондықтан оның өлеңдері бүлдіршіндерге, балдырғандарға, жас өспірімдерге арналған болып айқындалып, айрықшаланып тұрады.
Ая: Балалар, орыстың Маршак, Чуковский, Агния Барто сияқты көптеген елдің балалары сүйіп оқитын жазушыларын білетін шығарсыңдар. Ал олардың жан-жануарларды сөйлетіп, жақсылық пен жамандықты, адалдық пен арамдықты салыстырататын ертегі-аңыздарын кім біледі екен? Балалардың жауабы.
Білгішбек: Біздің сүйікті жазушымыз Мұзафар ата мен бұл жазушылардың арасында қандай байланыс бар деп ойлауларың мүмкін. М.Әлімбай балаларды мақтаншақтық пен қызғаншақтық, өзімшіл менмендік пен даңғойлықтан сияқты жағымсыз қасиеттерден арылып, көпшілік пен бауырмалдыққа шақырады. Ол әйгілі орыс жазушылары Самуил Маршак, Корней Чуковский, Агния Барто сияқты құстар мен аңдарды сөйлетіп, соларды достастыру арқылы балаларды жақсылыққа жетелейді. Бұған “Қорбаң аю”, “Құмырсқалар”, “Жорға торғай” сияқты өлеңдері дәлел. “Құстар тойында” өлеңі оқылады.
Ертеңбай: Ой, мен бұл өлеңдерді жатқа білемін.
Ая: Бұлардан басқа Мұзафар Әлімбайдың балаларға арнап жазған кітаптарында тәрбиелік мәні бар өлеңдері көптеп кездеседі. Мысалы, ”Суайт сауысқан”, “Қырықаяқ”, “Әппақ пен сатпақ”, “Тарғыл мысық дағдысы” сияқты толып жатқан жырлары бар. “Жел деген не?” өлеңінде жел сияқты тұрақсыз әрі берекетсіз болмау жағын тапқырлықпен айтып, суреттеп берген. Бір оқушы «Жел деген не?» өлеңін мәнерлеп оқиды.
Көркемсөз оқушы: Жел деген не? (Айт деп інім жалынды). Жел де ауа кәдімгі (Айтқаныма нана ғой). Жел дегенің тек бірақ, Ойға –қырға шапқылап, Пайыз таппас ауа ғой.
Ертеңбай: Ая, сен Мұзафар атаның үлкен әдебиетке қалай келгендігі, бала кезінде кім болуды армандағаны туралы білесің бе?
Ая: Әрине, ол туралы атамның өз аузынан естідім де, оның естеліктерінен де оқыдым.
Ертеңбай: Ендеше, бізге де айтып берсеңші.
Ая: Әр ақын-жазушының үлкен әдебиетке келер өзіндік жолы болады екен. Менің атамның да өлең, жырға, әсем әнге әуестігі ана сүтімен бойына дарыған. Тумысынан ақынжанды, өнерпаз анасы Зейнеп халық ауыз әдебиетіндегі қисса, дастандарды жатқа айтатын болған. Абайдай ұлы адамның өмірде болғанын, ғұлама ақынның әнге жазылған өлеңдерін де тұңғыш анасының айтуымен барып білген. “Жас жеткіншектің жан-дүниесіне рухани нәр беретін нәрсе ананың ақ сүті, ананың әлдиі, ананың бесік жыры мен ананың әсем де әсерлі әңгімелері,”-деп Мұзафар атам әрқашан тебірене айтады.
Білгішбек: Балалар білесіңдер ме, Мұзафар ата 5 жасында әріпті әліп деп біліп, кітап оқи бастайды. 6-сыныпта ауыл кітапханасының бір қыста 150-ден аса кітабын тауысып, “Бауырсақтан” бастап, “Батырлар жырымен” жалғастырып, Пушкиннің 4 томдығын тауысады. Өлең жазуды мектеп қабырғасында бастап, 16 жасында анасына арнап жазған тұңғыш өлеңі мерзімді баспасөзде жарияланады. Бұл үлкен өнер жолына деген алғашқы баспалдағы еді. Қазір Мұзафар атамыздың сөзіне жазылған И.Жақановтың «Бесік жыры” әнін тыңдайық.
Білгішбек: Балалар, қалай ойлайсыңдар, ойыншықпен ойнамайтын бала бола ма? Әрине, болмайды! Бүлдіршіндердің өмірін ойыншықсыз көзге елестету мүмкін емес! Енді кезекті ойыншықтар туралы «Ойыншықтар» өлеңіне берсек.
Көркемсөз оқушы: Жүрмейсің бе абайлап, Болмасаңшы ұрыншақ! Асыр салып көп ойнап, Ақсап қалдың құлыншақ!
Ашытпайды көзіңді, Шомыла ғой, балақай! Қарашы енді өзіңе, Аппақ болдың, алақай!
Түсті түймең үзіліп, Неге қадап алмайсың? Тұр ғой әне ине-жіп, Неге ұқыпты болмайсың?
Мектебіне ертемен Баратұғын бала аз ба? Апарамын ертең мен Машина тұр гаражда.
Шырылдама, әндетпе, Бұлбұлым, ертең жырларсың. Папам келді қызметтен, Ұйықтап біраз демалсын.
Тиіспе, күшік, қоянға, Тентектікті қойыңдар! Кикілжің жоқ араңда, Тату-тәтті болыңдар!
Ая: Бұл әдемі, әсерлі өлеңді білмейтін бала араларыңда сірә, сирек болар. Ақын атам кішкентай кейіпкерінің тілімен ойыншықтар әлеміне бала көзімен қарап, тіл бітіріп жіберген. Қыз бала күллі ойыншықтарын тәртіпке шақырып, оларға татулық пен бірлік тілейді. Ал, балалар атамның мен туралы, Ая қыз туралы жазған өлеңдерін білесіңдер ме?
Көркемсөз оқушы: Айналайын Аяның Алақаны аялы: Ая - біздің мейірбан, Досынан жоқ аяры.
Айналайын Аяның Алақаны аялы: Қолда барын достардың Алдына әкеп жаяды. Айналайын аяның Алақаны аялы.
Көркемсөз оқушы: Айдың беті аппақ, Аяның беті сатпақ. Неге олай? Ол былай- Аунамайды жерге, Шомылады көлге.
Ертеңбай: Ая, ақын ата қаламынан өлең қалай туады екен? Балаларға арнап өлең жазу оңай шаруа еместігін білемін… Менің ойымша, бұған үлке-е-н еңбек керек сияқты.
Ая: (Қолындағы кітабын ашып оқиды) Атамыздың айтуынша, көбіне өз көзімен көргені өлеңге арқау болатын көрінеді. Сендерге атамның жазған естелігінен бір мысал келтірейін: “Сурет салып отырған Асқар бір кезде кемсеңдеп: - Жол жоғалды, ата, қайда кетті, ата?!- деді. Қағазына қарасам, парақтың ортасына көк қарындашпен көл салыпты. Күрең қарындашпен бір жағынан жол тартыпты. Жолы көлге кеп, тіреліпті байқаусызда. Сөйтіп жол жоғалған… - Асқар, асықпа, жол қазір табылады,- дедім де. Көлдің арғы жағалауынан күрең қарындашпен жолды алып шықтым. - Міне, көрдің бе, сенің жолың көлге шомылып шықты. - Алақай! Алақай! Жол табылды!- деп, бала мәз болды. Арада біраз күн өткен соң “Жол қайда жоғалды?” деген өлең жаздым. Міне, соңғы шумағы: Жоғалды ма жол оңай? Суға кетті-ау, обал-ай! Іздеп жүрсек жан-жақтан Сүңгіп шықты ар жақтан,- деп өлеңдерінің шығу тарихы туралы әңгімелейді атам.
Білгішбек: Достар! Ақын деген сөз грек тілінде данышпан деген ұғымды білдіреді екен.. Анау-мынау емес, Данышпан! Осыдан-ақ ақынмын деген адам өзіне қандай ұлы міндет жүктелгенін пайымдай берсін. Қилы-қилы жұмбақтарын шешкен кезде, Анау не екен, япырау?! – дескен кезде Ертегілер еліне кетіп, Мұхиттарды қайықпен кешкен кезде… Жаңылтпаштан жаңылып қиналғанда Өтірік өлеңін оқып иланғанда біздер Мұзатамыздың өзімізге жүктелген осы міндетті қалай атқарып жүргеніне көзіміз жетеді. | |
Просмотров: 988 | Загрузок: 393 | |
Всего комментариев: 0 | |