Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Қабанбай Батыр
[ · Скачать удаленно (50.5Kb) ] 21.11.2012, 17:26
Қабанбай батыр

Мәмбет – Қожақұл, одан Қабанбай батыр туылған. 1691 жылы етегі Алакөлге малынып жатқан Тоқта-Барлық тауының маңында, Барқытбелдің күнгей жағына орналасқан Мәмбет ауылында Ерасыл (Қабанбай) дүниеге келген. XVIII ғасырдың бас кезінде, яғни 1702 жылы Барлықтағы алғашқы айқаста әкесі Қожақұл батыр аз адаммен қоршауда қалып, ақыры ауыр жарақаттан мерт болады. Ерасылдың он бірге жаңа толған кезі еді. Қожақұл батырдың көзі жұмылған соң бас иесінен айрылған Мәмбет ауылдарына жыл сайын ойраттар шабуыл жасап, тал түсте жылқыларын айдап әкете беретін әдет тапты. Сондай бір кезекті шапқыншылық кезінде қалмақтар жылқы күзетіп жүрген Қабанбайдың ағасы Есенбайды қолға түсіріп, қорлап өлтіреді. Аямас жауыздар қанжармен жас жігіттің қарнын жарып, шалажансар күйінде далаға тастап кетіпті. Есенбай жалғыз інісі Ерасылды маңдайынан шертпей, қатты еркелететін. Соның арқасында әкесінің де жоқтығы білінбей, жетімдік көрмей, бұла боп өскен еді. Аға өлімінен кейін, он алтыға жаңа толып, әлі оң-солын танып үлгермеген Ерасыл көзге қамшы тигендей мәңгіріп қалды. Әсіресе, қорлағаны, азаптап өлтіргені жанына қатты батты. Есенбайдай азаматтың қаны текке кетпес, қалмаққа қолма-қол аттанармыз, қарымта қайтарармыз деп ойланған. Жоқ, олай болмады. Бәрінен де елдің етекбастылығы, асықпайтын ағайынның керенаулығы көңілін қалдырды. Не керек, әйтеуір, іргедегі қалмаққа аттанып кек қайтаратын, тым құрыса жауға қыр көрсетіп, азаматтың құнын сұрайтын бір пенде табылмады.
Ерасылдың күте-күте төзімі таусылып бітті. Ақыры тәуекелге бел байлаған Ерасыл не де болса қалмаққа жалғыз аттанбақ болды. Қанға – қан, жанға – жан! Ағасынан жаны артық па? Осы жолы не Есенбайды өлтірген қалмақты тауып, қанын ішеді. Не ағасының артынан бұл да мерт болады – екінің бірі! Ақыры кек алмай жаны жай таппасына көзі жетті де, жылқыдан төл аты – Ардакүреңді ұстап мініп, ешкімге жөнін айтпастан, шығысты бетке алып тартып отырды. Мөлшерлегеніндей-ақ, Сарыбелдің шығыс қапталына қалмақ ауылдары сұғына кіріп отыр екен. Ерасыл мал көздеп жүрген адам болып, алға қарай ішкеріледі. Қолында қаруы - әкесінен қалған төрт қырлы қаратамақ найза, қайқы қара қылыш пен екі жүзді алмас қанжары бар. «Жалғыздық жары – құдай деуші еді. Уа, пәруардігер, өзің жолымды оңғара көр!» деп тіледі ішінен.
Қалмақтарда жалшы болып жүрген қырғыз жігіті Ердененің көмегі арқасында Өлжежырғалмен жекпе-жектің сәті түсті. «Я, аруақ, өзің қолдай көр!» деді қанжарының сабын сығымдай түскен Ерасыл.
- Сен Өлжесің ғой,ә?
- Иә,- деді анау жұп-жуас жауап беріп.
- Осыдан бір ай шамасы бұрын қазақ ауылын шауып, Есенбайдай ердің ішін жарып кеткен де сен емессің бе? Ендеше мен – сол Есенбайдың інісі Ерасылмын. Қанға – қан! Кек қайтты деген осы болады!- деді де, сол қолын жағадан босатпаған күйі, оң қолындағы алмас қанжарды қақ жүректің басына ұрып жіберді.
Өлже айқайлап дыбыс бергісі келді ме, әлде тынысы тарылып ауа қармағаны ма, сәл теңселіп тұрды да, қанжарды қайта суырып алған кезде, етбетінен күрс етіп құлап түсті. Ерасыл өзінің Ардакүреңіне мініп ауылдан ұзап кеткен соң, айырылысатын кезде Ердене жолдасының амандығын айту үшін Мәмбет ауылдарына қарай, ал Ерасыл із жасыру үшін Ертіс бойына ұзатылған әпкесіне қарай тартып, Керей еліне бет түзеді. Мұндағы апа-жездесінің қолында бірнеше жыл тұрып қалады. Бір күні Зайсан көлі жағасында жылқы қайырып жүріп, ойда жоқта бір тобыр жабайы шошқаға тап болғаны бар. Қамыс арасынан шыға келген құнан өгіздей қара қабан Ерасылға қарай оқтай атылды. Ерасыл да найзаны бар күшімен сермегенді, сірә, найзаның ұшы жүректі жарып өткен болар, қара қабан серең етіп құлап түсті. Ерасылдың аман екенін көріп, қуанған Бердәулет жездесі: батыр деп мына сені айт! Өзің нағыз қабан екенсің ғой! Уа, жарандар, бүгіннен бастап атын «Қабан батыр» деп атайық! - демесі бар ма. Жездесінің аузы мұндай дуалы болар ма, қуаныш үстінде айтылған бір ауыз сөз кешікпей бүкіл елге тарап, аяқ астынан «Қабанбай батыр» атанды. Сол жылы күзде Сауырдағы шайқаста Ерасыл ойрат батыры Долан Дошыға қарсы жекпе-жекке ел қойып алған осы жаңа атымен шықты.
Содан Керей арасында бес жылдай тұрып, Ханбибіге үйленіп, кейін Байжігіт ішіне қайта оралған соң да бұл ат қалған жоқ. 1718 жылдың күзі, арада жеті жыл өткенде, Аягөз өзенінің бойында Арсалаңмен кездесті.
- Қапы қалма, Арсалаң! Мен – қазақтың Қабанбай деген батырымын. Осыдан жеті жыл бұрын, он алты жасымда, ағаң Өлжежырғалды о дүниеге аттандырып едім. Міне, құдайдың құдіретін көрдің бе, сенің де ажалың менен болайын деп тұр... Ал енді шамаң болса, қорғанып бақ!
Найзаны қолына мығым ұстаған Қабанбай кіндік тұстан, не қазан толмастан қадайтын кісіше, еңкейе шауып келді де, дәл қасына таяған кезде көз ілеспес жылдамдықпен өндіршекке ұрып кеп жіберді. Найзамен бауыздалған Арсалаң кескен теректей болып, ат үстінен сұлап түсті де, қорқырап қала берді. Кейін, ойрат қолын ойсырата жеңіп, Шаған шатқалынан айдап шыққанда, ақбоз атқа мініп дара шауып, қол бастаған батырдың Қабанбай екенін біліп, Абылай хан қатты разы болған екен.
- Қайраусыз өтер қара қылышым-ай! Даңққа жеткізген дара бозым сен екенсің ғой! Егер биікке бекініп алған жау қамалына қалың қолды көтеріп сен шаппағанда, бүгінгі шайқастың немен бітері неғайбыл еді. Бүгіннен бастап Қабанбай атың хан ұранына айналып, жорықтағы есімің Дарабоз болсын! - деп құшағына алып, үстіне алтын зерлі тонын жапқан екен.
1769 жылы жетпістен асқан Қабанбай батыр төрт көздері түгел отырған жиында былай деп өз байламын естіртті.
- Мен енді көп ұзамаймын. Әрі кетсе бір ай, әйтпесе шөп буыны қата жолға түсетін шығармын... Тоқтының сыртында Сарыбел деген асу бар. Сүйегімді сонда апарып қойыңдар! - деп сөзін қысқа қайырды.
Батырдың сырқат екенін естіген Өтеке баласы Қарабек қырғыздың қалың қолын басқарып, Қабанбайды іздеп келе жатқанын жасырмай:
- Маған неғұрлым Қабанбайдың амандығы керек. Оның ауылын көзі тірісінде шаппасам, кегім қайтпайды!- деп масайрады ол.
«Ел шетіне жау тиді! Қырғыздар батырдың ауылын шапқалы келеді» дегенді құлақтары шалысымен, байырғы сарбаздардың бәрі атқа қонып қолдың саны мыңға жетті. Ал бұл кезде Қабанбайдың тұла бойын ыза мен намыс билеп алған еді. Қарабектің қаһарлы қаруы қылыш болса керек, ақ алмас «жан алғыш әзірейілің менмін» дегендей, көк жүзінде қалықтап келеді. «Я, алла, өзің медет бере гөр» деп қарт батыр терең тыныс тартып, бойындағы бар қуатын жинап алды да, ауыр сүңгіні құлаштай сақтырды. Көп көздеп жатпаса да, дағдылы қол мүлт кетпепті. Жебедей зулаған көк сүңгі ажал Қарабектің тура жүрек тұсына барып қадалды да, ат үстінен жұлып түсірді. Сол сәт Қабанбайдың ішкі құрылысынан әлдене үзілгендей болған, батырдың басы айналып,төңірегін түгел түнек жапқандай, әлдебір тұңғиыққа батып бара жатты. Алпыс жыл бойы аттан түспей, бар өмірін жауға қарсы қылыш сермеп өткерген ұлы қолбасы ажал жастығына алаңсыз бас қойған еді. Марқұмды, өз өсиеті бойынша, Жоңғар қақпасының сол жақ қапталындағы Сарыбелге жерледі. Белгі ретінде батырдың басына тас үйілді. Ұрпақ ауысып, ел жаңарды. Зират басына үйілген обалар мүжіліп, бірте-бірте жұрт жадынан өше бастады. Бабалардың салақтығынан кейінгі ұрпақ ұлы қолбасының нақты қай тұсқа жерленгенін таппай, сарсаңға түсіп сандаларыын ол кездегі адамдар қайдан білсін?!
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Қабанбай, батыр
Просмотров: 1652 | Загрузок: 359 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar