Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Алаш қозғалысы және Нармамбет Орманбетұлы
[ Скачать с сервера (75.5 Kb) ] 12.11.2012, 15:39


Қоғамдық өмірге белсене араласқан Н.Орманбетұлы Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы халықтық үн көтерілген 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесіндегі атақты Қарқаралы петициясына қатысушылардың бірі болды. «Патша өкіметі бұл акцияны барып тұрған саяси күрес деп тауып, жергілікті басқару органдарынан бақылауды күшейтуді талап етеді. Дала генерал-губернаторы хұзырхатты ұйымдастырған адамдарды анықтап, олардың үстінен іс қозғау жөнінде Қарқаралы уезінің бастығына нұсқау береді. Уез бастығы Оссовский өзінің тексеру жұмысытарының барысында хұзырхатты дайындағандардың басшылары Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев екендерін дәлелдеп, қазақ тілінен орыс тіліне аударған Т.Нұрекенов болғанын да анықтап, олардың үстінен іс қозғап, арттарынан аңдушылар қойды». Бұл жерде атақты Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылар Алаштың көсемдері, соның ішінде А.Байтұрсынов десек, халқымыздың қоғам және әдебиет қайраткері Қарқаралыда бастапқыда сыныптық орыс-қазақ, кейін қалалық училищенің оқытушысы болғаны мәлім. Міне, Нарманбет ақын «Мектеп бастығына» өлеңінде А.Байтұрсыновтың ұлтты ағарту мен оятудағы қызметін ереше бағалап, халқымыздың отарлық қысымдағы мүшкіл халын жеткізеді:
Мүбәрәк болсын тойыңыз, Басында тұр қазақтың.
Мақпал болсын ойыңыз, Қатарында біз қалдық-
Зерек болып шәкірттер, Ойын-күлкі мазақтың.
Бәлент болсын бойыңыз! Дүниесін түзей бер!
Бұйырмаңыз айыпқа, ауыл алыс, Дін көңілді безей бер!
Болмады тойғы сояр қойыңыз. Атын естіп қорқамыз,
Қараңғы қасірет бұл күнде- Ақыретті дозақтың (61,73).
М.Әуезов «Ахаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында «1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген, ол петициядағы аталған үлкен сөздер: бірінші, жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған, екінші, қазақ жұртына земство беруді сұраған, үшінші, отаршылдардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан, қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселесі осылар болғандықтан, Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан. Көпшіліктің оянуына себепші болған» деп жазғанындай сол оянған ұлттық санаға серпін берушілердің қатарында Нарманбет те болды. Н.Орманбетұлының қазақ халқының әлеуметтік өміріндегі аталған саяси маңызы зор іс-шараға қатысқаны жөнінде Қазақ Ғылым академиясы сирек кітаптар мен және қолжазбалар бөлімінде мынадай құнды дерек бар: «…Осы кезде қазақ даласында қызу түрде ұлт қозғалысы басталды. Ұлтшыл оқығандардың басы қосылып, Қарқаралы уезінде бұл қозғалыс айқын және кең орын алды. Сол жылы Қоянды жәрмеңкесінде ұлтшылдардың мың адам қол қойған талап-тілектеріне қызу араласты. Ол (Нарманбет) соған арнап бірнеше өлең жазды. «Мектеп бастығына» деген өлеңінде ақын өзінің таптасы А.Байтұрсынұлының алдына ұлтшылдық пікірін жайып салды. Қарқаралы қозғалысының ұйытқысы болған Ахмет, Жақыптар жер аударылғанда шығарған өлеңі «Қазақты жүруші еді қойдай бағып». Сонымен қатар Жақып Ақпайұлы екеуі «Алаш Орданың» сайлауын өткізуге бара жатып бір үйде шығарған өлеңі «Құрылтайға бара алмай құр қалмайық» деген жєне 1905 жылы «Жақыпқа» атты өлеңдері бар». Мұрағат құжатында кешегі таптық таным, идеологиялық көзқарас жатқанымен Алаш арыстары өмірінен құнды деректер табамыз. Мәселен, ақын 1905 жылы жазылған «Жақыпқа» деген өлеңінде: «Жатпадық су түбінде сәден болып, Шықпадық бір күндерде дария толып. Сұңқардай биік шыңды мекен қылмай, Сықылды болдық қарға ұшып-қонып. Біз болдық өнерімізді тауысқандай, Мерт болдық айға шауып арыстандай. Байғазыдай тауда жытып, тас жастанбай, Шықылдап көзге түстік сауысқандай» деп кең даланы ен жайлаған бейқам елдің мүшкіл халін айтып, берекесіз тіршіліктің мәнсіздігіне налиды. Тығырыққа тап болған халықты жарық болашаққа бастайтын ұлт зиялыларына, соның ішінде Ж.Ақбаевқа сенім артады.
