Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті |
Қазақтың балалар жазушысы - Бердібек Соқпақбаев
[ · Скачать удаленно (142.5Kb) ] | 07.11.2012, 15:01 |
Балалар әдебиетінің бәйтерегі: Б.Соқпақбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған әдістемелік құрал / ҚМРБК Құраст. Ш.Мәқашева.- Алматы, 2004.- 21 б.
Бәйтерек Бала шақты кестелеген тілі нық, Бір болса егер-осы болар ірілік: Ұландары отызыншы жылдардың Қайта келер көз алдыңа тіріліп. «Бастан кешкен» шындық шымыр екшеліп, Кітап болып бізге жетті естелік. «Чемпионнан» Бекең өзі баптаған Талай мықты жатты құлап, сескеніп. Аспантаудан ақ бұлақтар атқылап, Экранда – туған өлке, бақ, қырат... Қолын бұлғап Жанар, Жантас, Сұлтанға Келеді әне Қара Қожа шапқылап! Кейіпкермен бірге тұрып, жүресің, Бірге жасап, бірге жылап, күлесің. «Сөз қадірін білген шебер екен!» деп, Өз қадірін Бекеңнің де білесің. Ту етіпті тектілікті бұл ағай, Пір еткені қара шалың- Ұлы Абай! Тік қалпында мәңгі жасай береді Бәйтерегі Берді-ағаның құламай! Б.Кірісбайұлы Кіріспе Қазақ балалар әдебиетінің классигі, тамаша жазушы Бердібек Соқпақбаев тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді. «Жақсының өзі өлсе де сөзі өлмейді» демекші, балалардың сүйікті жазушысы артына «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар» және «Ергежейлілер елі» сынды бірқатар әңгіме, хикаялар қалдырды. Балалардың бал мінезін ішкі дүниесімен жақсы сезіне білген жазушы әрбір шығармасында өзі туып өскен Нарынқол таулы өңір табиғатының жанды суреттерін оқырманға үлкен шеберлікпен жеткізе білген. Б.Соқпақбаевтың әңгіме, повесть, романдары және пьесаларында балғын шаққа батыл саяхаттар жасап, таңдандырып, тамсантып, бал дәурен әсерлерінің қаймағын бұзбай, ақиқаттан алшақтамай, балаға тән қиялдап, өмірдің өз болмысын тебірене толғайды. Оқысаң еріксіз езу тарттырып, кейде күрсінтіп терең ойға жетелейді. Лезде кейіпкерлермен етене араласып, олар өзің күнде көріп жүрген адамдардай Беркен, Қожа секілді кейіпкерлерімен жадыңда жатталып қалады... Қазақ балалар әдебиетінің тағы бір классигі Сапарғали Бегалин атындағы Мемлекеттік республикалық балалар кітапханасы қызметкерлері жазушының қазақ әдебиетіне қосылған өміршең өлмес мұраларын жинақтап, зерделей келе «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты әдістемелік құралды көпшілік назарына ұсынады. Шырынын алып шындықтың Суреттеу кеші Қатысушылар: өмірбаяншы, жазушы, оқырмандар. Өмірбаяншы: Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен, шындықты қарапайым әңгімелеу арқылы мөлдіретіп, көз алдыңа жайып салатын, кейіпкерлерді даралау мен психологиялық бейнелеудің де өзгеше бір жолын тапқан талантты жазушыларымыздың бірі еді. Жасынан өмір талқысын көп көрген адамның өмірбаяндық деректері оның шығармаларына арқау болды. Ол сол көргендері мен сезінген дүниесін 30-жылдардағы ауылдың ауыр тұрмысы, Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі ауыр кезеңнің шындығына сәйкес жаңартып, ой елегінен өткізіп, типтік орта шындығына лайық типтік бейнелер арқылы аша білді. Бүгінде кез келген қазақтың қара баласына Соқпақбаевтың кім екенін түсіндіріп жату артық болар, оның «Менің атым Қожасы» әрбір үйде Абаймен, Мұхтармен бірге ұлттық қазына ретінде сақталуда десек қателпеспіз. Өйткені, Соқпақбаевтың есімі көзі тірісінде-ақ әрбір мектеп баласының жүрегінен мықтап орын алған болатын. Жазушы: Сегіз жасымда шешем өліп жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы жылдары – ең бір қиын кез. Содан соңғы басымнан кешкендерімді ойлай бастасам осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым, осы күнге қалай жеттім?! Нағыз итжандының өзі екенмін ау деп таңданам». «Балалық шаққа саяхат» повесі – міне, осы толғаныстардан туған дүние. Ондағының бәрі де шын, бәрі де болған. ... Өмірбаяншы: Жазып та көрдім мен де өлең, Жазып та көрдім қара сөз. Ерте ме, кеш пе мен де өлем, Өлмейді тек дана сөз...- деген жазушының өлең жолдары асыл ағамыздың рухына бас иіп, оның өміршең өлмес мұраларын қадірлеп келешек ұрпаққа жеткізер жолы іспеттес. Оның әсіресе, балалар әдебиетіне байланысты бүкіл шығармашылығының мәнін бір ауыз сөзге сыйғызып айтар болсақ, ол -өте ірі кесек тұлғалы балалар әдебиетінің бәйтерегі. Сонау сұрапыл 1942 жылдары Қарағандыға ФЗО-ның оқуына кетіп бара жатып: Нарынқол туып өскен ауданым-ай, Көркем жер болмас сенің аумағыңдай. Кетерде сенен ұзап көзім қимай, Қызыл тіл өлеңдетіп зауладым ай,- деп жазушының өзі жырлағандай, Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы қазанның 15-інде Алматы облысының Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтынан кейін Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауылдық мектепте ұстаз болып, кейіннен баспасөз саласына ауысты. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясында қызмет істеді. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөнінде әдеби кеңесші болды. Оқырман: Оқушы біздің Шалғынбай Жап-жас бала балғындай. Әлемге әйгі атағы, Көрінген жерде жатады: Партаның үсті «Шалғынбай», Тартпаның іші «Шалғынбай», Тақтаның беті «Шалғынбай», Кітаптың шеті «Шалғынбай», Есікке жазған «Шалғынбай», Кесіп те жазған «Шалғынбай», Бұл маңайда Шалғынбай Жазбаған жерің қалды ма-ай? Мұнымен атақ алмайсың. Үлгілі бала болмайсың. Өмірбаяншы: Шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастап, «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналының белсенді авторы болды. 1950 жылы «Бұлақ» деп аталатын өлең жинағын шығарған. Кейіннен балалар мен жасөспірімдерге арналған прозалық шығармаларын жазды. Оның балаларға арнап жазған туындылары балалардың ғана емес, үлкендердің де сүйіп оқитын шығармаларына айналды. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде жазушының сценарийі бойынша қойылған «Менің атым Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болған. Ол тек балаларға арнап шығармалар жазып қойған жоқ, сонымен қатар жасөспірімдерге арнап «Бозтөбеде бір қыз бар» атты пьеса, «Өлгендер қайтып келмейді» атты роман, «Гауһар» атты повесть және тағы басқа да жиырмаға жуық кітаптарын шығарды. Жазушы: Мен жазған дүниелердің ішінде жұртқа көбірек танылғаны «Менің атым Қожа» повесі болса керек. Бұл шығарманың әуелгі аты «Өзім туралы повесть» Алматыда біраз қиналыспен басылды. Қожаның жағымды қылықтарынан жағымсыз қылықтары көп. Балаларға бұл кітап қандай тәрбие бермек деп, алая қарағандар аз болған жоқ... Мектептегі барлық баланы хулиган етіп шығарғыларыңыз келсе, бұл кітапты тезірек басыңыздар депті рецензент... Орыс тіліндегі «Қожаның» тұсауын Москва кесті. ...Қазақтың сүйкімді де қара сотқар баласы осыдан соң бүкіл Совет Одағын аралап кете барды... Біраздан кейін кітап Парижде француз тілінде басылды. Қазақфильм «Менің атым Қожа» повесі бойынша көркемсуретті кинофильм түсіруге кірісті. Режиссері – Абдулла Қарсақбаев. 1967 жылы Францияның Канн қаласында өткен халықаралық кинофестивальде жүлдеге ие болды. Шығарманы жазардағы ең басты мақсатым: жақсылыққа тәрбиелеу. Қожа – есер емес, есті тентек. Бір көрген адамға «жаман бала», «қиын бала» болып, кейін мүлде өзгеріп, жақсылардың қатарына қосылып кететін балалар аз емес қой... Өмірбаяншы: «Жас Бердібек көз көргендердің айтуына қарағанда, жас кезінің өзінде-ақ ешнәрсеге жасымайтын, ешнәрседен жасқанбайтын отты, өжет болған екен. Ол сыйлауға, сыйласуға өте жақсы еді. Бірақ талғампаз болатын. Кейде тым кіділеу, тым кірпияздау көрінетін. Ал шын жаны жақтырған адамға, көңілі сенген кісіге ақжарқын да адал болатын. Екі сөйлемейтін,өтірік айтпайтын. ..» - бұл, жастайынан бір ауданда бірге өсіп, кейіннен дәм-тұздары жарасып, жазушымен сыйлас болған қарт қаламгердің жан тебіренісі. Жазушы: Қай жазушы болсын, өзінің жақсы сезінген, көрген, білген, жете зерттеген жайларын жазады. Және үлкен бір қаламгер: «Әр жазушы әуелі өзін жазады» деген екен. Осыларға саятын болсақ, мінез құлық, іс-әркет жағынан Қожа менің балалық шағыма көбірек ұқсайды. Повесть өзім, достарым, мектебім, туып-өскен ауылым жайында әңгіме қозғайды. Сондықтан да шығарманың 1957 жылы бірінші жарық көргендегі әуелгі аты – «Өзім жайлы повесть» болатын. Оқырман: Бердібек Соқпақбаев - Кеңес үкіметінің «қылышынан қаны тамып тұрған» кездің өзінде тек өз жүрек қалауымен оқырмандарына жалғандықтан қашып шынайы шындықты жеткізе білген жазушыларымыздың бірегейі. Балалар өмірін шынайы сүйіспеншілікпен бейнелейтін хикаялары мен әңгімелерін жас та, қарт та, қазақ та, басқа да құмарта, қызыға оқиды десек еш артық айтқандық емес. Бердібек Соқпақбаев кейіпкерлерін қолдан жасамаған. Оның кейіпкерлері - өзі. Жазушы шығармаларын бірінші жақтан жазады. Яғни, шығарманы бас кейіпкер әңгімелеп отырады. Өмірбаяншы: «Өзін жазатын жазушымын» деп жоғарыда өзі айтқандай, автордың көпшілік шығармаларында өмірбаяндық деректер пайдаланылып, олардың бір-бірімен сабақтастығы байқалып отырады. Әсіресе, қазақ балалар әдебиетінде үлкен құбылысқа айналып, өзіндік бір жаңа леп, жаңаша бет ала келген «Менің атым Қожа» повесі де алғаш «Өзім туралы повесть» аталған. «Менің атым Қожа» повесі жарық көргенге дейін қазақ әдебиетінде Қожаға ұқсайтын «тентек, сотқар» кейіпкер болмаған. Ең алғашында жұрт Қожаға әрине, тосырқай қарады. Тіпті, «балаларға бұл кітап қандай тәрбие бермек?», «Балаларды тек жақсы, өнегелі кейіпкерлер үлгісінде тәрбиелеу керек» деген сияқты пікірлер де болған. Өмірбаяншы: «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «16 жасар чемпион» және тағы басқа шығармалары жазушының тұтас өмірін көрсетпегенмен бөлшек-бөлшек тұстарын қызықтыра өмірге әкелген болса, ал мына «Өлгендер қайтып келмейді» романы жазушы жаратылысын тұтас тұлға етіп береді. Шығарманың ел ойынан шығатын шынайы жүзі тек қана шындық жазудан тұрса ол сол шығарманың шырайлылығын берсе керек. Осы тұрғыдан алғанда Бердібек ағамыз жоғарғы ойдың ортасынан ойып тұрып өз орнын алып және сол қасиетімен халық есінде, қала берді әр ұрпақ есінде мәңгі қалған адам. Оқырман: Бердібек Соқпақбаевтың балалар үшін танымдық мәні зор шығармаларының бірі «Жекпе-жек» хикаясы. Жазушының бұл шығармасы да қазақ әдбиетіне келген тың туынды. Өйткені, қазақ балалар әдебиетінде бұған дейін спорт тақырыбы мұндай деңгейге көтерілген шығарма болған емес. Бұл шығарма бокс жайлы жазылған. Ал бокс деген спорт түрі қара домалақ қазақ баласына өте жақын десек артық айтқан болмас еді. Ауыл спортының, әсіресе бокстың дамуына үлкен төңкеріс жасаған, құрыштай шыныққан саңлақтардың дүркіреп шығуына соны серпіліс, ерекше серпін берген айтулы көркем дүние. Жасында әлжуаз болып өскенмен, үзбей шынығу, ұдайы жаттығудың нәтижесінде спорт шыңына шыққан Мұраттың бейнесі арқылы жазушы арман жолында қиындықтан қашпау керектігін ұғындырады. Өмірбаяншы: Жазушының күрделі де көлемді туындысы «Өлгендер қайтып келмейді» романы. Өзін жазатын жазушы бұл шығармасына да өзінің өмірін арқау еткен. Бір айта кететін жайт, 1974 жылы «Өлгендер қайтып келмейді» романы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылады. Бірақ, сол кездегі бармақ басты, көз қыстымен тағы да шетқақпай қала береді. Бердібек Соқпақбаев қайтыс болардан аз уақыт бұрын бір топ қаламгерлер «Халық жазушысы» деген атаққа ұсынылған екен... Неге екені, кейін сол атақ алғандардың ішінде Соқпақбаевтың есімі болмай шығады... Иә, егемен елі барда Бердібек Соқпақбаев та бар, әсте ұмытылмақ емес. Өйткені, ол туған халқының тағдырын жырлап, оның жүрегіне әлдеқашан жол тапқан жазушы. Оқырман: «Ергежейлілер еліне саяхат» ертегі-хикаясында шындық пен әділет салтанат құрған, өмір-тіршілік мүлде басқа. Парақорлық пен ұрлық-қарлық атымен жойылған. Халық ешнәрсеге мұқтаж емес. Балалар мен қарттарға жасалған қамқорлықта шек жоқ. Тіпті ергежейлілер елінде әскер мен қару-жарақ та жоқ. Барлық мемлекеттермен тең құқықта қарым-қатынас жасап, өзінің салт-дәстүрін қатаң сақтайтын бейбітшілік сүйгіш ел туралы ертегі-хикая осылайша шалқар ойға шақырады. Өмірбаяншы: «Бердібек Соқпақбаевтың – кірпияз мінезі - жазушының жан-дүниесінің тазалығын білдіреді. Өте қарапайымдылығымен өзін биік ұстайтын жазушылардың байқамайтындығын байқап, соның соны желісінен жанына нәр тапқан жазушы. Оның бізден ерекшелігі де сол. Сендердің топырақтарыңда туып, елдің мерейін үстем ететін үлкен классик жазушы болуының сыры да сонда»,- дейді Таһауи Ахтанов. Оқырман: Сүйікті жазушымыз Бердібек Соқпақбаевтың кітаптарын бәріміз сүйіп оқимыз. Жазушы сомдаған кез-келген кейіпкер өзіне тән ерекшелігімен оқушы жадында сақталып қалады. Құрметті оқырмандар, енді кезекті «Бердібек Соқпақбаев және оның кейіпкерлері» атты сауалнамаға берсек. «Менің атым Қожа» повесі бойынша сұрақтар Қожаның анасының аты (Милат) Повестегі қазақ тілі пәнінің мұғалімі (Майқанова Сәбира) «Менің атым Қожа » повесі аударылған тіл? (Француз тілі) «Менің атым Қожа» повесінің алғашқы аты? («Өзім туралы повесть») «Балалық шаққа саяхат» повесі бойынша сұрақтар «Балалық шаққа саяхат» повесіндегі Бердібектің інісі (Тұрдыбек) Осы повестің «Менің кербез жеңгем» бөліміндегі Бердібектің өнерлі жеңгесі? (Әлиман) Повестегі Бердібектің нағашысының өзімен жасты баласының аты? (Рамазан) Бердібек туған аудан орталығы (Нарынқол) «Жекпе-жек» повесі бойынша сұрақтар: Бас кейіпкер бала (Мұрат) Мұраттың ауылы (Қызылшекара) Мұраттың жаттықтырушысы әрі ұстазы (Николай Трофимович) «Қызылшекара» мектебінің директоры (Тоқмода) Өмірбаяншы: Бердібек Соқпақбаев – шынайы адам, шыншыл жазушы еді. Өтірікке өлердей қас болатын. Өнерді өтірікпен әсемдеуден қорқатын. Қатарлас замандастарының өтірік жазғанын жазып жүргенін білсе, сыйламай қоятын. Ол қоғам шындығын бар ауыртпалық, қиындығымен көрсетем деп өзі де көп қиындық көрген қаламгер. Шыншыл шығарма-өміршең. Бердібек Соқпақбаев шығармалары кеше шындық болып шырылдап сөйлесе, бүгін өмірдің өзі болып баурайды оқырманды. Оның шығармаларының қызық оқылып, бүгін жазылғандай әсер ететіні де сондықтан. Бердібек Соқпақбаев – ұрпаққа деген басты шығармаларын жазған, оқырмандарынан лайықты бағасын алған бақытты жазушы. Кешімізді қазақ халқының дарынды ұлдарының бірі, ақын Қадыр Мырзалиевтің мына сөздерімен аяқтасақ деймін: «...Бердібек Соқпақбаев кітаптарының соңғы беттерін жапқанда көркем шығарма оқып шыққандай болмайсың, өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарыңды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Көңілің бұзылады. Бердібек Соқпақбаев шығармалары, міне осындай. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес.» Кеш соңында оқырмандардың кештен алған әсерлері бойынша пікірталас өткізуге болады. Көрмеге шолу жасалады. Балалық шаққа саяхат… Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары бойынша әдеби ойын Жүргізуші: Тамаша шығармалары арқылы балалардың көңілінен шығып, сол арқылы бірнеше буын өкілдерінен тұратын кішкене оқырмандардың құрметіне бөлену үлкен таланттылықты қажет етеді. Біздің қазақ балалар әдебиетінде осындай құрметке ие болғандардың ішіндегі шоқтығы биік, бірегей таланттардың бірі – Бердібек Соқпақбаев. Жазушының шығармаларын оқыған кез-келген бала өмірбаянымен де танысып шығады. Бердібек Соқпақбаев балалар үшін жаралған жан болатын. Өзінің шығармашылық жолын балаларға өлең жазудан бастаған ол кейін прозалық шығармалары арқылы балалардың сүйікті жазушысына айналды. Сондай-ақ балаларға арналған бірнеше сценарий, пьесалар жазды. Б.Соқпақбаевтың есімі тек қазақ балаларына ғана емес, көптеген шет ел балаларына да жақсы танылды. Оның кітаптары әлемнің 20 шақты елінің тіліне аударылса, «Менің атым Қожа» повесі бойынша түсірілген киноны 28 елдің бүлдіршіндері тамашалапты. Әрине, бұл біздің әдебиетіміз бен кино өнері үшін үлкен жетістік болғаны даусыз... («Менің атым Қожа» фильмінен үзінді көрсетіледі. Сценарийі- Б.Соқпақбаев, режиссері- А.Қарсақбаев) Жүргізуші: Қай-қайсымызға да экраннан көріп жүрген Қожа туралы кітапты жазған Бердібек Соқпақбаевты жақсы көрмеуіміз мүмкін емес. Қожа әрқайсымыздың жанымызға жақын да таныс кейіпкер. Балалар, бүгін Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасынан басқа да шығармаларына саяхат жасап, әдебиетте алар орны жайында әңгімелеспекшіміз, ой бөліспекпіз. Бердібек атаның «Менің атым Қожа», «Жекпе-жек», «Аяжан», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» повесть-романдарын, көптеген әңгімелерін оқымайтын қазақ баласын табу өте қиын. Біздің ата-аналарымыз, ата-әжелеріміз, аға-апаларымыз Соқпақбаевтай қадірлі қаламгер шығармаларын оқып өсті. Әлі де оқып келеді. Жазушының кез-келген шығармасын қолыңа алсаң, әрі қарай қызықтырып, жетелей жөнелетін сияқты. Бердібек ата өзінің балалық шағынан алған әсерлерін көпке дейін ұмыта алмай, сол ғажайып көңіл мен көріністердің өзін оқырмандарына жеткізе білген жазушы. Жеткізіп қана қоймай классик жазушыға, балалардың сүйікті жазушысына айналды. Балалық шақта жазушы өзінің кейіпкеріне қатты ұқсапты. Олар сияқты ауылдың қара сирақ баласы болған. Әсіресе, өздеріңе арнап жазған бір шығармасының кейіпкеріне өте ұқсайды. Ол кейіпкерді кім деп ойлайсыңдар? (Балалардың жауабынан кейін Қожа келеді) Қожа: Сәлем, сәлем, балалар! Балалар мен жақында жаңа ойын үйрендім. Ол қандай дейсіңдер ме, бұл ойын бір-бірімізге «сұрақ-жауап ойыны» деп аталады. Мен бірінші болып сендерге сұрақ қоямын. Сендер маған қайыра сұрақ қоясыңдар. (екі қолын уқалап) Кәнекей, ойынды бастаймыз ба? Менің сұрақтарым таусылған соң, сендердің кезектерің. Ойын басталды. Қожаның сұрақтары (Менің атым Қожа повесі желісімен): • Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым, шынын айтыңдаршы, мен өскенде қандай маман иесі болуды армандадым? (Қожаның жазушы болсам деген арманы көкейіне ерте ұялады. Оның ақындық, жазушылық даңқы үшінші-төртінші сыныпта оқып жүргенде-ақ мектептен асып, ауылға жайылып, «ақын бала» атана бастаған. ) • Сұлтан екеуіміздің қарақшылық өміріміз қанша уақытқа созылды? (Олар жабайы қаз атып алдық екен деп, біреудің жоғалған қазын атып алып, үйітіп отырғандарында мектеп директоры Ахметовтың әкесі Ахмет шал көріп қалып, олардың «сазайларын» береді. Сосын екеуі қорда етіп, қарақшылық істемек болған «тапқыр» ойларынан табанда бас тартуға тура келеді.Бұл екеуінің қарақшылық өмірілерінің бірінші және ең соңғы күні болды.) • Мен үйімде төргі бөлменің есігін жауып алып, кеңес өткізгенімді білесіңдер. Сонда кімнің мәселесін қарадым? (Қожа кешкі астан кейін төр үйге кіріп, үлкен айнаның алдына отырып, Қадыров Қожаның жеке бас құпия кеңесін ашады. Күн тәртібінде бір-ақ мәселе – тәртіпті, үлгілі оқушы болу үшін не істеу керек екендігі жайлы мәселе қаралды.) • Менімен дойбы ойнап отырған Жанар мені не үшін «Мақтаншақ Қожа» деп мазақтады? (Бірінші ойында Қожа Жанардың сүйкімді жүзіне, иығына төгілген қолаң шашына қарап, толқып отырып, ойынды ұтқызып алады. Екінші ойында сағырақ ойнаса да, үш-төрт жүрістен кейін Жанар Қожаның үш пешкасын бірден қырып салды. Енді оның намысы келіп, «қазір ұтамын» деді сенімді үнмен. Бірақ, айлакер Жанар бұл жолы да елеусіз тұрған пешкасын Қожаға жегізді де, басқа бір пешкасымен оның әлгі батырын белден басып, биге өтіп кетті... ) • Менің он үш жыл өмірімдегі ең қатігез күн қашан болып еді? (Бұл күні мектепте Қожаның тәртібін талқыға салған педсовет жиналысы болған.) Қожа: Жарайсыңдар, мен туралы кітапты жақсы білетіндерің көрініп тұр. Баллалар, оллаһи, шыным, менің үйге қайтуым керек. Асығыспын. Қызыл бұзауымды айдап келуім керек. (Қожа кетіп бара жатып) Ұмытып бара жатыр екенмін, сендер сұрақтарыңды сосын қоярсыңдар.Ойынымызды кейін жалғастырамыз. Кездескенше. Жүргізуші: Балалар, дегенмен, Қожа - қазақ балаларының Том Сойер іспетті сүйікті кейіпкері. «Менің атым Қожа» повесі қарапайымдылыққа, нанымдылыққа туған. «Өтірік ештеңе қоспаймын» - деп уәде берген автор уәдесін орындайды да. Бұл повесінде жазушы балаларға бала болып сырын ашады, өзінің бар болмысын, жамандығын да, жақсылығын да жасырмай жазады. Сол жасырмай жазуының арқасында оқырманның ыстық ықыласын өзіне аударады. Повестің өн бойында мейір қозғайтын, әдеп ұқтыратын және оны әдейілеп оңашаламай, оқиға барысында жымдастырып келтіретін тұстары мол. Оқушы: ...«Әке» деген сөзді айтқанда, жүрегім қарс айырыла жаздайды-ау. Қандай жақын, қандай ыстық!.Еһ, қайран әкем! Егер сен тірі болсаң, мүмкін мен бұдан гөрі басқадай болар ма едім. Кім біледі, жер әлемді шулатып, сотқар Қожа атанып жүргенім әкесіз жетім өскендігім де шығар... Жүргізуші: Осындай Қожаның сырын оқығанда, қай-қайсымыздың есімізге әкеміз түсері сөзсіз. Жазушы әкенің қадірін өстіп әдемі әдіспен айтып өтеді. Оқушы: ...Жасы үлкен таныс адамға сәлем бермеу-көргенсіздіктің белгісі- деп мамам мені талай баулыған. Сол парызымды амалсыз өтеп, «сәлеметсіз бе?» дей салдым... Жүргізуші: Қожаның тентектігі тектен-тек емес, белгілі бір логикадан туындайды. Адам жанын түсіне, ұға бермейтін шолақ белсенділерге, екі жүзділерге қаны қайнайды. (Қожа кіреді) Жүргізуші: Қожа, сен бұзауыңды қораға қамап келіп қойдың ба? Қожа: Иә, осы жолы бұзауымды Жанардың қорасына қарай айдап әуре болмай бірден өзімнің үйіме қарай айдап жібердім. Жүргізуші: Сонда сен бұзауыңды үйіңнің қорасына апармағансың ғой? Қожа: Жоқ, менің оған уақытым жоқ. Бүгін Сұлтан екеуіміз балық аулауға баруымыз керек. (Жанар келеді) Жанар: Сәлеметсіңдерме, балалар! Қожа жаңа ғана өзінің «мақтаншақ Қожа» екенін екінші рет дәлелдеді. Дойбыдан мықтымын деп, жеңіліп, мақтаншақтығын бір дәлелдесе, енді маған Бердібек ата тек ұл балалаларды жақсы көрген деп екінші рет мақтанып тұр. Қожа: Жанар, мен бұл жолы оллаһи, мақтанып тұрған жоқпын. Бердібек атаның Қожасы, Сұлтаны, Еркіні, Бекені - бәрі өжет, шыншыл, адал бала кейіпкерлер екенін барлығымыз білеміз . Жанар: Қожа, сенің айтып тұрғаның дұрыс емес. Кез-келген адамның туған анасы бар. Демек, өмірді, мынау жарық дүниені сыйлаған ананы ардақ тұту, оның алдындағы перзенттік парызды өтеу-кім-кім үшін де қадірі ортаймайтын асыл қасиет. Ендеше ана туралы қалам тербеген, ана тағдырын сәтті шығармаларға арқау ету-қаламгер үшін үлкен абырой деп білемін. Достарым, мен сіздерге Бердібек Соқпақбаев шығармаларындағы қыз, ана кейіпкерлер туралы «Бұл кім?»: мінездемелік сауалнамамды ұсынамын: (Оқырмандар кейіпкердің атын және шығарманы атаулары керек) • Ол - кластағы ең таза оқушы, сондықтан тазалықшы. Қызметіне адал, қатал тазалықшы. Ол-қолымыздың, құлақ, мойынымыздың тазалығын қарайды. Мін тапса, кіргізбейді. «Бар жуынып, таза боп кел. Тырнағыңды сояудай етпей, алып кел»- деп үнемі ескерту айтады. («Балалық шаққа саяхат», Майра) • ...Ол кей-кейде үлкейгенде мамасына ұқсап дәрі беруші болуды арман етеді. Ал кейде одан айнып, Наталья Петровна тәрізді мұғалім болсам дейді. Тағы бірде аспандағы самолетті көріп, ұшқыш болғысы келеді. … (Аяжан «Аяжан повесі») • ...Қайран, жеңгем! Үй ішін дәл сендей ретті, таза ұстайтын адам бар ма екен? Осындағы кез – келген заттан, төсектің, жүктің жиналуынан мен сенің өнерлі, бипаз қолыңды ап-анық танимвн... (Әлиман, «Балалық шақа саяхат») • ...Қыз кезінде көрікті болыпты. Орта бойлы, қыр мұрын, қызыл шырайлының әдемісі болғанға ұқсайды. Ал мен ес білгелі ол науқасшаң. Ауру мен жоқшылық қоса қабаттасып құр сүлдері қалған. Отырса, тұрса, аузынан ойбайы түспейді. Соған қарамастан күні кешке қыбыр-қыбыр қимылдаумен болады. Жоқты бар етіп түтін түтетеді (Әсбет, Балалық шаққа саяхат) • ...Үйдегі әйелге тән жұмыстың бәрін де, Зәуре жоқта сол тындырады. Ертеден қара кешке тыным алғанды білмейді. Табиғат оны жасаған кезде мәз болып, күліп отырса керек. Ол-жомарт табиғаттың аузынан жаз күніндей жайраңдап түсе қалған. Салдырлаған ақ көңіл ашық адам. Көрген-білгенін айтып сап, қарап отырады. (Бөпке әже, «Балалық шаққа саяхат») • Балажан байғұс анам, мен үшін отқа да, суға да түседі шырылдап. Оның қазіргі кейіпі: айналайындар, баламды оқудан шығара көрмеңдер, тағы бір жолға кешірім жасаңдар деп, жалбарына сөйлеп тұрған тәрізді... (Миллат, «Менің атым Қожа») Жүргізуші: Иә, «Біз де бала болғанбыз» деп Бердібек ағамыз айтпақшы, қызық-шыжығы мол жастықтың белгілі жыршысы атанған қаламгер туындыларына арқау болған оқиғаларда асылдың көзіндей боп аналардың бейнелері де жүреді. «Балалық шаққа саяхат» повесіндегі Бөпке әже,аяулы ана Әсбет, Әлиман, «Өлгендер қайтып келмейді» романындағы шалахат момын әйел Ырысты, Зағипа, Қалампыр кемпір, «Менің атым Қожа» повесіндегі Миллат, «Қайдасың, Гауһар?» повесіндегі Гауһар, «Аяжан» повесіндегі Аяжан бейнелері өздеріне тән, қайталанбас тұлғаларымен көз алдыңда қалып қояды. (Сұлтан келеді) Жүргізуші: Балалар, алдарыңда Бердібек атаның шығармаларын жатпай-тұрмай оқитын, шын ықыласты оқырмандарымыздың бірі. Сұлтан (басын қасып): Сәлем бердік! Енді шын ықыласты деген кішкене артықтау ма деймін. Мен, …Сұлтанмын. Балалар мен де құралақан емспін. Менің де сендерге алып келген «базарлығым» бар. «Мынау кімнің сөзі» атты Сұлтанның сауалнамасы: …Ой, қарабасқыр, әлі жатырмысың? Осы сенің-ақ қолыңнан кітап түспейді екен. Тасташы былай. Немене, бүгін той екенін ұмыттың ба?.. (Сұлтан, «Менің атым Қожа») • ...Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым, шындықты айтып отырмын - әттең жазушы болсам деген арман менің көкейімде ерте ұялады. Үшінші, төртінші кластарда оқып жүргеннің өзінде-ақ ақындық даңқым мектептен асып, бүкіл ауылға жайылды... (Қожа, «Менің атым Қожа») • ...Шыбыным, әйтеуір ешкімге тимей, ұрынбай, жайыңа жүр. Тек жүрсең, тоқ жүресің дейді атаң қазақ. Сенің тентектігіңді менен басқа ешкім де көтермейді. Әйтеуір саған айтар ақылым,-тыныш жүр, балам, тыныш жүр. Біреудің ала жібін аттаушы болма... (Қожаның әжесі, «Менің атым Қожа») • ...Текес, сен мені балығыңмен асыраған, шынықтырған анам болсаң және бір мені осы жарық дүниеге алып келген анам үйде хал үстінде. Ол-дағы өзің секілді аяулым, қимасым еді. Сол асыл анам бұл дүниенің тізімінен сызылуға жақын жатқан секілді. Осы бір мен үшін тіл жетпес ауыр кезеңді мен оның шырағы жалп етіп сөнген шағын көзбен көріп, шыдай алар емеспін.... (Бердібек, «Балалық шаққа саяхат») • ...Құдай жолыңды түсіріп, келіп қалған екенсің. Тай мінгізіп жіберер ек, шама жоқ. Тым құрса, жейде киіп кет. Ана жылы Сарыбастауда оқып жүргеніңде ашумен үстіңнен қара шапанды сыпырып алған едім. Қайтейін, қу жоқшылық адамға не істетпейді? ....Құдай қосса, әлі-ақ адам боласың. Адам болды деген міне, осы... (Әлиман, «Балалық шаққа саяхат») • ...О,жалған! Біреуден бір нәрсе сұрап телміруден өткен жаман не бар екен! Жігерім құм болып амалсыз бара жатырмын. Қолымдағы сүт сұрауға арналған ыдысымды көрсетпей тығып алам... (Бердібек, «Балалық шаққа саяхат») • ...Өліп едім, тірілдім. Өшіп едім, қайтадан жандым! Құдай айдап әкелген мына ақжолтайымның арқасында құлағым ашылып, тағы да адам қатарына қосылдым... (Ораздың шешесі Күлиша «Аяжан») • ...Ыдырыс, тағы да сен бе? Тұншықтырып өлтірдің ғой сығыр құдай. Қақтамай, қоя тұршы. Жатар кезде жайсаң да кебеді ғой. Тым болмаса, пешке тақамай, әрірек жай... (Әсбет, «Балалық шаққа саяхат») • ...Шеше, сіздің балаңыз жайында ойымдағымды мен де айтайын. Балаңыз адам болатын бала. Жақсы бала. Әттең, бұдан гөрі басқадай ортада тәрбие көрсе, алысқа ұзап баратын жастың тап өзі... (Николай Трофимович, «Жекпе-жек») • ...Бұл менің түзелемін деп, өзіме-өзім бірінші рет уәде беруім емес. Талай рет уәде бердім, шындап бердім. Бірақ қанша тыныш жүрейін деп, тырыссам да, олай болмай шығады. Не ет қызуыммен, не басқа бір себеппен тәртіпсіздік істеп қойғанымды өзім де байқамай қалам. Жоқ, енді олай болмауға тиіс! (Қожа, Менің атым Қожа) Сұлтан: Балалар, мен сендерге өте қуаныштымын! Міне, осындай өз әдебиетін сүйіп оқитын отанымыздың нағыз патриот азаматтары бола беріңдер. Міне, көріп тұрсыңдар ғой, менде кітап оқитын болдым. Енді біз ауылға қайтайық. Сау, болыңдар! (Қожа, Жанар, Сұлтан үшеуі балалармен қоштасып шығып кетеді) Жүргізуші: Балалар, бүгінгі әдеби-ойынымыз мәреге жетіп қалған сияқты. «Оқырмандарым! Менің кейіпкерлерім аспаннан түскен адамдар емес. Осы өздеріңнің араларыңда бірге ойнап –күліп жүргендер. Ендеше Қожа маған қандай қымбат болса, сендер де сондай қымбатсыңдар». Міне, Бердібек аға сонау алыстағы жылдары біздің Сапарғали Бегалин атындағы Мемлекеттік республикалық балалар кітапханасында кездесуде болған кештен соң ықыласпен осындай тілек қалдырған еді. | |
Просмотров: 4416 | Загрузок: 526 | |
Всего комментариев: 0 | |