Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті |
[ Скачать с сервера (230.5 Kb) ] | 02.09.2014, 09:09 |
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бұл еңбек “Арқалық батыр” жырының зерттелу тарихын, жырдың нұсқалылығын, осы күнге дейін сақталған барлық нұсқаларын толық, тұтастай, кешенді түрде қарастыруымен сипатталады. Жыр нұсқаларының образдар жүйесі мен көркемдік ерекшеліктері сараланып, бұрын-соңды жарияланбаған жаңа да тың дерек көздер көпшілік назарына ұсынылады, жырға арқау болған нақты тарихи оқиғалар мен жыр кейіпкерлерінің прототиптері нақты деректер арқылы айқындалады. Шығарма тілінің көркемдігі, ондағы суреттеулері, жырдың құрылымы мен мазмұнындағы өзгеге ұқсамас ерекше қырлары талқыланып, терең байыпталады. Тақырыптың өзектілігі. Қазақ халқының кез келген халықтың эпикалық қазынасынан кем түспейтін телегей-теңіз мол, әрі көркемдігі кемел, танымдық-тағылымдық мәні зор жырларының басым көпшілігі, әлі де болса, игерілмей жатқандығы – ащы да болса, шындық. Бұл олқылықтың орын алуына себеп болған жағдайларды анықтамақ болғанда, әуелі еліміздің ұзақ уақыт бодандықта өмір сүріп, таптық көзқарасты ту қып ұстап, коммунистік идеологияның үстемдігін бастан кешіргендігі еске түсері анық. Осы орайда бір кездері қазақ эпосының «Қамбар батыр» жырынан өзге үлгілеріне халыққа жат, зиянды құбылыстар ретінде тыйым салынған сұрапыл кезең ауызға жиі алынатынын да білеміз. Ал, жылымық дәуір орнаған заманда жазылып алына бастаған, кедей қаһарманды жағымды кейіпкер ету арқылы коммунистік идеологияның алыптарын да қанағаттандыра алатын, заманамыздың заңғар жазушысы тамсана ауызға алған әрі жыршы, әрі импровизатор ақын болып табылатын өнерпаздардың тұтас бір легі ат салыса тудырып, дамытқан, берер ғибраты да мол, халқымыздың көркемдік қабілетін дамытуға қосар үлесі де зор «Арқалық батыр» жырының көптеген үлгілерінің жарияланбай, зерттелмей, қоғамымыздың пайдасына асырылмай келе жатуының сырын түсіну өте қиын. Оған көз жеткізу үшін алысқа бармай-ақ, Қазақстан Республикасының мұрағаттық мекемелерінде ұзақ уақыттан бері сақталып келе жатқан аталған жырдың бес нұсқасының осы уақытқа дейін біреуінің ғана баспа бетін көріп, бұл жырдың барлық нұсқаларын тұтастай алып, жан-жақты қарастырған еңбектердің жазылмауын атап өтсек те, жеткілікті. Жылдар бойына қордаланып қалған осындай күрделі проблеманы бір ғана еңбек арқылы шешіп тастаудан үміттену бекершілік екені түсінікті. Дегенмен, біздің зертеуіміз осынау маңызды мәселеге қозғау салатындай бастама жасайтын сәттің әлдеқашан туғанын ескере отырып қолға алынған еңбек. Елбасымыздың тікелей басшылығымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында игеріліп жатқан құнды рухани қазыналарының қатарында Арқалық батыр туралы халық туындыларын да толық әрі кешенді, жан-жақты зерттеу ісі – аса маңызды әрі кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Тақырыптың зерттелу деңгейі. «Арқалық батыр» жыры Қазақстан жұртшылығының қалың көпшілігіне Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» трагедиясы жарыққа шыққаннан бастап танымал болды. Өз кезегінде бұл пьесаны әдебиет айдынының алыптары – М.Әуезов пен Ғ.Мүсірепов жоғары бағалаған. Аталмыш пьеса жарық көргеннен кейінгі уақыт ішінде Қазақ ССР Ғылым академиясының ұйымдастыруымен жүргізілген халық мұрасын жинау жұмыстарының барысында Арқалық батыр туралы жырлар мен аңыздардың бірнеше нұсқасы жазылып алынып, қолжазбалар қорына қабылданды. «Арқалық батыр» жырының Ержан Ахметовтің айтуынан жазып алынған нұсқасы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында 1961 жылы шыққан «Батырлар жыры» атты жинақта, 1977 жылы жарық көрген «Ақсауыт» атты жинақта жарияланды. «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты еңбектің бірінші томындағы Мәлике Ғұмарова жазған «Бұрын зерттелмеген жырлар» тарауында қазақ эпосының бұрын зерттеушілер назарынан тысқары қалып, ғылыми айналымға түспей келген бірқатар үлгілерімен бірге «Арқалық батыр» жырының Е.Ахметов, И.Байзақов, Е.Құлсариев және С.Нұралин нұсқалары туралы да қысқаша ғылыми мағлұмат берілген. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1963 жылғы 25 қазанында шыққан санында ғалым С.Садырбаевтың Арқалық батырдың жиналуы, жариялануы, идеялық мазмұны туралы мақаласы шықты. Моңғолиялық ғалым Қабидаш Қалиасқарұлының 1969 жылы баспадан шыққан «Баян-Өлгий қазақтарының ауыз әдебиеті» атты кітабында «Арқалық батыр» жырының Монғолияның Баян-Өлгий өлкесінде кеңінен тарағаны жөнінде жазылып, бұл туындының идеялық мазмұнына, образдар жүйесіне талдау жасалған. Бұл кітаптың авторы өзі талдап отырған нұсқаның жырлаушысын көрсетпегенімен, Б.Уахатов аталмыш зерттеуде келтірілген үзінділерге қарап, оны Ержан Ахметов нұсқасы екендігіне болжам жасаған [1, 179 б.]. Академик Р.Нұрғали, профессор С.Ордалиев, Е.Жақыповтар да жырды Ж.Шаниннің осы жыр негізінде жазылған трагедиясына байланысты қарастырады. С.Садырбаевтың 1976 жылы жарық көрген «Фольклор және эстетика» атты монографиясының «Арқалық батыр» жырының варианттары» атты тарауында жырдың таралған территориясы, нұсқалары, ол нұсқаларды бізге жеткізуші – Е.Ахметов, Е.Құлсариевтер туралы жан-жақты мағлұмат берілген. 1979 жылы жарық көрген «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» атты ұжымдық монографияның «Арқалық батыр» атты тарауын Б.Уахатов жазған. Бұл ғылыми еңбекте жырдың Е.Ахметов, И.Байзақов, Е.Құлсариев нұсқаларына талдау жасалған. «Арқалық батыр» жыры ғалым З.Сейітжанұлының қазақтың реалды тарихи эпосының ерекшеліктері туралы диссертациялық жұмысының, 1994 жылы баспадан шыққан «Тарихи эпос» атты монографиясының және өзге де еңбектерінің нысанасы болды. З.Сейітжанұлы өзінің зерттеулерінде еліміздің мұрағаттарында сақталып келген жырларды түгелімен сөз қылып, өзінен бұрынғы зерттеушілер назарынан тысқары қалып келген А.Түгелбаевтың нұсқасын, жырдың Қытайдағы қазақ диаспорасының арасында сақталған нұсқаларын да ғылыми електен өткізеді. «Қазақ қолжазбаларының ғылыми» сипаттамасы атты көптомдық анықтамалық еңбектің үшінші томында жырдың елімізде сақталып келе жатқан нұсқалары туралы құнды мағлұматтар берілсе, жыр нұсқаларын жазып алып, жариялау, зерттеу жөнінде өз кезегінде Қытай Халық Республикасында да біршама жұмыстар атқарылды. «Мұра» журналының 1983 жылғы 3-санында жарияланған нұсқаға жазылған алғысөздің авторы – Ж.Әбілғазыұлы өзінің жырдың нұсқаларын жинап, салыстырумен ұзақ уақыт бойы тиянақты шұғылданғаны туралы жазып, ондағы негізгі мақсаты – жырдың тарихи шындықты дұрыс көрсететін нұсқасын табу болғандығын, осы ниетін жүзеге асыру үшін өзіне белгілі жыр нұсқаларын қарияларға оқып беріп, олардың пікірлерін тыңдап отырғанын білдіреді. Сондай ізденістерінің нәтижесінде Ж.Әбілғазыұлының жырдың көптеген нұсқаларында қиялдың күшімен өмір шындығынан ауытқушылық кездесетінін анықтағанынан да хабардар боламыз. Сондай-ақ «Арқалық батыр» жыры туралы құнды мәліметтерді көрнекті әдебиетші Асқар Татанайұлының еңбектерінен де алуға болады. «Мұра» журналының 1994 жылғы 2-санында Әлия Баймаханованың «Арқалық батыр және «Арқалық батыр» дастанының варианттары жөнінде» атты мақаласы жарияланды. Бұл мақаланың құндылығы – онда сол уақытқа дейін Арқалық батырдың өзін және ол туралы туындыларды танып-білу жөнінде ҚХР-да атқарылған жұмыстар жөнінде, Арқалық батырдың кім болғаны, оның заманы, жырға арқау болған тарихи шындық, жыр кейіпкерлерінің прототиптері, жырдағы ақиқат пен аңыздың арақатынасы, Қытайдағы қазақ фольклортануының деңгейі т.б. өзекті мәселелер сөз болады. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жоғарыда айтылған жайттар «Арқалық батыр» жырының жанрлық табиғатын ашып, оған текстологиялық талдаулар, палеографиялық зерттеулер, кешенді салыстырулар жүүргізудің аса өзекті мақсат екенін ұғындырады. Осы мақсатты жүзеге асыру ісі мынадай міндеттерді шешкенде ғана мүмкін болады: – жыр жөніндегі бұған дейін айтылған азды-көпті пікірлердің барлығын да ғылымның осы замандағы жетістіктері тұрғысынан зерделеп, жаңаша пайымдау; – «Арқалық батыр» жыры нұсқаларындағы тарихи шындық пен көркемдік қиялдың арақатынасын ашып көрсету; – жырдың сюжеттік құрылымындағы мотивтердің қызметін анықтау; – қаһармандық сарындардың сипатын саралап, оны эпос жанрының өзге үлгілерімен салыстырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау, жырдың сюжеттік, образдық және көркемдік жүйесіндегі дәстүрдің көрінісі мен дара сипаттарын жіктеп көрсету; – жырдың барлық версиялары мен варианттарын тұтас қарастырып, өзіндік ерекшеліктері мен ортақ белгілерін табу арқылы «Арқалық батыр» жырының рухани мұралар қатарындағы алатын орнын айқындау; – «Арқалық батыр» жырының әр түрлі нұсқаларын салыстыру барысында халық ауыз әдебиеті үлгілерінің туып, дамуында айрықша қызмет атқаратын ұжымдық шығармашылықтың, жекелеген дарынды сөз зергерлерінің атқарған қызметтерін анықтау. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: - «Арқалық батыр» жырының осы күнге дейін сақталған барлық нұсқалары тұңғыш рет толық, тұтастай, кешенді түрде қарастырылды; – жыр нұсқаларының образдар жүйесі мен көркемдік ерекшеліктерін саралау бұл туындының тәрбиелік, эстетикалық және тағы да өзге жақтарынан маңыздылығын анықтауға жол ашты; – егемендік алуымызға, жариялылық заманның орнауына байланысты пайдалануға мүмкін болған жаңа да тың дереккөздер көпшілік назарына ұсынылды; - жырға қандай нақты оқиғалардың негіз болғаны, жыр кейіпкерлерінің прототиптері кімдер екені нақты деректер арқылы анықталды; - жырдың көркемдік жүйесіндегі өзгешеліктердің түп төркіні зерделенді; - диссертациялық жұмыста қарастырылған «Арқалық батыр» жыры нұсқаларының үштен екі бөлігі тұңғыш рет осы зерттеуде ғылыми талдаудың нысанына айналды; - «Арқалық батыр» жырына қатысты тарихи деректер беретін жазбаша және ауызша мағлұматтар тұңғыш рет жүйелі де толық жинақталып, ғылыми айналымға түсіріліп, сарапталды. Зерттеу әдістері. Жұмыста сипаттау, тарихи-салыстырмалы, салыстырмалы-типологиялық талдау, сараптау-сипаттау, жинақтау, қорыту әдістері қолданылды. Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Диссертациялық жұмысты жазу барысында фольклортану мен әдебиеттану саласында құнды іргелі зерттеулерімен танылған отандық және шетелдік ғалымдардың теориялық тұжырымдары басшылыққа алынды. Тақырыпты игеруге Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Н.С.Смирнова, Р.Бердібаев, М.Ғұмарова, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, С.Қасқабасов, З.Сейітжанұлы, Б.Уахатов, С.Садырбаев, Ш.Ыбыраев, Б.Абылқасымов, Т.Қоңыратбай, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов және т.б. көрнекті ғалымдардың еңбектері ғылыми-әдістемелік бағдар берді. Зерттеудің жұмысының дерек көздері. Диссертациялық жұмыста алға қойылған мақсат пен міндеттерді жүзеге асыру үшін зерттеу жұмысының нысаны мен дерек көздері ретінде жырдың Қазақстанда, Қытай Халық Республикасында, Моңғолияда сақталған, жарияланған нұсқалары, аталған елдерде жарияланған кітаптар мен мерзімді баспасөз өнімдері, ғалымдардың зерттеу еңбектері мен түрлі сипаттағы мағлұматтары, Қазақстан Республикасы Орталық ғылыми кітапханасының және М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорларындағы қолжазбалар және архив құжаттарында, халық жадында сақталған деректер, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы ұйымдастырған экспедицияларының мүшелері жинаған материалдар пайдаланылды. Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңызы. Зертеу нәтижесінде қол жеткізілген тұжырымдар мен қорытындыларды фольклортану пәні бойынша түрлі деңгейдегі оқу орындарында дәрістер өткізу, арнаулы курстар мен семинарлық сабақтар өткізу, фольклор мен фольклортану ғылымының тарихын жазу, жалпы таным көкжиегін кеңейткісі, еліміздің тарихы мен мәдениеті жөніндегі білімін толықтырғысы келген оқырман қауымның сұранысын қанағаттандыру мақсатында қолдануға болады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: – «Арқалық батыр» жыры – қазақ халқының өткен тарихынан, көркемдік дәстүрінен хабар беретін, танымдық-тәрбиелік, көркемдік маңызы аса зор рухани мұра; – «Арқалық батыр» жыры – ХІХ ғасырда халық бұқарасының сана-сезіміне ерекше қозғау салған нақты тарихи оқиғалар негізінде өмірге келген асыл қазына; – жырдың алуан сипатты көп нұсқада дамуына бас кейіпкердің туып-өскен, өмір сүрген өлкесі – Қытайдың Шыңжан аймағындағы әлеуметтік-тарихи, мәдени ахуалдары, сондай-ақ туындының ақын-жыршылар репертуарларынан орын алуы, олардың жеке дарын-қабілеттері әсер етті; – нұсқалардың арасындағы елеулі айырмашылықтардың болуына фольклордың жыр және аңыз сияқты түрлерінің поэтикалық жүйесіндегі өзгешеліктер, жыршылардың жырға арқау болған тарихи шындықтардан хабардарлық деңгейінің әр келкілігі, қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің бір-біріне ықпалының өсе түсуі, фольклор туындыларының әдебиет пен өнердің драматургия секілді жаңа жанрларына арқау болуы, сөз өнерінің дамуына байланысты қалыптасқан жаңа көркемдік тәсілдер себепші болды; – қарастырылып отырған шығарманың нақты тарихи оқиға негізінде шығарылғандығы оның кейіпкерлерінің нақты прототиптерін анықтауға мүмкіндік берді; – жырдың барлық нұсқалары үш версия аясында, атап айтқанда, Көтбай ақыннан таралған версия, С.Нұралин версиясы және Е.Құлсариев – И.Байзақов версиясы деп қарастырылады; – жыр нұсқаларын салыстыра қарастыру олардың бастапқыда ортақ бір түпнұсқадан таралғандығын аңғартады. Зерттеудің сыннан өтуі мен жариялануы. Жұмыстың негізгі тұжырымдары мен нәтижелері республикалық, халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда, ҚР Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен ғылыми басылымдарда жарық көрді. Диссертация әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әдебиет теориясы және фольклористика кафедрасында талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылып отыр. Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, негізгі бөлімнің екі тарауынан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, «Арқалық батыр» жырының зерттелу тарихы, жұмыстың дерек көздері, зерттеу нысаны, зерттеу әдістері, қолданбалық маңызы, сыннан өтуі мен сарапталуы жөнінде мәліметтер берілген. «Арқалық батыр» жырының версиялары» деп аталатын бірінші тарауда «Арқалық батыр» жырының нұсқаларының сюжеттік құрылымы мен образдық жүйесі тұтастай алынып, салыстырмалы түрде талданады. «Арќалық батыр» жырының нұсқаларын мазмұндарындағы, образдық және көркемдік, тілдік жүйелеріндегі өзгешеліктерге орай үш түрлі версияға бөліп қарастырғанды жөн көрдік. Бірінші версияға жырдың Е.Ахметов, А.Татанайұлы, А.Түгелбаев, С.Мәжитұлы, Ж.Әбілғазыұлы нұсқалары және Қайса мен Дөнеш жинаған нұсқасы, К.Мәженұлы, Қ.Ашубайұлы, Ш.Исаұлы жинап, бастырған нұсқасы, сондай-ақ жырдың Моңғолияда жарияланған нұсқасы жатады. Бұл нұсқаларды «Көтбай версиясы» деп қарастырғанда, біз З.Сейітжанұлының: «Ержан да, оның ұстазы – Көтбай жыршы да сол Арқалық батырды естіп-білген, не болмаса, оны өз көзімен көрген адамдардың арасында туып өскен», – деп жазғанына сүйендік [2, 25 б.]. Жырдың екінші версиясы қолжазбасының басындағы «Автордан» деген түсініктемесінде Сағидолла Нұралин бұл нұсқаның қағазға түсуіне жырдың Е.Ахметов нұсқасының түрткі болғанына тоқтала келіп: «Арқалықтың бұрынғы жырын мен жаттап алған адам емеспін. Бірақ Керей ақсақалдарының ауыз әңгімелерінде Ержан айтқаннан басқарақ сияќты еді. Мен қарттардың ауыз әңгімесіне негіздеп Арқалық батыр жөнінде аз қалам қозғағым келді... Демек, менің жазбаѓым көне замандағы Көтбайдың айтқаны да емес, Абақ Керейдің ақсақалдарының жай сөзбен айтќан әңгімесіне негізделіп, өз қабілетімнің келгенінше өлеңмен болмақ. Бірақ негізгі шындық өмірде болѓан істің шеңберінен шығып кетпейді», – деп жазған [3, 2 б.]. Жырдың үшінші версиясы – Е.Құлсариев және И.Байзақов жырлаған нұсқалары. «Арқалық батыр» жырының Көтбай версиясына, яғни бірінші версияға жататын нұсқаларында ұқсастықтардың мол болуымен қатар айырмашылықтар да кездеседі. А.Татанайұлы нұсқасының басында дүрбіттен Қаракерей руының адамдарының жылқы алғандығы, оның Арқалық оқиғасына әкеліп соқтырғандығы баяндалады. Ал, Е.Ахметов нұсқасында Арқалық пен төрт серігінің дүрбітке барған сапарынан да бұрын Әжі төренің тапсырмасымен ұраңқайға барымтаға барғаны айтылып, бұндай оқиғалар олардың билеушісінің дағдылы кәсібіне айналғаны айтылады. Бұл версияның өзге нұсқалары Әжінің алпыс жылқысын дүрбіт алғанын, соған орай төренің Арқалық пен серіктерін кек қайтарып келу үшін жұмсағанын баяндаудан басталады. Е.Ахметов, А. Түгелбаев, Ж. Әбілғазы нұсқаларында жорыққа аттанып бара жатқан Арқалық кісі өлтіріп алса, арты не болатынын төреден сұрағанда, төре: «Ап келсең осы жолы бұл кегімді, Берсем де Сейілханды, сені бермен»,– деп жауап береді. Бұндай уағдаласу А.Татанайұлы нұсқасында жоқ. | |
Просмотров: 910 | Загрузок: 389 | |
Всего комментариев: 0 | |