Ж.Ақбаевтың қоғамдық қызметін терең зерттеген ғалым, қоғам қайраткері М.Құл-Мұхаммедтің: «Отаршыл шенеуніктердің аса зор өкінішіне ќарай, ХХ ғасырдың басында далада осындай адамдар пайда бола бастады. Ж.Ақбаев сондай адамдардың бірі болса, білімі терең және барынша батыл болѓан ол халықтың қанын сүліктей сорған зорлықшыларға тау селіндей тасқындап, шүйлікті» деген пікірі қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі, Алаш арысының ел үшін атқарған ер еңбегін, ұлтжандылық тұлғасын анық танытады.
«Қазақты жүруші едің қойдай бағып» өлеңінде Қарқаралы петициясының маңызын, осы іске ұйытқы болған Алаш азаматтарының елдік жолындағы қызметін:
Жазылды жәрмеңкеде патшаға дат,
Мұнан соң мәшһүр болды бұл ғазағат.
Тоқтамға жұрт қатарлы елді сұрап,
Жанақтан болсын деген келді рұқса.
Қазақты жүруші едің қойдай бағып,
«Қабаған» сәттерінде қоңырау тағып,
Халықты аяй тұғын асыл заттар.
Бір-екі тұйғын ұшты қанат қағып.
Ұшқан жоқ ол тұйғындар қызыл үшін,
Соқты ғой дін мұсылман қызығы үшін, –
деп бағалаған ақын дүниетанымына, шығармашылығына 1905 жылғы бірінші орыс төңкерісі де айрықша ықпал етеді. Ол оның саяси-әлеуметтік поэзиясына жаңа үн, жаңа сарын әкелді деп айта аламыз.
«Адал мінез, ақ кәсіп,
Үйде отырып қорланбай,
Ашық тұр ғой кең есік -
Кіріп хаққа жылайық!
Қаршыға аңдып қоянды,
О да шошып оянды,
Кел, ұйқыдан тұрайық!» – деп ұлттық ояну ұранына өзіндік үнін қосады.
Бұл өлеңде Нарманбеттің 1905 жылы қандай бағыт ұстанғаны, қандай мақсат көздегені айқын көрінеді. Ол сол кездегі барша көзі ашық, көкірегі ояу ұлт зиялылары сынды заман ағымы, қоғам өзгерісіне сергек қарады. Сол себепті де қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі болып, өз дәуірінде барша Алаш азаматтарын толғандырған қоғамдық және әлеуметтік мәселелерді батыл көтерді. Ол империялық отаршылдық саясаттың әдейі жасап отырған рулық тартыстарды, олардың халықтың бірлігіне нұқсан келтірген кереғар әсерін, еліміздің алауыздығын, сол кезеңдегі қоғамдық қайшылықтарды сынай отырып, халықты оқу-білімге, рухани оянуға шақырды.
Ақын 1906 жылы Семей қаласында өткен Мемлекеттік Думаға депутаттықа кандидат ұсыну жөніндегі жиынға қатысса, 1907 жылы Семей облысының қазақтарынан Мемлекеттік Думаға сайланатын осы өңірдің сайлау жиналысының Қарқаралы уезі болыстығынан сайлаушысы да болып бекітіледі. Осындай әлеуметтік өмірге араласа жүріп, ақын патшаның отаршылдық саясаты қазақ халқын жерінен айыру, елдігін жою екенін терең ұғына бастайды. Ол «Сарыарқаға қарасақ», «Қазақ елі біз тұрмыз», «Шал қайғысы», «Ауыл қайғысы», «Бұл күнде байлар ғаяр, билер мекер» өзге де саяси-әлеуметтік тақырыптағы өлеңдерінде өз көрінісін тапты. Сондықтан да оның поэзиясының негізгі арқауы – патшалық отаршыл саясат озбырлығы, жер қайғысы, әлеуметтік теңсіздік, халық бостандығы болып келеді. Бұны белгілі әдебиетші ғалым Е.Ысмайылов: «Нарманбет – сөзсіз ірі талантты ақын, ол өз дәуірінің зор реалист сыншысы. Мұның творчествосында ХІХ ғасырдың ақыры мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласының саяси-экономикалық және әлеуметтік шындығы, бейнесі айқын көрінді. Нарманбет творчествосының негізгі мотивы – халықтың қоғамдық өмірін айтып, жырлап беру» – деп атап көрсеткен болатын.
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Алаш, қозғалысы, Орманбетұлы, Нармамбет, және
Просмотров: 1995 | Загрузок: 493 | Рейтинг: 3.5/2
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar