Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті |
Алтынайұлы Қарасай
[ · Скачать удаленно (24.5Kb) ] | 21.11.2012, 17:13 |
АЛТЫНАЙҰЛЫ ҚАРАСАЙ
Алтынайұлы Қарасай (1589-1671) – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі шапырашты руының ұранына шыққан аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған. Топырақ Көкшетау алабындағы Айыртау сілемінің Құлшынбай деп аталатын төбесінен бұйырған. Қасына өзінің қанды көйлек досы арғын Ағынтай батыр жерленген. Қос арыс - шапырашты Қарасай мен арғын Ағынтай батырға және олармен бірге қанды шайқаста қаза болған сарбаздарға қос күмбезді кесене орнатылған (1999). Қарасай батырдың шыққан тегі ұлы жүз шапырашты. Шежіре дерегі бойынша, Шапырашты Шам (Ыстық), одан Малды, Желді, Қалды есімді үш ұл туады. Малдыдан Екей, Еміл, Емілден Жайық пен Есқожа туады. Есқожадан Алысай, Алтынай, Шуаш есімді үш ұл туған. Алтынайдың үшінші әйелінен Қарасай батыр туған. Сөз орайында айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы Қарасай батырдың тікелей ұрпағы. Атап айтқанда Қарасайдан Көшек, одан Айдыр, одан Мырзатай, одан Еділ, одан Сапақай, одан Назарбай, одан Әбіш, одан Нұрсұлтан туады. Қарасай батырдың өмір сүріп, ғұмыр кешкен заманы қазақ-жоңғар арасында екі ғасырға созылған қан қақсап соғыстың енді тұтанып, енді шиеленісіп, бірте-бірте екі көшпелі елдіің тактикасы мен стратегиясының сынға түсе бастаған кезі еді. Бұл кезде қазақ халқының дербес ел болып, ірге бекітіп, біртұтас этникалық сана-сезімнің орныққанына екі ғасырдың жүзі болған. Содан да болар, қазақ-жоңғар арасындағы өрт тұтанған кезде елі мен жерін қорғау үшін алғаш рет атқа қонып, елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне шығып, ерлік көрсеткен батырлар қатарында Қарасай да болды. Қазақ-жоңғар соғысы XVI ғасырдың өзінде-ақ шиеленіскені жөнінде тарихшы В.В.Вельяминов-Зернов жазады. Ал ағылшын көпесі А.Дженкинсон 1557 жылы Қытайға бармақшы болып жолға шыққан, бірақ қазақ-жоңғар арасында Ташкент үшін қырғын соғыс болып жатқандықтан Қытайға өте алмағанын жазып қалдырған. Демек, Қарасай батыр ат жалын тартып мініп, сарбаздар сапына тұрған кезде көшпелі екі ел арасындағы соғыс тәсілдері, қорғаныс әдістері әбден шыңдалып, өліспей беріспейтіндей шиеленісіп үлгерген. Міне, бұл тұрғыдан келгенде, қазақ халқының ұлттық патриотизмін, ерлік дәстүрін алғаш рет қалыптастыру, орнықтыру миссиясы Қарасай қатарлы батырлардың пешенесіне жазылған. Жетісуда туған Қарасай батырға Арқаның Айыртауынан топырақ бұйыруы, Қызылжарда туған Баян батырдың соңғы демінің Іле бойында таусылуы, Еділ бойында туған тама Қабанбай батырдың Арқадағы Сарысу бойындағы шайқаста қаза табуы, Ерейментаудың Малайсарысының Алатау бөктерінде дүние салуы, сөз жоқ, ұлттық-этникалық біртұтастықтың, мемлекеттіктің әбден орныққандығының, сол мемлекет аясындағы ата мекеннің азаматтар санасында біртұтас киелі сипат алғандығының ең бедерлі айғағы еді. Осындайда қазақ халқының кейінгі ғасырларда бастан кешкен жойдасыз азапты өмірінде отаншылдық сияқты ең киелі сезімдерінің шайылмауының басты себебі, сол бір Қарасайлар заманында орныққан эпикалық ерліктер мен патриотизмнің негізі беріктігіне де болар деген қорытындыға тоқтауға тура келеді. Есім мен Жәңгір сияқты ақылды хандардың арман-аңсары Қарасай сияқты біртуар батырларға, ру–тайпа көсемдеріне тікелей арқа сүйеу арқылы жүзеге асып отырды. Жалпы XVII ғасыр аясында, яғни Қарасай батырдың ат үстінде болған кемел шағында қазақ-жоңғар арасында әйгілі үш соғыстың болғаны тарихтан аян. Мұның біріншісі – 1635 жылы болған Сібір-Тобыл соғысы. Бұл соғыс туралы И.Э. Фишер «Сібір тарихы» атты еңбегінде жазған. Тарихи деректерде осы кезеңде жалайыр, шапырашты руларының Тобыл бойында болғаны айтылады. Сібір-Тобыл соғысына Қарасай батырдың қатысқаны ешқандай күмән келтірмейді. Екінші соғыс 1643 жылы болған. Бұл әйгілі Жәңгір сұлтанның (ол кезде әлі хан тағына отырмаған) 600 жанкешті сарбаздарымен жоңғардың 50 мың әскеріне қарсы тұрып, оған алшын Жалаңтөс батыр 20 мың әскерімен көмекке келетін жойқын соғыс. Бұл соғыс жайында орыс тарихшылары Н.М. Карамзиннен бастап И.Я. Златкинге дейін таусыла жазып, жалпы соғыс тарихында сирек кездесетін оқиға ретінде атап өтеді, яғни шежіре деректерінде шапырашты Қарасай батырдың 3 мың қолымен осы соғысқа қатысып, жойдасыз ерлік көрсеткені айтылады. Әйгілі Сүйінбай жыраудың: Қарасай халқы үшін атқа мінді, Шыдамай жауыздыққа неше түрлі,- дейтіні, немесе: Сол қуғаннан қуылды Шудан бастап, Қалмақ қашты баласын, малын тастап. Әйеліне қарауға шамасы жоқ, Келіп еді о баста жерді ластап,- деп суреттейтіні Қарасай батырдың осы соғыстағы ерлігіне орай айтылған. XVII ғасырдың аясында қазақ-жоңғар арасында болған сұрапыл соғыстың үшіншісі – 1652 жылы өткен. Бұл соғыста Жәңгір ханды жекпе-жекте 17 жасар Қалдан Серен өлтірді. Осындайда «тарихтың тәлкегі» деуден гөрі, «тарихтың заңдылығы» деуге болатын бір гәп еске түседі, сол Қалдан Сереннің баласы Шарышты Аңырақай шайқасында 17 жасар Абылай сұлтан (ол кезде хан емес) жекпе-жекте өлтіреді. 1652 жылғы соғыста Қарасай батыр жалпы қазақ әскерлері қолбасшыларының бірі ретінде ақыл-парасатымен, тапқырлық-табандылығымен танылған. Сахара төсінің ежелден қалыптасқан тәртібі бойынша ел бастаған көсем мен қол бастаған батырлардың есімі әдетте ру-тайпа атауына ұласып, ұранға шығып отырған. Ондай ірі тұлғаларға жер атын беру рәсімі қалыптасқан. Бұл ретте Қарасай батыр есімінің ру атауына ұласып, ұранға шығуы, бірнеше жер атауларының берілуі, ең алдымен, іргелі рудың қам-қарекетін елдік мұрат-мүддесімен тоғыстыра білген қайраткер- қолбасшылығына айғақ болса керек. Белгілі зерттеуші П.П. Румянцевтің Жетісу тарихы мен шаруашылығына арналған кітабы 1913 жылы Петербургте жарық көрді, «Материал Семиреченской области» деп аталатын осы кітапта былай жазылған: «Батыс Кәстек өңірінің жұрты шапырашты руынан шыққан Қарасай руы Ақмола облысының жерін қоныс етеді. Қарасайдың бейіті Көкшетау уезінің Айыртау деп аталатын өңірінде» - дейді. Қазақ халқының тарихи тұлғаларына деген марапат-құрметінің соншалықты баянды екені қайран қалдырады. Өлетін малмен, тозатын дүниемен алдарқатпайды, еліне лайық ер туса, олардың есімін тұтас ру мен киеі туған жерге бұйыртып отырған. Онысы жеріміз бүтін, еліміз аман болса, біртуар ерлердің де есімі ұмыт болмайды дегені болуы керек. Қазақ халқының мұндай мәртебеге лайық перзенті Қарасай батыр екенін тарихтың өзі дәлелдеп отыр. | |
Просмотров: 1113 | Загрузок: 364 | |
Всего комментариев: 0 | |